Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
МАХАББАТ МЕКЕНІ

БЛОГТАР

13 мамыр 2022
23
0

МАХАББАТ МЕКЕНІ

Көгілжім, көгілтім, көгірек, көктеу, көкшіл, көкшулан, көгілдір, көк. Көкпеңбек дүние. Жылдың бір мезгілі үнемі осындай. Жоқ-ә, дәл қазір ерекше!.. Иә, ол жыл сайын ылғи да басқаша сезіліп, өзгеше түрленіп көрінеді. Ал биыл көктем ерте жеткен соң, жер бояуы тым қанық, айнала түкті көк мамық, жазғытұрым жайнап, жайрап жатыр. Қайда қарасаң да делбе қозып, «шіркін, бір аунап тұрар ма едім» деп, қопаңдап қаласың. Бірақ аңсарың ауғанның бәрін істей салмайтын әдет ерікке жібере ме, ақырын жан-жағыңа қарап қоюға ғана тура келеді.

Мұнда табиғатты тамашалап жүрген жалғыз мен емес, ендеше маңайдың көзінше қалай сұлай саларсың, ондай қылық біреуге болмаса, біреуге ерсі көрінері хақ ғой.

Амал жоқ, тәнді тежеп, жандағы түйсікке түйіліп, аяқ ақырын аяңдайды. Сонда да, әрі-бері жүргендер жылы жымиып, сықылық қытыққа тиіп тыпыршытса, күнге шеке қойып, әр жерде газет не кітап оқып отырғандарға да назар салмай, жүз шуағын шалмай, текке тұра алмассың!

Ал таудан ескен кәусар ше!.. Оның бетті аялай үрген жып-жылы лебі әлденені еске сап, сағыныш қылын қағып қалғанда, көңіл тасқыны лықсып, жүйтки жөнелуге шақ. Тек ішкі «тек, тектің...» ерікке босатпайтыны болмаса. Бірақ бұл бұлқынысты тежеуге шама келе қояр ма?.. Әй, қайдам, дегбірсіздік дендеп, билеп барады.

Алағызып, адамдардың іс-әрекетін сүзе бастадым. Әркім өзінше қимыл-қозғалыста. Көбісі біреумен шүйіркелескеннен, жеке жүруді қалап, оқшауланған. Сондайдың бірі – саялы ағаш саясында сурет сап, әр сызғанын саралап, сабыры кеткен қыз.

Мен оның қимылын қалт жібірмей баққам. «Не жайлы салды екен?». Әуестік сана биледі. Көңіл күбініп, білгім кеп барады. Ақыры, құмарлық қояр ма?.. Көруге беттеп, шамаға келгенде баяулап, мойын создым.

... Көгілдір ашық аспан аясы. Жап-жасыл дала. Бір-біріне ынтығып, асыққан ғашықтар. Құшағы гүлге толы жігітке етегі желбіреп жүгірген қыз ұшып бара жатқандай. Сәлден соң қос ақ көбелек қауышып, ләззат нәріне тояттай алмас.

Ғашықтық... Іңкәрлік...

Бұл бұрын да дәл осындай бейнелеуді көргені бар. Қайдан?..

Шынымен мынау біреуден көшіріп алды ма екен?.. Олай дейін десе, жанын сап жатқаны анау. Сонда... Сонда да, көргені ап-анық. Қашан? Қай кезде?..

... Алаулаған көйлегіме құлаған қара шашым құлпырып, хош иісі аңқыған бақта есеңгірей қиялға шомып, керме қасты керіп, саумал самалға ақ жүзімді сүйгізіп-сүйгізіп аламын.

Кенет шие ерінді ып-ыссы дем өбті, Қуаныштан жанарым жанып, жалт еткенде қарсы алдымда Сұңқар тұр!.. Ақырын жымиып:

«Тосқаның мен ғой, енді екеуміз бар әлемдегі гүлзарларды біргі аралайтын боламыз. Кәне, Айға ұшып нұрға малынып, Күнге шомып алайық. Жүр», - деді.

Еркелеп кеп, қол созғам, саусақты еппен сүйіп, қолтық демеп, шырқау биікке жол тартты. Көк ғаламы ғаламат!.. Жел желпуішін желпіп-желпіп, көк қақпаны айқара ашты.

Қатарласып самғап келеміз, самғап келеміз!.. Жолда кезігіп, алақайлап інжу-маржан шашқан жұлдыздар жамыраса жапырласқан. Сұңқар шашудан іліп, алма мойынға алқа таққанда, жүрек жымыңдап қоя берді, Тек, әттең, бар асылды теруге мүмкіндік жоғын-ай!.. Өкінсек те, шын ниетке риза боп иіліп, алға ұмтылдық. Жұбымыз жазылар емес. Бәрі айтқандай, әуелі Айға барып нұрға манаурап мызғып алдық та, Марсқа соғып, шашыма көйлегім түстес гүл қадап, Юпитерден жасыл желек жамылып, Сатурннан сырға тағып алған соң, әрі қарай тым ұзай бермей, қайтар жолда Шолпаннан жүзік сап, Меркурийден торғын ала, Күн сәулеге жуындық.

Ғажап, ғажап!.. Жаныма жыр қонақтап, үзілдіре ән салған ем, үздіккен үн ақ желкен жайып, арналы айданда армансыз жүздік...

Сүйіктім сыйлаған – Шолпан-гауһарым қандай! Құбылған сан сәуле сиқырлаған маған бар ғаламшар сықсыңдап, сұқтана қалған... Таңырқасқан...

Сұңқар: «Жерге қайтайық!» - деп ымдады. Күлімдеп мойынға асылып ем, емірене құшты. Неткен ұядай жылы бауыр. Аймаласып үйге беттедік.

х х х

- Әй, есің дұрыс па?! - балғамен соққандай өктем дауыс гүж ете түсті.

Шошып, жан-жағыма қарадым. Жол айрығына селтие қалыппын. Бақ арасынан шығып, мұнда қалай келгенімді білмедім. Ыңғайсыз тұрысыма қысылып:

- Кешіріңіз! - деуге әзер тіл кеп, әрі сырғыдым.

Жұлынған еркек бас-аяқты алакөздеп, көлігін сырғыта беріп, әлдене деді. Айтқанды ұқпадым. Ұққым да келмеді. Өйткені, мен шаттық шапағында шарықтап жүрген сәттен сәл де арыла алмаған едім. Ал енді тасыр біреу сонау шыңнан шырқыратып лақтырып жібергенде.быт-шытым шығып, қирап қалғандай қимылдай алар емеспін.

Мұңайып саусағыма қарадым. Арзанқол сақина. Тотығып кеткен.

 

Жаншылып, мізбақпай ұзақ тұрып, бір кезде аяқ астына еңкейдім. Іздегенім – аспан әлемінен әкелген жүзігім. Көзге түсер емес. «Жоғалып қалды...» деуге дауаламаймын. Таптырмады, таппадым. Бірақ ойыма осыған дейін дәл жауабын іздеген бір сұрақ шешуі оралған сыңайлы...

Ол – бағана қыз әурелеген суретті бұрын қайдан көргенім... Иә, ол да мен талай рет қиял қисынымен шимақтаған сұлба емес пе?.. Солай. Енді тек кеуденің бір түкпірінде бүк түсіп, санада сарғайып, жанымда жайғасқан – МАХАББАТ МӘНІ ғана. Қазір бағамдап көрсем, сол мәңгі, мәнді мекенге әр жүректің өзі ғана ие екен. Ал оған өзге біреудің ақ таңдай шапақ шашып, айбозым арманын арқалап, аяқ аттауы екі талай.

27.04.2004


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha