Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Айболат Сексенбаев: “Әркім өз ісінің шебері болуы керек”

БЛОГТАР

08 қыркүйек 2019
143
0

Айболат Сексенбаев: “Әркім өз ісінің шебері болуы керек”

 

Кеше елордамызда Мәдениет және спорт министрілігінің бастамасымен Астана әкімдігінің ұйымдастыруымен “NOMAD CTY HOLL” сахнасында халықаралық театр күніне орай театр саласында еңбек етіп жүрген кәсіби мамандарды марапаттау үшін әдемі кеш өтті. Кешке барша театр саңлақтары – театр директорлары, көркемдік жетекшілері, театр сыншылары және әртістер қауымы қатысты. Шара барысында Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрының директоры - Айболат Жанғалиұлы мен актер Дәурен Серғазиннен сәті түсіп сұхбат алған едім...

 

 

Риза Ысқақ:  Айболат Жанғалиұлы, театр өнері сәнге айналуы үшін не істеу керек?

 

Айболат Жанғалиұлы: Театр - бұл өзіндік бір ерекшелігі бар ұғым! Негізгі ерекшелігі – жандылық, сахнада көрерменмен тікелей байланыста бола отырып, актердің жанын беру. Сіздің сұрағыңыз театрды қалай трендке айналдыруға болады деген сұрақ қой. Қазіргі таңда да белгілі бір межеде трендке айналып келе жатыр.  Көп нәрсе экономикалық мәселелермен байланысты да шығар. Жыл бұрынғы уақыттар әсер еткен болуы керек, содан көп адамдардың театрдан қол үзіп қалғандай. Бірақ, бұдан жаңағыдай түңіліп кетуге болмайды ғой. Жастар театрды жақсы көреді. Жиі келіп жатыр. Театрдың әлеуметтік желілермен, электрондық құралдарды пайдалану, көрермендерге қолжетімді дүниелерді ұсыну деген сияқты нәрселерді қазір бүкіл театр қолданып жатыр. Солай көрермендеріміз көбейіп жатыр. Бұрын 2000 жылы бір адам кассадан өзі билет алып келсе, бүгін үш адам келіпті деп қуанатынбыз. Ал қазірде 70-80%-ы көрермен өз аяғымен келетін күнге жетті. Сондықтан бір күнде революция жасап, театрдың бәрі тренд болып кетеді деген сөз емес. Бұл көрерменнің санасының қалыптасуымен келетін дүние. Әрине, оған уақыт керек. Қазір көрермендердің көбейіп келе жатқаны – заманның, уақыттың, және де сананың пісіп-жетілуімен байланысты деп білемін.

 

Риза Ысқақ: Өткенде Жастар театрында “Айман-Шолпан” премьерасы өтті. Алайда, бұл 90 жыл бұрыңғы материал. Неге XIX-ғасырда жазылған премьераға лайықты пьсалар соншалықты аз, әлде драматургия өлі жанр ма?

 

Айболат Жанғалиұлы: Мәселе онда емес. Сіз мысал ретінде бір ғана театрды айтып отырсыз ғой. Ал жалпы алып қарағанда, бүкіл театрларда қазақтың классикалық дүниелері театрмен тығыз байланыста болады. Мысалы, ертең сіз бірінші сыныпта көрген ертегіңізді оныншы сыныпта көрмейсіз. Біздер ұлттық рухани дүниемізді насихаттау мақсатында сіз оныншы сыныпқа келгенде көрсетуіміз керек. Сондай мақсатта қойылады. Бұл кезде бір ұтатын нәрсеміз – режиссерлеріміздің интерпретация жасаулары, жаңаша көзқарас, ұстаным дейді ғой. Сол арқылы көрерменнің талғамын қанағаттандыру. Кей-кезде көңілдерінен шығып жатамыз, шықпай жатамыз – ол басқа сұрақ.

 

Риза Ысқақ: Қойылымды қойған кезде классик-драматургтің мәтінінің түпнұсқасын көбірек сақтаған шеберлік пе, әлде қоюшы режиссердің өз интерпретациясын көбірек қосқан шеберлік пе?

 

Айболат Жанғалиұлы: Бұл жерде әртүрлі көзқарастар бар. Мысалы, әлемдегі танымал, трендтегі режиссерлердің бірі – Кеңестік заманнан бері келе жатқан Марк Захаров. Ол бір шығармасында 8-12 автордың басын қосып, керемет дүние жасайды.  Сондықтан, драматург жоқ дегенге келісе қоймаймын, бізде бәлкім фантазия жетістпейтін шығар.

 

Риза Ысқақ: Театр өнері – көне өнер, ол өнер XXI-ғасырда керек болады ма? Кино, телеарна және ғаламторға бәсеке бола ала ма?

 

Айболат Жанғалиұлы: Сіз трактор мен жеңіл автокөлікті салыстыруға бола ма деген сұрақ қойып жатырсыз. Киноның, театрдың өз көрермені бар. Кинодан  жиырма жыл бұрыңғы бет-бейнесін көріп қалдыңыз, сол есіңізде қалып қояды ғой. Ал театрда әртістер – тірі, жанды ойнаған соң бірінші рет пен бесінші рет ойнағанда басқаша көресіз. Сонысымен де, бұл-бағалы!

 

Біз бүгінгі таңда көрермендерді театрға тарту мақсатында қолымыздан келгеніміздің бәрін жасап жатырмыз. Шығармашылық құрамы кәсіби жағынан да салыстырып қарағанда өте жоғары деңгейде. Өнер бір орында қалып қалмайды ғой, су сияқты тұнып қалса, сасып кетеді. Үнемі қозғалыста болуы керек. Қозғалыста болуы үшін актерлердің жұмыс формасында жүруі, режиссерлердің театрымызға келіп спектакль қоюы, шетелге шығып тұратын республикалық фестивальдеріміз бар. Осылай шығармашылық байланыс аясын кеңейтіп отыру керек. Бұдан тек қана театр ұтады! Шығармашылық құрам да дами түседі. Жалпы шығармашылық өсім болады.

 

Риза Ысқақ: Осы жастар жылында актер-актриса, театртанушы боламын деген шығармашыл жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

 

Айболат Жанғалиұлы: Ең бірінші кеңесім – театрды сүюі керек! Өзі де кейін кәсіби өскен кезде пікір айтуы үшін кәсіби тұрғыдан сын айтып, өз ойын жеткізуі үшін де мамандығын сүюі керек қой. Одан артық бақыт жоқ шығар. Әр адам өз ісінің шебері болуы керек. Сонда ғана қоғамымыз мықты, өркениетті болады. 

                                                                                                                           

 

27 наурыз, 2019


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу