Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Ақ халатты Аққағаз

БЛОГТАР

08 ақпан 2019
203
0

Ақ халатты Аққағаз

 

Ұлы мақсат жолында. Кіндік Азия мұсылман әйелдері арасынан шыққан алғашқы дәрігер Аққағаз Досжанова жөнінде дерек тым сараң. Туған жері Орынбор губерниясы, Торғай болысы, Ақтөбе уезіне қарасты Бөрте болысы деп патша заманындағы құжаттарда көрсетілгенімен, қазіргі уақытта Ақтөбе облысы, Бөрте болсы деген атау мүлдем жоқ.

 

1922-1930 жылдары ел ішіндегі Аққағаздың еңбегі ерекше еді. Малын тартып алған қызылдар кесірінен ашаршылыққа ұшырап, босқан ел, тышқан, өлімтік жеп, тозып кеткен, одан жұқпалы індет жұқтырған жұртының аянышты халін дәрігер ретінде жеңілдетуге жанын салған қазақ қызы – Аққағаз Досжанова. Ауру әрі аш елдің арасында жүріп, іштегі жағдайдың қандай екенін боямасыз хабарлаған – Аққағаз. Сол үшін «Алашорданың шпионы» атағы 20-жылдардың соңынан бастап қоңыраулап жүрді. Ата-анасы аштан өлген жетімдерді әр жерден теріп жүріп, интернат ашып, Ғани Мұратбаевпен бірге орналастырған – Аққағаз. Көрген бейнеттен қалжырап шаршаған жағдайсыз жұртының арасында жүріп, жұқпалы індет жұқтырған – Аққағаз. 1932 жылдың 21 қаңтарында Шымкентте ағасының үйінде ауырып өмірден өтпенгенде, 1937 жылы қызыл билік бәрібір атып тастар ма еді...

 

Аққағаздың туған ағасы Сағындық Досжанов (1870-1940) Орынбордағы орыс-қазақ училищесін, содан соң мұғалімдер даярлайтын курсты 1899 жылы аяқтап, Ыбырай Алтынсариннің ықпалымен Ақтөбе уезіне қарасты Қобда, Ойыл болыстарында екі кластық мектеп ашуды қолға алады. Біздің іздеп жүргеніміз – Сағындық мектебінің орнын табу. Сағындық 1893 жылы мамыр айының жиырма бесінші жұлдызында дүниеге келген өзінің туған қарындасы Аққағазды мектепке жетектеп апарғаны оның алғыр ойымен қатар пайымды парасат иесі екенін дәлелдей түспек.

 

Анасынан жастайынан жетім қалып, ағасының қамқорлығында болған Аққағаз оқуға өте зейінді, пысық болып өсті. Зейінді қарындасын әрі қарай Орынбордағы қыздар гимназиясына орналастырмақ болған Сағындық әрекетінен алғашқыда ештеңе шықпады. Өйткені, Досжан балалары не төре, не бай тұқымынан емес. Амалсыздан Аққағазды Орынбор татар мектебіне орналастырды. Кейінен қолы жетпеген, Орынбор қыздар гимназиясын үздік бітіріп, Мәскеудегі жоғары әйелдер курсының фельдшерлік факультетін аяқтады. Сөйтіп, Аққағаз 1914 жылы Мәскеуден медицина қызметкері ретінде соғыс майданына жіберілген.

 

Қазақтарды бұратана деп менсінбейтін Мәскеу сенімсіз болса, қазақтың қызын майданның қақ ортасына жібермейді. Мәскеуде оқып жүргенінде Аққағаз орыс тілін жетік білмейтін студенттердің арасында озық идеяларды белсенді түрде таратушылардың бірі еді. Екінші жағынан, алған бетінен қайтпайтын Аққағаздың алғырлығы, турашылдығы және бар.

 

1918 жылы Аққағаз ауыр сырқаттанып, туған өлкесіне оралады. Таза ауа, сар жайлау, сары қымыздың қуатымен денсаулығын жақсартысымен 1920 жылы ол жұмыс істейтін госпиталь Польша шекарасынан Томск қаласына көшіп келгенде, Аққағаз осы қаладағы медицина университетіне түспек болады. Соғысқа барып келмегенде, бұратана ұлтының өкілі Аққағаз үшін университет есігі жабық еді. Майданнан келген қыз бірден 2 курсқа қабылданады. Томскінің мемлекеттік университетінде оқи жүре ординатор болып қызмет атқарады. Сөйтіп, ол өзінің терең ойлы, адал ниетті, ізденгіш, қажымас қайрат иесі екендігін танытып, аз уақыт ішінде көпшіліктің көзіне түсіп, халықтың қадір-құрметіне ие бола бастайды. Дәрігерлер аз болғандықтан Аққағаз гинеколог, дерматолог, терапевт, кардиолог жұмыстарын қажымай атқарып, халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізеді.

 

Ресейде – төңкеріс. Алаштың ісіне араласқан Аққағаз 4 курстан соң Ташкентте Орта Азия университеті ашылғанда, осы жаққа оқуын ауыстырады. Шығыс Халықтары әйелдері арасынан САГУ-дің медицина факультетін бітірген тұңғыш түлек болатын. Аққағаз 1922 жылы Ташкенттегі Орта Азия университетін аяқтап, диплом алғанда, қазақтың бүкіл бетке тұтар қайраткерлері, Түркістан Республикасы Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожанов өз үйінде Аққағазға арнап ұлан-асыр той жасайды. Тойды ұлы ғұлама ғалым, жазушымыз Мұхтар Әуезов басқарып, тойға сол кездегі Ташкентте тоғысқан ұлт зиялылары Тұрар Рысқұлов, Әшім Омаров, Санжар Аспандияров, Біләл Сүлеев, Мағжан Жұмабаев, Нәзір Төреқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Әбубәкір Диваев, Халел Досмұхамедов т.б. жиналады.

 

Япырау, Мұхтар Әуезовтың, Сұлтанбек Қожановтың, Тұрар Рысқұловтың ыстық ықыласына бөленген Аққағаз кім екен? – деген сұрақ әрбір пенденің санасында болатыны жасырын емес. Әйтсе де, еліміздің ұлы қайраткерлерінің Аққағаздың қуанышын бөлісу үшін ұлан-асыр той жасауының өзі де оның бейнесін әдемі де әсерлі етіп сомдай түсетіні белгілі.

 

Түркістан Республикасының сол кездегі басшыларының бірі Тұрар Рысқұлов қол қойған қаулыда қазақ қыздары арасында екінші болып жоғары білім алған, Кеңес үкіметінде тұңғыш рет дәрігерлік жоғары білімге қол жеткізген Аққағаз Досжанова атындағы степендия тағайындалып, оған университетте оқыған қыздардың қолы ғана жетті. Өзбекстан Мемлекеттік архивінде Түркістан Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің 1922 жылғы 14 желтоқсанындағы қаулысы сақталған. Бұл қаулыда Түркістан мемлекеттік университетінде оқып жүрген жергілікті ұлттар қыздарына арналған Халық Комиссарлар Кеңесінің қаржысы есебінен степендия тағайындалғандығы айтылған. Тұрар Рысқұлов 1922 жылы шыққан ақшадан 100 мың рубль бөлгізіп, өз мамандығына орай, дәрігерлік кабинетін жаңа құрал-жабдықтармен жасақтап беруді міндеттейді.

 

Аққағаз қызыл террор күшіне мінген ауыр жылдары ел аралап, пойызға мініп, Сырдария, Самарқан, Жызаққа дейін аралап, жетімдерді жинап, науқастарға қол ұшін беріп жүрді. Оба, шешек, тырысқақ көбейіп, әлсіз жұртты жайлап жатқан уақыт. Тумасынан елгезек, қайратты, бауырмал Аққағаз қол қусырып отыра алар ма еді? Ташкенттегі қалалық оқу бөлімінде интернаттар мен балалар үйін басқаратын күйеуі Әлімгерей Ершинмен бірге жүріп, қаңғыбас, жетім балаларды интернатқа орналастырды.

 

Түркістан көсемдерінің басына да қара бұлт үйіріліп келеді. Бұл жылдары Аққағаз Алаштың тапсырмаларын орындап, елдің ауыр жағдайын астыртын баяндайды. Өмірінің соңғы жылдары, 1930 жылы Аққағаз отбасымен: ері Әлімгерей Ершин, жалғыз ұлы Шахбазбен бірге Алматыға көшіп келеді. Мұнда №1 аурухананы басқарды. 30-жылдары гинекология саласына түбегейлі ауысты. Сол кезде қазақ даласында безгек ауруы етек жайған болатын. Сырқат адамдарға көмектесіп жүріп, өз денсаулығын мүлдем естен шығарған ол өзіде қатты ауырып қалады. Ақыры сол аурудан 1932 жылдың қаңтар айының 21-жұлдызында Шымкент қаласында ағасының үйінде көз жұмды. Оның артында қалған жалғыз ұлы Шарбаз Ершин. Бүгінде техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ ұлттық университеті «Механика» кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылыми академиясының корреспондиент-мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

 

Аққағаз – көркем әдебиет, ән, өлеңге де құмар, әсемдік талғамы жоғары, сезімтал жан еді. Оның лекцияларын тыңдағандар шешендігіне таң қалатын. «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» газет-журналдарында Аққағаздың мақалалары жиі шығып тұратын. Оның толғатқан әйелдерді күту, босанған әйелдерге жәрдем беру жөніндегі пайдалы кеңестері күні бүгінге дейін құнын жоғалтқан емес.

 

Аштық пен жоқшылық, жұқпалы ауру жайлаған сорлы халықтың жан азабын жеңілдетемін деп жүріп, денсаулығына сызат түскен Алаштың қайратты қызының көкейінде не кеткені жұмбақ. Білетініміз – ел-жұртқа қызмет етудің классикалық үлгісін көрсеткен тұлғаларымызды тани алмай отырғанымызда Аққағаз есімі туған жерінде де ұмыт болған.

 

Ақтөбеде оның атына көше бергізіп, туған жерінде атақ-даңқын қалпына келтіру үшін әрекет жасау қажет. Біз бұл жолы халқына қадірлі, ұрпағына өнегелі жанның өмірбаяндық бейнесімен шектеліп отырғанымыз өкінішті. Бұл кісінің өз кезінде атқарған қызметтері туралы қазір де деректер өте аз. Ол жайында алдағы уақытта жазыла да, зерттеле де бермек деп сенемін.

 

Мәңгілік із... Қазақтың ұлан байтақ қалың елінде қанатымен су сепкен алғашқы қарлығаштары бірлесіп жүріп, аз жылдың ішінде ұрпақтарға өмір бойы өшпес үлгілі із қалдырды. Олар: ынта-жігер кернеген, талапкер әрі қазақ жұртынан шыққан тұңғыш қыз-келіншек қарлығаштар.

 

Біздің тоқ етер түйініміз – қазақ әйелдері арасынан алғашқы болып дәрігерлік мамандық алып, оны ақтық демдері біткенше қалтқысыз атқарып, ғылыми атақтарға ие болумен бірге саяси, мәдени өмірге белсене атсалысып, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп, заманның озық ойлы жандары атанған жандардың есімі, тындырған істері мәңгі ұмытылмайды, бүгінгі және келер ұрпаққа өнеге болып қала бермек.

 

Бүгінде жоғымызды түгендеп, егемен ел болып жатқанымызда мұндай есімдерді жадымыздан қалта беріс қалдыру әруақтар алдында кешірілмес күнәміз деп білем.

 

Қас қағымда жанып өткен алай-дүлей, аз ғана ғұмырының ішінде өшпес із қалдырған Аққағаз Досжанованың есімі халқымыздың тарихымен бірге жасамақ.

 

Еліміздің еңбек қайраткерлері, үлкен істер атқарып, артында өшпес із қалдыра білген дара тұлғаларымызды әспеттеп, төбемізге көтерудің өзінің аздық ететіні бізге белгілі. Ерекше тұлғаларымыздың есімдерін мәңгі естен шығармас үшін ең алдымен туған жері, қалаларындағы көшелерге есімдерін беру қажет.

 

Сонымен қатар Аққағаз апамыздың атын мәңгі қалдыру үшін:

1. Медициналық академиялар мен колледждерге есімін беру;

2. Аурухалар орналасқан көшелерге А.Досжанованың есімін беру;

3. А.Досжанова атындағы степендиялар тағайындау;

4. Медициналық мекемелердің алдына, туған жеріне ескерткіштер орнату;

5. Туған жеріне А.Досжанова атындағы мұражай ашу;

6. «Ақ халатты Аққағаз» атты медицина саласына бағытталған ғылыми жобалар конкурсын ұйымдастыру қажет.

 

Бір адамдар бар, көп жасайды, бірақ ұзын сонар өмірінде артынан ерген өскелең ұрпаққа қалдырар мұрасы жоқ. Бір адамдар бар, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында келер ұрпаққа мол мұра, мәңгілік сөнбес із қалдырады. Аққағаз сондай апаларымыздың бірі еді.

 

Мен оныншы сынып оқушысы кезінде жетекшім Шұлғаубаева Ұлмекен Аханқызымен бірлесіп,  1960-95 жылдардағы газеттер мен журналдардан жинаған материалдарымнан жасаған ғылыми жобам екен. Аяқсыз қалдырмай, қайта қолға алуды жөн санап жарияладым.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу