Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Академик Төрегелдi ШАРМАНОВ: «Жеке бизнесі бар әкім-қараларға халықтың денсаулығы маңызды емес»

БЛОГТАР

08 қараша 2017
2381
0

Академик Төрегелдi ШАРМАНОВ: «Жеке бизнесі бар әкім-қараларға халықтың денсаулығы маңызды емес»

 

 

Туберкулез қазақтың төл ауруы емес

 

— Сұхбатымызды Сiздiң 1965 жылы орда бұзар отыз бес жасыңызда қорғаған атақты докторлық диссертацияңыздан бастасақ.

— Диссертацияның атауын орысша келтiрген жөн болар. «Иммунибиологическая реактивность организма больных туберкулезом и бруцеллозом на фоне гиповитаминоза С». Диссертация шенеунiктердiң төбесiнен жай түсiргендей болды. Себебi, жиналған материал туберкулез ауруының пайда болуы мен таралуының түп негiзi әлеуметтiк жағдайда жатқанын мойын бұлтартпас дәлелдер арқылы ашып берген едi. Шындық тым ащы болатын, сондықтан бұл еңбек кеңес өкiметiнiң абыройына көлеңке түсiретiндiктен диссертацияны мен компартия Орталық Комитетiнiң, Үкiметтiң және Мемлекеттiк Қауiпсiздiк Комитетiнiң жауапты қызметкерлерiнiң қатысуымен өткен жабық ғылыми кеңесте қорғауға мәжбүр болдым. Екiншi жағынан, қоғамның назарын басқа жаққа аударып жiберу үшiн қазақ ұлты өзiнiң жаратылысы, табиғатынан туберкулезбен ауруға бейiм тұратын ұлт деген жалған пiкiр таратылып, қалыптастырылды. Бiздiң билiктегi басшыларымыз өз ұлтының мүддесiн қорғап, оның әлеуметтiк жағдайын жақсарту үшiн күресудiң орнына жоғарыдан түскен нұсқаумен жүрiп кеттi...

— Сiздiң өмiрiңiздi күреспен өткен өмiр десе де болады. Тамақтану институтын  ашудың да оңай соқпағанынан көзi қарақты оқырман хабардар...

— Иә, 1962 жылы ашылған Қазақ КСР-i Денсаулық сақтау министрлiгi Өлкелiк патология ғылыми-зерттеу институтының тағамтану бөлiмi алғашқы күндерден бастап-ақ ғылымдағы шындық пен тазалық үшiн күрестi деуге болады. Жаңағы аталған диссертация да соның бiр көрiнiсi. Мен бұл бөлiмдi 1968 жылға дейiн, алты жыл басқардым. Бiз өз жұмысымызды о бастан-ақ тамақтану жайлы ғылымның әлемдiк үрдiстерi бағытында жүре отырып, денсаулық сақтау проблемаларының басымдық салаларын айқындауға ат салыстық және академик А.Покровскийдiң мәселенi кешендi түрде шешудi ұсынатын тамақтанудағы тепе-теңдiк жайлы тұжырымын басшылыққа алуға тырыстық. Бiздiң бұлайша жұмыс iстеу тәсiлiмiз тар аяда, жергiлiктi маңызы бар мәселелердi шешiп үйренiп қалған басқа ғылыми мекемелердiң жұмыс тәсiлiне мүлдем қайшы келдi. Бiздiң ғалымдарымыз билiк орындарының ешбiр рұқсатынсыз А стафилакоктық энтерекок белогының құрылымын анықтауға кiрiстi. Тұтас бiр институт игередi деп есептелетiн бұл жұмысты бiздiң үш қызметкерiмiз бес жылдың iшiнде тамаша нәтижемен аяқтап шықты. Солардың бiреуi профессор Т.Талбаев Қазақстандағы тұңғыш допингке қарсы лабораторияны ұйымдастырушы адам. Қазақ Тағамтану академиясы Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымымен ынтымақтаса жұмыс iстейтiн бас орталық болып саналады. Өйткенi, ол әлемде ашылған тұңғыш осындай мекеме болатын. 50-ден астам тағамтану институты бар АҚШ-тың өзiнде мұндай орталық бес жылдан кейiн барып ашылды. Бүгiнгi таңда әр құрлықта орналасқан олардың саны 21-ге жеттi. Бiрақ, бiрiншiнiң аты қашанда бiрiншi... Орталықтың өзi 1979 жылы, 1978 жылы өткен атақты Алматы конференциясының жеңiсiне орай ашылған едi. Мен оны сұрап алғандай етiп ашып едiм. Бiз қазiр Копенгагенмен бiрлесе жұмыс iстеймiз...

— Кешiрiңiз, сөзiңiздi бөлейiн, «жеңiс» деген сөздi өте әдемi айттыңыз. Осы конференцияның тарихы туралы аз-кем тоқтала кетсеңiз артық болмайды ғой деймiн.

— Мен ол кездерi Қазақ КСР-i Денсаулық сақтау министрi болып iстейтiнмiн. Содан екi жыл бұрын Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы Женевада өткен мәжiлiсте өздерiнiң медициналық жедел жәрдем мәселесiне арналған кезектi конференциясын Кеңес Одағында өткiзу туралы шешiм қабылдады. КСРО-ның Денсаулық сақтау министрi Б.Петровский Ташкенттiң кандидатурасын ұсынды. Ал, ол замандарда Ташкенттiң Орта Азияның бейресми астанасы, орталығы болып есептелiп келгенiн бәрiмiз бiлемiз. Бұл ұсынысқа мен үзiлдi-кесiлдi қарсы болдым да, Алматыда өткiзудi ұсындым. Оның аяғы бiраз дау-дамайға ұласып барып, ақырында кеңестiк Компартияның Саяси Бюросының мүшесi Дiнмұхаммед Қонаевтың араласуымен бiздiң пайдамызға шешiлдi.

— «Iсiңнiң немен аяқталарына көзiң жетпесе ондай iстi бастамаған жөн» деген Шығыс даналығы бар ғой. Сiз де мұндай батыл ұсыныс жасаған кезде оның қандай нәтижеге жетерiн жобалап болса да бiлген шығарсыз?

— Әрине. Менiң оның алдында үш жыл Ақтөбе мемлекеттiк медицина институтының ректоры, одан кейiнгi жетi жыл бойы министр болып кеңестiк жүйенiң қалай жұмыс iстейтiнiн жетiк бiлiп қалған кезiм. Кеңес Одағы тек Алматының ғана емес, бәрiнен бұрын өзiнiң жақсы атын шығару үшiн жанын салатынын, ал, оның жанын салғаны Қазақстанға тек қана пайда әкелетiнiн жақсы түсiндiм. Мен тiптi конференция басталмай тұрып-ақ көзбояушылық үшiн Алматыға әкелiнетiн барлық құрал-жабдықтардың, медициналық техниканың бiзде қалып кететiнiн де бiлiп отырдым.

— Нақтырақ айтқанда «нәтиже» қандай болып шықты?

— Алдымен медицина жағына тоқталар болсақ, конференция арқасында бұрын тек Мәскеуде, қала бердi Ленинградта ғана болатын, бұл жақтағы елдiң түсiне де кiрмейтiн жаңа техникаға ауруханалар мен емханалар бiр жырғап қалды. Жаңылыспасам, үш жарым мың судай жаңа «жедел жәрдем» машинасы алынды. Қонақтар баратын бағыттағы қалалар мен аудан орталықтарындағы, тiптi ауылдардағы ауруханалардың бiрi күрделi жөндеуден өткiзiлсе, басқалары жаңадан салынды. Конференцияның арқасында «Қазақстан» қонақүйi де мерзiмiнен бұрын берiлiп, Ленин атындағы, бүгiнгi Республика Сарайы мен Пушкин атындағы Ұлттық кiтапхана залдары қайта жабдықталып шықты. Тiптi, оны айтасыз, Орта Азия бойынша тұңғыш медицина тарихы мұражайы да ашылды.

Конференция табаны күректей он күн бойы жұмыс iстедi. Әлемнiң 146 елiнiң денсаулық сақтау министрлерi бастаған мәртебелi делегациялар келдi. Конференцияның жұмысы табысты деп танылғаны соншалық, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының сессиясы Алматы конференциясы бойынша сол жылдың өзiнде арнайы қарар қабылдады! Сол сессияда сөйлеген сөзiнде ДДҰ президентi Н.Махлер: «Алматы конференциясы денсаулық сақтау iсiнiң ХХ ғасырдағы ұлы хартиясы» деген баға бердi.

 

Ұнды темiрмен байытуға қарсы шығатын сенаторлар да бар

 

— Копенгагенге қайта оралсақ...

— Иә, копенгагендiктер Қазақстанда анемия деген мәселе бар екендiгiн мойындағысы келмейдi. Ал, бiз сонау кеңес заманының өзiнде адам организмiнде темiр жетiспеушiлiк анемиясына арналған бiрiншi Бүкiлодақтық симпозиум өткiзген болатынбыз. Олар бiзге «сiздер жүрек-қан тамырлары ауруымен айналысыңыздар, қатерлi iсiк ауруларымен айналысыңыздар, проблема деген солар» дейтiн. Мен бұл туралы өзiмнiң Алматы конференциясына арналған кiтабымда жаздым да. Не керек, сонымен Батыстағы әрiптестерiмiз Қазақстанда анемия проблемасы барын мойындауға мәжбүр болды. Ол ол ма, бiзде «А» витаминi де жетiспейтiн. Сарапшылар оны да зорға мойындады. Менiң досым, академик Камал Ормантаев өзiнiң балаларға жасаған операцияларының 70 пайызы туабiттi кемтарлықты, жарымжандықты жөндеуге кететiнiн айтады. Ал, ол жарымжандық адам ағзасындағы фолий қышқылының жетiспеушiлiгiнен келiп шығады. Ал, мұның бәрi жоқшылықтың, халықтың тұрмыс деңгейiнiң төмендiгiнiң салдары. Сәбилер арасында өлiм көп, бұл бiрАналардың босанар кезде көз жұмуы көп, екi. Туберкулезбен науқастанғандар көп, үш. Осының бәрiнен келедi де бiз ерте қайтыс боламыз, жастайымыздан ауырамыз, ұзақ ауырамыз. Бiз бүгiн ЮНИСЕФ және Азия даму банкiмен бiрлесе отырып темiр және йод жетiспеушiлiгi анемиясын жою жолында 6 елде — Қазақстанда, Моңғолияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжiкстанда және Әзiрбайжанда 7 миллион долларлық жобаны iске асырып жатырмыз. Бiздiң академия жасаған техникалық шарттар бойынша ұн темiрмен, ал, тұз йодпен байытылады.

— Неге басқа дақыл емес, ұн?

— Өйткенi, нан әмбебап тағам, оны жемейтiн адам жоқ. Айтпақшы, мен осы жерде бiр қызықты айтып кетейiн. Осыдан екi жыл бұрын бiзде «Тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi туралы» Заң қабылданды. Бұл заң бойынша жаңағы айтқан ұнды темiрмен байыту мiндеттi деп көрсетiлген. Ендi жақында депутаттарымыз сол бапты өзгертпекке ниеттенген көрiнедi. Әлемнiң АҚШ бастаған 70 елi ұнды байытады, ал, бiз тағы да ауа жайылмақшымыз. ЮНИСЕФ-тiң Нью-Йорктағы штаб-пәтерiнде парламентiмiздiң бұл ниетi жайлы естiгенде «егер Қазақстанда ұнды мiндеттi түрде фортификациялау жайлы бапты алып тастаса, бұл қоғам үшiн орны толмас трагедия» деген баға бердi. Менiң парламентте сөз сөйлеуiме тура келдi. Бiздiң бiр сенаторымыз тұрып «мен ондай нанды жегiм келмейдi, бұл менiң тұтынушы ретiнде құқығымды бұзады» дедi... Мен оған: «Ал, сiз халықтың денсаулығын қайда қоясыз?» дедiм. «Тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi туралы» Заңның басқа заңнан жоғары тұратынын қайда қоясыз?» Үндемейдi. Ары қарай сұрадым: «Сiз дүкендерде сатылатын, «отрубной хлеб» деген нанды жейсiз бе?» «Жеймiн». Мiне, мәселе осында. Техниканың араласуының салдарынан кебекпен бiрге темiр, мырыш, фолий қышқылы, витамин «В1», «В2» витаминдерi кетiп қалады. Бiз ұнды солармен байытамыз. Және жоғары және бiрiншi сортты ұнды ғана байытамыз.

— Дәрiгерлердiң қол диiрменде iрi етiп тартылған ұннан пiсiрiлген нанды жеудi ұсынатыны содан екен ғой...

— Иә, бiз жаңағы қоспаларды қосқанда ұнды өзiнiң о бастағы табиғи күйiне жақындатамыз. Бидайдың бойындағы физиологиялық табиғи қасиеттерiн өзiне қайтарамыз, бар болғаны сол ғана. Депутаттар «ұнды байыту экономикалық зиян шектiредi» дейдi. Қайдағы зиян? Сарапшылар, бiздiң емес, халықаралық сарапшылар бiр тонна ұнды байытуға кететiн шығын 1 доллар 17 цент екенiн есептеп шығарған. Бұл бiр қорап темекiнiң ақшасынан да аз ғой! Он жылға кетер жалпы шығын 16 миллион долларды құрайды екен, ал түсетiн пайда — 170 миллион доллар!

«Ұнды байыту бiздiң елдiң Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымына кiруiне бөгет болуы мүмкiн» деген пiкiр де айтылып жүр. Бұлай айтуға да ешқандай негiз жоқ. Өйткенi, жаңа айтқанымдай, Солтүстiк және Оңтүстiк Американың барлық мемлекетi, Еуропаның көптеген елдерi баяғыдан берi ұнды байытып келедi және бұлай ету олардың ДСҰ-ына мүше болуларына ешқандай да кедергi келтiре алған жоқ. Оны айтасыз, олар бiздiң ұн байытылмаған болса оны сатып алудан да бас тартады. Себебi, халқының қамын ойлаған олар өз елдерiнде тек қана байытылған ұн қолданылатыны жөнiнде заң қабылдаған. Бiздiң парламентке Еуроодақтың өкiлдерi келдi, жай келмей Бейбiтшiлiк елшiсi, шахматтан бұрынғы әлем чемпионы Анатолий Карповты өздерiмен бiрге ерте келдi. Солардың қатысуымен үлкен әңгiме болды.

— Халықтың, оның iшiнде сол депутаттардың өздерiнiң денсаулығына да  пайдалы екенi көрiнiп тұрған жобаға олармен министрлiктегiлер неге сонша қарсы болады?

— Қарсы болатын себебi бұл жобаның олардың бизнесiне тiкелей қатысы бар. Диiрмендердiң бәрi жекеменшiктiң қолында. Олардың қожайындары кiмдер? Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен Индустрия министрлiгiнде отырғандар. Жеке диiрменi бар министрлер, вице-министрлерге артық шығын шығару тиiмсiз болса, халықтың денсаулығы сөз болып жатқаны олар үшiн ешқандай да маңызға ие емес. Маған екi рет «Казахстанская правда» газетiнде мақала жариялап, «бiздiң заманымыздың геройларымен» күреске түсуiме тура келдi. Нәтижесiнде екi бiрдей вице-министр орынтағынан айрылды. Мүмкiн, менiң әрекетiм өзi онсыз да шығайын деп тұрған көзге қосымша түрткi болып тиген шығар, қалай болғанда да, мұндай мырзалардан халыққа ешқандай пайда жоқ. Негiзi, аталған заңды Денсаулық сақтау министрлiгi жасауы керек едi, ал, ол бiздiң сорымызға қарай, Ауыл шаруашылығы министрлiгiне жүктелiп кеткен. Жалпы, мен неге бұл мәселеге осынша кеңiнен тоқталып отырмын? Өйткенi, жоқшылық пен ауру бiр-бiрiмен тығыз байланыста. Аз ақшаны шығынсынсақ көп ауруға тап боламыз. Байытылған ұнды пайдалану балалар өлiмiн 20 пайызға қысқартуға мүмкiндiк бередi! Тұзды йодтауды да қолға алдық. Қазiр оның 94 пайызы байытылып шығарылады. Йод жетiспеушiлiк дегенiңiз бұл да жасырын аштық деген сөз. Йод жетiспесе сандаған ауыр сырқаттарға тап боламыз. Осы байытылған ұн мен йодталған тұзды пайдалану бiздi көптеген аурулардан аман алып қалады, демек, өмiр жасымызды да ұзартады. 1965 жылы бiздiң орташа жасымыз 75 жас едi. Қазiр ше? 61 жас. Нарық бiздiң денсаулық сақтау мекемелерiнiң қатарын баудай түсiрдi. Ауылды жерде олардың жартысы жойылып кеттi. Өткен ғасырдың басында АҚШ тұрғындарының орташа жасы Чили тұрғындарынан екi есе жоғары едi, қазiр бұл көрсеткiш теңестi. Қытай халқының орташа жасы бұдан қырық жылғымен салыстырғанда тура екi есе өсiп, 72 жасты құрап отыр. Жапония халқының орташа жасы сексеннен асқанын бүкiл әлем бiледi. Оған жақын тұрған ел тек Англия ғана. Экономикалық тұрғыдан алсақ та халықтың орташа жасының бiр жасқа артуы Жалпы Iшкi Өнiмнiң 5 пайызға артқанын көрсетедi екен. Демек, халықтың орташа жасы елдiң әл-ауқатының қандайлығының айнасы деген сөз!

Бiз экономикамыз өрлеу үстiнде деп мақтанамыз. Дұрыс, бiз бай елмiз. Бiрақ, көршi ресейлiктерден орташа жасымыз төмен. Олар тұрмақ тәжiктер мен өзбектерден де аз. Тiптi, қырғыздардан да аз! Түрiкпендер жайлы мүлдем сөз жоқ! Бай ел болсақ, дамып жатқанымыз рас болса неге бұлай? Әңгiме бiздiң аз ақшамен көп денсаулық сақтап қалуға болатын жаңағыдай мәселелерге көңiл бөлмеуiмiзде.

 

Аз ақша шығарсақ көп аурудан құтыламыз

 

— Ойпырмай, ұнды байытайық дегенге қарсы шығатындар да табылады екен-ау!

— Ұн мен тұзды айттым. Дәл сол сияқты вакцинация да назар аударуды қажет етедi. Үшiншi жолы - телемедицина. Төрт жылдан берi елiмiздiң Қызылорда, Атырау секiлдi 5-6 облысында ол жұмыс iстеп жатыр. Бұл дегенiңiз бiлiктi мамандар кеңесiн, көмегiн алыс аймақтағы халыққа жеткiзу деген сөз. Жай ғана көмек емес, сапалы көмек деген сөз. УЗИ, 12-арналы электрокардиограмма, дермоскоп, фотоскоп, статоскоп. Рентген суретi де кез келген қашықтыққа берiле алады. Облыс орталығында түсiне алмаса Астанаға, Алматыға жiберуге мүмкiндiк бар. Мысалы, Алматыда екi ауру әйелге қатерлi iсiк деп диагноз қойылғанымен бiз байланыс орнатқан Американың Вирджиния университетiнiң мамандары телебайланыс арқылы рентген суреттерiн, басқа да мәлiметтердi саралай келiп метастаза жоқ деген тұжырым жасады. Дәл осындай байланысты Гарвард университетiмен, Нью-Джерсидегi орталықпен жасауға болады. Телемедицина ең алдымен бiздiң елiмiз сияқты ауыл мен ауылдың, қала мен қаланың арасы жүздеген шақырым құрайтын елге керек екенiн дәлелдеп жатудың қажетi бар ма?! Жылына қаншама отандастарымыз дер кезiнде көмек ала алмағанның кесiрiнен көз жұмып жатыр. Телемедицина қымбат та тұрмайды, ал, уақтылы көрсетiлген сапалы медициналық жәрдемнiң пайдасын сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн емес. Осы философия 1978 жылғы Алматы қаласында өткен конференцияда қабылданған «Ұлы Алматы хартиясында» арнайы бап болып жазылған...

— Телемедицинаның тағамтануға қандай қатысы бар деген сұрақ тумай ма?

— Тiкелей қатысы бар. Себебi, қазiр әр жеке адамға ғана емес, көпшiлiкке арнап емдеу әрекеттерiн жасауға болады. Мысалы, семiздiк деген осы заманның үлкен бiр проблемасына айналып отыр. Семiздiктi жәй эстетикалық тұрғыдан көрiксiз көрiнiс ретiнде қарап қоя салуға болмайды. Семiздiк ең алдымен адамның ақыл-ойына керi әсер етедi. Өз кезегiнде ол жүрек ауруларына алып келедi, диабет секiлдi жазылуы қиын ауруға алып келедi, қатерлi iсiктiң тезiрек пайда болуына алып келедi, гипертониялық ауруларға алып келедi. Бiз қазiр көбiне жаңағы айтылған ауруларды емдеймiз, яғни семiздiктiң салдарымен күресудемiз, ал, бiз оның себептерiмен күресуiмiз керек қой. Себебiмен күрес дегенiмiз семiздiктiң алдын-алу. Дұрыс тамақтану арқылы. Нарық заңы баяғыдан үстемдiк құратын Батыста ауруға да, денi сауға да нарықтық көзқарас. Оларда «бiр грамм артық салмақтың құны бiр грамм алтынға тең» деген мәтел де бар. Компаниялар семiз қыз-жiгiттердi қайтсе де өздерiне қызметке алмауға тырысады. Не iстейдi, ертең бастарына бәле болатын адамды алып? Екiншi жағынан семiздiктен емдейтiн орындар да емдегенi үшiн ақшаны көбiрек сұрайды. Осыдан барып әр адам өз денсаулығын өзi қолға алуға мәжбүр болмай ма? «Жасыңыздың ұзақтығы мықыныңыздың ұзындығына керi пропорционал» деген мақал тегiннен-тегiн шыққан жоқ қой. Семiздiктен құтылу үшiн бiрiншi ненi емдеу керек дегенде дәрiгерлер әдетте «миыңызды» деп әзiлдей жауап қайтарады. Шынына келгенде онда тұрған ешқандай әзiл жоқ, адамның миы барлық органды басқаратыны, сол мидың iшiнде «ләззат орталығы» аталатын айрықша орталық бар екенi белгiлi. Сондықтан нәпсiсiн тыя алмаған адам аурудан көз аша алмайды. Тамақты дұрыс жемеймiз, сөйтемiз де неше түрлi БАД (биологическая активная добавка) аталатын пайдасынан зияны көп таблеткаларды жұтамыз.

Дұрыс тамақтана бiлу арқылы семiздiктiң ғана емес, қатерлi iсiк секiлдi жазылмайтын дерттiң де алдын алуға әбден болады.

— Осы жерде Абай атамыздың «ауруды жаратқан Құдай, бiрақ, сенi ауыртқан Құдай емес» деген сөзi еске түседi екен...

— Дәл соның өзi! Ендеше, бiрiншi кезекте қандай тамақ тәттi, жұғымды, қуатты деудiң орнына қандай тамақ пайдалы деген сұраққа жақындап келемiз. Көп жылдар бойы қатерлi iсiктiң қалай алдын алуға болатыны жұмбақ болып келдi. Қазiр медицина ғылымының шарықтап дамуының арқасында бұл жұмбақ та шешiлiп келедi. Бұрын 30-40 пайыз қатерлi iсiктiң алдын алуға болады делiнсе, бүгiн бұл сан кемi екi есе өскен. Соңғы он жылда бұл ауруды болдырмауға өте көп септiгi тиетiн мүлдем жаңа тамақ өнiмдерiнiң қасиеттерi ашылды. Капуста. Оның барлық түрлерi. Помидор. Салат. Пияз. Сарымсақ. Көкөнiс бiреуге ұнауы мүмкiн, бiреуге ұнамауы мүмкiн, бiрақ, бiздiң бәрiмiздiң де «рак» деген сөздi естiгiмiз келмейтiнi рас қой? Осыларды жүйелi түрде қолдана отырып, рак ауруының 70 пайызының алдын-алуға болады екен. Мiне, тағамтанудың құдiретi қайда жатыр!

Бiрде менi Д.Қонаев шақырып алып: «Нан болса, ет болса, май болса жетпей ме, сенiң институтыңның кiмге керегi бар?» дейдi. Нан да, ет те, май да артығымен жететiн Америкада 50-ден астам тағамтану институты бар, бiзде 3-ақ институт бар — Мәскеуде, Киевте және Алматыда. Бiрақ, қазiр оның екеуi ғана қалды, Киевтегi институтты бiр бизнесмен сатып алған екен, ақыры жоқ қылып тыныпты. Түркiменбашы ғой жалпы елiндегi ғылымды жойып тынды. Ендi өзi де кеттi ғой... Американың Бостон қаласында 20 қабатты алып институт бар. Ол институт тек қана витаминология мәселесiмен айналысады. Жалпы, америкалықтар өзiңiздiң вена тамырыңызға сiздiң өзiңiздi жолатпайды. Олар эксперимент, зерттеулерiнiң барлығын ақшаны аз төлейтiн Шығыс Азия елдерi секiлдi өңiрлерде жасап, барлық дәрiсiн сынақтан өткiзiп әкеледi. Бiз болсақ, титтей нәрсенiң өзiне венамыздан укол салдырғанға мәзбiз. Бай-манаптарымыз «мен мынадай-мынадай қымбат система салдырдым» деп мақтанады. «Система» деген сөз бiздiң тiлiмiзге әбден енiп кеттi. Система дегендi денемiзге шелектеп құятын жағдайға жеттiк. Тiптi, ауруханаға ес-түссiз күйiнде түскен досым, академик Камал Ормантаевқа дәрiгерлер «системаны» аямай құйып жатқан жерiнен арашалап қалдым. Қысқасы, тағам арқылы рак, диабет, жүрек және қан қысымы ауруларының алдын алуға болады.

— «Ауру - астан, дау - қарындастан» дейдi қазақ. Аурудың бәрi астан болатын болса, қазiргi гендiк инженерия аталып жүрген ғылым жетiстiгiн пайдаланып, дұрыс тамақтанудың жолын әр адамға жеке үйретуге де болатын шығар?

— Болғанда қандай! Бес-алты жыл болды, АҚШ-та, Гарвард университетiнде «Геном» деп аталатын жоба iске асырылды. Ол жоба бойынша адам денесiндегi 3 миллиард геннiң бәрi анықталды. Не үшiн? Адам организмiнiң барлық қызметiне жауап беретiн белсендi белок молекулаларын зерттеу үшiн. Соның арқасында дәрi жiберетiн нысананың мiндетiн атқаратын 100 мыңға тарта белок молекуласын анықтаудың сәтi түстi. Яғни, әр адамға арнап қандай тамақ өнiмiн қолдану керектiгiн жекелеп айтуға мүмкiндiк бередi.

Бұл құралғы қымбат тұрады. 10 мың доллар төлесеңiз сiз қандай тағамдармен қанша уақыт тамақтануыңыз керектiгi жөнiнде қағаз аласыз. Тек, бiраз уақыт өткен соң тағы да барып тексерiлiп тұруыңыз қажет.

— Сiз аурудың салдарымен емес, себебiмен күресу туралы көп айттыңыз. Дұрыс тамақтана бiлу ауру туғызбайтынын айттыңыз. Осы сұраққа тағы бiр тоқталсаңыз.

— Мәселе мынада. «Басы ауырмағанның Құдаймен не iсi бар?» дейдi қазақ. Сөйтiп ешқашан ауырмайтындай көрiп жүре бередi. Ауырсам емдегенi үшiн жалақы алатын дәрiгер бар ғой деп ойлайды. Денсаулығым үшiн ең алдымен мен өзiм жауаптымын деген түсiнiк бiзде әлi қалыптаспаған. Мемлекеттiк тұрғыдан да бiздiң барлық iс-әрекетiмiз ауруларды емдеуге бағытталған, ал, негiзiнде мемлекет өзiнiң күшiн ең алдымен профилактикалық медицинаға бағыттауы тиiс, яғни аурудың алдын-алуға, одан да дұрысы денi сау адамның денсаулығын одан әрмен нығайта түсуге бағыттауы тиiс.

— Қазiр не көп, «гербалайф» жол ашып берген түрлi «тяньши» тәрiздi қоспалар көп...

— Мен «гербалайфқа» қарсы бiрiншi болып дабыл көтерген, мәселе қойған  адаммын. Себебi бiздiң пациенттерiмiз оны пайдаланғаннан кейiн бiраз уақыт азып, кейiн қайта семiрiп кеткенi жайлы айтты. Бiз бұл қандай дәрi деп тексерiп көрдiк, сөйттiк те мен Денсаулық сақтау министрiне «тыйым салу керек» деп хат жаздым. Сол кезде қандай айқай-шу көтерiлдi десеңiзшi! Олардың менi айыптамаған күнәсi қалмады. Мен бiрақ, берiлген жоқпын, шыдап бақтым. Олар маған жала жабуға дейiн барды ғой. Бiр күнi мемлекет басшысының аузынан Шарманов көмектескен деген сөздi де естiп қалдым. Мен дереу баяғы хаттың көшiрмесiн салып жiбердiм. Осылайша оның елiмiздiң аумағынан кетуiне септiгiм  тидi. 

— Осыдан екi-үш жыл бұрын баспасөз бетiнде сiздер «Жiгiт» және «Сарбаз» аталатын, жасы ұлғайған ер адамдардың күш-қуатын бойына қайтаратын дәрi-дәрмек жасап жатыр деген мақалалар жарық көрiп едi...

— Алдымен айтарым, бiздiң бүгiнгi өмiрiмiздiң сапасының төмендiгi соншалық, қырықтан асқан әр екi еркектiң бiреуi жарамсыз деп тұжырым жасауға болады...Дәрiлерге келсек, ол бiздiң институттың жақсы атын жамылып, алаяқтықпен айналысқысы келген өзi дәрiгер, өзi кәсiпкер адамның iсi екен, оны бiз дер кезiнде байқап қалып, тойтарыс бердiк. Әлгi неме бiзге «Алатаудың дәрi шөптерiн пайдаланып, осындай атпен екi биологиялық қоспа жасап алып келдiм, тiркеп берiңiздершi» дедi. Бiраз адамдарға берiп әсерi қалай десек, «керемет, «виагра» жолда қалады» дейдi. Менiң көңiлiме күмән кiрдi. Қалайша Алатаудың шөбi «виагра» мен «сиалистен» озып кеттi? Тексерiп көрсек, виаграның өзi. Мен оған «сатуыңды тоқтатпасаң сенi сотқа беремiн» дедiм. 

— Жетпiстiң жетеуiне шықсаңыз да қимылыңыз ширақ, шапшаң. Бұл геннiң әсерi ме, жоқ өзiңiз насихаттап жүрген дұрыс тамақтанудың әсерi ме? Әлде басқа себептерi бар ма?

— Осы айтылғанның бәрiнiң себебi деуге болады. Әкем мерген, серi кiсi едi. Өзiм өмiр бойы спортпен шұғылданып келемiн. Қазiрдiң өзiнде таңертең сағат алтыда тұрамын да бiр сағат тренажерде жаттығулар жасаймын. Жаттығудан кейiн көк шай iшемiн, бiр қияр, бiр помидор, бiр болгар бұрышын жеймiн.  Нанды, сары майды, тәттiнi, картопты аузыма алмаймын. Еттен балық пен жылқының етiн жеймiн. Аптасына екi рет Шымбұлаққа жаяу шығып тұрамын.

 

— Әңгiмеңiзге рахмет!

 

Сұхбаттасқан  Өмiрзақ АҚЖIГIТ, «ЕВРАЗИЯ-KZ». 29.06.2007

Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу