Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

12.06.2017
5913

АҚШАҒЫРМАҚ

АҚШАҒЫРМАҚ

Кеше түс ауа, осы жылдағы құтты қонысымызға ат басын тіреген едік. Терең күздің қыр астындағы қысқа беттеген қытымырлау шағы. «Бесқопа» деп аталатын - өркеш-өркеш құм шағылды, қой малы сүйсіне жейтін: селеу, изен, бетеге өскен кенеулі қалың қопасы бар  берекелі өңір - соңғы біраз жыл біздің қыстауға айналған-ды.

Адам баласы жүрген жерде пендешілік қалсын ба, тәйірі. Кіре-беріс қалқасы ғана бар бір бөлмелі үйіміздің есік–терезесін әлдегімдер үптеп кетіпті. Әкем осындай сұмдықтың кез боларын алдын-ала білгендей, қазақ үйдің киіздерін жеке бір атқа артып ала шыққан еді. Өзі келе сала аңғай-саңғай баспананың қара суық азынаған тесіктерін қымтауға кірісті.

Мен алдыңғы жылы көктемде беске толғанда ақ табан күреңнің алғаш жалын тартып, енді  малды серкелемесем де, соңын түріп септесуге жарар деңгейге жеткем. Әдетте, жайлаудан түскен соң Көлбай ауылының  іргесіндегі, шағын өзен Ащыөзектің бойында:  соноу Құмтоғанға дейін колхоз малы күзеуде шоқ-шоқ отар болып сағалап, күйек өткен соң қыстауларына тарай бастайтын-ды. Сондай кезеңді өткеріп, біз де өз қыстауымызға жылыстағанбыз.

  • Ал, балам, «Атала көже» деген осы болады. – деп әкем алдыма бір

табақ буы бұрқыраған асты әкеп қойды. Ішінде әрекідік кездескен буылтық-буылтық наны болмаса, шешемнің кебектен қайнатып итке беретін быламығы тәрізді қойыртпақ екен. Танауымды тыжырып, анамның дәмді тамағын көксеген түрімді байқаған әкем:

        -  Бұл - батырлардың ғана жейтін ғажап тамағы, сен батырдың тұқымы емессің бе, әлде, нағашыларыңа тартып кеткен әлжуазсың ба? – деп  намысыма тиді. Ертеңгісін елең-алаңда атқа қонған едік, сонан бергі аузымызға тиіп тұрған алғашқы талқажауымыз осы. Бір-екі қасықтан соң тамақ дәмі тілімді үйіріп, түс ауа ұли бастаған ішіме ел қонып, шекемнен шып-шып тер шықты. Ыстық ас жаураған бойымды жылытып, жайма-шуақ күйге бөлеп, манаураған тәтті ұйқы көзіме тығылды. Тоң майға тоғытылған  шырақтың жарығымен әкем төсек салып болғанша, басым былғалақтап құлауға шақпын. Сыз дарымастай жер еденге қамыс, оның үстіне құрым киіз төсеп жасақталған, жайлы төсектің көрпесін пеш үстіне қақтап үстіме жапқанда, денем онан сайын балбырай жөнелді.

Ертеңгісін аттың шашағынан келетіндей қырбақ қар түсіп қалыпты. Кешегі бұйраланып жатқан дөң-дөң қоңыр шағылдар қырынуға әзірленгендей беттеріне әппақ-қып көпіртіп, сабын жағынып алған тәрізді; қар үстінен шашау-шашау селдіреген шөп-шалам, күтімсіз өсіп кеткен сол сақал-мұрттай ербиеді.

Бешпетімнің екі етегі далақтап жүгірген менің соңымнан Саққұлақ атты күшігім қоса еріп, төбешік үстіне шықтық. Күллі төңірек ақшағырмаққа бөленіп, көз қарықтырады. Жүрегім лүпілдеп, кешегі өзіміз келген жаққа ынтыға қараймын. Көкжиектен мұнарланып, бізге бет алған бір ноқат - аңсағаным. «Бұйыртса, дүкеннен азық-түлік алған соң, тағы бір шаруаларды бітіріп, мен де шығармын.» деген еді шешем. Бір сәт ойынсыз қалса іші пысатын Саққұлақ біресе балағымнан, енді бірде етегімнен тістелеп жарысқа шақырады. Анам: «Күшігің де өзің секілді, қой дегенді білмейді» деп, кейде әбден мазасын алғанда кеюші еді. Осы Саққұлақтың арқасында бір жылда екі бешпет тоздырдым. Үстімдегіні осы таяуда ғана тігіп берген болатын-ды. Сірә, қысты еңсермей-ақ Саққұлақ оның да дал-дұлын шығаратын сыңайы бар.

Алғаш осы күшікті алып келгенде моп-момақан, ұйқыбас көрінген-ді. Өсе келе құлағы көтеріліп, тұрқы да созылып, келісті итке айналары аңғарыла бастады. «Балаңа ермек болсын, тұқымы жақсы ит» деп араласып жүретін әкемнің бір тамыр орысы сыйға тартқан. Обалы не, о байқұстың айтқаны келіп, түн баласы дамыл білмес, тықыр еткенді қалт жібермейтін сақ және жел өтіне тұмсық түргіш иісшіл де,   ізшіл ит боп өсіп келеді.       

Әкем де малын қыстау маңынан ұзатпай төңіректете жайып жүр екен. Иесіз үйде жалғыз қалған маған қарайлайтын тәрізді. Соноу бір дөңнің биігіне атымен қасқая шығып, мен сияқты ол да көкжиекке тағатсыздана көз тастап тұрғанын байқадым. Астында кеше мен мініп келген ақ табан күрең. Осы атты әкем кереметтей жақсы көреді. Себебі, аяғымды апыл-тапыл басып жүрген беймаза шағым болуы керек: ата-анамның көздері бір қалт кеткенде осы ақ табанның бауырына кіріп кетіппін. Артқы аяғын құшақтап ойнап отырғанымды көргенде олар талып қала жаздапты.  Жылқы малын қазақ атамыз тегін текті деп атамаған да, шамы келіп тепкеннің орнына менің бала екенімді біліп, анда-санда ғана құлағын жымырып, тентектігімді кешіріп тұра берген көрінеді. Содан бері әкем осы жылқыны ерекше қадірлеп, кейін соған өзімді әжетке жетті-ау деген шағымда мінгізген еді.

Құдай дегенімізді беріп, көз ұшынан қарауытқан бір ноқат шалынды. Дәуде болса осы келе жатқан шешем болуы тиіс деп, Саққұлақ екеуміз ақшағырмақ бетінде көлки жылжыған даққа қарай сабай жөнелдік. Үй маңында қалған Байқасқа мен Шәрік те маңқ-маңқ үріп, біразға дейін біздің соңымыздан ерген болды. Қалың қопаны тістелеп, бытырай жайылған малын жинақтай қайыра әкем де біз бет алған жаққа өріс аударды. Соңымыздан әрекідік  дауыс беріп, өзімсіне құйрық бұлғақтатып ірікіліп қалған қос итке Саққұлақ, «неге ермейсіңдер?» дегендей бұрылып тұрып шәуілдейді. Байқасқа мен Шәрік үйді де, малды да шолатындай жотаға көтерілді де, көсілген алдыңғы аяқтарына бастарын салып, тыбыр етпестен жатыр. Сабалақ сары жүнді Байқасқа кәртейсе де сақтығын жоғалта қоймаған, ал Шәрік күшік кезінде маубас атанып, кейін сірә, құлағы мен құйрығын шұнтитып кесіп тастаған соң ба, әйтеуір, ұйқысынан арылып, келе-келе апай төс төбетке айналды. Өткен күзде малға итқұс шапқанда түз тағысымен жекпе-жекке шыққан осы Шәрік еді. Сол жақ көзінің астындағы терең жырық - сол айқастан қалған ұмытылмас  таңба.

Бешпетімнің етегінен Саққұлақ бір тартып қалып, менен оза барып «қуып жет» дегендей қуақылана қарады. Етегіме көз салсам өткір тіс орып өткен жырықтан бұрқыраған жүн көрінді. «Енді ер жетіп, азамат боп қалдың, ит-күшікпен ойнағаныңды қой» деп, шешем осы бешпетті тігіп жатқанда назын айтқан-ды. Әкем мен шешемнің құдайдан сұрап алған жалғыздары болғандықтан мені нұқымақ түгілі, түс суытып ұрысып та көрмепті. Таяуда: «Жасың жетіге толды, қатарыңнан қалмай білім алып, ақылды бол» деп, бір ағайынымыздың үйіне орналастырған-ды. Амал-нешік көшетіндерін естіген күні қағаз-қаламдарымды арқалап, соңдарынан тайып тұрдым. Уәжім: «Әкемнен-ақ сабақ үйренем.» Ол кісі латын қарпі бойынша қат таныған адам еді. «Мынаның миы қатпаған екен әлі» деп, әке-шешем маған қолдарын бір сілтеп, ары азғырғандарын қойған. «Бала қылығы-бал» дейді ғой, осы күнге дейінгі еркетотайлығым жарасым тауып келсе, ендігімнің қадірі орны мен уақытына байланысты тәрізді. Бұлай деуіме себеп те жетерлік, анау жылы қой қоздап жатқанда төл басын санаққа алған өкілдер келе қалған-ды. Бар малды санап, тіркеуге алған соң, ағалар дастарқан басына отырып, әңгіме-дүкен құрды. Арасындағы бір аға: «Саматжан, біз көрмей қалған тағы қозы-лақ жоқ па?» деді. «Иттің үйшігінде бір жетім қозы мен лақ бар» деп, үлкен адамның назарына ілінгеніме төбем көкке жеткендей болып, әкемнің абыройын айрандай төккенім. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» деген осы екен-ау, жарайды, балам, сол екі жетімекті өзің қарап өсір, алдыңа салар малың осылардан өрбісін» деп, әлгі кісі әлденеге батасын берген-ді. Ел аузына ілігіп кеткен тағы бір ерсілеу қылығым бар-тын. Жазғытұры ақ табанмен ары-бері қоқырақтап шауып жүргенде мал жайған бір кісіге жолыққам, бірақ оны танымадым: 

  • Сен кімнің қойшысысың, атың кім?
  • Құрымбайдың көмекшісімін, атым Биғали.
  • Мен - Самажанның баласы Саматжанмын.
  • Е-е, жақсы кісінің баласы екенсің, бірақ үлкен адамға «Сен» демей,

«Сіз» деп неге айтпайсың!?       

  • «Сіз» дегенді мен түгілі әкем мен шешем білмесе, мен қайдан

білмекпін!?...                  

Колхоздың жүк артуға берген кәрі түйесі, сары атаннан бәріміз зәрезап болғанбыз. Әсіресе, мен қорқамын. Қар қалың түскен жылдары соңында сүйретпесі бар трактормен жайылым ашатын бір сұрықсыз  орыстан әлгі атан аумаушы еді. Адамның кейпіне мінезі де сай келе береді екен-ау. Әлгі жарықтық түксиген сап-сары қабағы түнеріп, кетер-кеткенше шошқасының майын қос ұртына сарымсақ, нанмен тығындай теріс қарап жеп, шәй орнына су жұтып жүре беретлбін-ді. Бірде, «Осы күрпілдетіп не жеп жүр екен?» деп тамағын таңсық көріп, ол жоқта бір сүйем кесіп татқаным бар. Асағаным удай тұз боп, неше күн түкірініп, оның асын да, өзін де қас жауымдай жек көріп кеттім. Біздің сары атанның да кісі сүйер қылығы шамалы: жанына жақындасаң жынын шашып, жүк артсаң дүниені бір өзі арқалағандай бәлсіне бажылдап, әр қадамын санап басатын кер жалқаудың өзі. Осы кеселінен жұлқынған сайын танауы қайта-қайта жырылып,  мұрындық ілетін жер де қалмай кеңсірігі ырсиып, сиқы адам шошытардай болды. Шешемнің: «Күллі жүкті өзім арқаласам да, биыл осыны жетектемеспін!» деп ашынуының да жаны бар... 

Ақбәтестің бетінде біртұтас боп көлкіген қара таяған сайын жігі ашылып, аттылы мен артындағы жетектің нобайы түстеуге жетті. Тайпала жорғалаған жирен биенің көзге қанық жүрісі, қамшысын сипай салып қана ертоқымда сәл шіреніп, салиқалы отыратын шешемнің атқа мінісі, бәрі, бәрі жанарыма оттай басылды. Тек,  бұйдасын сірестірмей, соңынан жиренге тең ілесіп келе жатқан қомды түйе бейтаныс еді. Сары атанның орнындағы жайтаңдаған жас тайлақ ақ күріштей түйіршіктелген құрғақ қарды сусылдата есіп, екпінді бұзбай, еркін келеді. Беті бері аударылған қалың қойды тастай, әкем де ақ табанды  шоқырта желдіртіп, көш алдынан кес-кестей шықты. Соноу төбешікте тұмсықтарын жел өтіне тосып, аңдумен жатқан қос төбет те керіле түрегеліп, құйрықтарын бұлғаңдата арсалаңдап, төмен құйғыды.

Шетсіз-шексіз ақшағырмақ дала - жүрек елжіретер сағыныш пен қуаныштың куәсіне айналғандай. Күміс инелері онан сайын жылт-жылт етіп, тамылжи құлпырады. Ертеңгілік бетті шымшыған шыңылтыр аяз күн көтеріле сыныңқырап,   жер беті қайта бусанған. Сірә, күрт-күрт тапталған көрпілдек қардың  түс ауа еріп кетуі де мүмкін.  


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: