Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Ауылдың аты – Дермене

БЛОГТАР

06 ақпан 2019
1149
0

Ауылдың аты – Дермене

«Ертеде елді ағайынды қос жігіт басқарыпты. Мамыражай бір күні сырттан жау тиеді. Хандықты басып алады. Биліктен айырылған екеудің бірі қаңғырып кетеді де, екіншісі сол жерде көптің бірі болып қалады. Арада жылдар өтеді. Жатжұрттық хан қайтыс болады. Тұрғылықты халық қайтадан байырғы қалпына оралып, ескі хан тағына отырады. Ағайынды жігіттің үлкені бауырын іздеуге кіріседі. Жан-жаққа хабаршы жібереді. Ауыл-ауылға сұрау салады. Дүниенің төрт бұрышын шарлап жүргенде, інісінің дерегі шығады. Хабар жеткенімен, кері оралуға намыстанған бауыры жатжұрттық болып қала беруді таңдайды. Мұны түсінген ағасы ақ шүберекке бір түп дерменені түйіп, сәлемшілерден беріп жіберіпті. Орамалдың түйінін жазып, дермененің хош иісін емірене иіскеген жігіт ағыл-тегіл жылаған екен. «Шіркін, туған ауылдың иісі-ай»-деп, көп ұзамай атамекенге оралыпты».

 

Бәлкім бұл аңыз біздің ауыл жайында болса керек. Талай ғасырлар сырын бүккен Сырдарияға апарар – Арыс өзені ауылымды айнала ағады. Ертедегі Отырар қалаларының бір бөлігі біздің ауылмен шектесетінін өзім тапқан қыш құмыралар мен көне жәдігерлерден пайымдаймын. Тек бұл ғана емес, тарихи деректерде Абылай хан жантәсілім еткен мекенде – Арыстың жағасында десе, Бертіндегі аты аңызға айналған композитор Шәмші шабыттанып ән жазса, Дулат Исабеков повесть пен әңгімелерін арналаған қасиетті мекен. Иісі бойыңды шымырлатып, сүлдеңді жидырып алатындай ащы, әлемде жойылып бара жатқан дермене өсетін жер – Дермене. Мен, өскен жерімнің өнегелі өткенімен, кемел келешегіне бағдар алғанын ауыз толтырып айта алам. Асыға аққан Арыстың жағасында орналасқан ауылымыз – жері құнарлы, шаруаға жайлы. Дермене тұрғындары ауру-сырқаудан аулақ, себебі жеген еті, ішкен сүті өрістегі дермененің құнарында, жуған кірі, ішкен суы Арыстың өзені болғандықтан тері яки өкпе ауруларын мүлдем білмейді. Қазіргі таңда 300 ден аса отбасы мекен етіп, кішігірім шаруашылық пен мемлекеттік қызмет істеп келеді.

 

Ауыл жайын баяндар болсам, мақтанышына айналған азаматтар яки әлемге әйгілі шөбін жазармын. Бұл айтпақ әңгімем – Қостұраның тауындай қос мақтаныш жайында болмақ. 1974-78 жылдары Сиқым Жиренбаев атамыз басқарып тұрғанда, біздің кеңшар миллионер атанған деседі. КСРО аймағына танымал болған. Дермене кеңшары фармацевтикалық өндірістің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін талай сыйлықтар алып, кино түсіруге түрткі болған. Мәскеуге тікелей қараған ауылымның 1981-92 жылдары порторгы менің атам болған. Қызмет жайын әңгімеге өзек етер уақыт әлі алда, көзім көргенді баяндайын...

 

1993 жыл.

 

Совхоз пенсияға шығарғалы атам тек кітаппен тілдесетін болып кетті. Қызметі «порторг» болып, совхоз шаруашылығына арнаған атамды мұндай аяқ асты үйде отыру - «тордағы құстай - қысып» есеңгіретіп жіберді. Күнде ала таңнан кешке дейін шарушылық басы, құтты қонақтар, совхоздың іс-қағаздары мен жиналысынан тынбайтын атам жұмыссыздықтан жабырқаулы. Уақыт өткізу үшін өзіне енді тиесілі емес кабинетке барып, конторда замандастарымен әңгімелесіп үйге кештеу оралатын-ды. Әр елге шыққан саяхаттарынан 6-7 кітап арқалау әдетіне айналған. Алып келген қолсағат, кішкентай кеме, күміс ыдыс заттардан өзінің бөлмесін кереметтей кітапхана сынды жабдықтап алған. Бөлмесіндегі кітаптардың біреуін 3 сағатта оқып тастайтын, ал қазір әр кітаптың тарихын, естеліктерін бізге айтып, «сен мынаны оқы балам» - дейтін болды. «Білесің бе, сенің әкең»-деп өмірдегі қызықтарын, атыңды «хандай болсын, айдай болсын дедім»- деп айтып қуантатын. Айналасы мен көлігі үнемі бөтен көкелерге толып жүріп, есік алдына жиналған көліктерді әдеттегідей «көрдің ба біздің атаның достарының машиналары күшті»- деп, көше балдарының алдында мақтанып жүретінбіз. Үйде отырып, бізге осыншама қызықты әңгімелер айтып бергеніне қуанып жүрдік.

 

Үй іші көңілді, анам маған тағы бір қарындас сыйлады. Әкем, қарындасым туылғанда ешбір немересіне атамыздың атын жазбағандары есінде болатын. Районнан үйге асыға келіп, «немерелі болдыңыз әке, бұл қыз сіздің қызыңыз»-деді. Атам, иегіндегі сақалын асықпай сипап «менің 8 немерем бар, барлығы меніңкі, сендердің балаларың мен өлгенде туады»-деді қабақ шытып. Әкем сонда, «жо-жоқ әке бұл немереңіздің фамилиясын сіздің атыңызға жаздырдым» - деді. Атам, «ее, сол ма айтпағың?! Менің атымды бердім деп не сұрамақсың» - деді мұқатып. Әкем абдырып қалды. Үйдегі қонақтардың ішінен Фатима қарындасына «ал, фамилиясы менің атым болса, әдемі ат сенен болсын» - деп қалжыңмен қуанышын білдіріп, қолқа салды. Көп ойланбастан, өзі жақсы көретін әншісі «Мақпал Жүнісовадай әдемі, өнерлі болсын «Мақпал» - деді дауыстап. Үй іші арқа-жарқа қуаныш, асылған ет артынша дастарханға келіп, әдемі тілектер айтылып жатты. Біз де мәзбіз. Ол кезде кім туылса да, бізге қонақтан қалған тәтті ғана маңызды.

 

 

* * *

 

 

Мамамның түскі ұйқыға жатқызатын уақыты таяды. Атамның бөлмесіне уақытша бара тұрам, оны көрсе маған ұрыспайды деген оймен есіктің шиқылдаған дауысынан денемді қорқыныш билеп, келгенімде, атам очкиінің астынан зер салады да, кітапты оқуын жалғастыра берді. Оқып жатқан кітабына телміре қарап, бір түсінетін адамдай мойнымды созып, майда жазуларға қарап аузым ашылып тұрып қалдым. Атам басымды сипап, «бұл біздің ауыл мен дермене шөбі туралы кітап. Жерлесіміз Дулат Исабеков деген жазушының шығармасы» - деді. «Дермене бар ғой, қойлардың жем шөбіне қосып беріп жүрген» - мен: «анау иісі ащы шөп па?» - дедім түрімді тыжырайтып. «Сен оның қаншалықты құнды, қаншалықты маңызды емдік шөп екенін білемісің?! Әлемде жойылып, тек біздің ауылда ғана өседі, ауылымыздың «Дермене» аталуының себебі осында. Осы дерменеден дәрі-дәрмек жасау үшін біз тікелей Москваға жолдаймыз. Германия сұраныспен алғызып, түрлі ауруларға қарсы дәрі өндіріп шығарады». Кітап сөрелерінің ең жоғарғы полкасында тұрған альбомды алып, мені алдына алып отырды. Екеуіміз сырты вильюр матамен қапталған ауыр альбомды парақтай бастадық. Альбомда атамның жас кезінен, пенсияға шыққанына дейінгі жұмысындағы, отбасымен, саяхаттардағы суреттері бар. «Суреттен мені тапшы, әкеңді танып тұрмысың? Бұл суретте апаң екеуіміз Самарқандта түскенбіз,Туркия, Арабия. Еее, атаң көп жерлерді көрді ғой»- деп нақтылап көрсетіп жатты. Шамалыдан соң ойынға қашып кетем деген ойым жайына қалған. Атамның қызық әңгімесінен кеткім келмей отырдым.Атаң осы қызметте қаншама адамдармен қызметтес, дастархандас болды. Бұл шаңырақтың дастарханынан шай ішкен әнші мен ақын-жазушылар аз емес деді. Біздің ауыл туралы кино бар білесің бе?! Сен туылған жылы Дулат Исабеков пен Асанәлі Әшімов ауылға келіп кино түсірген. Қыз Жібек киносын білесің ғой ия? – деп сұрап қояды. Мен жай ғана бас изедім. Фильмдегі Бекежанның ролін сомдаған Асанәлі Әшімов деген актер, режиссер азамат. 1986 жылы ауылға келіп, қонақ үйден орын дайындап, тамақты тек біздің үйден жейтін сабаздар. Барлығының сылтауы «сіздің келініңіздің тамағы тәтті» - деп қарқылдап күліп алды. Өзгелер үйіне апарғысы келмейтіндігін, «біздіңкі секілді зыр жүгіріп дастархан жайып қарсы алатын өнегелі келіндері жоқ қой»- деп қояды. Бірақ сол «Дермене» фильмін әлі күнге дейін көрген емеспін. Үйдегі сақталған суреттермен атамның емірене есіне алған естеліктерінен білемін.

 

Бірнеше күн салып атам түс ауа үйге мазасыз оралды. Өңі қашып кеткен. Конторға бір уақ барып ақсақалдармен әңгіме айтып көңілін аулап келетін, бұл жолы өзгеше абыржып оралды. Атам келгенде алдынан жүгіріп шығатын менің басымнан сипады да бөлмесіне қарай беттеді. Сол кезде қазіргідей ақылым болсашы... Дереу шай ішіп отырған апам мен мамама айтар едім ғой. Білмедім. Баламын ғой, мамам атамды киініп жатыр деп ойлаған болар. Шайды жинамай ұзық отырды. Шыдамай бөлмесінің алдына жақындап, «ата, шай ішіңіз» - деді жаймен. Бөлмеден абыржулы дауыспен «жоқ балам, рахмет. Бас аурудың дәрісін әкеліп берсең жарар еді»- дегенін есітіп, мамам дереу сумен дәрі алып қайта келді. Атам дәрі ішті де, «демалып алам мен, есікті жаба сал»-деп үн қатты. Шай үстелде отырған апама, «атам әбіржулы, қан қысымы көтеріліп тұр ма екен? Дәрігер шақыртамыз ба?»- дегені сол-ақ екен.«Жамандық шақырма олай, шаршап келген да» - деп апам мән бермеді.

 

Арада екі-үш сағат өткенде атамның бөлмесіне үйдегілер, дәрігер барлығы жинала қалды. Атамның жағдайын тексеріп жатқанда жиенім қатты жылап қоя берді, ешбірі тоқтата алар емес. «Барлығы жаманшылық шақырып, о несі?!»-деп сасқалаптап апам жүр. Есіктің бұрышынан сығалап, ондағы жағдайға таңданып, жақындауға, сұрақ қоюға қорқып тұрмын. Мамам дереу бізді киіндіріп, көршінің үйіне жетектеп алып барды. Асығып, көрші әйелге сыбырлап бірдеме айтты да, маған «апайыңның айтқанын тыңда, іні-қарындастарыңа қарап тыныш отырыңдар жарай ма?» - деп асығыс шығып кетті. Біз көрші үйдегі балалармен ойнағанымызға мәз болып жүре бердік.

Үй жақтан бір түрлі дауыстар шыға бастады. Үйге қонақпен түрлі көліктер келгенге үйреніп қалғанбыз. Үй жаққа беттеген адамдар мен жылаған дауыстар бала көңілімді үрейге бөледі. Екі күндей уақыт өткен соң мамам бізді алып кетті. Үйге келгенде бір түрлі күй кештім. Тым-тырыс. Кіріп-шығып жүрген адамдардың жүздері жабырқау, бастары төмен қарап, үнсіз бас иіп қана амандасу. Қаншама қонақ келсе де үйде арқа-жарқа қуанышқа көзіміз үйренген. Үйіміздің жаны кеткендей сезілді. Жаймен есік бөлмедегі апаның жанына барып отырдым. Басымнан сипап, «тамақ іштіңдер ма?» - деді мазасыз дауыспен. Басымды идім. Кешке қонақтардың қонғаны бар, кеткені бар. Бізде маманың шықпа деген бөлмесінде отырдық. Тамақты сол бөлмеге алып келеді. Бесіктегі қарындасымды емізіп кетіп, тірліктермен жүгіріп кетіп қалады. Шыдамадым. Қаншама адамдарды көзім шалса да, атамды еш таба алар емеспін. Бөлмесінде жиналған заттар. Қонақ бөлме толған бөтен кісілер, бірақ арасында шыққан күндей күліп, саңқ-саңқ шығатын (дауысы ерекше әдемі, кітап көп оқығаннан ба көркем сөзбен сөйлеп,әдемі тілекпен тойлардың көркін ашатын) дауысын естімедім. Қора мен ауыздағы сарайларда топ адамдар арасынан да қарап көрдім. Жоқ!...

 

Қарабурылдай жүйіткіп ескен арыстан қарабас желі, түнерген дала, мазасыз үй, бағышталған дұғалар атамның енді арамызда жоқтығын анық ұғындырғандай.

 

Соңғы таңың атқанда,

Соңғы күнің батқанда,

Соңғы жауын жауғанда,

Соңғы дауыл соққанда,

Көлеңкесі төгілген,

Жеміс жиып егіннін,

Басынан сипап сәбидің,

Батасын алып әр елдің,

Үзіліп кетіп барасың,

Жапырақтай «нар игім»!

 

 

* * *

 

 

 

Дерменеге атамды 61 жасында жер қойнына тапсырдық. Ауылда атамның түтінін сөндірмей қоныстап қалып қойдық. Облыс бойынша біраз жандар емірене еске алатын, ат басын тіреген құрметті азаматтар рухына құран бағыштайтын қара шаңырақ. Өз аты берілген қарындасым 25-ке келгенде ойыма оралғаны, қырқынан шыққанына 3 күн ғана болғанда - атамнан айырылып қалғанымыз...

 

Болса да қанша елмен, қанша мекен,

Жәннаттан асқаны бар ма екен?!

Өмірдің жазылмаған заңдары бар,

Алланың бұйрығынан аспақ екен.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу