Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Бауырдан жақын кімің бар?

БЛОГТАР

24 сәуір 2019
399
0

Бауырдан жақын кімің бар?

Бұл сәбидің туыстарының үйінде жүргеніне біраз болды. Алғашқысында ағасының «Біздің үйге жүр. Менің балаларыммен ойнайсың. Жеңгең де сені сағынған. Аз күн біздің үйде болған соң, анаң алып кетеді» дегеніне қуанып келген.

 

Алайда, бұл үй оны сағынған кейіп таныта қоймады. Балалар бұдан бөлек су жаңа телефондарымен ойнаса, жеңгесінің бұған күн ұзағына бір көз қиығын салуға уақыты жоқ. Бала болса да бұл үйде оның келгеніне қуана қоймаған көңілді біліп, өз-өзінен тұйықтала түсті. Анасын сағынса да, ол туралы ешкімге жақ ашпады. Тек іштей күте берді. Тез арада келе қоймаған анасына бір нәрсе болып қалды ма деген жаман ой да бала санасында қылаң берген.. Сөйтіп жүргенде, кездейсоқ естіп қалған аға-жеңгесінің өзара әңгімесі бар шындықты жайып салды.

 

- Бұл жетімекті бағу саған ғана керек пе? Оны неге жауапкершілігіңе аласың? Балалар болса өсіп қалды, одан да соларға жағдай жаса,- деді жеңгесі ағасының кесесіне шай құйып отырып.

 

- Қойсаңшы, естіп қалар. Бұл бала келсе не бопты, обып кетер дейсің бе? Керісінше, сен оны бауыр тартып, біздің балалармен жақсы араласуына жағдай жаса. Айтпақшы, үйдің жанындағы балабақшаға орналастыру керек еді, бір жылдай сонда тәрбиеленсе, әрі қарай мектепке де аяқ басып кетеді ғой,- деді ағасы. Мұны естіген жеңгесі қолындағы кесесін құлата жаздап таңқалған кейіппен миығынан күле орынан тұра келгені  төрт жасар Бағдаттың көз алдында.

 

Әрі қарай аға-жеңгенің сөзін естігісі келмеген сәби бөлмесіне кіріп, бүк түсіп жатып қалды. «Жетімек, кедей, балабақша» деген сөздер санасында шырмалып жатыр. Әсіресе, «жетім» деген сөз ауыр тигені сонша, өкісігін баса алмай, солқылдап жылай берді. Бар жандүниесі астан-кестен болып, басы айналды. Көз алдына біресе анасы, біресе әкесі елестеді. Сол сәтте ғана Бағдат өзінің бар әлемде жалғыз қалғанын түсініп,бойын қорқыныш сезімі билеп кетті. Ата-анасын іздеп, аңырады кеп. Сөйтіп жатып, ұйықтап кетті.

 

Бөлмеге ақырын басып кірген Қасым Бағдаттың жай ұйықтап жатқанын көрді. Байқап қараса, көздері ісіп кеткен інісі қабағын түйіп алған. Сонда ғана Қасым баланың бар әңгімені естігенін білді. Бағдаттың төсегінің жанына тізерлеп отыра кеткен ағасы оның басынан сипап, тағдыры аямаған кішкентай бауырының өмірін өз жауапкершілігіне алғанын түсінді. Қабағын түйіп жатқандағы келбеті әкесінен айнымай қалғанын ойлаған Қасым «Әттең, ағам тірі болғанда...» деді жұдырығын тас түйіп. Бір шаңырақтың шырқын бұзған сол оқиға көз алдынан көлбеңдеп өтті.

 

Ербол інісі Қасымға кішкентайынан үлгі болған ағасы,  өскенде де жол сілтеген ақылшысы еді.Оқуда да, қызметте де қатарластарынан ерекшеленіп тұратын. Отбасының бар ауыртпалығын көтере жүріп, іні-қарындастарының білім алуына, жақсы қызметке тұруына жағдай жасады. «Әкесі жоқ – тұл жетім» десе де, жанында ағасы барда өзін өмірдегі ең бақытты, қайсар жанға теңейтін. Өмірде кездесетін қиындықтарды шыбын шаққан құрлы көрмей, бар белесті бір-ақ аттайтынына сенімді болатын. Тек өмір ағысының біз ойлағандай болмайтыны болмаса...

 

Інісін аяқтандырған Ербол жасы отыздан асып кеткен соң ғана өз алдына отау құруды ойлаған. Әскери қызметте жасайтын ол болашақ жұбайының үй тірлігімен айналысып, бала тәрбиесіне көңіл бөлуін қалады. Дегенмен, көңіл жарастырған Нарғыздың мамандығы мұғалім тұғын. Мектеп пен үйдің ортасында жүретін жеңгесі үй тірлігі мен бала тәрбиесіне де үлгеретін. Оның үстіне, сүйіктісінің осы пысық мінезі ұнайтын.

 

Көңіл жарастырған жұптың арман- мақсаты бір болғандықтан, шаңырақтарының жылуы бөлек еді. Сыйластық пен түсіністікті басты орынға қойған жанұяның ерекшелігі де – екеуінің бір-біріне деген қарым-қатынасынан өрбіген.. Оның үстіне,  ақыл тоқтатқан шақта қосылғасын ба, әйтеуір бұл үйде айқай-шуға орын болмапты. Әсіресе, араға бір жыл салып көрінген тұңғыштары Бағдаттың өмірге келуі- жанұяның берекесін арттырған.

 

Бағдатты балабақшаға беріп, өздері қызметтерін жалғастырып, қарапайым бірақ өте бақытты күндерді бастан кешті. Бұл жанұяға қызыға да қызғана қарайтындар қатары аз емес-ті.

 

Ұйқыдағы Бағдаттың жүзіне қараған Қасым оның тас түйюлі қабағына үңіліп «Шіркін, ағамның аузынан түскенін-ай...», деп  марқұм бауырын көзіне елестетті.

 

Сол күні Ербол хабарласып, «Жеңгең ауруханаға түсіп қалған, мен жұмыстан босап жеткенше, сен жанында бола тұршы» деп інісіне өтініш айтқан болатын. Бұл не болғанын анық түсіне қоймаса да, апыл-ғұпыл жиналып, ауруханаға жеткен. Дәлізде кездескен дәрігердің «Жүрек талмасы ұстаған, халі ауыр. Қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз» дегенін естіп, есеңгіреп кетті.

 

Дәлізде қанша уақыт отырғаны белгісіз, тыныштықты ұялы телефонының шырылы бұзды. Белгісіз нөмірді көргенде неге екені белгісіз жүрегі аттай тулап ала жөнелді. Өз-өзін дереу қолға алған ол «Алло...» дегені мұң арғы жақтағы дауыс мұның Ербол деген кісіні қайдан танитынын, соңғы қоңырау шалған адамы өзі екенін айта жөнелді. Кенет, « жол-көлік апатына түсіп, екі адам қаза тапты. Біреуі жүргізуші, екіншісі сіздің туысыңыз болу керек. Біз оқиға болған жерден хабарласып тұрмыз. Мәйітханаға келуіңіз керек» деген сөздер еміс-еміс естілді. Тұла бойы дірілдеп, көзінің алды қарауытып, басы айналды. Сенгісі келмейді. Барлығын қорқынышты түске жорыса да болар емес. «Жеңгеме қалай жеткізем» деген ой келді басына. «Үй ішіне не деймін? Бұл – өтірік. Бәрі жалған» деп  өзін-өзі ұстай алмай, шыңғырып жіберді.

 

Кенет ақ халатты дәрігердің мұның алдына келіп «Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық» деген сөзін естігенде аспан айналып жерге түскендей не істеп не қойғанын біле алмады.  «Жүрек талмасы ұстаған. Қан қысымы түсіп кеткен. Бізге әбден әлсіреген күйі жеткізілді» дейді дәрігер көңіл айтқандай кейіппен.

 

Бір уақытта екі бірдей туғанынан айырылса,  әке мен шешеден қатар айырылып Бағдат қалды. Алаңсыз балабақшада ойнап, әке-анасын күтіп жүрген баланың алдына барған ағасы кішкентай бауырын құшақтап еңіреп қоя берді. Баланың тағдыры аяқ астынан өзгеріп, бір-ақ күнде тұл жетімге айналғанына өзін кінәлі сезінгендей.

 

Ісіп кеткен көздерін әзер ашып, ұйқыдан оянған Бағдат ағасының жанында жылап отырғанын байқады. Бұның оянғанын енді білген Қасым кішкентай бауырына жылы жымиып, құшағына қысты. Әкесінің дәл осылай құшақ жаятын әдеті есіне түскен Бағдат төсектен секіріп түсіп, Қасымның бауырына кіріп кетті.

 

Інісін бауырына қысқан Қасым да, ағасының құшағына бір уыс болып сиып кеткен Бағдат та алдағы уақытта бір-біріне өздерінен басқа жанашыр жоқ екенін терең түсінді.

                                                                                                                                       


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу