Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Бір роман ойымда пісіп жатыр

БЛОГТАР

02 мамыр 2020
467
0

Бір роман ойымда пісіп жатыр

Махаббатым constant

 

Әлішер РАХАТ – жас жазушы, драматург. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын кино-теледраматургия мамандығы бойынша бітірген. «Махаббатым-constant» кітабының авторы. Жақында «Қазақ пен қала» байқауында «Қара мысықтың қожайыны» әңгімесі ынталандыру сыйлығын иеленді. Жеңісімен құттықтап, шығармашылығы туралы әңгімелестік.  

 

– Оныншы сыныпта ауылым Қарасаздан Алматыға оқуға келдім. Ауылда өскендіктен, қаланың тірлігіне бейімделу қиын болды. Ортамен араласпай жалғыз жүрдім. Көп кітап оқыдым. Кітаптың мазмұны мен жазылуына мән бердім. Бұрын кездеспеген сөз тіркесімен, теңеу сөздердің мағынасымен таныстым. Бір күні өзім де шимайлап көрдім. Ешкімге көрсетпей жүргенмін, достарым байқап қалды. Жазған әңгімелерімді ұнатып, газетке шығаруға ұсыныс жасады. Газет-журнал, сайтқа жариялап, оқырманнан жақсы пікір естідім. Университеттегі ұстазым жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев болды. Көрнекті жазушы Дулат Исабеков пен жас драматург, сценарист Әннес Бағдат дәріс оқыды. Сол кісілердің арқасында бағыт-бағдарымды айқындап, өмір мен өнерді таныдым. Философия, өнер, психология, саясат, салт-дәстүр, миф, дін секілді тақырыпты тереңнен талдауды үйрендім, – дейді жас қаламгер.   – Мақсатым – қазақ әдебиетін шетел әдебиетімен теңестіру. Бізде әлемнің мықты жазушыларымен салыстыра алатындай мықты қаламгерлер бар, бірақ сапалы аударма мен нарық жүйесі жолға қойылмаған. Кітап нарығын қалыптастыра алмай келеміз. Бізге мотивация мен бизнес кітаптан басқасының бәрі жетіспейді. Жақсы дүние жазылады, бірақ белгілі орта мен аймақта қалып қояды. Жанрлық әдебиет те жетіспейді. Қазір әдебиетке жастардың бет бұруы қуантады. Заманауи әдебиеттің қаңырап тұрған кеңістігін толтыруымыз керек. Өйткені кітап сөресіне шетелдің әдеби кітаптары жайғасып алған. Осы олқылықтың орны толғанда ғана әлемнің әдеби бәсекесіне түсе аламыз. Алғашқы кітабымның оқылымы мен сатылымын бақылаймын. Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгерт, өміріңді өзгерт кітабы» 100 мың тиражбен шығып, бестселлер болды. Қуаныш Шонбайдың «Екінші болмасы» 145 000 тиражбен таралды. Бұл кітаптар әдебиеттен алшақ, бірақ жақсы үрдіс. Осындай кітаптарға көзқарасым жақсы.   Жақында елге Эльчин Сафарли келді. Заманауи жастардың сүйікті жазушысы. Залдың қалай лық толғанын көрдіңіз бе?!. Кездесуге келгендердің басым бөлігі – қазақ оқырманы. «Тура сондай аудитория жинай алатын жазушы бар ма?» деген сұрақ жауапсыз қалады, – дейді Әлішер. Жас жазушының алғашқы туындысы «Махаббатым-constant» деп аталады. Жастардың сүйікті шығармасына айналып, әлеуметтік желіде көпшілік жақсы пікір білдіргенін байқадық.  – Кітаптың атауы қалай пайда болғанын бірнеше жерде айттым. Екі сөз: махаббат, констант. Махаббат деген – адамның сезімі, констант – физика, математика, химия ғылымында қолданатын «тұрақты» деген мағынаны білдіретін термин. Екі кейіпкердің сезімінің тұрақтылығын суреттейтін заманауи махаббат романы. Бұл романның идеясы – заманауи кейіпкер жасау. Шетелдің заманауи әдебиетінде жастарға арналған туынды өте көп. Қазақ жастары орыс тіліндегі әлемдік бестселлерді оқып жүр. Оқырман кітаптан өзін іздейді. Өзіңе ұқсайтын кейіпкерді ана тіліңде жазылған шығармадан ғана табасың. Сондықтан оларға өзі туралы, өздеріне таныс адамдар жайлы роман ұсынғым келді. Мен үшін оқырманды қуанту деген таңсық дүние. Әзірге оқырманым да, аудиториям да жоқ. Қалыптаспаған аудиторияны не деп қуантасың?!. Бір роман ойымда пісіп жатыр. Соны жарыққа шығарғым келеді.

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha