Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Бозқараған

БЛОГТАР

01 қазан 2019
389
0

Бозқараған

БОЗҚАРАҒАН

 

Түскі асқа шақырған. Аядай ғана дәмхана. Ең бұрыштағы столға жайғасыпты. Әдеті. Бұрышты, қуысты жағалап жүретін.

– Ия, қандай жаңалығың бар? – деп жадырай амандастым.

– Тыныш, – деді ол. Жадырай қоймады. Менің де көңілім су сепкендей басылды.

Жүзіне қарасам тым көңілсіз. Жағы суалып, көз асты қарауытып кетіпті.

– Құдай-ау, мынаған не болған? – деп ойлап үлгердім. Дүниедегі ең қаралы хабарды жеткізгелі тұрғандай түнеріп алыпты. Әлде, маған ренішті ме?

– Көңіл күйің жоқ қой, – дедім жасқана.

– Жәй – деді ол.

– Қандай тапсырыс береміз?

– Білмеймін. Менің зауқым жоқ.

– Қызықсың. Өзің асқа шақырып, «зауқым жоқ» дейсің. – Ренжи салдым.

– Сен тапсырыс бере бер. Шын айтам. Тамаққа тәбетім жоқ. Мен кофе ішем.

– Менің де зауқым қашып кетті.

Кофесін ішіп отырып та бір жадырамады. Ойым онға бөлінді.

– Құдай-ау, мына қызға не көрінді? Әлде... Құдай сақтасын!.. Өзі де соңғы кезде «ауырдым» деп көп басқосуға бармай жүр. Расында ауырып жүр ма? Осынша түңілетіндей не ауру ол? Әлде, әлгі... Обыр дей ме?.. Ісік дей ме?..

Төбемнен әлдекім мұздай су құйып жібергендей құйқа тамырым шымырлап кетті.

– Не жазып жүрсің? – дедім аузыма сөз түспей, тұтығып.

– Ештеңе...

Сұрақтан сұрақтың туатыны рас қой.

– Неге? – дедім.

– Бет жоқ!

Мен күтпеген жауап. Қуанып кеттім. Ойымның бәрі басқа арнаға бұрылды. Мен күдіктенген нәрсе емес екен. Қуандым.

– Себеп? – Ол тағы екі көзі шүңірейіп үнсіз қалды.

– Жарайды. Отыра беруден жалықтым. Сенімсіз болсаң, айтпағаның дұрыс.

– Жоға, – деді ол жүзін жылытып. – Қалай айтарымды, қалай бастарымды білмей отырмын.

Жанарында бір ұшқын пайда болды. Жүзіне ұяттың бояуы лықып шыққандай. Қысылды. Қырық жаста, ә?

– Мен ғашықпын, – деді сосын мырс етіп. Өзін өзі мысқылдады. Маған қарады. Жанары бір сәт жанып тұрды да, қайта мұңая салды. Жүзі қайта қуарды.

Мен оның жүзіне қарап жымиып едім. Езуімді жия қойдым.

– Бұл... Бұл қуаныш қой! Бақыт қой!

– Білмеймін...

Күлдім.

– Білмегені несі? Адамды қорқытып. Жас балаға ұқсап. – Өзімше жекіген сияқтымын. – Ғашық болу деген керемет қой! Керемет!

– Жас болсаң керемет шығар.

– Ө-ө-й, сен де! Мен ғашық болсам жыр жазар ем! Дастан жазар ем!

Оның көңілін көтермек болдым. Ал, ол дерті асқынған адамдай екі иығы қушиып.

– Ол кім?

– Білмей-ақ қойшы.

– Біле ма?

– Сенімді емеспін.

– Енді?

– Қиын екен, – деді сол баяғыдай бокалының ішіне үңіліп. Жас болсаң бәрі жарасады. Бірақ, енді, қырықтан асқанда ғашық болу деген қасірет екен, білесің бе?

– Білмеймін. Мен әлі қырыққа толмадым.

 – Енді бет жоқ. Кезінде жазған дүниелерімнің алдында ұяламын.

– Сен ұялатындай ештеңе жасаған жоқсың, – деймін таңырқап.

– Бірақ...

 – Не бірақ?

– Кейде сезімге еріп сол адамның сезіміне сезіммен жауап бергім келеді. Және ақылға саламын.

Алақанымды маңдайыма тіредім. Енді оның орнына мен қиналдым. Қырық жыл күткендегі махаббаты...

– Ол кісінің мені ұнатқаны үшін де өзімді кінәлі санаймын. Жер бетіндегі жалғыз айыпты мен сияқтымын.  Оның отбасының алдында, жан жарының алдында... Өзің ойлашы, қасыңда жатқан адамның басқа біреуді ойлап жатуынан артық қасірет бар ма?

– Біреудің әйелінің жағдайын ойлап, сен де...

 – Неге екенін, соны ойласам жаным ауырады. Бір адамға қасірет шектірдім деп қиналамын.

– Сен бұл махаббатты қырық жыл күттің ғой. Неге енді одан ләззат алмайсың?

– Кейде өкінем. Жас шақта махаббат демей-ақ, бір жігіттің етегінен ұстасам, осы кезде өзіммен өзім миым ашып отырар ем ғой деп.

– Соны айтам...

– Мен шаршадым, – деді сосын. – Сүюден, сағынудан, күтуден, сарғаюдан. Оны ойлаудан, армандаудан. Абзалы сүймеу екен.

– Сен өзіңді ойлашы. Қырыққа келдің. Саған да отбасы керек.

– Біреудің бақытынан құралғанын қаламаймын.

– Онда басқаны сүй.

– Кешіктім.

Екеуміз тағы үнсіз қалдық.

– Ол ше? – дедім ойыма осы сұрақ сап етіп.

– Сеземін. Ол сезімін жасырған сайын мен ынтыға түсемін. Ақылымды сезімім жеңіп барады. Басқа біреу болса, отбасылы адамға «көзін сүзгені» үшін «өлтіріп» жазар ем, ия. Сойып тұрып. Қазір ше? Ақ парақтың бетіне қарауға ұяламын. Қалам ұстауға дәтім жетпейді. Кейде өзімді әлемдегі ең жиіркенішті адамдай сезінемін. Ал, кейде, менен асқан бақытты жан жоқтай. Бұл не құдірет?! Тіпті, мына менің сіресіп қалған санама бағынбайтын не құдірет бұл махаббат деген?!

– Дәл осы кезде жазсаң жақсы дүниелер тудырар едің.

 – Жоға, қайдағы жазу? Ұялып жүрмін. Өзімнен. Енді ештеңе жазбайтын шығармын.

Ол әйнек сыртындағы әлемге ұзақ көз салды. Терезе түбінде жалғыз түп бозқараған желмен тербеледі.  

– Енді ештеңе жаза алмайтын шығармын, – деді сосын мұңайып. – Өзің адам ұялатын іс жасап жүріп, адалдық жайлы қалай жазарсың? Аппақ парақтың алдында отыру үшін ең алдымен арың таза болуы керек қой.

Оны танығаныма жиырма жыл болса, сол жиырма жылда әлдекімді ұнатам дегенін естіген жоқпын. Бәріміз пытырлап күйеуге тиіп жатқанда, ол бәрімізге бақыт тілеуші ғана болып жүрді.

Күйеуге шыққанша оның ешкімге көңіл қоймағанын талғамының биіктігі деп ұқсақ, тұрмыс құрған соң ол жайлы ойлауға да мұршамыз болмай кетіпті.

Арада өте шыққан жиырма жыл уақыт оны бүгін қайта он сегізге толтырғандай.  «Ғашықпын» деп қысыла, ана ернін қымқыра, қара аспаны төңкеріліп отырғаны күлкімді келтірді. Дегенмен, әлдене деп кеңес беруім керек қой. Қырық жыл дегенде бүр жарған сезіміне «қоя ғой, оның әйелі бар» деп қалай айтам?

«Бұл саған берілген мүмкіндік, ләззат ал» десем ше? Онда оны азғырған болам ба? Күнәға итермелеген болам ба?

Терезені ашып қоятын мезгіл болмаса да, біздің тұстағы  терезені саңылаулатып қойыпты. Ентелей енген леппен бірге бозқарағанның иісі мұрынды қытықтайды. Әдемі иіс. Терезе түбінде басын иіп ырғалып тұр.

– Білесің бе? – деді құрбым сол бозқарағаннан көзін алмаған күйі. – Мен өзімді осы бозқарағанға ұқсатам. Не ағаш емес, не гүл емес. Гүл десең – ағашқа ұқсайды, ағаш деп атайын десең гүл деген негізі бар. Мендегі сезім сияқты иісінен басқа түгі жоқ. Біреуге сыйлай алмайсың. Тек өзіңше ғана жақсы көресің. Менің сезімім де солай. Тек өзімде ғана. Біреумен бөлісіп ләззат ала алмаймын. Ол жайлы жаза да алмаймын. Жыпырлап гүлдеп, елеусіз желге ұшатын осы бозқарағанның күлгін күлтелері секілді менің сезімім де елеусіз ғана ішімде өледі...

Біз көңілсіз қоштастық.

Мен еш мән бермегем екен. Анау бозқарағанның жұпар иісі – махаббаттың иісі екен-ау. Ал,  махаббат дегеннің уақытсыз келсе – қасірет қана екенін мына бозқарағанның күлгін басы ғана құптағандай желмен бірге ырғалады.

Бақтыгүл АУДАНОВА.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу