Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Бітпейтін жаз

Блогтар

28.08.2020
3851

Бітпейтін жаз

Дәмелі бәрін де ұмытты. көзін тарс жұмса алдында Әли тұрады. Шашы бұйра аққұба өңіне жұмсақ күлкі үйіріледі, терең сырлы көзқарасы ұғымтал жүректі жетектей жөнелердей. Әлдеқайда тартады. Езуіне ұялай қалған жымиыс тартымды емеурін тәрізді. Оның айналада ісі жоқ, сабырлы жүріс-тұрысы, бірқалыпты қоңырқай даусы, адамның ырқына жүгіртіп, дегбірсізденгені, биязы, кір жұқпайтын ұзын ақ саусақтары Дәмелі үшін күнде көріп жүрсе де, бұрын байқамаған тосын сипат, іш дүниесі айрықша бір жан сияқты. Адам жанын осыншалық ыстық, осыншалық жақсы түсініп, елтіп, еліктіріп тұратын толық сезімді жігітті алғаш көруі.

 

Япыр-ау бұрын ешкім кезікпеген бе? Мектеп бітіргені кеше болса да, жиырмаға келді ғой! Қарабайыр ауыл баласына ондай мінез қайда, ондай ұстам, биіктік пен сұлулық қайда! Оқыған адамдар ішінен кезіктірудің өзі қиын-ау мұндай жанды. Әлде ұнатқан адамға сүйіктісі солай көріне ме, әлде оқу-тоқуы жоқ ауылдың қарабайыр қызы болған соң ба, әйтеуір Дәмеліге Әли – ақылдылық пен сұлулық тұнған жұмбақ адам. Дәмелі оны көшеде де, көзімен шығарып салып, қимылын бағып, ол болмаса көңілі алаңдап, терезеге қарап соны іздейді. Япыр-ау бұл не? Тұла бойын дел-сал шарасыздық билеп алып, екі беті дуылдайды. Несі бар дейді ішкі сезімі. Несі бар әйелі бар адамды ұнатуға болмай ма? Өткенде Әли әзілдеп Дәмеліге:

 

– Сүйкімдісің,– деген,– Ұнатамын сені! Айналайын.– Аппақ саусақтарымен Дәмелінің шашынан сипады. Жүзінде болымсыз күлкі білінген қыз қатып қалғандай қимылсыз. Ұялып, жүрегі жиі-жиі соғып, денесінен жаны шығып, құр сүлдері қалғандай. «Бұл қалай,– деп ойлады артынша. – Мен осынша әлжуаз қыз болғаным  ба? Ұят - ынсап қайда? Бетіме күле қараған адамға осылай жүрегім езіліп, ери берсем... Сонда кім болғаным?!» Ол өзін-өзі қайрап бойын жиып алды. Мүмкін ол мен ойлағандай кереметтей жан емес шығар, жай қарапайым біреу шығар, бәлкім әйелі бола тұра қызға қырындап, қылмиған жүргіш шығар, кім біледі. Дәмелінің ішкі дүниесінде қарама-қайшы, қым-қиғаш, түсініп болмайтын санқилы сезімдер.

 

Сырт көзге ұстамды. Көп сөйлемейді, тыңдап қана отыра бергені болмаса, дос қыздарына сыр ашпайды. Тойға баруды да сиретті, бірге оқыған қыздар тұрмысқа шығып, жігіттер үйленіп жатыр. Дәмеліге анау-мынау жігіттар де батып келе бермейді, өйткені бұл сөзге жоқ, жайлы семьядан шыққан. Күтімді « не киіп, не ішім» деп қиналып көрген жоқ. Басқа қыздар сияқты боянады, кешкілік өзін іздеп келгендермен көшеге еркін шығып қыдыра береді, шақырса тойға да, киноға да бара береді. Қасында ауылдың ең сенімді жігіттері.

 

Дәмелінің қарапайымдылығынан ба, бұған рас дайын тұра ма, жігіттер ұнатып қалып айналсоқтап жүреді, бірақ онысы көпке ұзамайды. Асты-үстіне түсіп, өліп-өшіп ұнатқан ешкім бола қоған жоқ. Кітаптарда, небір ғажайып романдарда жазып жататын ыстық, қиын, ақылдан айыратындай машақаттарды да басынан кешірмеді. Соны ойласа жан-жағы көңілсіз, ал жігіттер сүйе білмейтін, өз-өздерін ұмыта білмейтін отсыз. Дәмелінің досы Ғайша айтпақшы, «ертең кемпір болғанда есіңе не алмақсың, тасбақа сияқты өмір әлі-ақ өзі келеді. Жас күнде от жүректі сөндірмеу керек».

 

Иә, Сөндірмеу керек. Бірақ Дәмелінің жаратылысы сондай, ол жасқаншақ, салқын, біреудің көлеңкесінде жүргенді ұнатады, бұл толық бір нәрсеге беріліп көрді ме екен? Әрине жоқ. Бұл үшін бәрі жарты біреуді ұнатса, «е, әне жері мынадай екен» деп тағы бір жағын көріп қалады. Тойға барса жігіттердің көбі күлкі боп жатады. ертеңінде ештеңе болмағандай көшеде ел қатарлы «кеше солай болды-ау» деген бір мысқыл ойсыз, дін аман өмір сүріп жатады. Ал, Дәмелі болса, қысылып-қымтырылып, ел көзінше өзін қолтықтап,  сөз  салып  соңынан  жүрген жігітпен жалғыз қалуға ұялады. Ұялмас еді сөзден қорқады. «Сол  күні сөйткен десе... Бұған ғана солай сияқты, өйткені әр күн сайын біреудің қолтығында жүргендер де бір тымақтыға ие боп, бауырында баласы, ошағында қазаны, түтін түтетіп, тіршілік қып жатыр. Күйеуге тиген қыздардан «кеммін» деген сөзді естігем жоқ. Ерлерімен жағаласып, бірде олай, бірде бұлай жүріп жатыр. Ал бұл болса. Иә. Кейде өзін-өзі кекеп қояды.

 

Әлдекімдерше... Ғалия айтпақшы, кекиіп әлі жүр. Басқа жұрттан мұның несі артық, «бастықтың қызы» дейін десең, кімнің әкесі бастық болмапты? Әлде бастықтың қызы күйеуге тимеу керек пе? Тфу. Бар бәле өзінде болу керек. Дәмелі іштей ойласа қызарып кетеді. Ішкі ойларын біреу оқып қойғандай  ыңғайсызданып, айналасына қарайды.

 

                                              

*  *  *

 

 

Соңғы кезде Айдар келуді жиілетті. Ішпей келді. Киноға да, биге де, тойға да шақырды. Бармады. Бір күні түнгі ұйқыда жатқанда біреу терезе қақты. Дәмелі шошып оянды. Үй-іші тас қараңғы, терезеден көше шамының бозғылт сәулесі түседі. Қол созым жердегі төсекте тәтті ұйқыға шомылған екі сіңлісі түс көріп былдырлайды. Сәл үзіліп тұрып, тағы қағылды. Дәмелінің ұйқысы шайдай ашылды, шашын жинады, жылы орнынан тұрып, түнгі көйлегі көлеңдеп, терезе алдына келіп, пердені сәл ысырды.

 

Ағаш көлеңкесінде тұрған Айдарды көрді. Телміріп терезеге қарайды. Дәмелінің түсінігі бойынша Айдар – нағыз ойсыз жігіт. Сүйкімді қылықтары да бар. көздері ұялы, бойы сұңғақ, мінезі де бапты. Әскерден келген бетте бір-екі тойда Айдардың мас боп жүргенін көрді де, сол сурет, жабайы сурет көз алдына кетпестей әбден орнықты. Айдарды көрсе сол сурет елестейді. Сенбейді. Соңғы рет кинодан қайтқанда осы бақшаның ішінде Айдар Дәмеліні қолынан ұстап жібермей, жалынып өлердегі сөзін айтты.

 

– Дәмелі, сенің маған осынша неге қатал болғаныңды түсінбеймін. Егер «көп қызға айтқан күндегі сөздерінің бірі» десең, күні бұрын «үйленем» деп уәде берейін. Сенсіз маған ешқандай қызық қалмады. Аясаңшы, Дәмелі...

 

Қолын жігіт алақанынан босатып алды. Сенген жоқ. Айдар сендіре алмады. Дәмелі жас жүрегін ерітетін ыстық сөздер тосты, өзін-өзі жат ойларды ұмыттыратын сиқырды тосты. Сиқыр болмады. Состиып сол орнында тұрып қалған Айдарға қарамаған бойы Дәмелі бойын тік ұстап, ұзай берді. Иә, сол Айдар Дәмелі қазір шықса не айтады?

 

–«Сүйем дер. «Қыдырайық»– дер. «Үйленейік»-дер. Дәмелі ол сөздердің бәрін де естіген. Көрген бәрінде.

 

Терезе тағы қағылды. Қаттырақ қағылды.

 

– Әй, бұл қайсың?!- деп қарлыққын шешесінің даусы естілді. Дүние тып-тыныш. Дәмелі көпке дейін ұйықтай алмады. Бұрынғысынша өзін-өзі табалады. Осынша жүгіріп, мезі қылған Айдарға ыза болды. – Намыссыз,– деді. Тек аяушылық сезім емес, тәкаппарлық, теңсінбеу салқындық бар. Жұрттың бәрі қызға келгенде гүл алып, таза киініп, таранып күтінеді. Ал Айдар болса... Шашы ұп-ұзын, ұзын саусақтарында темекі, киімі шаң, көшеге киетн күндегі сұрқай қалпы. «Бишара, – деді Дәмелі. –Тым құрмаса темекісін тартпай қоя тұмай ма?»

 

                                          

*   *   *

 

 

Ал Әлиде мұндай жат мінездің бірі де жоқ. Сыпайы, ақ жағалы. Аяқ киімі тазаланған, қырынып, таранып, әтір иісінен жанына таяу келсең көңіліне бір хош, сергектік тарайды. Иә бәрі де ертең, ертең болады. Әли бұған өзінің ұнататындығын, әдемілігін, тарты мдылығын, мінезділігін бәрін айтқан, айтқанда жай ғана емес, көзін айыра алмай, қоңыр көздері мөлдірей қарап, ризашылықпен, қуанышпен айтқан. Дәмелі сенді. Әли өтірік айтпайды. Әли өтірік айтуы мүмкін емес. Өйткені ол басқалардан ерекше. Ешкімге ұқсамайды. Оны жек көру мүмкін емес. Тек Әли бұған Айдар сияқты үйленетіндігін айтса, бәлкім сенер еді. Бірақ ол:

 

–Қай жігіттің бағысың? Қимаймын басқа жанға,– деуден аспайды. Иығынан қос қолымен ұстап, бетінен сүйгенде Дәмелі көзін тарс жұмып, қозғала алмай қарсыласуға дәрмені жетпегендей тәтті бір күймен денесі ұйып қалады.

 

Артынша қып-қызыл боп, ұяттан өртенеді, сосын кетуге асығады. Телміре қараған Әли көзімен ұзатып салып:

 

– Айналайын,– деді,– айналайын. Иә, бәрі де ертең болады.

 

 

*  *  *

 

 

Әлиді Дәмелінің өзі шақырды. Шақырған жоқ. Демалыс күні қайда болатынын айтты. «күн бата келем»,– деді Әли. Сол қашанғы жайбарақат, күлімсіреген қалпы.

 

Демалыс. Ауыл шетіндегі шілікке таяу оңаша үй. Сырты әктелген торкөз терезелі, аласа, тоқал там. Бір жағынан жапсарлас тастан қаланған қора. Үй артында зәулім , жапырағы жайұалған теректер. Үйдің маңы жап-жасыл. Бұл үйде Дәмелінің дос қызы Сағила тұрады. Апасы қалаға кеткен. Демалысты пайдаланып екеуі үй әктеді. Төсек - орындарды сыртқа шығарып, күн көзіне жайды. Терезелерді ашты. Кілемдерді желге қақтырды. Жаздың мамырыжай күні тамылжып, нұрын еркелей төгіп, самал жел аулақтан небір хош иістерді әкеледі. Абырой болғанда бүгін жауын жауған жоқ. Көз ұшындағы қара жолдан шаң көтеріліп ат арба, машина, тракторлар анда-санда өтеді. Екі қыздың онда ауалары жоқ, бастарын ақ дәкемен таңып алған. Бастаудан іиін ағашпен су тасыды, түпкі екі бөлме мен сенекті әктеп болғанша күн түстікке келді. көғалдағы текемет үстінде отырып екеуі шай ішті.

 

– Мына жер жайлау сияқты екен,- деді Дәмелі.

 

– Иә,– деді Дәмелі.

 

– Есіңде ме, Серғазы екеуіңнің анау жартаста  отырғандарың. Мен іздеп барғанда, сен «қайта бер» дедің ғой.

 

Дәмелі қызарып кетті. Серғазы мұның алғашқы ұнатқан жігіті болатын, қалада жүріп үйленіп кетті.

 

– Қойшы,– деді Дәмелі, - Қайсысы есте тұрады?

 

Екеуі әңгімелесіп жатып, қалғып кетті, күн еңкейе оянып, қайта жұмысқа кірісті. Сағила дүкенге барып, шарап әкелді. Кеш батып күн ұясына кіргенше сиыр сауып, сүт пісіріп, дастархан жасады. Дәмелі құрбысына Әли туралы айтпаған. Жігіт келіп үшеуі әзілдері жарасып, түннің бір уағына дейін ойнап-күліп отырды.

 

– Мұның не?– деді Сағила,– бойдақ жігіт таппадың ба?

 

– Олар шетінен ойсыз ауыздарына да ие емес....

 

– Жарайды, қойдым. Қойдым,– деп сыңғырлаған күлкісімен Сағила бәрін кешіргендей болды. Шарап ішілді музыка өз бетінше ойнап тұр. Жұмыс киімімен жүрген Дәмелі Әлиден қысыла берді. Әли сәл қызарған, көздері сондай нұрлы, Сағила екеуі қосыла күлгенде бұлардағы ұқсастықты көріп, Дәмелі қызығып қарады. Далада түн. Төр бөлмедегі диванда Әли мен Дәмелі. «Қазір–деп ойлады Дәмелі,– Қазір ол маған бар сырын ашы салады.  «Не қаласа бәрін істеймін» дейді...» Иә, бұл осыны тосты ғой. Осы ғой. «Бәлкім әйелім мен балаларымды қимаймын» дер.

 

Дәмелінің саусақтарын алақанына қысқан Әли сол қалпы үнсіз отыр. Нұрлы көздерімен Дәмелінің көзіне қарады

 

Ып-ыстық дем шарпып, Дәмелі әлсіреп бара жатты. бұрап, ернінен сүйген тәтті сүйістен кейін өзін-өзі ұмыта бастады. Көзінің алды тұманданып, бойы бір түрлі рахаттана еріп, ақылға бағынбады.  Үздіккен жігіт демі мен от құшақ есінен адастырды. Бойы балқып барып, көзін ашты. Денесі дел-сал. Жігіттің бұп-бұйра шаштарын сипалай берді. Ыстық ләззәтқа көміліп, еріндері тағы да сүйіс іздеді. Қорғаншақтап, сыпайылық көрсеткен жігіт қолдары ширап еркінірек қимылдай бастады...

 

Таң бозара Әли Дәмеліні шығарып салды. Екеуі бірін-бірі қимай сүйісіп, жаутаңдап қоштасты.

 

 

*  *  *

 

 

Содан Дәмелі біраз уақыт Әлиді көре алмай жүрді. Тек әйелі екеуін сырттан байқап қалды. Қасында балалары бар. Көңілі астан-кестең болды. Үйінен шыға алмай жүрген шығар. Алғашқы күндері «уақыты болмай жүрген шығар, келер» деп өзін-өзі жұбатқан. Әли келмеді. «Япыр-ау, бәрі бос па онда? Сонда бұл да алдағаны ма? Адамдардың бәрі аддамшы ма, бәлкім балаларын, үйін қимайтын шығар. Ол айтқан жоқ. Үйімді де, баламды да бәрін қидым» деп. Дәмелі бос уақытта жүдеп, жалғызсырап, үйге сыймайды.

 

Өзінің күткен, жақсы көрген адамы басқы біреудің меншігі сияқты. Не оған ыза болып, кектене де алмайды. Жұмыста жүрсе де, тойға, биге барса да, жұрт енді  мұның  басынан кешкен  оқиғасын  білетіндей. Бір түрлі жат.

 

«Бұл не өзі, бәрі өзгеріп кеткен бе» деп ойлады. Кездейсоқ адамнан Әлидің қалаға көшетінін естіді. Өзі жұмыста біраз уақыт көрінбеді. Демалыста болатын. Бітпейтіндей көрінетін жаз да аяқталуға, таусылуға таяды.  Бұл  біртүрлі  бітпейтін,  ұзақ  жаз  еді.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: