Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Блогтар
Даланың сәттік көркі едің

БЛОГТАР

23 мамыр 2019
3591
0

Даланың сәттік көркі едің

(В.А.Жуковскийден)

 

Даланың сәттік көркі едің

Сарғайып жалғыз солған гүл.

Еркімен күздің өртендің,

Жүзіңнен тайып жалған нұр.

Өкініш, әттен! Дәл сондай,

Бізге де тағдыр жазған-ды.

Ажарың сенің солғандай

-бізге де жаз күн аз қалды.

Білдірмей әр күн ұрлайды,

Ләззатпен өткен шақтарды.

Талқандап уақыт тынбайды,

Көңілден көктем бақтарды.

Қарашы... тарқап базарың,

Жұлдызың ақты жалт етіп.

Кім табар бұрын ажалын,

Жалғанды мынау тәрк етіп...

                             

***

 

(А.Ахматовадан)

 

Жүрегімді жасырдым да,

Неваға кеп лақтырдым.

Жабырқадым, жасыдым да,

Өлуге де шақ тұрдым.

Мүлде, мүлде бөтен еді...

Түн тұнғиық сыбыры.

Шереметьев жөкелері...

Елестердің күбірі...

Жақындайды жәйіменен,

Тағдырымдай сормаңдай.

Дауысы неткен мәйім еді,

Қырсық күт деп тұрғандай.

Күбірлейді түнімен кеп,

Тісің қайта қайрап ол:

« Жайлы күй ме керегің деп,

Білесің бе , қайда ол?

 

           ***

 

Жоқ, ханзада, мен ол емеспін,

Кімдей көргің келіп еді мені сен.

Тірі де емес, ендігі мен елеспін,

Көріпкелің болуға да келісем.

Сандырақтап отыр ғой деп ойлама,

Сары уайымға салынып ап күн ұзақ.

Бір жамандық шақырардай ойға алам,

Қартаға да түспей қойдың тым ұзап.

Ал, мен енді сиқыршыдай кәнігі,

Болмайтынды әкелемін алдына.

Қалағаның сүйер сені жанығып,

Дерсің тіптен,естен танып қалды ма?

Даңқ-атақты қалайсың ба, кел маған,

Болжам менде тура шығар шатаспай.

Бірақ торға түсерсін сен арбаған,

Жылуы жоқ, жарығы жоқ қапастай.

Қаламасаң, қайт үйіңе жарығым,

Мені ұмыт, ұмыт сол бір ғажапты.

Ал, сонан соң жалғыздайын жары – мұң,

Күнәң үшін мен тартайын азапты.

 

                  ***

 

Ұстай алмас жүрегіңді жүрегім,

Қарайлайсың несіне?

Соны тілеп жүрсің ғой сен, білемін

Жөнел, тосар алдан әлі несібе.

Жалынбаймын, егіліп те жыламан,

Тарылыпты маған дүние кендігі.

Сүйме енді, сенен соны сұранам, -

Ажал ғана сүйер мені ендігі.

Күйінішті көп күн толып күдікке,

Ақ қарына қайтем қыстың көмілсем?

Тап қасымнан табылатын күліп кеп,

Жақынымнан қалаулырақ едің сен?


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha