Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ТАРИХ
Елім-ай деп еңіреген есіл ер

Блогтар

18.04.2019
8836

Елім-ай деп еңіреген есіл ер

Елім-ай деп еңіреген есіл ер

 

 

(Қожаберген жырау хақында)

    

Ағартушы Шоқан Уәлиханов өзінің «Абылай» атты еңбегінде: «Абылай ханның ғасыры – рыцарьлар ғасыры» деп атаған. Кейбір зерттеушілер «ерлік пен серілік заманы» деп аударған. Ал,ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Батырға қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі»,-дегені адами болмысты отандық болмысқа сәйкестендіру болып саналады. Шоқан айтып кеткен рыцарьлықты біз батырлықты парасаттылыққа ұштастарған Қожаберген жыраудан аңғаруға болады.Қожаберген жырау 1668 – 1710 жылдары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының жасақ құрамына қолбасшылық еткен стратег сардарбек.

   

Қожаберген жырау әйгілі «Елім – ай» дастанының авторы. Дастандағы үзінділерге үңілсек, біз патриоттық рухтың оянуына түрткі болатынын лезде байқаймыз.

 

«Шабуылы жау қалмақтың күшті екен»,-деп,    

Кетпеңдер жаудан қорқып тарап бәрін»,-деп бірлік ұғымын айтса,

«Кеудеңде шыбын жаның болса егер,

Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын»,

 

- деп намыс ұғымын есімізге салады.

 

Бірлік пен намыс ұғымын ұштастырып, Бөгенбай, Ерсары, Асқан, Жабай, Көшек, Ақпанбет, Жайнақ сияқты батырларға сенім артып, қалың қол жинауға кеңес береді.

   

Орыстың зерттеушісі Л.А.Словохотов «Народный суд обычного права киргиз» деген еңбегінде: «Заңдық құқықтарға негізделген «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» - Тәуке ханның дәуірі»,-деп жазады. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» заңдарымен қатар, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағын қосарлап атаймыз. Жоғарыда атаған Қожаберген жыраудың «Жеті жарғы» заңдар жинағын жазысуға қатысқанын бірі білсе, бірі білмейді. Ақ былғарыға жазып, ханға табыстауы жөнінде жазушы Нәбиден Әбуталиев, ақын Көтеш Райұлының деректеріне сүйенеріміз белгілі. «Жеті жарғы» заңдар жинағының жалғыз данасы Стамбул шаһарының Сүлейман атындағы Канони кітапханасында сақталған.

   

Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген Қожаберген Толыбайсыншыұлы Тәуке хан заманында елшілік қызмет атқарған.Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында бір ғасырдың мұңын, сырын жырлап, апатты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінің шежіресін жазды. Эпикалық өміршең трагедия бір дәуірді тұтастай суреттейді. Жеті бөлім, 3683 шумақ, 14732 жолдан тұратын «Елім-ай» дастаны бір төбе болса, «Ақсауыт», «Жігіттік», «Дүние» толғаулары, «Бозайғыр», «Сұлама» сияқты күйлері рухани мұрасын толықтыра түседі. Жоғарыда аталған рухани мұраларды музыкатанушылар зерттеу нысаны ретінде алса, нұр үстіне нұр болар еді.

   

Қожаберген өз соңына Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара сияқты жырауларды ертіп, Махамбет пен Сегіз сері дауылпаз жыраудың көшін жалғады. Ұлы ұстаз ретінде Көмекей әулие атанған Бұқар жырау, 1710 жылы 27 жасар Қанжығалы Бөгенбайды қазақ қосынының сардарбегі етіп тәрбиеледі.

  

Қожаберген жыраудың өмір сүрген жылдары 1683-1786; 1663-1762; - деген қарама – қайшы пікірлер кездеседі. «Елім – ай» дастанында Қожаберген жырау «Ақтабан шұбырынды» уақытында 61 жаста болғанын айтады. Жанақ ақын (1743-1821): «Көз жұмды жүзден аса есіл сабаз»,-деп суреттейді. Демек, Қожаберген жыраудың 1663-1763 жылдар аралығында өмір сүргенін байқаймыз. Ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің «Егемен Қазақстан» газетінің 25 мамыр, 2013 жылы, № 134 санында жазған «Елім-ай деп өткен ер» атты мақаласында: «Қожабергеннің әжесі әйгілі Жалаңтөс баһадүрдің апасы  - Жамал»,-деп жазады. Ал, Қожабергеннің анасы Ақбілек, Баянауыл бойын мекендеген Айдабол бидің қызы болған. Ақбілек анамыз сынықшы, тоқымашы, тігінші қызметтері бойына қасиет болып дарыған. Толыбайсыншыұлы Қожабергеннің шежіреші-жырау екендігін ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Құрбыма» атты өлеңінде:

 

«Толыбай сыншы баласы Қожаберген,

Тарихынан Оғыз түрік хабар берген.

Үмбетей, Бұқар жырау, Тәтіқара,

Үшеуі Қожекеңнен үлгі көрген.

Керейде Қожаберген, Сегіз өткен,

 

Үш жүздің шежіресін жыр қып шерткен»,-деген жолдар кездеседі. Бұл өлең жолдары 7 тамыз, 1988 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде «С.Торайғыров ақынның бұрын жарияланбаған өлеңдері» тақырыбында басылған. Жаңбыршы Беріштің әйгілі ақыны Шынияз Жұбатұлы (1816—1889) өзінің 1840  жылы жарық көрген «Мақпал - Сегіз» атты дастанында «Елім - айды» Қожаберген жырау шығарғандығын былай деп жырға қосады.

 

Қыздардың сүйген Сегіз күн мен айын,

Гүл жайнар қобызбен күй тартқан райын.

Қолына домбыра алып әнмен айтқан,

Бабасы Қожаберген «Елім - айын».

    

Иә, «Елім – ай» деп еңіреген есіл ердің рухани мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Абайтану, Мұхтартану ілімі тәрізді Қожабергентану ілімінің негізі қалыптасу керек.

 

Атырау қаласы.

 


 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: