Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ЭССЕ
Ғалым Бақытжан Майтанов

Блогтар

29.04.2022
6728

Ғалым Бақытжан Майтанов

Биыл Бақытжан ағамыздың 70 жылдығы болатынын естігенде осы адам туралы ештеңе анықтап жаза алмадым-ау деген ойда жүрдім. Төрт-бес ай өтті. Жаза алар емеспін. Қиын біртүрлі. Танисың, білесің. Өзін де көрдің. Ол жайындағы талай жұрттың жазғанын да оқыдың. Өзінің жазғанын да рахаттана оқып–Аға сіздің мына кітабыңызды оқып шықтым,–деп ризашылық білдіргің-ақ келеді. Иә, сондай бір қызықты сәт болған. Жаздың күні ыстық болатын. Автобус ішінде Бақытжан ағаны жолықтыра қалайын. Онда отыздың ішіндегі жас уақ. Қатар тұра қалыппыз. Амандасып қолын алдым. Бұрынғы студент деп ойлады ма кім білсін. Жымиды да қойды. –Сіздің «Қазақ романдарындағы психологизм»–деген кітабыңызды оқыдым таяуда,–дедім жерден алтын тапқандай. Бірдеңе күткендей қарап тұрмын. Тағы жымиып күлді. Автобусы құрғыр тоқтай қап Бақытжан аға топ адаммен бірге әлгі жерден түсіп қалғаны. Түсіп бара жатып қайта бұрылды да басын изеп тағы жымиды. Басымды изеп-изеп қойдым. Ол кісінің КазГУ-де профессор, ғылым докторы екенін де білетінмін. Бірақ кітабы айрықша ұнағаны сондай оны айтқанда қуанышымды жасыра алмағаным ыңғайсыздау болды-ау деген ой келді жұмыр басқа. Өзің жазғандай алағайлағаның ұят болды ғой деп қоямын өз-өзіме. Әй, болар іс болды. Жарайды деп ұмытуға тырыссам да сол кездесу ұмытылмай-ақ қойды. Неге екенін кім білсін Бақытжан аға сыншы, ғылым ғана емес жазудың қыр-сырын білетін жазушы сияқты боп көрініп кеткен сол мезетте. Жазу-сызуға көп оқу керек. Тоқу да керек. Бақытжан ағаның оқу-білімді былай қойып сол білгенін керемет тілмен өрнектеп, қызықтырып, кітап жазып шыққаны талант белгісі еді. Бұдан бұрын да, кейін де талай зерттеу кітаптарды оқыдық. Бірақ Бақытжан ағаның сол кітабы ойымда қалып қойды. Өзін Жазушылар Кітапханасынан арнайы жаздырып алып рахаттана оқып едім.

                               

Күнделікті өмірде Бақытжан аға деп айтсақ та ол кісінің менен үлкендігі бес-ақ жас. Бірақ ара қатынаста салмақты, көзқарасы байыпты, байсалды іс-қимылы әлі елуге келмеген жас ғалымды үлкейтіп, сырт көзге орнықты етіп көрсететін. Қарым-қатынаста мәдениетті, артық сөзі жоқ біртоға Бәкеңде тумысынан жаратылған сенгіштік өзінің бала мінезі де болатын. Онысын сырт көзге көрсете бермегенімен жақын жүріп неше жыл араласқан адам көрер еді. Осы бала мінезділік, ақкөңіл адалдық бізді біршама жақын етті-ау деймін. Қызметке келген алғашқы айларды арамыз жақсы дерлік жылы қатынаста болды. Бақытжан аға М.Әуезов бөлімінің меңгерушісі, ұлы жазушының 50-томдық толық жинағын шығарушылар тобының жетекшісі болатын. Бізді таныстырған Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, ғалым Серікқазы Қорбай менімен құрдас деп еркін сөйлеп ойнай беретін. Алғаш рет жұмысқа алғанда әдебиет теориясы бөліміне жібермек болып, кабинетіне бөлім жетекшісі Айгүл Исмақованы шақырып алған. Енді сенің бастығың осы кісі болады дегендей таныстырған соң арада көп сөз болмай, мен қызметке кіретін болып үйге қайтқам. Ертесінде қызметке келдім деп Секеңе барсам –Ой, Айгүл айнып қалды. Сен кеше істеймін деп айтпапсың. Менен бір жас үлкен екен деп алмай қойды,–деді. Күтпеген бұл жағдайға күлдім де қойдым. Серікқазы–Сен ренжудің орнына күлесің ғой өзі,–деп зіркілдеп алып музейге ертіп әкелді. Жиылыс залында ине шаншар орын жоқ. Серікқазы Бәкеңді шақырып алып тағы таныстыруға кірісті. Содан бірер айдан соң қызметке алынып, Бәкеңнің көп қызметкерінің бірі болып жүріп жаттық.

 

Түнге қарай телефон шыр ете қалды. Бақытжан аға екен. –Келіс, жұмыс істегің келе ме біздің бөлімге, онда ертең кел,–деді. Сол күні қызметке алынып институттың алғашқы ғылыми кеңесіне қатыстым. Ақпан айының үші еді. Сол күні К.Пірәлиева деген кандидаттың кезекті докторлық жұмысын қорғауы өтті. Қорғаушы өзінің сөзін айтып болған соң Бәкең мінбеген шықты. Біртіндеп әлгі докторлық еңбекті талдап, тексере бастады. Академик С.Қасқабасов жиынды басқарып отыр. Сол кездегі ең мықты деген ғалымдар С.Қирабаев, Ж.Ысмағұлов, Ш.Елеукенов, Б.Құндақбаев, С.Күзембаева, Ә.Нарымбетов т.б. отыр. Көбін сырттай білем. Кітабын оқығам. Сөздерін тыңдағам. Маған қызығы мына қорғаудың не болатыны. Бақытжан аға біраз сөйлеген соң бусанып терлей бастады. Қорғауға қатысушылар да көп екен. Кабинеттің ауасы тарылып, адамдар кәдімгідей терлеп кеткен. Бәкең –Мына тақырып әдебиеттің доктырлығына келмейді. Түс көрудің әдебиеттегі сипаты деген үстірт нәрсе. Бұл тақырыпты ғылыми-көпшілік әдебиетті жазатындар тексеруі керек,–деп алып, тағы да бірталай олқылықтарды айтқан соң– мына күйінде бұл жұмыс қорғауға дайын емес,–деп аяқтады.

 

Бұл оқиға да менің есімде әбден сақталып қалды. Одан кейін де талай қорғауға қатыстық, небір еңбектерді кейін қайтарып жатты. Бірақ Бәкеңнің сол жиында сөйлеген сөзі, әдебиетке деген адал көзқарасы үшін шындықтан тайынбайтын өткірлігі еріксіз есте қалды. Бәкең адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді ұнатпайтын. Тіпті елемейтіндей, көзге ілмейтіндей көрінгенімен айналада болып жатқан жайларды біліп отыратын.

 

Кейде сенгіштігінен сенбейтін сөзге де сеніп қала беретін. Былайша поэзия туралы сын жазып жүретін ғалымның өлең жазып, кішкені кітапша етіп шығаруы да қызық жағдай. Әдетте ғылыми кітабын сыйлай бермейтін ғалым осы кішкене кітапшасын таралсын деді ме бірталай адамға таратып оған өзі риза болғандай кәнігі ақындарша бірталай уақыт марқайып жүрді. Менің шылым шегетін әдетім бар. Ол да анда-санда. Әдетте шылым шекпейтін Бәкең осындайда әңгімеге қызып кетіп, өлең жайлы айтқанда әшейінде қолына ұстамайтын шылымды да шегіп кететін.

 

Со жылдары Абай ескерткішінің жанында ақындар өлең оқитын. Ақынның туған күні солай тойланатын. Сол додаға қатыспақ боп отыр едім, түс ауа кабинетке Бәкең кірді. Өлең жайлы айтқанда кәдімгідей жанданып, көңіл күйі көтеріліп сала берді. Бұдан соң осы тақырып біздің жақсы сөйлесуімізге көп септігін тигізді. Ғылымда әскердегі тәртіпке ұқсас бірдеңе бар. Солдатсың ба, ең бұйрыққа көнгіш адамсың. Сержантқа, әписерге сөзің өтпейді. Егер ғылыми дәрежең болмаса бұл ортада да сөзін өтімсіз. Ешкім сені көзге ілмеуге қақы бар адам сияқты айналып өтіп кетеді. Келген екенсің қорғауың керек. Менің миыма да осы сіңе бастады. Еркін ойың енді әлдебір бағытқа, арнаға түсіп одан шықпайтын ағыспен ағу керек дегенге сенгің-ақ келмейді. Бірақ өмір солай. Көп ұзамай М.Әуезовтен ғылыми жұмыс қорғамақ болып тақырып алдым да оған Бақытжан аға жетекші болатын шығар деп жүргенімде уақыты келмейтінін білген соң кейінге қалдыруға тура келді.  

 

Өмір жолы бірдей тегіс емес. Бақытжан аға тамаша ғалым болумен бірге өзіне тән мінезі, көзқарасы, жылдар бойы қалыптасқан әдетімен өмір жолында өзінің айқын да өшпейтін ізін қалдырды. Жалпы ғылым дегенде адамдар осы ғалымдардың өмірі қағаз кемірумен өтетін мимырт тірлік деп ойлауы мүмкін. Бірақ мұнда да өз жанартаулары атылып, өз қысының суығы мен аязы тоңдыратын кездер жиі кезігеді. Бақытжан аға кітаби дерлік адам еді. Кітапқа, ғылымға сенетін. Жазғаны оқылып жатса жақсы, кейде оқылмайтын дүниелер жазып тіпті үлкен ғалымдардың өзі тоқырауға түсетін сәттер жиі болады. Жазумен бала күннен айналысып мұның неше белесін бастан өткерген соң кейде қасыңда жүрген адамның сәтсіздігін іштей сезіп білесің. Иә, тоқырап жүр. Бабын таба алмай жүр. Жазудың кілті бар. Дәл таппасаң жазу құпиясы ашылмайды. Бақытжан аға оны іштей сезетін. Біздің сөздеріміз үзік-үзік, қатынасымыз да басшы мен қосшы сияқты арақатынасқа ұқсап кететін.

 

Қанша жыл бірге қызмет істесек те менің жарияланып жүрген әңгімелерім туралы жазбақ түгілі тырс етіп ауыз ашпай кетуі де қызық жағдай. Д.Амантай, А.Алтай туралы талай мақала жазып жариялады. Бұл екі қаламгер туралы менің өз көзқарасым болатын. Айтсам қып-қызыл талас туар еді. Үндемей жүре беруге тура келетін сәттер бар. Кейде біреуді мақтап жатқанда әдейі қоштамай қоясың. Соны сезе біледі. –Мен мақтағанда сен қоштамап едің ғой. Бірдеңе білген екенсің,–дер еді. Мұны не деп айтуға болатынын білмеймін.

 

Сол дәуірдегі әдебиетке қандай жетістік, кемшіліктер тән болса Бақытжан ағаға да оның әсері тимей қалмаған. Ортаның әсері деген сол. Кейде біреулерді көзінше мақтайды. Сол мақтанның соңы жақсы аяқталмай жатады. Бәкеңнің сырттай бақылап, ұнатқан нәрсесін көрінбей қолдап жүретін әдеті бар еді. Әлде жақсы сөз айтуға біреулердің пікірі бөгет бола ма екен. Қазақ прозасы жайлы талай мақала жазса да еш жерде атамай кеткеніне еш ренжімесем де бірде сөз арасында музей жетекшісі Диар Қонаевқа айтқаным бар –Жоқ. Келіс ол сені жақсы бағалайды. Оның әңгімелері жақсы деп айтқаны бар,–деген еді. Мұны естігенде –жарайды ұнатқан екен ендеше оны жазып, мақалаға енгізуге не бөгет болды екен,–деп ойлап ем. Адам жаны түсініп болмайтын небір қайшылыққа толы деген осы шығар.

 

Өмірде екі түрлі ұрпақ өкілі саған жақын болады. Бірі өзіңнен кейінгі өкшеңді басқан інілер. Бес-он жас кіші. Оларға қарап кейінгілердің ой-өрісін көресің. Екінші бес-он жас үлкен ағалар. Оған қарап алдыңғы өмірді болжап білесің. Мұның екеуі де бізде болды. Бірақ адамдар алдында айтылмайтын нәрселер өте көп еді. Бәкең де көп нәрсені іште сақтаймын деп ойлады. Кейде ойлайсың танымал болғанда, атым шығып ел білгенде айтармын деген шындықтар болады. Бірақ уағында айтылмаған шындықтың кейін айтылғанда қаншалықты құны бар. Ойлаймын қазір. Қазір Бақытжан аға бар болса не туралы сөйлесер едік деп. Қазір уақыт өзгеріп кеткен.

 

Айтылмайтын нәрсе жоқ. Айтылмауға тиіс нәрсені айту ақылдылық деп есептелмейді. Біз балаң оймен, аңғал ниетпен талай айтылмайтын нәрселерді айтып, істеуге болмайтын нәрселерді істеп тастадық. Біреу күлді. Біреу сөз қылды. Әңгімеге әңгіме жалғады. Рахаттана табаласа да сол айтып отырғаны өз табанының астынан өсіп шығып түн ұйқысын төрт бөлгенде ғана бұл ойнауға болмайтын нәрсе екенін сезіп білді. Бақытжан аға оны да сезді. Бірақ дәтінің беріктігі оған айтылуға тиіс нәрсені ғана айтқызды.

 

Біз де жер ортадан астық. Қолымыздан келген істі тындыруға тырыстық. Шамамыз келмегені қанша. Біздің еркімізден тыс болғаны қанша. Осы қысқа өмірімізде бірдеңе тындыра алсақ алдымыздағы ағалардың көмегі тиген болар. Оларды әрдайым жақсы күйінде еске алып отыру парыз. Әдебиет жалпы жақсылыққа негізделіп, ізгілікті насихаттаумын бірге сол ізгілікке дақ салған жаман әдеттергі таңбалауымен де айбарлы. Мүмкін айбарымыз кем болған шығар. Кейінгі інілерді қабағымызға қарайтындай үйіріп ұстап, зердесіне бірдеңе құйып жіберетіндей үлкендік аздау болған шығар. Бірақ соңыңнан ілесетін тентек болса да інің болғанға не жетсін.

 

Бақытжан аға бізді іні көрді. Әдебиет институтында жаңадан бөлім ашып, сол жерде қызмет етіп жүргенінде әлдебір тапсырмасын орындап апарып бергенім бар. Тып-тыныш бөлмеде жалғыз отыр екен. Біраз әңгімелестік. Кетерде –Саған ризамын,–деді. Бұл Бақытжан ағаның мен естіген соңғы сөзі еді. Мен де сізге ризамын аға!

                                                                                                      

 

29.04.2022. 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: