Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

БЛОГТАР

01 қазан 2019
269
0

Қайыр

ҚАЙЫР

(Әңгіме)

«А» класты бизнес ұшағының тұмсығы төмен тартып, жер бауырлай бастады. Қара көзілдірігін алып, иллюминаторға үңілгені сол, әлдене жарқ етіп көзін қарықтырды. Алғашқыда көзін аша алмай жұма қойды. Кейін қайта қарады. Батып бара жатқан күннің қызыл шуағына шағылысып әлдебір күмбез жарқырайды. Шіркеу екен деп ойлады. Қайта қарағанда үлкен күмбездің төрт тарапынан тағы төрт күмбез күнмен шағылысып жарқырай көрінді. Мешіт екенін ұқты. Керемет сәулет құрылысының төбесінен қарап таң қалды. Күн нұрымен шағылысқан күмбездің астында аппақ мәрмәр тастан қаланған құрылыстың ғажайып өнер туындысы екені көрініп тұр. Көңіл түкпірінде әлдеқандай сезімнің басы қылт етті де, ынтыға қайта көз тастады. Мына ғажап архитектуралық нысанның авторы кім екен деп ойлады іштей. Сәулетші болам деген бала күнгі арманы ойына оралды. Бәлкім, әкесімен бірге тұрғанда осындай ғажап дүниелерді өмірге әкелетін сәулетші болар ма еді, кім білсін? Анасы театр институтының емес, әншейін бір рабфактың студенті болғанда міндетті түрде архитектор болар еді. Бірақ, құдайдың өзі қаламапты мұны. Анасы болашағы жоқ прораб әкесінен ажырап кеткенде, бұл не бәрі төрт-бес жастағы бала еді. Содан кейінгі өмірі театрдың суық залы мен костюмерныйында өтті. Анасының әр репетициясында залда отырып әртістердің сахнада ойнауына емес, сахнаның құрылысына, театрдың ішкі, сыртқы сәулетіне көз жіберіп, таң қалып, таңдай қағып отыратын. Әкесінің қанымен берілген сәулет өнеріне деген махаббатты анасының сүтімен берілген сахна өнері ақыры жеңіп тынды. Сәулет жайлы, тіпті, анасына айта да алмады. Жарым көңілін жаралап аламын ба деген балаң ой іштегі арманды ұмыттыруға тырысты.

Бір сәтте құлазыған көңілін тағы бір сезім аспандатып әкетті. Егер жай сәулетші болғанда осылай жүрер ме еді? Осылай әлемнің әр жерінен мұны арнайы шақырар ма еді? Ұлтына, дініне қарамай мұны аттай қалап шақырғандарына қарап-ақ, абырой-беделінің қаншалықты екенін бағамдай беруге болар. Мұның әндері мен орындау қабілетіне басқаны қойғанда жетпістегі кемпірдің өзі тәнті болып, тойына шақырып отырса, тағы нендей арманы бар, пақырдың?

Осы ойды ойлай отырып, кеудесін бір керіп, терең дем алды да көңілдене көмекшісіне тіл қатты.  

– Қараша, қандай ғажап көрініс!

Күннің соңғы шуағымен шағылысып нұр шашқан күмбез қаланы ерекше түске бояп тұрғандай. Көше бойындағы ағаштар да сап-сары. Бағдаршамды күтіп қатар тізген кішкентай ғана көліктер қолдан жасалған ойыншық іспетті.

Отырғалы бері құлағын бітеп алып, жын ұрған бақсыдай селкілдеп келе жатқан көмекшісі  құлаққабын жұлып алып, төменге қарады.

– Жеттік, қонғалы жатырмыз, – деді сосын қуанышын жасыра алмай.

Ұшақ қонды. Күтіп отырған той иелері аяқтарын жерге тигізбей алып кетті. Қалаға кірер үлкен жол мешіттің дәл қасынан өтеді екен. Таңқалысын жасыра алмай, мәрмәр қабырғалар мен ұстындардан көз алмай қарап өткен. Күмбез астына қойылған шырақтар әлсіз жарқырап мешіт сәулетіне көрік қосқандай. Жеңіл көлік зулай отырып той болатын орынға әкеп тастады.  Шағын ғана қаланың енді ғана дамып келе жатқанын байқады. Әр-әр жерден заманауи ғимараттар бой көтеріпті. Көшелерінің көбісі жөнделмегені байқалады. Бас көшенің ғана көрікті екенін, басқа көшелерге мән берілмейтінін бағана ішкі көшелерге көз тастап байқап қалған.

У-шу, қиқу-жиқу той да өтті. Жетпістегі кемпірдің тойына мұны неге шақырғанын бұл да түсінбейді. Анығында өзін кемпірдің шақырмағанын ұқты. Бұл сірә да атақ жинағысы келген миллионер ұлының ісі болып шықты. Жүзін әжім басқан кейуананы құттықтап барған мұның қолын алып, өз тілінде әлдене дей жылы лебіз білдіріп, бетінен сүйгені болмаса, басқа уақытта өзін қаумалаған кемпірлермен әңгіме соғып отқанын ән салып тұрып талай байқаған. Мейлі, кім шақырса да өзіне табынатындардың барына қуанады бұл. Өз елінде ғана емес өзге елдерде де мұны сүйіп тыңдайтындар бар. Қуанышын бірге бөліскісі келетіндер бар. Қанша десе де жиған малын аямай мұның жолына шаша салатындар бар. Өз елін, өзінің тұрған жерін өркендетуге ақшасын қимайтындар, өз туысына, бауырына, халқына көмек беруден  мұның өнерін артық қоятындар бар. Басқа арман не?!

Күнгей өлкенің таңы ерте атады екен. Қонақүй терезесінен сығалаған күн нұры мұны оятты. Әдетінше терезені ашып, сыртқа көз тастады. Көз алдында өз әлінше дамып жатқан қала. Көліктер жол ережесі деп аталатын заңға бағына бағдаршамның үш көзін бағады. Тізбектеле тоқтайды, жүреді. Жиекжолда бір-біріне қарама-қарсы сабылысқан халық асығады. Қарсы бетте аялдама. Ыңыранған автобустар қою қара түтіні будақтап бірі келеді, бірі кетеді.

Күн нұрына жүзін тосып біраз тұрды. Ойы кешегі мешіт сәулетін армансыз тамашалау. Таңғы астан кейін көлікке отырды да әуежайға жол алды. Терзеден көз алмай отыр. Әне алыстан таң нұрымен шағылысып, аспанға мойын созып күмбез көрінді. Мешіт алдында сап түзеп отқан әйелдерге көзі түсті. Бала-шаға ойнап жүр. «Бұлар неге отыр?» деп ойлады. Сірә, қайыр тілеп отқан болар деді екінші бір ойы.

Мешітке жақындай бере көмекшісіне ым қақты.

– Осы маңға тоқтап жіберсең, - деді көмекші жолдан көз алмай келе жатқан шопырға. Шопыр алғашында қағыс естідім бе дегендей көмекшіге қарады да, дереу жол шетіне шыға қойды. Көлікті ыңғайлай қойып тоқтады.

– Мешітке кіресіз бе? – деді сосын әлі де түсінбеген қалпы.

Екеуі де жауап қатуға асықпады. Тіпті, естімегендей үнсіз отыр. Көмекшісі мұны күтуде.

– Иә, мешітке, - деді әлден соң бұл бәсең дауыспен.  – Құрылысы әдемі екен. Бала кезімнен сәулет өнеріне қызығамын. Мынадай теңдессіз ғимаратты көрмей қалай кетем. Сұлулық пен тазалықтың, адалдық пен адамдықтың символындай. Анадан туғандай бейкүнә, періштедей пәк. Бұл мешіттеріңіздің сыртқы бейнесінен осындай жазуды оқығандай болдым.

Шопыр бала атақты әншінің сөзі рас па дегендей мешітке бір қарап қойды. Кәдімгі күнде көріп жүрген мешіті. Бұл ерекше ештеңесін байқамаған. Әлде мән беріп қарамады ма? Әлде, сәулет өнерін түсінбеген соң мына мешіттің сұлулығынан жаңағы әнші айтқан сөздерді оқи алмаған болар. Әлі бір кіріп көрмепті. Іші қандай екен?

Әнші де мұның ойын оқып қойғандай:

 – Іші қандай екен? – деді мешіттен көз алмай.

– Не тұрыс? Кіріп көрейік.

– Бүгін күн – жұма. Мешітте адам көп болады, - деді жүргізуші.

– Иә, жұма сіздерде қасиетті күн. Осындай қасиетті күнде келген екенбіз кіріп тамашалап көрейік. Имамдарыңыз рұқсат берер?

Жүргізуші ізінен ере берді. Бұйра шашы күнге жылтырап бара жатқан әншіге жағалай қайыр тілеп отырғандар таңырқай қарағанмен, ешбірі жыға тани қоймады ма, жабыса кетпеді. Таңертеңгі мезгіл болған соң ба адам аяғы әлі аз.

Еденіне дейін ақ мәрмәр төселген мешіт іші сап-салқын. Кіре сала ескен леп кеудеңе әлдебір сыр құятындай. Санаңдағы пендеуи ойлар сол леппен жоқ болып, рухың тазарып жатқандай. Күңгірлеген күмбез асты бүкіл ағзаңды ұйытып, басқаша күйге бөлейді. Санаң тазарып жатқанын өзің де байқамайсың. Әйтеуір, жаның тынышталып, денең мүлгіп жатқандай. Әлде, ауада қалықтап жүргендейсің бе? Әйтеуір, тілмен айтып жеткізе алмайтын сезім. Бағаналы бері асығыс ойы осында келгенде тоқтап қалғандай. Тіпті, уақыттың өзі тоқтап тұрғандай. Ешқайда асықпайды. Асыққысы де келмейді. Мына мешіттің іші бір әлем де, сырттағы дүние басқа бір әлем сияқты.

Көмекші жігіт ақ мәрмәр үстіндегі кілемге малдас құра отыра кетіпті. Әнші болса әр ұстынға үңіле қарап, оюлар мен штрихтардың үйлесімділігіне тәнті болғандай тамсанып жүр. Бойын билеген белгісіз сезімге ұйып, көзін жұма қойды. Қанша тұрғаны белгісіз қалта телефоны шырр ете қалғанда бойын жинады. Ана екеуі де осы кезде ойын жинағандай сыртқы есікке қарай жүрді.

Әнші енді аяғын тез басып келеді. Бала-шаға аяқтарына оралып қайыр сұрайды. Арбаға таңылып отқан мүгедектер де, мойнына қағаз іліп алған жарымжан жандар да бар. Аяғын аттап басып бара жатқан әнші кенет кілт тоқтады. Көзі шетте отқан шикіл сары кемпірге түсті. Кейуана кішкене қорапты алдына қойып үнсіз отыр.

Бүкіл денесін тоқ ұрғандай болған әнші тағы тез жүріп көлікке беттеді. Ішкі сезімі алай-дүлей болып, өзімен-өзі арпалысып кеткендей.  Қайыр сұрап отқан адамды өмірінде бірінші рет көргендей тәні тітіркеніп кетті. Жоқ, өз елінде талай қарт осылай жүр ғой қайыр тілеп. Қоқыс теріп жүргені қаншама... Қоқыста өмірем қауып жатқаны қанша... Сонда бұған не болды? Әлде... әлде, өзге елде қайыр сұрап отқан өз қандасын көргенге жаны ауырды ма? Намысы өзге елде өмір кешіп, жетім баладай жетімсіреп жүрген қандасын көргенде оянды ма? Әлде... мына мешіт мұның адамдық қасиеттерін оятты ма?..

Көлікке жете бере көмекшісіне үн қатты.

– Қолда қанша ақша бар?!

– Не болды?

– Қанша ақша бар деймін!

– Көп емес.

– Барын тастап кет!

– Кімге?!

Иегімен кемпір отқан жақты нұсқады.

– Көрдің бе? – деді сосын.

 Енді ғана назар аударған көмекшісі түсінгендей. Сәл ғана үнсіз тұрды да, күліп жіберді.

 – Қайыршыны енді көріп пе ең? Өз елімізде мұндайлардың миллионы жүр ғой.

– Олар өз елінде жүр, ал бұл кемпір өзге елде! Түсінесің бе?!

Көмекшісі әлі де күліп тұр. Ащы мысқыл.

– Білесің бе, олар өз елінде де бұлай қайыр тілеуге құқылы емес. Өйткені, осылар емес пе бізге осындай бейбіт өмірді сыйлаған. Еліміздің өркендеуі үшін, бүгінгі біздің жақсы өмір сүруіміз үшін солар ғой еңбек еткен. Жалындаған жастық шақтарын, денсаулықтарын беріп мемлекетке еңбек еткен жоқ па? Енді қолдарынан күш, бойларынан қуат кеткенде олар неге осылай қайыр тілеуге, қоқыс жағалауға тиіс. Ертең біздің де қолымыздан күш кеткенде осылай ешкімге керек болмай қаламыз ба? Біз бүгін қарттарымызды қайыр тілеуден құтқармасақ, ертең ұрпағымыз бізге де қайыр тілетеді! Өйткені, бала көргенін істейді. Мұны көріп өскен жастарға қарттардың қайыр тілеуі үйреншікті жағдай болып қалыптасады. Ертең сенің, менің, ата-анасының қайыр сұрап жүргенін қалыпты жағдай деп қабылдайды...

– Жарайды, жарайды! О-о, Құдайым-ау... – Көмекші жігіт көлік ішіндегі сөмкедан бір бума көкқағазды алды да әншінің қолына сүлесоқ ұстата салды. Шашы желбіреп мешітке қарай аяңдап бара жатқан әншінің сыртынан көз тастап ештеңеге түсінбей жүргізуші әлі тұр.

– Сіз мұнда отыруға міндетті емессіз, апатай. Мына ақша сіздің өміріңіздің соңына дейін жетеді. Ал, енді қайтыңыз, - деді қолындағы орамды ешкімге көрсетпей кемпірдің жеңіне тықпалаған әнші. Сөйтті де, асыға жүріп көлікке кетті. Кейуана еңкіш тартқан кеудесін әрең көтеріп қайтып бара жатты.

Әлден соң күмбездер күнмен шағылысып тағы бір ұшақты ұзатып салды. Күнгей қаланың кең көшесінде қара көлік зулап келеді. Сыртқы жұрт қызыға көлікке қараса, көлік ішіндегі жүргізуші шүйкедей сары кемпірге қызыға да қызғана қарады. Әншіге тамсанды. Бір бума ақшаны танымайтын бір кемпірге бере салды-ау... Жай ғана берген жоқ, есті адамның есінен кетпес сөз айтты. «Біз бүгін қарттарымызды қайыр тілеуден құтқармасақ, ертең ұрпағымыз бізге де қайыр тілетеді!» Қандай қорқынышты сөз! Біздің байшыкештерге де осылай деп айтатын біреу табылса ғой. Бір сөмке ақшаны кешегі аптада өз қолымен апарып салған жоқ па осы әншінің шотына. Қаншама қайыршыны, қаншама қаңғыбасты тамақтандыратын ақша. Бірнеше отбасыға үй алып беруге жететін ақша. Бірнеше науқастың еміне жарайтын ақша...

Әй, қайырсыз дүние-ай. Бізге де бір қайырылар ма екенсің?..

Бақтыгүл АУДАНОВА

 

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу