Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Кебектен пісірілген нанның дәмі ауыздан кетпейді

БЛОГТАР

06 маусым 2017
1641
0

Кебектен пісірілген нанның дәмі ауыздан кетпейді

Көне көз қариялардың айтар ақыл-кеңестері мен ұлағатты сөздері сарқылмас қазына ғой. Ұға білген құлаққа, түсіне білген кісіге олардың ғибратты сөздері алтынмен пара-пар емес пе.

Осындай ақылдың дария кендерінің бірі бақилық болған анам Гүлбаһром еді. Марқұм анам көп жыл ұстаз болып, жас жеткіншектерге, ұл-қыздарына адал, кішіпейіл, үлгілі болуды, үлкен-кішіге ілтипат, ізет көрсетуді бойымызға сіңіре отырып, ата-аналарын сыйлай білуді үйреткен еді.

Анам әсіресе жерде жатқан нанды көргенде қатты күйзелуші еді. Бізге әрдайым «Нанды құрметтеңдер, нанның киесі болады. Нан жерге бітеді, ал жер мен ел тағдыры бәрі тығыз байланысты. Нанды құрметтегенің еліңді, жеріңді құрметтегенің», - деп айтып отыратын. Анам осы тақылетес әңгімелерді көп айтушы еді, соның бір әңгімесі әлі күнге дейін есімде…

  • 1944 жылдың қақаған қысы. Соғыс ұзаққа созылып, елдің күйзелген уақыты. Әйтеуір жауды өз жерімізден қуып, енді өз ордасында талқандар уақыты жақындағаны көңілге қуаныш ұялатады. Мен Көкшетау қаласындағы педучилищені бітіріп, Сырымбетке келіп мұғалім болып істеп жүрмін. Менен кейін бес бауырым бар. Анам болса таңның атысы, күннің батысы ұжымшар жұмысында. Әкемізге «Қара қағаз» келіп, көңіліміз жабырқаулы жүретін. Бір күні жұмыстан кейін үйге келсем, анамның жүзінен қуаныш байқалады. Көптен бері анамды мұндай күйде көрмеген менің таңғалып тұрғанымды сезіп, ол маған түсіндіре бастады «Еңбеккүніме екі қап бидай берді, енді көрші ауылдағы диірменші ағаңа Ақтай ініңді ұн тартқызуға жібермекшімін, - деді.

Таң ата шешем көрші үйдің ат-шанасын сұрап алды. Шанаға бидайды артып жатырмыз 11 жастағы інім де қуана жүріп бізге қолқабыс жасауда. Сонымен інімді жалғыз 35 шақырым жердегі ауылға аттандырып жібердік. Кетіп бара жатқан қаршадай інімнің соңынан қарап тұрып, соғыс ауыртпалығын арқалаған оны аяп, көз жасыма ие бола алмаған едім.

Қас қарайды. Ақтай інім әлі жоқ, күн суық. Анамның да дегбірі қашқан. Бір кезде даладан ат-шананың сықыры естілгенде, бәріміз қуанып далаға шықтық. Інім келіпті, көңілді «Төрт қап ұн тарттырып әкелдім», - деп мақтанып қояды. Қаптарды көтеріп үйге кіргіздік, ұнымыз жеп-жеңіл. Шешем қаптың аузын ашып, уыстап ұстап көрді де, жылап жіберді. Ұн дегеніміз кебек болып шықты. Диірменші жақын ағайын болса да, ар-ұятты аттап, баланы алдап бізге кебек беріп жіберіпті. Анамның сол күні жылаған дауысы құлағымда қалып қойыпты.

Шешем сол күні кебектен нан пісірді. Сол нанға анамның көз жасы мен інімнің тер иісі сіңгенен бе, анамның кебектен пісірген нанының дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Қиыншылық уақытта наның қасиетін, қадірін біз осылай біліп өстік. Сондықтан да сендер нанды қадірлей біліңдер, аяқ астына тастамаңдар, - деп шешем әңгімесін аяқтап еді.

Мен қазір анамды сағынғанда кебектен пісірілген нанға сары майды жағып, қазақтың сүт қосылған қою қара шайын іше отырып, анамның асыл бейнесін еске аламын.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу