Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Кекшіл Құрақбай

БЛОГТАР

13 қыркүйек 2019
438
0

Кекшіл Құрақбай

 

Кекшіл Құрақбай Дүйсен ақынның қолтығына мықтап қіріп алды. Оның оң жағында ақыл соғып отыр. Бұрынғыдан жүдеген. Білмейтіндер мұны жылы жерде отыр, түк істемейді, рақат өмір осыныкі деп ойлайды. Қайдан білсін Құрақбайдың ішінде не жатқанын. Оның ішінде не жатқанын өзімен бірге келе жатқан ескі достары, қызметтес болған, бірге жүрген, оқуды бірге тауысқан достары біледі. Оларға да Құрақбайдың білдірмей кеткен нәрселері жетеді. Білдірмейтін нәрсе дегенде мұның іздеп тауып жүретін өнерінің түбі жоқ. Әуесқойлығына кісі жетпейді. Баспасөзде бір тақырыпты тауып алады да соны ізерлеп қуалап жүргені.

 

Қарап тұрсаң жазушы да осы, жүйрік жорналыс та осы, қақаңдап ешкімге бас ұстатпай жүрген тәуелсіз, шақылдап тұрған  сыншы да өзі. Шақылдаған мінез кімге опа берсін. Құрақбайға да опа бермеді. Сүріндірді. Алға басқан аяғын кері кетірді. Шақылдап кеп қатынын да баспақшы болды. Ақыры о да көнбей ажырасып тынды. Соқа басы 15 жыл сопиып әлі келеді. Бар өнерін салып реңді, мінезді қыз-келіншектермен жақындасып-ақ алады. Онысы бірер айға жетеді. Жақын көретін Дүйсен үйлене ме деген үмітпен анау не болды десе:

 

– Болмады,–дейтін ырсия күліп. Мұнысы ыза, тіксіну, ашыну, дағдарыс, шарасыздық па не екені белгісіз. Оны өзі де түсінбейді.

 

Дүйсенге не керек, бір жерлесін сүйеп адам ғып жүр деген бедел керек. Мұның мінезінен өзіне сөз келмесе болды. Құрақбайдың мінезін жаймалап

 

– Енді қайтесің,–дейді болмаған кезде,– талант деген осындай болады. Еркелейді. Жүреді. Ішіп те кетеді. Ешкімнің қолынан келмейтін нәрселерді жазып та тастайды.

 

Дүйсен сияқтылардың көпшіктеп жұмсартқаны, қолдан сүпитіп қопитқаны болмаса мұның жазып қиратқаны да шамалы. Пышақ қырындай проза кітабына әңгімелер шығарып қызық мінезді адамдарды суреттеген қалпына шынайы суреткер дегенді сатымсақ сыншылар маңдайына басып, баспасөзде мөрлеп домбытқаны болмаса нақа үлкен әдебиеттің иелерінен алған бағасы орташа ғана. Мінезі ойнамалы, тұрақты бағыты жоқ, ертеңінен өзі де күдіктенетін қорқақ адамның көлеңкесі онымен бірге үнемі қалмай ілесіп жүретіндей. Әсіресе сөзге, өзі құралпы талантты адамдарға келгенде өрленіп, қырланып, бой таластырып кетеді. Сөйтіп жүріп қасында Дүйсеннен өзге дос та қалмады. Өзінің елге беделі болмаған соң ағалары да көмектесе-көмектесе бұны көрсе сырғанап, ақырын жылыстап кететін болды.

 

Қатынының туысы Дедекбай деген бас редакторға орынбасар болғанда Әупірімжан деген журналиспен неше жыл бақас болды. Екеуі болмашы нәрсеге таласып, ұстасып жататын. Ақыры бұл кетіп сол жерде Пірімжан қалды. Әупірімнің аты Пірімжан еді. Оның өте сақ, сырғанып жүретін қылығын әжуалап жерлес ағасы Әупірім деп кеткен. Бұл атты одан әрі бекітіп Әупірімжан қылған осы Құрақбай. Ол кекшіл Құрақбайдың жастау, әлі қырыққа келмеген кезі еді.

 

Сол Әупірім мұнымен дос боламын, тіл табамын деп істемегені қалмаған. Өте қырсық, мансапқұмар еді. Қулығы бұдан да өтіп кеткен. Бірге жүріп ішті де, жарысып жазу да жазды, пікір таласам деп қызыл кеңірдектің атасын көрді. Арашалап жатқан ешкім жоқ. Мен сөйттім-ау деп жатпайды. Ертеңінде түк болмағандай ыржыңдап, иығы қиқаңдап тұрғаны.
 

Дүйсеннің қасында жүрген үш жылда бірнеше рет шет елге де барды. Талай жерге командировкаға да шықты. Атағы аспанға шықты. Абырой жиналмады.  Талай қазақтың талантты қаламгерлерімен дәмдес болды. Бірақ Дүйсен сияқты түпкіш, ішті, бір сыйласқан адамымен оңай қол үзіп кетпейтін, бас пайдасын білетін көшелі адам боп кете алмады. Өзімен-өзі басы ауырып ішіп жүрген бір күні үлкен бастық Дүйсенге ұрсып, мұны жұмыстан шығартып жіберген.

 

Кекшіл Құрақбайдың өрісі тарылды. Командировка, қонақ, күнде сөмкесін көтеріп келіп жататын көп кітап шығарғыштар көзден бұлбұл ұшып жоғалды. Шіркін-ай дейтін дәурен екен онысы.

 

Дүйсен таныстырған Батыс жақтың бір газет редакторына тағы орынбасар болып еді. Бұ жолы бұрынғыдай емес, адамдар өзгеріп кеткен екен. Төрт-бес ай қызмет істеді де ұрыс-керіссіз, тым-тырыс аңдысқан адамдар арасында жүріп қалай орнынан түсіп қалғанын өзі де білмеді. Шатақ мінезіне ешкім төзе қоймасын біліп қанша ауыздықтаса да онысы талай жерде көрініп қалып жүретін.

 

Жай ғана тілші болып азғана ақшаға күнелтіп автобуспен қатынайтын қала шетіндегі тұрағына түн ішінде кейде жаяу, кейде таксимен қатынап жүретін. Сыра-арағын қолына ұстап, сөмкесіне салып жүреді. Сол қалпы үйге кеп бір ұйықтап алып таңға жуық жазу жазып отырады. Оқитыны орыс жазушылары. Қайдағыны жазатын қияңқы біреулердің кітабын тауып оқиды. Өмірі де солар сияқты.

 

Жұмыс арасында үйсіз-күйсіз адамдар туралы роман жазамын деп қаңғыбастардың мекеніне барды. Иен қалған үйлерде солармен бірге арақ ішіп, тамақтың қалдықтарын жеп, сасық үйде, өрім-өрім кір көрпені жамылып талай ұйықтады. Таңға жуық басы ауырып, мәңгіріп жатып оянады. Ойында жазу. Осы өмірді жазу. Классик болу. Дүйсеннің де, Әупірімжанның да, кеудесі көріктей боп мұрны көк тіреп жүретін Асқардың атағын далада қалдырып, алдыңғы қатарға шығу. Осы бәсекеде бұл жанын да, барын да, өмірін де аяған емес. Аямайды да. Бұл оқыған кітаптар арасында жазушы деген аш-жалаңаш, мұқтаж, бақытсыз болса соғұрлым өмірді біле түспек, күшті жазбақ. Ол еркін адам болуға керек. Еркіндік деген осы емес пе?!

 

Таңсәріде ол үнемі өксіп оянатын. Көзінің жиегімен сорғалаған ыстық тамшылар толастамай еріксіз ағып жатушы еді. Шіркін атақ. Түнде оянып алып иен бөлмеде «Мен ұлы жазушымын». «Менің кім екенімді көресіңдер әлі» деп айқайлаушы еді. Дауысын жырта бар үнімен қырылдап айқай салатын. Мұның не айтып жатқанын түсінбеген көршілер тыныштандыру үшін қабырғаны тоқылдатын, есіктің қоңырауын басады. Шала мас болған мұның түрін көріп

 

– Можно по тише ,–дейтін кінәлі адамша. Бұ да сасқалақтап:

 

– Кәнешні, можно,– дейтін теңселіп тұрып.

 

Кекшіл Құрақбайдың өмірі құрақ көрпенің қиюы қашып тігісі сөгілген, жуыла-жуыла өңі кеткен әр жерінен мақтасы шығып енді жамауға келмей оңып кеткен түріндей еді.

 

Есін жинаған кезде әлдебір газеттен заказ алып келіп мақала жазуға отырғанда Құрақбайдың неше айдан бергі есі кеткен, миы ашыған, адам көргісіз болып қарайып кеткен түрі, алайған сұп-суық жансыз көзі, қырым ет қалмай сопиған жағы, темекі мен қара шайдан сарғайып кеткен сойдақ тістері, жалбырған шашы, олпы-солпы киімі бір көрген адамды «бейшара-ай» дегізгендей еді.

 

Әбден шаршаған Құрақбайға адам болуға бір-екі жұма, ары барса бірер ай жеткілікті. Шалбардың қыры пышақтай, езуіне күлкі үйірілген, әзіл-қалжыңы үйіріп алатын 45 жастағы жігіттің жаңа өмірі расында оның алдында ешқандай кедергі жоқ екенін көрсетіп тұратындай аяқ астынан өзгеріп сала беретін. Жарты жылға ма, бір жылға ма?!! Бұл кездегі Құрақбай жинақы. Тап-тұйнақ. Артық сөз жоқ. Елдің бәріне бірдей. Кішіпейіл. Ешкімге кегі кетпеген, жаңа туған баладай аңғал.

 

Жақсы адам болудан шаршаған кезде Құрақбайды «Ұлы жазушы» болмақ ойлар тағы да иектей бастайтын еді. Әлдебір қиялдың, өзі білмейтін бейтаныс ойлардың жетегінен басана алмай дедектеп кетіп бара жататын.
                                                                                        

 

06.09.2019
 

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу