Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ДРАМА
Көлеңке көңіл күлкісі

Блогтар

28.09.2017
7338

Көлеңке көңіл күлкісі

Көлеңке - көңіл күлкісі

Әсел- студент қыз

Қайыршы

Бақыт-Әселдің жігіті

Кемпір-қала тұрғыны

Көше сыпырушы әйел

Ләззат –суретші

Құралай - студент қыз

Айдана- студент қыз

Қайрат-Айдананың сыныптасы

Санжар- кәсіпкер

Жаңабай-ақын

Дауыс

Официант жігіт

1-кемпір

2-кемпір

Сахна. Күз. Саябақ.  Көпшілік ары-бері өтіп жатыр. Орындықта қала кемпірі тоқыма тоқып отыр. Бас киімін алдына қойып, мұңлы әуен

                            Сағыныш-ай,сағыныш-ай

                           сенде бір арман, сен де бір жалған.

                           Сағым жылдар, сағым жылдар ,

                           сенімен бірге толқиды жаным менің  /әнін  баянмен тартып қайыршы отыр/.

 Көше сыпырушы әйел көше сыпырып жүр.

Әйел:  - Әрі тұршы ей,  қайыршы. Зарламай / сыпырғысымен нұқып қалады/. Үйбай-ай мына байғұсқа қараңдар, көкірегіне көзмоншақ тағып алыпты-ай /сыпырғысына сүйене дарақы күліп./ Бұның қай байлағына көз тиеді екен. /күлкі/. Мына майда қара  бақырларына ма ? / тиындарын көрсетіп күліп, көшені сыпыра береді.

Қайыршы көзмоншақты алақанымен сипап қойып,  әнін ары қарай жалғастырады. /  

                      Сағындым сені,аяулым

                      Келсеңші таң болып ,

                      Сағындым сені ,аяулым

                      Келсеңші маған, келсеңші маған ән болып .

Әсел мұңлы әуенге құлақ түреді. Тиын тастайды. Көзінде мұң бар. Кенет ән тоқтап қалады.

Қайыршы:  - Сұлу қыз, бетіңнен бір сүйгізші. Мен саған осының бәрін беремін.

Қыз жалт қарайды-дағы жүгіріп кетіп қалады. /әнің қайырмасы баянмен орындалады./

Әйел: Ойбай, мынау қайыршының дәмесін-ай?! Жұрт мұны мүсіркеп жүрсе. Сұлу қызда ойы  бар. Қиқылдап күледі. Өтіп бара жатқандар бұрылып  қарайды.

Қайыршы сөзге мән бермегендей «Сағындым сені» әнін тартып отыра береді.

Қала кемпірі: Қайтсін-ай, кеудесін сағыныш кеулеген бейбақ та бұл.

                                                      ІІ-көрініс

Әсел өзі тұратын бөлмеге келеді.  Бөлмеде Ләззат  сурет салып отырады. Әсел бөлмеге ентігіп кіреді.

Әсел: Ой , Ләззат !  мына дүние не болып барады. «Тауықтың түсіне тары кіреді» деуші еді апам. Дәмесінің  зорын.

Ләззат: -Кімнің? Кімді айтасың? Не болды сонша жанығып. Ентігіңді басып жөндеп түсіндірсеңші.

Әсел:   -Өзің қандай туынды  жасап жатырсың?

Ләззат: Туындымның аты -баспана. Бәлкім менің бақытсыздығыма баспанамның жоқтығы себеп болған шығар. Жылдар бойы пәтерден-пәтерге көшуден қажыдым да, өзім сүймейтін жанға баспанасы үшін тұрмысқа  шыға салдым. Сүймегесін қиын екен. Результатын көрдің ғой. Енді  болашақ үйімнің жобасын  жасап жатырмын.

Әсел: -Керемет идея! Хронический жалғыздықтан құтылуға да әрекет жасарсың.

Ләззат:- Өмірдің баланысын ретке келтіріп жүре береді ғой деймісің./Күлкі /.

Әсел: -Мен жаңа саябақтан бір қайыршы көрдім. Дауысы ма , әуені ме жүрегімді алай-дүлей еткізді. Қалтамда қалған соңғы бақырларымды ұсындым. Ол болса қара бақырларын көрсетіп, «бетіңнен сүйгізсең мынаның бәрін беремін»- дейді./ызалы күлкімен/.

Ләззат орнынан таңырқай тұрады.

Ләззат: -Бірақ сен қайыршыға бетіңді сүйгізе қоймаған шығарсың.

Әсел: -Ия, әрине бетімді сүйгізе қойғам жоқ.Бірақ маған қатты әсер етті. Пенделер бақытын ақшамен өлшейді. Ана бақырлар қайыршы үшін –үлкен қыруар дүние. Соны маған қиып тұр. Ол қайыршы болса да, сезімі жұтамаған. Сұлулыққа деген сезімі, іңкәрлігі өлмегені таң қалдырды. Дегенмен дәмесінің зорын. Өзі көзмоншақ тағып алыпты.

Ләззат: - Көзмоншақ?! Ия, қызық  екен. Тосын жайт. Мүмкін көзмоншақта бір сыр бар шығар. Қайыршының да қайыршысы бар ғой. Әркім әр жолмен барады. Олардың да өз әлемдері бар.

Бөлмеге Құралай мен Айдана сөйлесіп күліп кіреді.

Құралай: Ой, мына әдебиетші мен суретші неге мұңайып отыр? Сендердің нәзік жандарыңды тағы кім жаралады?. Әлден, қолдан драма жасап отырсыңдар ма?

Айдана: Әлгі кластасым Қайрат қыздармен таныстыр,таныстыр  деп миымды қышытты. Жүріңдер,  барып бастарын шайқап қайтайық. Кафенің тамағын ішсек , қақалып қалмайтын шығармыз. Отыра береміз бе қабырғаға қамалып.

Әсел: Зауқым жоқ.

Ләззат: -Өздерің бара беріңдерші. Мен туындымды аяқтауым керек.

Құралай: -Ләззат, сен бояу-сояуыңды қоя тұршы. Суреттеріңді қап-қара бояуға бояп,  түнере бермей, жүріңдер қыздар! Бояу деген жарқырап тұру керек  !   мына Айдананың бояуындай жарқырап .

Ләззат пен Әсел аңтарыла қарайды.

-Ал, біз дайын емеспіз.

Құралай: Қыздар жүріңдерші, бәрімізді де шақырды. Және бір жаңалық жанына «крутой» жігіттерді ертіп келемін деді.

Айдана: -Давайте, кеттік , кеттік./Қыздар жинала бастайды /.

                                 IIІ-көрініс

Кафе. Қыз-жігіттер. Официант. Көңілді музыка. Би. Танго.

Қайрат :  -Кәне ,  бәріміз дастарханға отырайық .Бүгін қонаққа қыздар келіп отыр.Жақынырақ танысайық. /Таныстырады /.

-Санжар ,біз Санчо дейміз./Маңғаздана басын шұлғиды/. -Жаңабай ақын жігіт, қыздарға жақын жігіт./Жанында отырған қыздың қолынан сүйеді / .-Ал,менің есімім –Қайрат. Айдананың сыныптасымын.Айдана,таныстыруды өзің жалғастыр.

Айдана: Ләззат бөлмеміздегі үлкеніміз.Суретші.Біз әпке дейміз.Әсия, Құралай/қолымен нұсқап/ мені танисыздар.Студентпіз.

Қайрат: Жаңабай,таныстықтың құрметіне қыздарға арнап өлең атсай.

Жаңабай : Атсам,атайын қыздардың жүрегіне сөз оғым тиетін болса ./Маңғазданып,созып өлең оқиды/.

-Қыз жүрегі таза ма?

-Таза шығар,

-Қыз жүрегі аппақ па?

-Қарасы бар.

-Қыз жүрегі дертсіз бе?

-Жарасы бар.

-Қыз жүрегі құнсыз ба?

-Бағасы бар.

-Қыз жүрегі тегін бе?

-Таласы бар.

Жүрегінде қыздардың көз тартарлық,

Адалдықтың көрікті қаласы бар .

Мұндай жүрек мыңнан бір дара шығар,

Жас жүректің қайткенде бағы ашылар./дарақылана оқыды/.

Қайрат: Жаңабай, өлеңінде жаңа екен.Тамаша.Сен талантсың!

Жаңабай: /Масайрап/. Әсел десе Әселсің,

                                         Тұнып тұрған әсерсің.

                                         Бүгінгі күн танысқан,

                                         Саған бақыт әкелсін!

Айдана : /қызғанышпен/ .  Жаңабайдың бүгін шабыты шалқып тұр ғой .

Қайрат:  Ендеше ақынға әсер берген Әсел сөйлесін.

Әсел: -Қайрат, сенің достарыңмен танысқаныма қуаныштымын. Адал болыңдар, сенгендерге тірек бола біліңдер. Бақытты бағалай біліңдер !.

Қайрат: Рахмет, рахмет.

Санжар: Осы сендер сөзді қайдан тауып ала бересіңдер. Тоста нереальный сөздер өте көп. Бақытты бол. Бағалай біл. Одан да бай бол демейсіңдер ме? Бай болсаң бітті,  басқасы содан кейін келеді. Жарымай жүрсең көрер едім, кім-кімді бағалағанын. Бай болсаң сүйген де сүймегенде  құшағыңа оралады. /Дарақы күлкі/

Әсел: Барлығын ақшамен өлшеуге болмайды ғой.

Санжар: Ал, енді айтшы сұлуым, немен өлшейсің. Сенің сөздерің біздің үйдің кемпірінің сөзіне ұқсас екен. Ол да жиі мораль оқиды. Кемпірдің қызы емессің бе, әйтеуір. Сырттарың свежий болғанмен, іштерің ескі ғой. Күледі. Сатылмайтын нәрсе тапсаң маған көрсетші,  соны да сатып алайын. /Қарқылдап күледі/

Қайрат: Ия, Сәкеңнің сатып алуға шамасы жетеді. Біздің Сәкеңдер бүгінгі күннің қаһармандары ғой.

Жаңабай : Сәкеңнің өткендегі  мәрттігін бүкіл қала сөз еткен жоқ па?. Жас та болса бас қой. Қаладағы мықты спонсорлардың бірі . Теледидар да соны қайта-қайта көрсетіп, дикторларың айта-айта жағы талды.

Қайрат : Әсел , сен жеңілдің. Жеңілгеніңді мойында.

/ Санжар дарақылана күліп, Әселдің бетінен сүйеді. Әсел тыжырынып бетін сүртіп, бұрылып кетеді/

 /музыка-запись жүріп жатқанда олар су ішеді, күледі./

Дауыс: Әсел,  не іздеп келдің?. Сабылып іздеген жоғыңды мына арзан күлкінің ішінен табамын деп отырмысың ? Мынадан әлгі қайыршы артық қой. Мәдениеті жоғары еді ғой,байғұстың . Ол бетіңнен сүюге рұқсат сұрамап па еді?. Жалғысырап, жаның жабыққанда тапқан жұбанышың осы ма? Жаныңды жаралата беріп қайтесің.

Әсел орынынан тұрды. –Мен кетейін. Қыздар жамыраса қалсаңшы деп жатыр.

-Жоқ менің кетуім керек. Қыздар да оның айтса қайтпайтынын білгендіктен қала берді.

Санжар: Қайда қаштың , сұлу қыз. Дегенмен маған ұнап қалдың. /Әселдің қолынан тартады. Әсел қолын жұлып алады. /. Кездесерміз.

Қайрат: Қайда қашар дейсің. Бұзаудың барары - сабанхана дейтін апам.

Санжар : / қабағын түйінкіреп,/-  маған Әселдің телефонын беріңдерші.

Құралай: 8 701 553 08 26. Талғамға талас жоқ екен.

Айдана:-  Мұң дейді, сағыныш дейді, ол үнемі абстрактілі  ойлайды. Евро қоғамда өмір сүріп жатқанымызды түсіндіре алмадық. Енді сен түсіндірерсің, сәл-пәл старомодныйлау.

Ләззат: оның жырлары әсем, жаны да әсем.

Айдана: Бірақ, оның тақпақтарында жылжымайтын, қозғалмайтын мінез бар, ал қазір оның туындысына быстрота керек, быстрота. Қойшы қыздар, жігіттер,  билейікші.  /Музыка .Би/.

Үстелде отырған бейтаныс жігіт Әселдің соңынан ере шығады.

                                     ІҮ-көрініс

Әсел бұрылмай жүре береді. Жаяу келеді.Жаңбыр дауысы .  Қолында қолшатыр. Қолшатыр су ,су. Машина дауысы. Көңілінде жалғыздық. (Өзіне-өзі сөйлеп келеді) Жыламсырап өлең оқып келеді:

Сергелдең көңіл, сергелдең көңіл, сергелдең

Сенделіп келем шемен сыр беріп шер кеудем.

Қолшатырдың астына жүгіріп келіп,бейтаныс жігіт кіреді .Қыз шошына қарайды.

Бақыт: -Қарындас , неден қашып келесіз?

-?!

Бақыт: Даңғазадан қашып келесіз ғой. Әлгінде сыртыңыздан бақылап отырдым. Аналарың рухани аш қой, соны толтырмаққа әрекет етуде. Азып барады. Өзің жалғыздықпен алысып жүрген жан сияқтысың. Жанарыңда мұң басым.

Әсел: - Маған мұң серік болғалы қашан.

Бақыт: Көңілің шерге толып тұр ғой. Тарқатуыңа болады. Мен түсінуге тырысайын.

Әсел: Ия, ия есімде...Анам қатты ауырғанда Аллаға хат жазған едім. Алладан анамды тірі қалдыр деп өтінгем. Таңсәріде анам мәңгілікке көз жұмды. Сонда хатым Аллаға жетпей қалды деп шырқырап жылағам. Өсе келе Аллаға хат емес,  мінәжат керектігін ұғындым. /Бейтаныс жігіт !Әселге таңырқай қарап қалады./.

Бақыт: Есімің кім?

Әсел: Атым -Әсел.

Бақыт:- Атың тәтті болғанмен, тағдырың ащы екен.Менің есімім -Бақыт. Өмірде көп нәрсе жоғалтқам. Тәубаға келдім. Жоғалтқанымды түгендеуге тырыстым. Жаным-жұбанышқа, көңілім-сабырға үйренді.

Әсел: -Мені бала кездегі мейірім тапшылығы, өссем де мазалайды. Ол маған сағыныш дерті болып жабысты. /Сағым жылдар әнінің әуені ойнап тұрады./

Бақыт: -Ия, мен де сағынам. Мен жалғыз тауды сағынам.

Әсел:-Тауды!?

Бақыт: - Мен бала жүрегім жарылып кетердей күрсіне жалғыз тауға қарайтынмын. Жалғыздығынан  шошынған болармын. Сонда таудан жалғыздығыңа налитын кезің бола ма ? -деп сұрағым келетін. Оның жалғызсырайтынына мына бір оқиғадан кейін анық көзім жеткен. Көрші шал түнде үйінен шығып тауды құшақтап өліпті. Бәлкім, жалғыз таудың жабырқап, жалғызсырағанын сол қарт естіген болар. Жаназасына жиылған дүйім жұрт: «Тау шақырған екен» десті. Сонда жалғызсырап құлазығанда адам баласын бауырына шақырып дауыстайды екен-ау деп шошынып , жалғыз таудан алыстай бергем. Алыстасам азабым сейілер дегем. Қайдағы...Тас тағдырлы тірлікке көндіге алмай жүргенімде , әлгі тасбауыр жалғыз тау түсіме жиі кіретін болды. Біртүрлі сағынатын сияқтымын...

Әсел:-  Мұны неге айттыңыз?.

Бақыт: Білмеймін. Жеңілдеп қалған сияқтымын.

Әсел: -Ағай, сіз қайда тұрасыз?

Бақыт: -Ан-а-у, зәулім үйді көрдің бе?

Әсел:- Ия.

Бақыт: Сол зәулім үйдің шатырында тұрамын.

Әсел: Әзілқой екенсіз.

Бақыт:-Бұл менің шыққан биігім ғой. Шыққан ұшпағым. Содан соң ұлы ойлар биікте туылады ғой.

Әсел: Міне, мен де келіп қалдым. Рахмет, сізге шатырда тұратын , аға. Түсінде жалғыз тау көретін , аға.

Бақыт: Сен де жатсынбай сырыңды аштың. Адамдардың барлығымен осылай ашыла сөйлесуге қорықпайсың ба?

Әсел:  Сізден қорықпаймын. Тауыңыз бар екен. Тауға ғашық адамнан қорықпаймын. Биігіңіз мұқалмасын, төзіміңіз жұқармасын! Сау болыңыз!

Бақыт: Сау бол Әсел қыз, әсем  қыз./ қыздың соңынан ұзақ телміре қарап қалады. Музыка/.

                                       Ү -көрініс

«Сағындым сені» әуені ойнап тұрады.Әсел саябаққа келіп,к өзімен әлдекімді іздейді. 

Запись жүре береді.  Мен неге қайыршыны іздеймін.? Арада не ұқсастық бар. Бәлкім, мұңлы әуен шығар мені баурап алған. Сағыныш әуені. Мендегі сағыныш ұғымы. Бәлкім, екеуміздің басымызда ортақ мұң. Бәлкім,  ана әуен мені сиқырлап алған. 

Орындықта отырған кемпір: -Қызым, біреуді іздеп  жүрсің бе?

Әсел: -Мында, бір қайыршы бар еді.

Кемпір: Қайыршыны іздеп жүрсің бе?

Кемпір: Ия, қайыр-садақа көптеген бәлекеттерден сақтайды. Ниетің қабыл болсын. Жақсы болды ғой, жастар имандылыққа бет бұрып. Біздің кезімізде ондай ұғымдар айтыла бермейтін. Мен, анау сарнаған көше сыпырушы әйел, қайыршы-үшеуміз осы саябақтың тұрғынымыз. Бірақ қайыршы көрінбей қалды?  Байғұс, қайда жүр екен? Қазір,кризис қой,кризис..

-Қолым бос, жалғызбын.Жалғыздықтан қашып осында келем. Өзім сияқты көрші кемпірлер бар, бірақ олар немере бағудан қолдары тимейді. Бала баққандары аздай немере бағып жүр сүрлігіп. Қойшы соларды. Өзіңнің ата-анаң бар ма?

Әсел: -жоқ апа, олардан ерте айырылып қалғам.

Кемпір: Ия, қызым. Бақ та, қайғы да ауыспалы екен. Жас кезімізде білмеппіз. Жұмыс істеп, үкіметке мәңгі керектей сезініппіз. Күйеуге тидім. Перзент болмады. Күйеу де кетіп қалды. Ешкімге керек болмасам да үкіметке керекпін деп ойлаппын ғой, мен жазған. Үкімет пенсия жасқа келген күні бір құшақ гүл мен телевизор сыйлады да шығарып салды.

Зейнетке шыққасын ауру-сырқауым да көбейіп кетті.Түнімен аяғым сырқырап қақсайды.Бір күні аяқ  жағымда жатқан итіме ауырған аяғымды қойып күбірледім:

-Ауруды берген жаратқан ием, шипасын да бере гөр ! Менің ауруымды мына жатқан хайуанға өткізе гөр-деп күбірлеп жатып ұйықтап кетіппін.Азанда құлағыма қыңсылаған үн келді. Ақсаңдай басқан итімді көріп :

Қайтейін,мен бұл қадамға амалсыз бардым ғой.Енді сенің ауруыңды қара жер алсын.Қара жерді баса бер..жер көтереді дедім.Қандайлы тағдырды жер көтермей жатыр дейсің ,қызым ! Бағыңды жолықтырсаң абай бол .Ауып кетпесін .

-Өзіңнің ұнатқан жігітің бар ма?

Әсел үндемейді.  

Әсел: Рахмет,  апа. Қайыршы көрінбейді ғой. Мен кетейін.

Кемпір :Әлгі менің итім  де  осында жүр ақсаңдап.Ойбай ,  белім. Әй,ит өмір-ай .Тузик,тузик... Алыстан иттің үрген даусы естіледі.

Алдынан екі кемпір шыға келеді. Қызым тоқташы.

Әсел: -Не болды,  апа ? Адасып жүрсіздер ме?

1-кемпір. Жоқ.

Қызым, құдайға сенесің бе?

Әсел: Ия, сенемін.

2-кемпір:- Бақытты болғың келеді ме?

Әсел: Кімнің бақытты болғысы келмейді, апа.

1-кемпір. -Мына кітапта бәрі жазылған. Иегова куәгерлері.

Әсел: -бұл басқа дін ғой.

2-кемпір:Олай деме, қызым, құдай бір ғой.

Әсел: Жо-жоқ маған ұлтымды, дінімді, иманымды, жанымды сатып келген бақыттың керегі жоқ. Ой, апа шүкіршілік етер жастасыздар, неге адасып жүрсіздер?.

2-кемпір: -Осы сөзің үшін о дүниеде жауап бересің.

1-кемпір: -Дінімді сатпаймын деп қақсауын қарай гөр.

                               VІ-көрініс

Бөлмеге көңілсіз енеді.

Ләззат: Әсел, қалайсың?

Әсел: -Мен қайыршыны іздеп таппадым. Шошындым...

Ләззат: -Түсіңнен шошып садақа бергін келген ғой.

Әсел: Түсімде болса ,бірсәрі ,өңімнен шошыдым. Ләззат, сен бір символикалық сурет салшы. Сол суретте арқандаулы адамдардың есеңгіреп жатқанын, сол арқанға маталып, өзге дінге еніп есеңгіреген тағдырлардың бейнесін жасашы. Неге, мен өмірдің көлеңкелі тұсын көп көрем. Әлде, үлкен күннің суретін салшы, біздің қоғамның көлеңкелі тұсына күннің шуағы түсіп, бәлкім өзгерер.

Ләззат: -Ақынбысың деген. Тағы не әсер ете қалды.Көлеңкелі тұсқа шуақ шашардай сәулелі жырларды өзің де жазсаңшы.  Өлең жазбай кеттің ғой?

Әсел: Өлең дейсің бе. Шабыт келсе жазармын. Көңілім бірдеңеге алаңдаулы.

Бөлмеге Айдана мен Құралай кіреді.

Айдана:  Алаңмын дейсің бе? Конечно, Санчодай жігітті сындыру оңай емес.

Құралай: Әсел, өткенде неменеге өзіңше болып қалдың. Санжардай жігітті армандап жүрген қыздар қаншама. Ол да өз бағасын білетін жігіт.

Айдана: Санчоға қыз көп қой.

Әсел: Ал маған сол Санчоларың түйеге мініп алып, түйе іздеп жүрген адамға ұқсайды.

Құралай : Түйеге ?! Айтады екенсің .Оның қап-қара Джипің көрмеген екенсің.

Айдана : Джиптің номерінің өзі неге тұрады ? 777  ВО ! /бас бармағын көрсетіп .

Әсел :Сол серілерің - ауру. Ауруының аты «мен-мен». Сосын тым-тым ақылды. Ал маған ондай ақылды жігіттер  ұнай бермейді

Айдана: (күліп) Онда сен ақымақ адам іздеп жүрсің бе? Ия,ия, сәл есуастау.. кешір сәл-пәл қиялилау,

Құралай : Қуғынбай деген сияқты.

Әселдің телефоны шырылдайды.

Әсел: Алло, тыңдап тұрмын.

Санжар: Алло, сәлем! Бұл мен Санжармын ғой. Телефоныңды өткенде қыздардан алдым. Сендерге қарай келе жатырмыз.Ресторанға барамыз.

Әсел: - Бара алмаспын.

Санжар: Менің қолымды ешкім қаққан емес. Ойлан, красавица.

Есік қағылады.

Құралай: Кто там?

Бақыт: Кешіріңіз, Әсел осында тұра ма?

Құралай:-Ия! Әселя ,саған келіп тұр.

Әсел: - Тау аға?! (лирикалық музыка) . Бақыт пен Әсел бір біріне қарап қалады.

Бақыт: Үйіңіздің осы маңда екенін білген соң кіріп, жағдай сұрайын деп...

Әсел: -Келіңіз, төрлетіңіз. (Бақыт отырады.)

Қыздар, менің жаңа танысым-Бақыт.

-Ләззат

-Бақыт

-Айдана

-Бақыт

-Курча десең болады, Құралай

-Бақыт-Құралай қыз бұ қалай? Әп-әдемі есіміңізді өзгертіп.

-Құралай: Есімім ғана ма? өзім ше (фигурасын көрсетіп)

Қыздардың бәрі күледі.

Әсел: -Мен шәй дайындайын.

Ләззат - Өзіңіз жайлы айта отырыңыз. Тереңірек танысайық.

Бақыт: Мен -сазгермін , ән шығарам. Әзірге қолдан келетіні сол ғана.

Айдана: О,о.. (қолын шапалақтап) шәй қайнағанша ән салып беріңізші.    

Бақыт «Сені іздедім» әнін орындайды.

                 Көзімді ілмей ақ таңға,

                 Мөлтілдеп жасым  аққанда,

                 Жалғыздық жанға батқанда,

                 Сені іздедім.

 

                 Тағдырдан сағым сынғанда,

                 Үндемей іштен тынғанда,

                  Тең көрмей тіпті бір жанға,

                  Сені іздедім.

                 

                 Жұбымен бәрі жүргенде ,

                 Мысқылдап маған күлгенде,

                 Қамығып өмір сүргенде,

                 Сені іздедім.

 Қыздар бас шайқап таңғалысады.

Есік қағылады. Бөлмеге Санжар кіреді.

Санжар:-Оу,  сұлулар,  әлі дайын емессіңдер ме? Ресторанға барамыз деген едім ғой.

Айдана:  Ресторан?  Әселя бізге айтқан жоқ қой. 

Санжар: Оу, сұлу қыз мұны қалай түсінуге болады./ Әселдің бетінен сүюге ыңғайланады.Әсел бетін бұрып әкетеді./.

Әсел: Менде не шаруаңыз бар?

Санжар: Шаруа деймісің? Мен істің адамымын. Шаруа, паруаны білмеймін. Ал,мынаның не шаруасы бар сен де. Әлде тапқан жігітіңнің  сиқы осы ма? Бармағыңды сорып ғұмыр кешпекпісің ?.

Бақыт: Ия, менде қызығатын байлық та қызмет те жоқ

Санжар: Сен мына адамнан қандай бақыт көріп тұрсың. Бақытты болуға да негіз керек қой.

Әсел: /Тәкаппарлана./.  Қолдан бақыт жасаса несі бар! Бәлкім қолдан жасалған бақыт баяндырақ болар.

Санжар: Солай ма? Әсел қыз. Көлге тарсаң , шөлге қашқан шүрегей деген бір ақынның сөзі бар емес пе. Ия, махаббаттың  көзі соқыр, бақыттың тазға барып қонатыны тағы бар. Өмір сүруді үйрену керек. Мен, мен өмірді еркін сүріп, жалғанды жалпағынан басқанды ұнатамын. Мына бір қара жаяу секілді емес.

/ Бақыт Санжарға ұмтылады. Әсел жан ұшыра жүгіреді./.

Бақыт: Сендер ғой өмірдің парқын білмейтін.

Санжар: Өмірге баға беретін сен кімсің?!

Ләззат: -Санжар, тіліңді тарта сөйле! Ұят деген болу керек!

Санжар: Ұят! Қайдағы ұят! Қазір ұяттың ұясы бұзылғалы қа-ш-ан!

Бақыт: -Ұят -бір қауым ел деген.

Санжар: Мақалыңа болайын, Философ бола қалуын.

 Қайрат :  Санчо, қайнамай-ақ  қой қайтайық ! (иығынан қағып)

Жаңабай :  - Сәке, саған қыз проблема емес қой, жүр енді

Санжар : Қыз дегенін көк шыбық секілді.Долларды көрсетіп қойып,қалай майыстырсаң,солай иіледі.Ондайларды талай көргем.

Ләззат: Шық үйден,сұмырай!.

Санжар: Өтірік,мүләйімсуді қойсаңдаршы.Бұл сенің үйің емес.Жалданған квартира ғой.Өңшең жалаңаяқтар !

Айдана: Санчо,сені осыншалықты азғын деп ойламаған едім.Бүгін маскаң шешілді ғой.Қол жетпейтін жігіт деп жүрсек,шық үйден!

Бақыт: Саған қыздар шық деді ғой. Неге кетпейсің?

Санжар: Менің кеудемнен итеретін адам әлі туған жоқ..

Бақыт: Қыз тағдырын ойыншыққа айналдырып жүр екенсің ғой,оңбаған.

Санжар Бақыттың қақтығысы. Бақыт отырып қалады.Санжарды достары жетелеп алып кетеді.  Әсел Бақыттың жанына келіп

-Ыңғайсыз болды ғой. ..Ауырады ма.?

Бақыт: Ештеме етпейді.../Фонда лирикалық музыка./

Консерваторияны бітіріп, әндерім елге таныла бастағанда,қызым қатерлі ісікке шалдықты. Анасы екеуміз шарқ ұрып ,ем іздедік. Баспанамызды банкке қойып,кредит алып, қызымызды Мәскеуге апарып,ота жасаттық.Отадан аман шықты. Бірақ, күн өткен сайын семе берді.Қызым қайтыс болды. Жарым есінен ауысқандай көше кезіп,қызымызды іздейтін. Сөйтіп,қаңғалақтап келе жатқанда көшеде машина қағып кетті. Ауруханада есін жимаған күйі көз жұмды.Банк үйімді тартып алды. Далада қалдым. Өнерім тұншығып,өмірім өксумен өтіп жатты... Әселді көргенде көңілім сергіп ,музама тіл біткендей болды. Жаңа әуен келді санама.Бұл не  түйсіну ме, ,сүю ме?/қыздарға қарайды/.

Құралай: Әрине,сүю./музыка беріледі/.Бақыт Әселге қарайды.

Әсел: Менің жаным да күннің шуағындай жылылық іздеген.Көлеңкелі көңіліме шуақ себілер ізгілік іздедім.Оны тапқандаймын.Жабырқау жанымның шипасын алақан жайып Алладан тілегем.Қасіретімді күлкіге айырбастаймын./Сыңғыр күлкі/.

Бақыт: Осы күлкіңнің садағасы болайын.

Тізерлеп Әселдің алдына отырады.

Айдана мен Құралай қол шапалақтайды. Ләззат бұл сәтті,осы бір бақытты сәтті   сақтап қалу керек. Бәріңді суретке түсіремін. Күліңдер. /суретке түсіреді.Күлген күйі бәрі  сахнада қатып қалады./.Музыка.

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: