Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

БЛОГТАР

06 қаңтар 2019
759
0

Қос апам

 

 

Менің Әсия апа мен нағашы Ғайникамал апам екі отбасының діңгегі, көненің көзі еді. Жастық шақтары ауартпашылығы мол кезге тұспа-тұс келген екі апамның да тағдыры бал татымайтын. Әсіресе, Әсия апам.

 

Атамыз қайтыс болғаннан кейін жастай қалған апам төрт ұлды жеткізіп, адам қатарына қосты. Жамағайын-туыстардың арқасында жалғыздықтың не екенін білмеді, далада қалып, көше кезбеді.

 

Әсия апамды ойласам қазақтың жайма-шуақтығы, кеңдігі, дархан көңіл, қонақжайлығы көз алдыма келеді. Ағам екеуіміз каникулға шығысымен-ақ Саржалға баруға асығатынбыз. Ол кезде біз әкемнің жұмыс бабымен басқа ауылда тұрамыз. Есіл-дертіміз «апамызға бару». Біз барысымен апам «Жүріңдер, Кәдектікіне барамыз. Қымызды сағынған шығарсыңдар» деп жетектеп алып барып, екі-үш үйден кейін тұратын Риза атаның үйінен қымыз ішкізіп қайтатын.

 

Апам ешкіммен қақ-соғы жоқ, артық ауыз сөзі жоқ адам болатын. Тік мінезді, кеуделі кісі еді. Көп ештеңені жақтырта қоймайтын, менсінбей отырушы еді, жарықтық. Өзіне ұнамаса «Қойшы, соны», - деп отыратын. Көрші кемпірлер келіп қауқылдасып отырғанда біреудің бір сөзін ұнатпай қалса тыжырынып, теріс қарап, ернін сылп еткізіп, қиқайып қалушы еді және де бет-жүзің бар демейді, әлгі кемпірге қарап бар ойын лақ еткізіп, мінін бетіне баса салатын. Біз, балалар дөңгелек үстелдің шетін жағалай отырып, үлкендердің қас-қабағын бағушы едік. Кейде ішімнен күлкім келіп отыратын. Құдды бала сияқты еді...

 

Апам іске шебер, пысық адам болатын. Құрттың түр-түрін жасайтын. Шағаладай ақ құрт, қайнаған құрт, ежігей құрт дейсің бе? Ойласаң бітті, сілекейің шұбырып аңсап кетесің. «Апам» десем көз алдыма есік алдындағы ошақта қайнаған құрт елестейді. Апамыз құрт қайнатқанда екі ағайындының балалары бір-бір қасық құшақтап дайын тұрамыз. Ағаш қасыққа таласамыз, онымен құрт жалаған әлдеқайда тәтті еді-ау ол кезде. Кім бірінші үлгереді сол ағаш қасықты ұстап ап қазан-ошақтың қасына барып «стартта» тұрамыз. Құрттың бетіне көбігі шыққан кезде өйдөйт дерсің, «құрт жалау процесі» басталады-ай. Апам жүретін «Әй, әрі кетіңдер, түге! Құртқа түсесіңдер!», - деп. Бірақ, біз қоямыз ба? Құртты сілекейіміз ағып, жалап тоймайынша кете қоймаймыз.

 

Ірімшік пісіргені де қазір қарап отырсам сол кездегі тегін «шебер-класс» екен-ау! Үлкен қазанға сүтті құйып алып, астына от жағып алатын. Қазан-ошақтың маңында жоғарыда ағаштағы шегеде қозының қарыны ілулі тұрушы еді. Әлгіні алып «мына мәйекті жушы», - деп жудырып, жібітіп алатын да қазандағы сүтке бұлғап алатын. Сонда әлгі сүт іріп, қайнай-қайнай ең аяғында қып-қызыл ірімшікке айналатын.

 

Одан қалса апама жүн түтісуге көмектесеміз. Жүнді түтіп болған соң ұршығын алып иіруге кірісетін. Не болмаса жүннен текемет жасайтын. Шетіне қызыл жүннен әкемнің атын жазған текеметі әлі көз алдымда.

 

Апам екі ұлының үлкендерін, менің алдымдағы ағам мен екінші ұлының қызын бауырына алды. «Менің балаларым», - деп меншіктейтін. Екеуі сондықтан да болар аналарын атымен атайтын. Аналары жақындаса апамыз жақтыртпай қалатын. Қалғандарымызды «өз әке-шешеңе барыңдар», - деп күлетін. Тойдан келген күні бес-алты немересі жапырлай алдынан шығамыз. Қазіргідей целлофан жоқ ол кезде, қалтасын толтырып сарқыт әкеледі. Бәрімізге үлестіріп береді. Кәмпит, өрік, құрт алып мәз болып жүргенде байқап қарасақ, жаңағы «өз балаларына» кәмпиттің жақсысын береді екен. Қалғанымыз үндей алмаймыз. Аузымыз бұртиып, кәмпит біткен соң бәрін ұмытып қайта ойынға кірісіп кететінбіз. Кейде екеуіне тығып беріп те жататын.

 

Апамыздың нағыз байлығы - ол сандығы еді. Әлгі сандықта не жоқ дейсің?! Онда мата, бұл дейсің бе, Серігі әкелген шайы (Нәнеміз – Нағима апайымызды солай атайтын), пенсиясы бәрі бар, тіпті жаңағыдай сарқыты да тығулы жататын. Сандықты аша алмай, топ бала маңында айналсоқтап жүреміз. Сандықтың аузында дәу құлып. Оның кілті өзінде, кейде мойнына асып алады. Кейде көңілі түсіп әлгі сандығын ашады. Ішіндегі бұлды көргенде менің көзім жайнап кететін. «Апа, мына бұлды беріңізші көйлек тігіп алайын» деп жармаса кетемін. «Тәйт әрі! Әкеңе алдырт. Ертең мен өлгенде мына кемпір түк жинамапты деп айтпай ма ел-жұрт» деп бала құсап қалатын. Кейде көңілі түсіп бір бұлын береді. Сосын отырып «той-томалаққа киетін маған бір көйлек тігіп бер», - деп бір бұлды таңдап алып шығатын. Апама көйлек тігу деген тіпті рақат! Белін метр алып өлшеп жатпайсың. Көз мөлшермен кішкене кеңірек қып тігіп беретінмін. Ең бастысы, жағасы болып, жеңі ұзын болса болды. Етегін ұзынырақ қып тігіп беремін. Дайын болғанда балаша қуанатын «сен туғанда шашымды тарайтын қыз туды деп қуандым емес пе», - десе мен соған мәз боп марқайып қалатынмын.

 

Апам өзі де ісмер, қолынан келмейтіні жоқ еді. Қашан көрсең құрақ құрап отыратын.

 

Балалар бәріміз шуылдап қасына жатуға таласамыз. Апам жастықты биік салып жататын. Аузы жыбырлап «әх-пүшш» деп жатып ұйықтайтынын қызық көретінбіз.

 

Қай жылы екені есімде жоқ, демалысқа Саржалға келдік. Сол жылы апамдар бие байлапты. Сабаны ыстап, қаймақ жағып биенің сүтін құйған соң саба пісуге кезекке тұрамыз. Жүз-жүзден пісіп, жарысып, арасында ойын қуып кетіп апам айғайлап шақырып жүретін. Көрші үйдегі Нүри апа мен менің Әсия апам кешке қарай «Әй, жүгірмектерге» басып, айғайлап шақырғанда сол көшенің бойы түгел еститін.

 

Бір қызығы, апам оқып, жаза алмайтын. Жәми апа келгенде газет оқытып отырғанын талай көрдім. Пенсия алады, бірақ өзі есептей алмайды, басқаларға есептетіп отыратын. Қартайған шағында көбіне басын төмен салып, іштей күбірлеп, ойланып, шәлісінің шашақтарын сипалап отырғаны күні бүгінгідей есімде.

 

Жас шағында көрген ауыртпалықтың салдары болар апам қайтар алдында өз бетімен кіріп-шыға алмайтын, көзі де көрмейтін. Келсек «мен бәленмін ғой» деп құлағына айғайлап жататынбыз.

 

Нағашы апам қарапайым, аңғал адам еді. Үнемі әзіл-қалжыңы аралас, мәз боп күліп жүретін. Әлі есімде, бір жолы Талдықорғаннан қыдырып Абайға, ауылға келді. Біз ол кезде Би ата ауылында тұрамыз (ескіше Абай совхозы). Бала күніміз. Бірде «леген қайда?» деп сұраса керек (біздіңше «шылапшын» ғой). «Ол не?» дейміз. «Тазик»дейді. «Ә, ол көшеде», -  десек керек. Біраздан соң кеп қайта сұрайды. Сөйтсек, апамыз даланы кезіп, үйді айналып келсе керек. «Көше деген улица емес пе?» дейді тағы да. Неге екенін білмеймін біз коридорды «көше» дейтінбіз. Біз «қорған» десек, ол кісі «дуал» дейді. Осы қылығын қайта-қайта еске алып, бізбен бірге бала боп қарық боп жататынбыз.

 

Апамыз тамақты керемет дайындайтын. Әсіресе, «бу бауырсағын» сүйсініп жейміз, сонымен қатар құймақты (блины) жиі пісіретін. Студент кезімізде ашқарын боп жүретін біздер үшін апамыздың тамағы керемет еді. Және де апам ісмер адам болатын. Тапшылық заманның әсері ме екен сол кездің адамдары көбі іс тігуге жақын болатын. Оны екі апама қарап-ақ білемін. Нағашы апам да үнемі құрақ құрап отыратын. «Бала естігенін емес, көргенін істейді» демекші, мен де ісмерлікке жақын болып өстім. Түн баласы көз ілмей кейде таңды да атыратынмын. Сонда не кітап оқимын, не болмаса қолымда мата мен ине, жіп. Шұқылап отыра беруші едім.

 

Мен оқуға түскен жылы әкеміз Нұрбек ағам екеуімізге Комсомол поселкесінен пәтер жалдады да қасымызға ес болсын деп нағашы апамызды қойды. Нұрбек ол кезде 2 курста оқиды. Апамыздың жанында тамағымыз тоқ, алаңсыз оқып жаттық. Орыс «ағайындылардың» ауласында тұрамыз, үйлеріне үнемі кіріп-шығып жүреміз. Ниетімізге қарай тамаша адамдар еді. Орыс тіліне шорқақпын, бір-екі сөйлемнен кейін сөздік қорым таусылып қалады да, сөйлеуге қысыламын. Сонда нағашы апама «үйде орысша сөйлесейікші» деп жатып кеп жабысамын. Бірақ, апам зуылдап кеткенде мен жауап бере алмай, бетімді басып отырып қалатынмын.

 

Бір жолы институтта орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Олеся Дударь деген мұғалім еркін тақырыпта шығармашылық жұмыс берді. Кез-келген оқиғаны баяндап әңгіме жазып келу керек болатын. Үйге келген соң апамды жұқаладым. «Не жайында жазайық?», - дейді апам. Сол кездерде аулада жүретін кішкентай күшік бар болатын. Бізді сабаққа аялдамаға дейін шығарып тастап, біз қайтқанда құйрығын бұлғаңдатып алдымыздан тосып отыратын да бізді көре сала арсалаңдап алдымыздан жүгіріп шығып, үйге жеткенше аяққа оратылып есті шығаратын. Қылықтары сондай тәтті, кіп-кішкентай күшік болатын. Бірде үйге келе жатқанда күшік жүгіріп аяғына оратылғанда апам құласа керек. Құлап бара жатып «піссіміллә» деудің орнына «аллахуакпар» десе керек. Енді орнынан тұрып жатса әлгі күшік ұшып кеткен таяғын тістеп алып әкеп тұр дейді. Соны айтып апам үнемі көзінен жас аққанша күлетін. Апамыз екеуіміз сол оқиғаны жазайық деп шештік. Апамның көмегімен әдемілеп әңгіме жаздық. Мен қазақша айтам, апам орысша аударма жасайды. Сонымен қойшы әңгімені бірінші жақта жазып шықтық. Ертеңінде осы әңгімем үшін «бестік» баға алдым. Дударь жұмысымды атап, мақтап тұрып «Работа была написана образно», жұмыста ең бастысы сюжет бар дегенде төбем көкке екі елі жетпей қалғаны.

 

Апама қашан барсаң да жүн байпақ тоқып отыратын. Бала күнімізде бізге қыдырып келгенде апамыздың қасына бес бізіміз бен жіп алып «үйретіңізші» деп отыра қалатынбыз. Апам тоқудың небір тәсілін білетін. Кейін қалада тұрған кездерінде анам келгенде «аяғыңды жылы ұста» деп қолына байпақтарын ұстатып жіберетін. Біз де талай байпағын тоздырып едік апамның. Нағашы апамның тағы бір қасиеті – өзін-өзі емдеп алатын. Атасы молда болған адам екен. Үнемі шөптердің қоспаларынан тұнба дайындап ішіп жүретін. Таза сарымсақтың өзін ғана езіп тұмауға қарсы ішетін және бәрімізді ұшықтайтын. Ауырып қалсақ, не болмаса жолға шыққалы тұрсақ «менің қолым емес, Сүлеймен пайғамбардың қолы» деп ұшықтап, «суфф» деп қоя беретін.

 

Әсия апамның кеңк-кеңк күлгені, Ғайникамал апамның очкиын тағып ап танауын көтере қарағанда екі көзі қалың әйнектің ар жағынан екі есе үлкен боп кететіні әлі де көз алдымда.

 

Әсия апамнан үйренген тәлімім шығар студент кезімде елден ерекше болғым кеп өзіме киім тігіп алып жүрдім.  Ғайникамал апамнан үйренген тоқымам да кәдеге жарады.  «Қарты бар ел – қазыналы ел» деп тегін айтпаса керек. Апаларымыз болмаса мұның бәрін үйренер ме едім? Құдайға мың тәуба деймін, аталарымызды көрмесек те, апа тағылымын көріп өстік! Сол кездегі апаларымыз қандай еді, шіркін! Өздері бір мектеп еді ғой! Қазақи дәстүрдің буы бұрқырап тұратын. Қазағымның салт-дәстүрінің жаршысындай еді ғой, жарықтықтар!

 

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу