Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ДРАМА
Құдайдың құдіреті

Блогтар

29.05.2019
5495

Құдайдың құдіреті

Рольдерде:

 

Мақсат – жұмыссыз, бұрынғы банк қызметкері, араққа салынған адам.

 

Нәзипа – Мақсаттың әйелі, базарда ет сатады.

 

Ғани – оралман жігіт (бетперде киіп алған).

 

Ақбота – Ғанидың сүйіктісі (көкек ана).

 

Нәзипа жұмыстан шаршап келеді. Үйдің есігі ашық жатыр. Нәзипа үйге кіреді.

 

Нәзипа (кейіп): - Туу, тағы да есік ашық жатыр. Мақсат, әй, Мақсат! Бармысың? Қайдасың? Қайда кетіп қалған үйді ашық тастап. Фуу, - деп иістен жеркенеді, - тағы жолдастарын жинаған ба? Не істесем болады екен бұны, а?

 

Үйді жинастыра бастайды. Бір мезгілде Мақсат келеді. Қолында шөлмек. Әндетіп кіреді.

 

Мақсат (тәлтіректеп): - «Қарағым-аай! Қиылып, үзіліп қарадың-ааай!»... Ой, Нәзипа сен келіп қалғанбысың? Нәзипа: - Иә, келдім. Неге есік ашық жатыр? Мына жүрісің не сенің?

 

Мақсат: - Әлгі Базарбай келіп, соны шығарып тастауға кетіп ем, сен келіп қапсың. Шай қояйын ба?

 

Нәзипа (қолын сілтеп): - Керегі жоқ! Барып жатып демалшы.

 

Мақсат: - Жооқ! (саусағын шошайтып), жооқ! Балалар уақыты да болған жоқ. Сегізде ұйықтап мені не жын ұрып па?

 

Нәзипа? Ау, Нәзи (қасына жақындап) сен не маған ренжіп тұрсың ба?

 

Нәзипа: - Қойшы, саған ренжідің не? Ренжімедің не? 25 жыл болады жақында. Соның соңғы 10 жылы тозақ болды ғой. Күндегі әдетің осы сенің. Қашан қоясың?

 

Мақсат (басын шайқап): - Ее, Нәзипа мен әдейі істедім бе, айтшы? Мені осыған не әкелді?

 

Нәзипа: - Өзің келдің осы жағдайға.

 

Мақсат: - Жооқ, шатаспа Нәзипа. Мені бұл жағдайға әкелген қоғам!

 

Нәзипа: - Әрине, өз қатеңді біреуден көру өте оңай. Әйтпесе, есектің құйрығын жусаң да мал таппайсың ба? Мақсат: -

 

Есектің? (қарқылдап) Аха-ха-ха! Керемет айттың ғой, Нәзипа.

 

Нәзипа: - Е, несі бар? Қызыл дипломың бола тұра осындай күйде жүрсің. Одан арланатын не бар?

 

Мақсат (дауысын күшейте): - Сен менің намысыма тиетін сөз айттың, Нәзипа... Иә, мен қызыл дипломға бітірдім. Сен де қызылға бітірдің. Бірақ, банк бізді аялады ма? Жооқ, реті келсе, тамыр-таныс, жақындарын жұмысқа алып, біздің орнымызға әлгі боқмұрын жастарды алып, ақыры бізді ығыстырып тынды емес пе? Сен де кеттің. Мен де кеттім. Сен ақыр аяғы базарда ет сатушы боп бірақ шықтың. Ал менің етке ебім болмады. Бірде анда, бірде мында нәпақа тапқан болдым. Олар да маған тұрақты болмады. Саудамен айналысайын дедім. Саттым, желіндім. Сауда менің қолым емес екенін тағы түсіндім. Менен қалған қарызды сен әлі төлеп келесің. Не істеймін мен енді айтшы? (отыра қалып күңіренеді). Ақыры қайғыға салындым. Ішімдегі отты осылай бастым.

 

Нәзипа: - Мақсат! Мақсат! Жарайды, қойшы. Бірдеңесі болар.

 

Мақсат: - Жооқ, Нәзипа! Бүгін айтқым кеп тұр. Құдай бізге неге таршылық жасады екен? Бала да бермеді бізге. Соны жетектесем де саған қызмет қылар едім ғой мен бейбақ. (Басын ұрғылайды, біраз үнсіз отырады да, орнынан тұрып), - Ал, айтшы ал. Өзің қайда жүрсің. Сағатты қарадың ба? Мені мас екен деп ойламаа. Мен есімді біліп тұрмын.

 

Нәзипа (күлген боп алдарқата): - Бәлі, енді жетпегені сен қалып едің. Енді сенің қызғанғаның қалып еді. Кәрі төбет-ау, қанша жасқа келдің білесің бе. Өзім ит әлек боп үйге әрең жеткенде сенің енді мына сөзің жетпей тұр еді маған. Қойшы бала құсамай. Кел, отыр одан да шай ішейік. Мақсат, ә, Мақсат. Әлгі біздегі Қырмызы бар ғой, сол аяғын жарақаттап алыпты...

 

Мақсат: - Әә, мені алдаусыратқың келеді, ә! Жарайды, сонымен қойшы, сосын ... Оған не бопты...

 

Нәзипа қолына пультты алып, теледидар қосады.

 

Нәзипа: - Қой, Мақсат одан да кел теледидар көрейік. Келші қасыма. (Ақырын сыбырлап « Мүмкін ұйықтап кетерсің»). О, Ләйлә Сұлтанқызының бағдарламасы болып жатыр екен. Көрейік.

 

Теледидарда қызтекелер жайлы көрсетіліп жатады.

 

Нәзипа (ашуланып): - О, сұмдық-ай! Мына Ләйлә жетістірген екен. Мынадай бағдарлама бола ма екен? Сұмдық! Басқа көрсететін дүние құрып қап па?!

 

Мақсат: - Айттым ғой мен саған қазіргі қоғамнан бәрін күтуге болады деп. Қойшы басқа каналға. Өздерімен кетсін! Менің еркектігіме сын бұл!

 

Нәзипа: - Мына каналда жарнама екен.

 

Мақсат: - Осы жарнамаң әлдеқайда жақсы. Осыны көрейік әлгі қызтекені көргенше!

 

Нәзипа: - Пәлі, мынау «Қалаулым» ғой. (Замираның сөздері естіледі «Маған бай керек!»). Қай бетімді шымшиын, ойбоой! Енді жетпегені мына қыздың бай іздегені еді. Қазақ қызына тән ба осы қылық?

 

Мақсат: - Әй, дұрыс бағдарлама құрып қалып па, қойшы нормальныйына... Мынау индияның киносы ма? Қой, мұны да әкет!

 

Нәзипа: - Қой, Мақсат біз осы теледидар көрмей-ақ қойсақ қайтеді. Құрып қалғыр! Осы кезде есік қағылады. Нәзипа: - Бұл кім екен. Тағы сенің жолдастарың ба?

 

Мақсат: - Жоға, олар қайтып кеткен. Сен бар кезде оларды жын ұрып па келіп? Үйге көкала жын келгенде (тарқылдап күледі).

 

Нәзипа: - Қойшы, сандырақтамай. Осының қалжыңы бітпейді екен бір, - деп есікке беттейді. - Иә кім?

 

Ғани: - Апа-ау, ашыңыз, ашыңыз. Мен көршімін.

 

Нәзипа: - Көршімін дейді.

 

Мақсат: - Ашсаңшы енді.

 

Нәзипа есікті ашады. Қолында пистолеті бар жас жігіт кіріп келеді.

 

Ғани: - Көтер қолыңды, көтер.

 

Нәзипа: - Ойбай, астапыралла, ойбай, - деп Нәзипа артқа шегінеді. – Піссіміллә, өй, мынау қайдан келді. Піссіміллә. (Отыра қалады).

 

Ғани (бастырмалата, нұқып): - Жүр, неге тұрсың, бар шалдың қасына. Бар.

 

Мақсат (түк түсінбей): - Балам, балам-ау сен қайдан келдің. Қайдан тап болдың мұнда?

 

Ғани (зіркілдеп): - Сөзді қой, шал. Отыр, бұқ! Екі қолыңды желкеге! Жылдам!

 

Мақсат (қорыққанынан екі қолын көтеріп): - Піссіміллә! Піссіміллә! Ойбай, мынау қайдан келді. (Нәзипаға қарап) Неге ашасың есікті.

 

Нәзипа (екі қолы желкесінде): - Сен ғой аш деген енді.

 

Ғани: - Жап ауыздарыңды. Отырған жерлеріңде атып салам.

 

Нәзипа (айғайлай): - Ойбой өлтірді ғой, өлтірді. Аман шығамыз ба, жоқ па. Балам-ау, біз саған не істедік?

 

Ғани: - Жап деймін мен сендерге ауыздарыңды... Енді менің айтқанымды тыңдаңдар. Уақыт тығыз. Тез арада маған ақша керек. Тез.

 

Мақсат (тілі күрмеліп): - Балам-ау, бізде ақша қайдан болсын? Біздің жағдайды көріп тұрсың. Жақсы тұратындарға, крутойларға бармадың ба, балам-ау!

 

Ғани: - Сөзді қой деймін, шал. Бар сендерде, тап жандарың барында.

 

Нәзипа (шырылдап): - Балам-ау, берем, берем ақша. Тек тиіспеші бізге. Ана шкафта әмиян тұр. Ішінде 5-6000 бар-ау деймін. Қарашы.

 

Ғани: - Жоқ ол аз. Маған көп ақша керек! Түсінесіңдер ме сендер?

 

Нәзипа: - Балам-ау, біз де күнімізді әрең көріп отырған адамбыз. Күнделікті тапқанымыз шай-пайдан аспайды.        Біреу есік қағады.

 

Ғани: - Тыныш. Түшш! (Есік жаққа барып тың тыңдайды). - кім бұл, біреу келуші ме еді?

 

Мақсат (басын шайқап): - Жооқ. (Нәзипаға бұрылып), - Нәзипа, біреу келе ме?

 

Нәзипа (үрейлі): - Жооқ.

 

Осы кезде сырттан сәбидің жылаған дауысы естіледі.

 

Мақсат (тәлтіреңдеп): - Нәзипа, мынау жылаған дауыс сәбидің дауысы ғой!

 

Нәзипа: - О, тоба, бұл кім екен келген? Есіктің сыртынан шығады ғой.

 

Ғани (Нәзипаға ымдайды): - Бар, есік аш.

 

Нәзипа есікті ашып қарайды. Табалдырықта жатқан құндақтаулы баланы қолға алады.

 

Нәзипа: - Кім бар мұнда? Әй, қайсың барсың? (Ғани әйелді иығынан жұлқа тартып, үйге кіргізіп алады да есікті жауып алады).

 

Нәзипа (күйеуінің қасына келіп): - Мақсат, қарашы мына сәбиге. Туғанына көп болмаған сияқты.

 

Мақсат (орнынан тұрып балаға үңіледі): - Бұл қайдағы бала? Екі кештің ортасында, а? Мынау деген сұмдық қой. Нәзипа: - Айтпа деймін. Баласын табалдырыққа тастап кеткен қай аяусыз екен десеңші?!

 

Ғани (терезе маңына барып ақырын сығалайды): - Хм, мұндайды бірінші естіп тұрсыңдар ма?

 

Мақсат (еті тіріліп): - Ә, балам дұрыс айтасың. Қазір көкек аналар көбейіп барады емес пе? (Нәзипаға жақындап кеп, балаға үңіледі). – Ути-ти-ти. Тәттісін-ай, өзінің. (Нәзипаның құлағына сыбырлайды) – Мына террорист бала негізі дұрыс бала сияқты байқайсың ба?

 

Ғани (айғайлап): - Жақындама әйеліңе. Немене ақылдасып тұрсыңдар? Былай тұр, - деп шетке нұсқайды да, ақырын келіп өзі балаға үңіледі.

 

Мақсат: - Құдайым бізге бала бермеді. Енді бүгін табалдырыққа әкеп тұрғанын көрмеймісің, ә! Құдайдың құдіреті! Әй, террорист бала, сен бізге майлыаяқ болдың-ей! Келші, бір иіскеп қояйын. (Қолы ербелеңдеп Ғаниды құшақтамақ болады).

 

Ғани (итеріп жіберіп): - Ой, аға жақындама маған. Сонша арақ ішіп не болған сізге?

 

Нәзипа жылаған баланы жұбатып тұрады.

 

Ғани: - Баласы бар болсын, ақша тап деймін мен сендерге. Қазір балаларыңмен қосып... Есік тағы қағылады. Ғани: - Бұл кім? (мылтығын Мақсатқа кезеніп), - сен біреуге хабарлап қойдың ба?

 

Мақсат: - Жоға, телефоныңды берсең хабарлайтын едім. Кімге, қай уақытта хабарлаймын? Тағы да есік тықылдайды.

 

Нәзипа: - Барайын, кім екен? Ғани (пистолетті екеуіне кезек нұсқап): - Осыдан сыр берсеңдер, жайратып салам бәріңді.

 

Мақсат: - Жоға, неміз бар сенде? Баламыз кеп риза боп тұрғанда...

 

Ғани перденің артына тығылады.

 

Нәзипа: - Бұл кім? Қыздың дауысы: - Апай, мен ғой. Ашыңызшы. Балама келдім.

 

Нәзипа: - Астапыралла! (есікті ашады).

 

Қыз бала (кіре сала балаға жармасады): - Баламды беріңізші, апатай. Балама келдім.

 

Ғани қызды көріп шығуға ыңғайланады да, қайта тығыла түседі.

 

Нәзипа: - Тұра тұр, қарағым. Бұл бала сенікі деп кім айтты?

 

Қыз: - Бала менікі, апай. Кешіріңізші, қателік істедім. Күнәға бата жаздадым. Ойланбадым.

 

Мақсат: - Жооқ, қарағым. Кешіріңіз деп айта салу оңай. Қателік жасадым деп те айту оңай. Сен де бір көкек ана екенсің. Қалай ғана дәтің шыдап мына баланы табалдырыққа тастап кеттің? Жооқ, бұл сенің балаң емес. Біздің бала.

 

Қыз (Нәзипаға жармасады): - Апай, мені сіз түсініңізші. Менде басқа шара болмады.

 

Нәзипа: - Өрімдей ғана қыз екенсің. Жасың нешеде? Қыз: - 17-демін апай.

 

Мақсат: - Сені шошаңдатып, көкек атандырып ата-анаң қайда қарап отыр, а? Баланы көрінген жерге лақтыртып қалай ғана жер басып жүр олар, а?

 

Қыз: - Аға, менің ата-анам білмейді. (солқылдап жылайды). Ауылда...

 

Нәзипа: - Баланың әкесі қайда?

 

Қыз (отыра қалып жылайды): - Апатай, мен алдандым. Ұрынып қалдым. Бір жігітке өлердей, ес-түссіз ғашық болдым. Ол жігіт кейіннен жоқ болып кетті. Мен аяғым ауыр екенін кеш білдім. Ол жігіт баласы бар екенін білмейді де. Өзі оралман жігіт болатын. Қазақстанның азаматтығын ала алмай жүрген болатын. Қайта Монғолияға кетіп қалды-ау деймін.

 

Мақсат (шыдамсызданып): - Баласының жағдайын сезбейтін қандай ата-ана ол?

 

Қыз: - Мен ата-анамнан қорқып, каникулда үйіме де бармадым. Жатақханадан шығып, құрбымның үйінде боламын деп өтірік айтып, құрбымдыкіне барып босандым. Екі күн баланы қайда тастарымды білмей шарқ ұрдым. Ақыры, кешке осы үйдің алдына әкеп тастадым. Апайдың баланы алғанын да көрдім, бірақ кете алмадым. Үйді айналсоқтап көөп жүрдім. Қия алмадым баламды.

 

Нәзипа: - Әй, байғұсым-ай. Не күйге душар болдың екен?

 

Осы сәтте шымылдықтың артынан Ғани шығады.

 

Ғани (жанұшыра, ақырын ғана): - Ақбота!

 

Қыз (жалт бұрылып, таң қалып): - Ғани!

 

Ғани: - Ақбота!

 

Қыз: - Ғани! Бір-біріне қарай жүгіреді.

 

Екеуі де солқылдап отыра қалып жылайды. Бірін-бірі аймалап, құшақтап жібермейді.

 

Мақсат (аң-таң): - Өй, мыналарға не болды ей? Өй, террорист саған не болды?

 

Ғани (орнынан тұрып, көз жасын сүртіп): - Аға, мен террорист емеспін. Мен де тағдыр тәлкегіне ұшыраған бір бейбақпын...

 

Мақсат (аңырып): - Е...

 

Ғани: - Әкем туған жер топырағын өмір бойы аңсап өтті. Отанды сүюді, туған жер топырағын аялауды, ұлтымның киесі барын әкемнен ұқтым. Атамекен топырағын аңсағанда әкем көкірегі қарс айрылып, «Қайран, қазақтың жері», деп сүйсініп тұрып, көзіне жас алатын. Әкем ата қонысын өмір бақи айтып өтті. Ақыры сол жақта көз жұмды. Әкеміздің арманын арқалап апайым, жездем үшеуіміз Қазақстанға келдік. Келгенімізді қайтейік келгелі сандалып күн кешіп келеміз. Қазақстанның азаматтығын алу біз үшін қиямет-қайым болды. Жездем ақыры азаматтығын ала алмай, ауырып қайтыс болып кетті. Апайым болса басына хиджаб кигені үшін талай жәбір көрді, тек бар айыбы кейінгі екі жылдан бері намаз оқиды. Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер екеуімізді талай рет тексеріп, ит әлегімізді шығарды. Ақбота біледі ғой шет жағасын.

 

Мақсат: - Сосын...

 

Ғани: - Апайымның да тұрақты жұмысы жоқ. Қолынан тамақ істеу ғана келетіндіктен, әр жерде жалданып, күніне екі-үш мың теңге табыс табады, сонымен күн көріп жүр. Бізге берілген уақытша тұру рұқсатының мерзімі биыл маусым айында аяқталады. Біз қазір екі елдің ортасында қалдық. Моңғолияның азаматтығынан шығып кеттік. Оралман бола тұра үкіметтен осы уақытқа дейін бір тиын көмек алғанымыз жоқ. Енді қайда барамыз? Елім деп еңіреп келгенде неге біз бақытты өмір сүре алмаймыз?

 

Мақсат (есін жинап): - Балам, қаруды қайдан алдың?

 

Ғани: - Аға мен басымды тауға да, тасқа да соқтым. Мешіт маңына барып құдайдан көмек сұрап зарығып жүргенімде маған жанашырлық танытқан жігіттердің сөзіне иланып, солардың тобына қалай кіріп кеткенімді де білмей қалдым. Сөйтсем лаңкестердің ортасынан бір-ақ шығыппын. Олардың ықпалынан шығу маған қиын болды. Табан астында атып тастап, далаға лақтырып кете ме деген үреймен өмір сүрдім. Ақбота кешірші, мен саған келем деп талай уәде беріп, келе алмадым. Оның себебі осы еді. Бүгінгі жоспар бойынша біз қару дүкенін тонап, лаңкестік іс-әрекет ұйымдастыру еді. Мен қасымдағы жігіттің көше айналғанын пайдаланып, үйлердің ортасымен қашып жүріп сіздің сарайыңызға кірдім. Кешеден жасырынып жатырмын. Мен ешкімге әлі қиянат жасап көрген адам емеспін. Тек қашып шығудың амалымен ғана жүрмін. Сіздерден де ақша алып, қайтадан келген жағыма түнделетіп қашсам деген ойым бар еді. Менің жағдайым осы, аға!

 

Мақсат: - Бәсее, террорист бала. Мен сенің жаман адам емес екеніңді бағана білгенмін. Әйтпесе, бағана әйелім есік ашқан бетте-ақ көк желкеден қойып қалар едің ғой. Сен олай істемедің «шалдың қасына бар» дедің. Соған қарағанда мына бала негізі дұрыс бала ғой деп ойладым... Еее, балаларым-ай. Сендердің не кінәларың бар? Мұның бәріне кінәлі қоғам ғана. Баяғыда Мөңке би болжап кетпеді ме?

 

Азарсың, жұртым, азарсың,

Азарыңның белгісі:

Ертеңіне сенбейтін күнің болады,

Бетіңнен алып түсетін інің болады.

Алашұбар тілің болады,

Дүдәмалдау дінің болады,

Әйелің базаршы болады,

Еркегің қазаншы болады,

Ішкенің сары су болады,

Берсең итің ішпейді,

Бірақ адам оған құмар болады,

Заманақыр болар да, жер тақыр болар,

Халқы пақыр болар.

Балалар жетім болар,

Әйелдер жесір болар,

«Ә» десе «мә» дейтін кесір болар.

 

Мақсат: - Сондықтан балаларым, қазақтың баласы ешқашан да мойымаған, ішқұсалыққа салынбаған. Қазақ –қайсар халық. Сондықтан балам, еңсеңді түсірме. Құдайдың құдіреті керемет қой! Екеуіңді біздің босағада табыстырғанын айтсайшы. Солай ғой, Нәзипа?!

 

Нәзипа: - Иәә, солай қарақтарым.

 

Мақсат (Ғанидың қолынан пистолетті алып): - Әділдік сен жағына шығады, балам. Оған мына апаң екеуіміз куәміз! Біз сені көрген жоқпыз. Сен бізді көрген жоқсың. Ал, айналайындар, жолдарыңа гүл бітсін, шырақтарым!

 

Нәзипа (есік аузына дейін шығарып салады): - Қарақтарым, баланы байқаңдаршы. Байқа... (қолы созулы күйде қалады).

 

Мақсат: - Нәзипа, бірақ, десе де Мөңке би мұның артының бәрі қайыр болып, түбі жақсылыққа ұштасатынын да айтқан екен: Күндердің күнінде айтарлықтай заман туады, Сол заман жоқшылықтың бәрін қуады. Түрлі-түрлі халық болады, Күндіз-түні жарық болады. Сондықтан, Нәзи мен де бүгіннен бастап өзгеремін. Уәде етемін! Екеуі құшақтасып тұрып қалады


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: