Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Мәмилә (поэма)

БЛОГТАР

29 мамыр 2019
955
0

Мәмилә (поэма)

Preface:Әкем Жүнісбек ШАЙМЕРДЕННІҢ бұл поэмасы ҰОС жылдарындағы болған оқиға іздерімен жазылған. Болат пен Марат бала кезден өмірлік достар. Болаттың анасы және Мәмилә есімді жаңа үйленген сұлу жары бар. Марат жетім өскен бойдақ. Екеуі сұранып майданға аттанып, сұрапыл ұрыстарда Болат опат болып, Марат жараланып елге қайтады. Тағдырдың жазуымен досынан айырылған Марат жылдар өткенде марқұм Болаттың әйелі Мәмиләға үйленіп балалы болады. Күндердің күнінде аяқ астынан ауылға тірі Болат келеді...

Поэма Шашубай Шаймерденнің мұрағатынан алынды.

 

Preface:Поэма моего отца Жүнусбека Шаймердена «Мамила» написана сразу после второй мировой войны 1947 году, по следам реальных событии. Болат и Марат дружат с детства. У Болата престарелая мать и жена красавица Мамила. Они женились год назад. Марат одинокий парень, вырос сиротой. Два друга добровольно уходят на фронт. В одном ожесточенном бою Болат погибает. Марата после ранения отправляют домой. По воле судьбе через какое то время Марат женится на вдове Болата – Мамиле и становится отцом. В один прекрасный день в деревню возвращается погибший Болат...

 

 

 

Жүнісбек ШАЙМЕРДЕН

 

МӘМИЛӘ

(поэма)

 

Жаз күні еді жадыраған шуақты,

Күннің көзі көкжиектен ауғанда.

«Соғыс» деген саңқылдаған қуатты,

Суық сөздер жеткен сәтте ауданға.

 

Баянауыл басындамыз ол кезде,

Ел көңілді, ойын-сауық, ақ қымыз.

Сабындының жағасында леп-лезде,

Жиналамыз сауық құрып жігіт, қыз.

 

Су сепкендей басылды ойын сайраны,

Маусымдарда кенет қаңтар туғандай.

Қамсыз елдің ұйып тұрған айранын,

Төгіп кетті «фашист» атты қу маңдай.

 

Жауға халық әзірледі ұлдарын,

Ұран қылып батырларын нағыздан.

Есен тентек, Шәуке сынды құндарын,

Олжабай мен Жасыбайды аңыздан.

 

Жігіттер дайын болды осы замат,

Әскерге ылғи мықты іріктелді.

Қолдарында өтініш екі азамат,

Комиссарлық бөлімге кіріп келді.

 

Комиссар өтінішті шықты оқып:
—«Бізді де қан майданға жіберіңіз.

Бар халықпен бірігіп,  күшті қосып,

Кек аламыз, кем емес жігеріміз!»

 

Бұл екі дос, Болат пен Марат еді,

Өтініштер ұзамай ілікті де.

—«Екеуі де майданға барад»,—деді

Комиссар қосты жұпты еріктіге.

 

Мектептен бірге өскен екі сырлас,

Өндірісте бір жүрді жұп жазылмай.

Өмірлік бір-біріне мәңгі жолдас,

Ешқашан абыройға кір жағылмай.

 

Марат жетім, өмірде жалғыз ғана,

Болаттың анасы бар Қадиша атты.

Маратты жақсы көрді, ана дана,

Жалғыздығы әрине жанға батты.

 

Болат былтыр үйленген, әйелі бар,

Жас науша Мәмилә атты сүйген жары.

Тағатсыздан күтетін, пейілі нар,

Қарсы алады еркелеп үйден жаны.

 

Қарт ана амандасты екі ұлымен,

Қадиша адам еді сабыры мол.

Қорғаңдар Отаныңды төрт қолыңмен,

Біз болайық тілеуқор айтарым сол.

 

Мәмилә жұбайының қолын тұтып:

—«Қабақ шытпай құшатын жарым едің.

Жеңіспенен оралшы жауды ұтып,

Қарсы алам сағынышпен, жаным ерім!»

 

Болат, Марат қоштасып кетті жүріп,

Қарасты сұлу тауға тағы да бір.

Баянның жібек желі беттен сүйіп,

Аман жүрші дегендей, баһадүрім.

 

Балалық шақ доп ойнап, асық атқан,

Замандаспен жарысып таймен шауып.

Талай қызық оқиға елес қаққан,

Тәтті өмірдің біразы ауық-ауық.

 

Орта жол Майқайыңнан кетті өтіп,

Қоштасты жерлестермен кеншілері.

Қара Ертіс өзеніне келді жетіп,

Кең паром жігіттерді еншіледі.

 

Ертістің ар жағына оң жағаға,

Жеткізді суды қармап үлкен паром.

Сәлден соң отырады вагондарға,

Аттануға жолдармен тарам-тарам.

 

Болат сергек жігіт еді, өзі сері,

Жүрген жері болатын сауық-сайран.

—«Ойнайын жұрт естісін әрі-бері,

Әперші сырнайымды, қылып қайран».

 

Болатжан ән шырқа деп, жұрт сұрады,

Баянауыл әндеріне  бәрі құмар.

Жаяу Мұса, Жарылғапберді, Мұстафаны,

Құйқылжытып салғызды ойға тұмар.

 

Шаршатып бес-алты күн өтіп кетті,

Жүйрік поезд жүрісін баяулатты.

Майданның маңайына келіп жетті,

Әрі қарай жігіттер жаяулатты.

 

Ротаның командирі болды Болат,

Марат жүрді меңгеріп пулеметті.

Борыш өтеп келгеніне үш жыл толады,

Екеуі де әскерден білген епті.

 

Ол кезде соғыс жойқын Москва үшін,

Фашистердің араны қатты ашылды.

Аямай жас қазақтар жұмсап күшін,

«Вермахтың ұлы әскері» күрт ашынды.

 

Таң алдында майдандық шепке барып,

Ең алдыңғы қатардан орын алды.

Болат, Марат екеуі қатар жатып,

Дұшпанды қарсы алуға ыңғайланды.

 

Сол сағатта қолбасшы бұйрық етті,

Қорғаймыз бұл қаланы өлгенше деп.

Ротасын Болат бастап алға кетті,

Қоштасып Маратпенен көргенше деп.

 

Шиеленіс ушықты алғы шепте,

Қалаға кірмек болды жау әскері.

Пулеметпен дәл ұрып Марат шетте,

Көріп тұр мұның бәрін дәл ескеріп.

 

Қол айқас басталыпты бір мезетте,

Екі жақ кезек төгіп ыстық қанын.

Өмір тұрды ажалмен бір кезекте,

Кезеніп бір-біріне «штыктарын».

 

Батырлар немістерге атой салды,

Сын сағатта кім тұрсын жанын аяп.

Болат кенет Маратты көріп қалды,

Екі неміс қос қанжар тұрған таяп.

 

Болат тез автоматтан оқ боратты,

Сұлатты екі жауды ол сұр мерген.

Марат қалып ажалдан құлап жатты,

Сілкіп тастап қос немісті үлгірмеген.

 

Марат адал досына риза болды,

Тағы бір қырдан көріп дара жанды.

Жаулармен жағаласып жүрген Болат,

Өқ тиіп кенет ауыр жараланды.

 

Қансырап қайран батыр қалды талып,

Марат жылап өкпесіне қолды басты.

Күрсініп аздап көзін ашып алып,

Досына бір-екі ауыз сөзі асты.

 

—«Марат, —деді,—ажал кеп төнді маған,

Кәрі анам  Мәмиләмен не болады?

Тапсырарым сол ғана менің саған,

Көзіңді сал, мен өлсем дос қалады».

 

Содан кейін әл кетіп, тіл күрмелді,

Әрі қарай айта алмай ақыр сөзді.

Өмірін жан-тәнімен сүйген енді,

Асыл ер арпалыста жұмды көзді.

 

—«Шегін!»—деп бұйрық келді сол мезетте,

Жерлеуге үлгірмеді Марат досын.

Билеті мен орденін шешіп лезде,

Алтын сүйек көмілмей қалды тосын.

 

Бір біріне майдандастар ант берісті,

Кек алуға достардың бас-басына.

 Көңіл айтып хат жазып жіберісті,

Үйдегі әйелі мен анасына.

 

«Қара қағаз» ол жетті анасына,

Жас жары, енесімен болды шерлі.

Жетпей жүрген олардың санасына,

Мараттан хат келген соң ғана сенді.

 

Ер Марат жараланып келді ауылға,

Екі шерлі құшақтан аянбады.

Оқиғаны баяндап ел қауымға,

Болатпен айырылғанын  баяндады.

 

Бұдан соң уақыт өтіп жылдан асты,

Әйелдерді әлі де қайғы басып.

—«Қажытты-ау»—деп бұл соғыс қайран жасты,

Қарт ана келінді ойлап кетті жасып.

 

—«Қарағым»,—деп бір күні келініне,

«Жүдедің қайғыменен гүлдей солып.

Ойлаған ойың болса бердім міне,

Батамды обалыңа қалмайын»—деп.

 

Енесін құшақтап ап зар еңіреп,

—«Құтылғың келіп жүрме менен?»—деді.

Болатым кетерінде тапсырып ед,

Не көрсемде сізбенен көрем»-—деді.

 

Марат бойдақ жігіт қой көз тартатын,

Қызығар Мәмиләнің жастығына.

Кір жаққандай болдым деп ой артатын,

Болатқа, оның сүйген ғашығына.

 

Мәмилә сыр айтатын жақын санай,

Бір күні әңгімеден көп сөз кетті.

Мәмилаға мақалдай, ишаралай,

Мақсатын жеткізіпті, көркемдепті.

 

Мәмилә:—«Болаттың бар қарт анасы,

Менсіз тіпті күші жоқ үйге енетін.

Ол кісінің ақылынсыз мен шарасыз,

Жалғыз ғана ұлы еді сүйенетін.

 

Марат бір күн қарияға жүрген алаң,

Әр түрлі жұмбақ мысал келтіріпті.

Болат балаң болғанда, менде балаң,

Менен ешбір көрмессіз кемшілікті.

 

Бәйбіше айтт:—«Табиғат заңы керең,

Өмірдің қиралаңын көрдім талай.

Екеуіңе жүректен бата берем,

Алдарыңнан күн тусын, артыңнан ай».

 

Үшеуі шаңырақта жалпылдасып,

Бір-біріне жат емес, тұрды бірге.

Сәл нәрсеге апа деп ақылдасып,

Болды екеуі ананың билігінде.

 

Төрт жыл өтіп, үшеуі өмір сүріп,

Мәмиләмен Мараттан бір ұл туды.

Қарт ана нәрестені ермек қылып,

Қайғысын соныменен үнсіз жуды.

 

Ойда жоқта почтальон есік қақты,

—«Қойлыбаева Қадиша сіз бе?»—деген.

«Телеграмма! Қуаныш келді жақсы!

Анаға үміт жібін үзбе!»—деген.

 

«Мәмилә мен анашым еріп санам,

Сәлем айтам сендерге туғандарым?

Он-он бес күн ішінде келіп қалам,

Болат атты балаң мен туған жарың».

 

Үшеуі тұрып қалды өшіп үндер,

Мәмилә:—«Адастым деп, соқыр-керең!»

Қарт ана:—«Жауап жазып жіберіңдер,

Балама жауабымды өзім берем!»

 

Болаттан хат та келді ауылды аңсар:

—«Бір ұрыста қалдым деп есім ауып.

Жау жағында жатыппын шала жансар,

Партизандар сол жерден алды тауып».

 

Болат келсе көңілі қалады деп,

Мәмиләмен Марат жүр қатты ұялып.

Жатудың жөні келмес үйді ұя қып,

Екеуі басқа үйге кірді барып.

 

Болат бір күн келді ұшып ауылына,

Көз салып туған жерге тұрды түсіп.

Марат пенен анасы бауырына,

Қатты басып қарсы алды жүгірісіп.

 

Қарт ана құлынымен құшақтасты,

Мауқын басып искеді құшырлана.

Болатпен кезекпенен амандасты,

Үлкен-кіші түгелдей ұшып дала.

 

Жұрт шулап үйге қарай алып жүрді,
Бөтен ой кіргенде жоқ сөздеріне.

Дүрсілдеп жас жүрегі үйге кірді,

Мәмиләсі көрінбей көздеріне.

 

Шашуды шәшіп жатыр, құрт пен майын,

Дастарханды жәйіпті орта тұсқа.

—«Апа, менің қайда еді күн мен айым?

Мәмилә көрінбейді, ол қай тұста?»

 

Марат қатты қиналып шықты сыртқа,

—«Менің кінәм»,—деп ана аянбады.

Төрт жылғы оқиғаны салып ұртқа,

Қысқаша баласына баяндады.

 

Болат біраз ой кешіп, атты көзбен,

Өткен шақтың қызығын есіне алып.

Ақсақалдар мәйдалап жатты сөзбен,

Жазықсызын бұлардың еске салып.

 

Тұрды Болат іздеуге Марат досын,

Еш жерден көрінбеді дос көзіне.

Тәңір қолдап үстінен түсті тосын,

Қол салайын деп жатқанда өз-өзіне.

 

—«Досым!»,—деп айғай салды Болат қатты,

Жүгіріп кеп Маратты құшаққа алып.

—«Бір мысқал да кінәң жоқ, ақиқатым!
Біріміз бірімізді кештік анық».

 

«Әрине екі ойлыда болдым біраз,

Екеуің қосылыпсың, тәтті өмір сүр!

Көңілім бұзылғаны әуелде рас,

Жұбайлардың бақытын мәңгіге бұр!»

 

Өте ақылды азамат Болат біздің,

—«Бұл жағдайда кінәлі соғыс өткен.

Жазығыңыз жоқ ана, бұған сіздің,

Гитлерге артамыз, соғыс еткен».

 

Үшеуі достық үшін қол алғанда,

Бүкіл ел ер сабырын үлгі қылды.

Ақылменен көтеріп өте алғанда,

Ешқашан кездеспеген мына сынды.

 

Болаттың келген тойы әрі ұласты,

Марат пен Мәмиләнің тойларына.

Құттықтап, бақыт тілеп дабырласты,

Енді ғана қан жүрді бойларына.

 

Қадиша көпті көрген һәм білімді,

Болат, Марат, Мәмилә емес надан.

Ашу, кексіз, кіршіксіз, кешірімді,

Бұл төртеуі ерекше ақылды адам!

 

Бұл оқиға кездесті елден ерен,

Үлгі алсын деп жыр қылдым тоқығанға.

Ең болмады бір сөзі батса терең,

Ғибратты ой салып оқығанға.

 

09.07.1947

Шашубай Шаймерденнің мұрағатынан


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha