Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Мазасыз маусым

БЛОГТАР

22 сәуір 2020
468
0

Мазасыз маусым

Таңертең келген апалы-сіңлілі екеуі үлкен қаптағы тұқымды жерге көміп бола алмай жүр. Қимылдары тәңертеңгідей емес уақыт өткен сайын бәсеңдеп жұмыс істеуден гөрі әңгімеге беріліп отырып қалулары көбейген.

 

 

Күн тыншу. Ауада жаңбыр иісі аңқиды. Күн таңертең бір себелеп өткен, бірер сағат қана соғып тына қалған салқын самал азғана ылғалды қолмен сыпырғандай алып кетті.

 

 

Бақша таудың етегінде орналасқан. Айналасын біреулер тікенек сыммен, біреулер шіліктен тоқыған шарбақпен қоршап, тау етегіндегі жүйек-жүйек қара топырақты құнарлы жерге ауыл адамдары әлдеқашан егетін дәндерін егіп, жүйек-жүйекпен дестелеп қойған. Осы ортақ бақшаға картоп еккен тұрғындар ішінде басқалардан кейін қимылдаған ең соңғысы Ақлима болды. Оның өзі де алған жерін әлі толық игеріп бітпеген, қою қара топырағы бауырдай болып жыртылған аңыздық жер сол күйі ауыл жақ шеті қадаған тіреулермен жартылай ғана қоршаулы тұр.
 

 

Басына орамал тартып, үстіне ерлерше шалбар, етік, қысқа күпәйке киген әйел – Ақлима. Бойы ортадан сәл жоғары. Шашына соңғы жылдары ақ кіре бастаған. Жасы қырықтың ортасынан асса да қимылы ширақ, жүріс-тұрысынан еркіндік, шапшаңдық байқалады. Үлкен отты көздерінен ашу да, қайрат та, тоқтам да, керек жерде күткен сезім табыла кетердей. Сырт келбеті мен аққұба өңіне жараса біткен бедерлі ернінің үстінде жарасымды меңі бар. Ортадан сәл биіе ұзынша  бойы әлі де еңкейе қоймаған ширақ әйелдің жас күнінде ажарлы, қайратты болғаны байқалып білініп тұрады.
 

 

Ақлимаға қарағанда қимылы да, денесі де ауырлай бастаған елуден асқан Жәмиға шешей қазылған шұңқырларға шелегінен тұқым тастап тұр. Ақлиманың кенже ұлы Сарқытқа көмектесіп, екеуі бақшаның екінші басынан бұларға қарсы жүріп келеді.
 

 

Жәмиғаның өзі ширақ болғанмен күйеуі аурушаң адам, жеңіл-желпіге болмаса, қатты қайырымды көтермей көбіне үйде жүреді, малға, отын-суға қарайтын көбінесе ер жеткен ұлдары. Бірер малын ферманың жайылымы кең деп осы Ақлимаға қосады, жазда қалада оқитын студент ұлдары он-он бес күн осында жатып, шөп шабады. Құралдары – шалғы, айыр. Ақлиманың биесі жегілген ескі арбамен шөп тасиды. Жаз айы тақаған сайын Ақлима да биесіне мініп, тау кезіп шабындық, пәйек қарап, соңғы күндері шөпке шығуды ойлай бастаған.
 

 

Әйелдер жұмыстарын аяқтауға айналғанда, бір шеті ауылға ұштасып жатқан ағаштардың арасынан басын үлкен салымен орап алған Құлғанай шығып, тура осылай беттеді.

 

– Құдағиын,  да келеді, әне – деді Ақлима.
 

 

– Көмектесейін деген де…
 

 

Жасы елудің ортасынан асқан осы әйелді қарасұр әйелді Ақлима зәу баста жаратпайтын. Көрші тұрса да ілуде үйіне бас сұққан емес. Құлғанай сөйлеп келіп:
 

 

– Айтпадыңдар, көмектеспес пе едік, – деп ауруын айтып, ешкім сұрамаса да бір жағынан кірісіп, ауыз жапқан жоқ.
 

 

Жәмиға кең ғой – “Иә, құдағи” – деп әңгімеге жетелеп Құлғанайға:
 

 

– Ал, көмектеспек екенсің, ал күректі, – деп жұмысқа салып қойды.
 

 

– Е, бізде не қауқар қалды дейсің, қу тілден басқа қайрат қайда, мына Ақлималар болмаса, – деп сөйлеп жүріп күйеуінің пенсияға шыққанын, ұлының әскерге кеткенін, совхоз орталығына көшкісі келіп, мына жерді, малдың кең өрісін қимағанын айтып, самбырлай сөйлеп, Жәмиғаның амандаса келмегеніне ренжіді.
 

 

Әңгіме созылып, жұмыс қалып барады. Ақлима оны сезіп күректі өзі алды, соңғы жүйектерді тездете салып, суағар жасап, тереңдетіп шеттен арық жүргізді. Балалар да жұмысын аяқтап, саймандарды жинастырып, бір-бірін қуалап ойнауға кірісті.

 

– Ал құдағи, үйге жүр, – деп Құлғанай Жәмиға мен Ақлиманы шайға шақырған.
 

 

Мезгіл түске таяды. Күн қызып, манағы ыдыраған бұлттар әлдеқайда сіңіп, аспан көкпеңбек түспен ашылып, тереңдеп алған. Салқын жел соғып, тау жатқан сасыр, көк шалғын кісі аңқиды. Жәмиға отыра бергісі келген.
 

 

– Қайтайық – деді Ақлима.

 

 

* * *

 

 

Ақлиманың бір ерекшелігі жұмысты өнімді етіп, тез бітіреді. Ауылдан екі жүз қадам демей манадан осы жердегі бақшада жүріп, әлденеше барып жүріп үйдегі түскі асты да уақытында әзір қылды. Ақлима тамақты дәмді жасайтын Жәмиға оның шайын да сағынып келген, Құлғанай шақырып болмағасын Ақлиманы ертіп бірінші жолдан сол құдағиыныкіне келді.
 

 

– Осы бәйбіше, мен бір шағып алатындай, іргеде тұрып бас сұққанды білмейді, – деп тағы өкпе айтты. – Сен сияқты ас пісіруге шебер болмасақ та, бір келген қонақты ренжітпей атқаруға шамамыз бар, – деп жер столға шай жасады.
 

 

Ақлиманың қашатыны да осындай Құлғанайдың шақпа сөздері.
 

 

Жай уақытта тыңдамақ емес, Құлғанай самбырлап сөйлей бастағанда кетуге айналатын.      
 

 

– Сүтім тасып жатыр, есік ашық еді, – деп әйтеуір сылтау табады.
 

 

Жәмиға ажарлы беті тершіп, керекті жерінде болмаса сөзге көп араласпай, шұлғып қояды.
 

 

– Әлгі, біздің жаман пенсияға шықты дедім бе осы! Түу, құдай-я. Тегі, басым алжасқан шығар. Ол жаманға неткен пенсия, жасы елудің үшеуінде ғана. Ауыр жұмысқа дәрігер рұқсат етпейді, жүр етігін зорға сүйретіп. Құлағы керең. Дәл түбіне айқайлап отырмасаң естімейді.
 

 

Төр жақтағы жас үйленген балам мен келінім естіп қояр деп қысылмай самбырлаған Құлғанайға тыңдап отырған екі әйелдің не ойлағаны бәрі-бір тәрізді.
 

 

Құлғанай өзінің арса-арса мына түріне қарамай бойына теңгермей төмендете сөйлеп отырғаны күйеуі Құрман еді. Момын адам. Әй, – деп біреудің бетіне келмеген, алдындағы жұмысы мен асынан басқа ештеңеге араласпаған жан.
 

 

Екі қыз, бір ұлы тұрмыс құрған мына кемпір сол байғұс шалда өші кеткендей жазғырады. Жасында есепші болған Құлғанайдың ферма бастығымен көп жылдар бойы жақын болғанын өзінің аузынан естіген Ақлима. Сорлы әйелдің әуейілікті неге мақтан көргенін түсінбейтін. Мүмкін бір сезім болған шығар.
 

 

Сосын ойына бір оқиға түсті.

 

 

*  *  *

 

 

Әйел, бала-шағасына қарамай Қаратай деген қырман бастығы Ақлимаға іш тартып жүрді. Бірде қырман біте бастаған қараңғы түндердің бірінде үйге жақын жердегі ағаш арасынан Ақлиманы тосып алды. Құрбы деп басқа әйелдермен алысып ойнай беретіні сияқты бұған да талай қылықтар істейтін. Көңілі қаламаған адамнан Ақлима алысып жүріп, зорға құтылған, үйге келген соң алқынып отырып, көзінен жас та бұршақтап кетті. Қаратай бірде балалардың жоғын пайдаланып түнде терезе қаққан. Ертесінде кеңес алдынада кезіккенде Ақлима ұялатын шығар десе, ыржалақтап күледі. Ыза болған келіншек:
 

 

– Тура әйеліңе айтып, астаң-кестеңіңді шығартам, – деді. Содан бастап арқасы кеңігендей болған.
 

 

Үйге сәуле кіре оянды, сиырларын сауып, қойын табынға қосып, сүт пісіргенше өзі күн шығып, ел оянып та еді.
 

 

Қасына екі ұлын алып Ақлима бие жегілген арбамен шөпке аттанды. Үйдің маңынан шыққысы келмеген құлынды ауылдан шыға берістегі тас өткелде тосып біраз тұрды. Құйған қоладай мүсінді құлын кісінеп-кісінеп жіберіп шапқылап келді.
 

 

– Мама мен құлынға мінейінші, – деді кіші ұлы. Ұяңдау, ештеңе сұрай қоймайтын бала еді. Кішкентай күнінде ересек ұлдар құлынға мінгізіп жіберетін, ал құлын жоқта қойларға, бұзауға мініп бір құлап, бір тұрып малға жуық болып өсті.
 

 

– Қарғам-ау, ол құлын сені көтере ме, өзін-өзі әрең алып жүр, – деді Ақлима.
 

 

Арба тауға кіре берісте жүрісін жеделдете түсті.
 

 

Тау ішінің шөбі тұнып тұр. Үп еткен жел шөп басын баяу қозғайды. Күн сәл көтеріле сай табанындағы ескі жолмен шөпшілер жылдағы өздері меншіктеп жүретін жерлеріне жетті. Тоғай шетінде шоғыр өскен топ қайыңның түбінде бұлақ бастауы бар. Суы күндіз-түні бір тынбай ағып, тастай суықтығы маңдайыңнан шыққандай еді.
 

 

Арбаны көлеңкеге доғарған сол кенже ұлы:
 

 

– Біз былтыр бұл жердің шөбі сұйық деп шаппай кеткенбіз, – деді.
 

 

Ұлдарына кішкене шалғы мен айыр ұстатып, белін мықтап түйіп алып, Ақлима гуілдеп қаптай бастаған маса-шыбынға қарамай, кең пәйекті шет тұсынан жапырып, түсіре бастады.
 

 

Түс қайта көлеңкеде отырып үшеуі даланың тәтті шайын ұзақ тартты. Алғашқы күннен балалардың беті қайтпасын деп, Ақлима шөптен ертерек қайтып еді.

 

 

*  *  *

 

 

Бұлар қораға таяп келіп тоқтай қалғанда, доп ойнап жүрген қызы биенің шылбырын алып:
 

 

– Мама сізді кеңсеге шақырып кетті, – деді.
 

 

– Тайқы ма, кім ол?
 

 

– Білмеймін. Тез келсін, – деді.
 

 

Кеңсе десе Ақлима күдік ала қарайды. Қайбір керек қылды дейсің, “сылаққа шық, не мал өткіз, ет, сүт тапсыр” деген ескі әңгіме шығар, – деп ойлады.
 

 

Шақырған расында етке мал жинаушылар екен. Ақлима кіріп келгенде столда отырғандарға қарсы өзі сияқты ферманың әйелдері, шалдары жайғасып алған екен. Ақырын амандасып, шетіндегі бос орынға отырды. Ақ шашты келген, суықтау түсті селолық Советтің төрағасы тізім жасап, өткізілетін тиісті сүт-май мөлшерін айтып шықты. Манадан бәрін тып-тыныш мақұлдаған жұрт етке тірідей мал өткізіңдер дегенде қипалақтай бастады.
 

 

– Сонда оның ол малымыздың ақы мөлшері қанша?
 

 

– Өкімет бағасы. Бағасы, әділі керек жолдастар, тәуір баға.
 

 

Қарсы келуге ешкім бата алмай тайынша-торпақ, сиыр, қой сияқты малдар тізімге ілігіп жатты. Оңай құтылып, тайынша, жабағысы аман кеткендер көңілі өз орнында.
 

 

Бастабында еркіңізбен ғана аламыз деп отырған Шорай Деменович қыза келе жұртты анық зорлауға көшті.
 

 

– Тайыншам бар соны алыңдар, – деді Дауылбай деген осы ауылдың малды шалы.
 

 

– Сіз немене, қыруар, малдан бір жылқыңызды қимадыңыз ба? – деп Шорай қыспаққа алды.
 

 

– Ай қарағым, зорлама мені. Пенсиям аз. Оқуда балам бар. Тайыншама разы болыңдар. Өзі жарылып тұрған семіз.
 

 

Уәкіл ыңғайға көнуге айналып еді, Шорай:

 

– Ой, бұл шалда мал көп, онда екі тайынша өткіз, – деп қадалды. Мұнысы ұрт мінезді Дауылбайдың қытығына тиді.
 

 

–Әй, Шорай сонша қадалмасаң етті. Асырасам, жем-шөбі өз мойнымда. Жоқ, сен бағып жүрмісің.
 

 

– Ақсақал қитықпаңыз. Өкіметтің жер-суында отырсыз. Жылқы беріңіз. Ертең керек жерде бізден де көмек сұрайсыз.
 

 

– Ай, қарағым босқа қинама мені. Алсаң екі тайынша берем, алмасаң тышқақ лағым да жоқ , – деп ақыр соңы Дауылбай тұрып жүре берді.
 

 

Шорай тізімге “жылқы” деп жаздырды.
 

 

– Бересіз, бересіз ақсақал, – деді.
 

 

– Менің өлігімді аттап аларсың, – деді Дауылбай. Отырғандар өлмелі шалдың мал жандылығына қайран қалып, жағасын ұстасты.
 

 

Ақлима да осы ауылдағы малды үйдің бірі. Жиырмадан аса қой, екі сиыр, екі бұзау бар, бір торпақ соғымға сойылды, біреуі көктемде арам қатты. Құлынды өткізуге қимады.
 

 

– Сіз не өткізесіз, – деді Шорай.
 

 

– Екі қой өткізейін, екеуі де семіз, – деді Ақлима. – Қаласаңыздар қазір жеткізіп берейін.
 

 

– Жұбайыңыз не қызмет істейді, – деді бұйра шашты жігіт.
 

 

–Жалғызбастымын, қарағым, сегіз балам бар,–Мүләйім күйге өзі қысылып барады.
 

 

– Баласының алды жұмыс істейді, әскерде, – деді Шорай.
 

 

Ферма меңгерушісі Тайқы деген қошқар танаулы беті сопайған, кісіге телміріп қарайтын адам. Жасы Ақлималар шамалас, құрдас деп ойнап та қоятыны бар.
 

 

– Ақлима тайынша береді, – деп Тайқы әңгімеге мұрындық болып.
 

 

– Қайдағы тайынша?
 

 

– Бұзауың күзге дейін өспей ме?
 

 

– Үлкен сиырым қыстай сауылды ғой, обалына қалма Тайқы.
 

 

Ақлима осымен құтылатын шығармын деп еді, Шорай мен Тайқы мұны шындап қолға алды.
 

 

– Осы сіз машинаны қалай сатып алдыңыз, – деді Шорай.
 

 

Ақлима адуын мінезіне баса жаздап уәкілден ұялды.
 

 

– Ұрлап әкелді деп пе едіңдер, балаларымның еңбегі түгел.
 

 

Арашаға уәкіл келді. Шорай жібермеді. Тізімдегі малын түгел тексертті. Артық ештеңе шықпады. Өткен қыста да осылай мал жиып, Шорай тағы қысқан, онда семіз тайынша алып еді.
 

 

Ақлима кеңседен шыққан соң, есік алдында әңгіме аулаған жұртқа қарамай үйге қайтты. Әлденеге ашулы еді. Жалғызбастылығын елеп, семья жағдайына қарап жеңілдік жасамаған екеуіне зығырданы қайнады.

 

– Құрысыншы бәрі, – деді.
 

 

Ертесінде Ақлима қайтадан шөпке шықты. Ат арбамен шөп шауып, еркектер әрең асырап жүрген семьяны алып жүргенін де көп жұрттың көре алмайтынын ойлады. Тайқының мелшиіп қарағаны есіне түсті де:

 

 – Төбеңде тоқпақ ойнағыр, Тайқы, кезігерсің, екі аяғыңды бір етікке тықпасам атым өшсін, – деді.
 

 

Былтыр қырман кезінде сол Тайқыны Ақлима аттан суырып алып, бидайдың арасына атып ұрғаны бар. Ебедейсіз Тайқы жалынып әрең құтылған.
 

 

Ақлима артына бұрылса екі ұлы қалғып келеді екен, бастарына күпәйке тастады.
 

 

Таңғы ауада торғай шырылдап тау ішінен сасыр, көк иіс аңқыды. Күн көтеріліп кетер деп Ақлима атын айдай түсті.
 

 

Шөп өскен ескі жол сайға қарай өрлеп барады.   


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha