Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ДРАМА
Мейірбике Паола...

Блогтар

17.04.2020
4907

Мейірбике Паола...

Мейірбике Паола...

(Короновируспен күресте көз жұмған дәрігер қыз жайында)

       

Италияның Ломбардия облысында орналасқан, Бергамо аймағының, Бергамо қаласынан соңғы күндері дым маза кетті. 120.000 тұрғыны бар кішігірім қаланы COVID – 19 коронавирусы жаулап алды. Үкімет алдын – алуға тырысып, карантин уақытын ізін суытпай орнатқанымен, жұқтырып алғандардың саны әлдеқайда көп еді. Бергамо жан – жақпен қарым – қатынасын үзген, үнсіз оқшау қалаға айналды. Көшеде залалсыздандырғыш шашатын химиялық мамандар мен дәрігерлер, науқастарды апарып, қайтыс болғандарды тасып жатқан сарбаздар ажалмен арпалысты. Қаладағы XXXIII Иоанн атындағы ауруханаға, интенсивті терапия бөліміне арт – артынан науқастар жеткізілді. Дәрігерлер күн – түн демей, шыбын жанын шүберекке түйді. 80 адамға лайықталған медициа мекемесіне 80 коронавирус жұқтырғандар жатқызылды. 100 % – ға толған науқастардың 66 – сы жасанды дем алу құрылығысы және түтік арқылы демін алса, қалған 14 – қорғау бас киімі мен бетперде киген күйінде хал үстінде жатты. Қытай, Испания, АҚШ, Франция, Германия, Англия, Италияда күн сайын талай жанның өмірін жалмаған, көрінбес жауға қарсы ауқымды, лайықты күрес жүргізіліп жатты. Әлемді қалтыратқан коронавирус дертіне планетадағы бүкіл ел жұмылып, қарсы ашық шайқасқа шықты…

       

Солардың бірі – Паола есімді қаршадай қыз болатын. Ол дипломын қолына алған жылы Римдегі орталық ауруханаға мейірбике болып жұмысқа кірген еді. Дәрігер мамандығын алып шыққан қаршадай қыз, ел басына күн туған кезде, жеке азаматтық үлесін қосуын парызым деп санайтын. Отбасының қатты қарсылық көрсеткеніне қарамай, ойланбастан Римнен Бергамоға қарай аттанды. Әрине, әркімнің жаны өзіне тәтті. Бірақ қара басының қамын ғана ойлау – Паола үшін жат қасиет көрінді. Жол бойы уайым мұхитының тереңіне батты. Қолындағы газетті алып оқыды. Жұқпалы дерттің эпицентры болған Қытайдағы Ухань қаласы туралы соңғы жаңалықтарды оқыды. 11 миллионнан аса қала тұрғындарының мобилділігі мен заң өкілдерінің табанды іс – шаралары таңдандырды. Бірақ баруына түбегейлі түрткі болған, Уханьдық көз дәрігері Ли Вэньлянның көрегенділігі ерлігі еді. COVID – 19 жарығының жақындағанын сезген дәрігер халыққа ескертіп үлгергенімен, өзі де сол вирустың құрбаны болып, аурухана кереуетінде, 33 жасында дүниеден өтті. Ли Вэнльянның қазасынан соң, әлем аса ауыр вируспен бетпе – бет келгенін түсінген еді… • Мен өлсем, отбасым қайтпек? деген сұрақ екіұшты ойын зілді салмағымен басты. Бірақ Италияға деген ыстық махаббаты бәрінен де биік тұрып, іштегі қорқынышын жеңуге көмектесті. • Егер жазатайым мерт болсам ше деген сұрақ бір кезде ойын қайта бөлді. • Отаным үшін жаным құрбан деп Бергамоға да жетті. Батыр қыздың ауруханада жұмыс істеп жатқанына бір аптадан асты. Паола – жасанды тыныс алу арқылы әзер тыныс алып жатқан, ауыр халдегі науқастарға нұрлы көзімен тағы бір қарап өтті… Пиқ – пиқ еткен өкпені жасанды желдету аппаратының дауысы ғана арадағы үнсіздікті жалғап тұр. Ұйқы көрмеген жанары өшкен оттың шоғындай болып сөніп қалған. Аяғын әзер басып келесі бөлмедегі көмегі қажетті кісілерге қарай жүрді. Түтіктерін алмастырып, тазалық шараларын жасады. Мониторға қарап жүрек соғу қағысын бақылады. Жағдай мәз емес. Жұқтырып түскендердің санында есеп жоқ. Жатқызылғандардың көбісі тілге келмей көз жұмуда. Қайтыс болғандардың көптігі сонша, оларды сарбаздар жүк ккөліктерімен колонна жасап, тасымалдауға көшті. Жазылуын тіліеп, жүрегі ауырып, палатадан шыққан бойында Паоланың көз алды түнеріп сала берді. Көруі нашарлап, денесі босаңсып, еденге сұлқ етіп құлап түсті. Бір уақытта түс көрді. Түсінде Әулие Петр Соборының ішінде, жалбарынып дұға оқып отыр екен. Бір тылсым күш маңдайынан сыйпап, арқасынан қаққандай көрінді. Дерттен қайтқан кісілердің аруағы оған: қажыма, Паола, қажыма, рахмет, сен түбінде жеңесің деп айтып жатқандай естілді. Жақсы түстің әсері болар, біраз уақыт өткен соң, ақырындап көзін ашты. Оның жерде жатқанын көрген Игнацио мен Амедео оны көтерген бойда, үстіне жамылғыш төсеп, респираторын шешіп, жатқызып қойыпты. Игнацио үйіне қайтып, Амедео орнында қалып қойды. Паола көзін ашқан бойда, айғайлап, жалма – жан жүгіріп жүрген дәрігерлерді көріп қайта есін жиды. Тағы да көзіне еріксіз жас келді. Бірақ оның төккен жасы, өзіне бүкіл Италия бойынша төгілген жастың жанында бейне – бір жаңбыр тамшысындай ғана көрінді. Қайғы жамылғандардың жасын көрмеу үшін күресуге бекінді.Иә, шегінуге мүлде жол жоқ. Жолдағыны жайпап келе жатқан коронавирустың ешкімді аямайтынын, сол аурумен күресетін тек өзі секілді дәрігерлер ғана екенін де сөзсіз түсінді. Күш қайраты қалмағандықтан, денесін ауыр сезінді. Тұрайын деп еді, Амедео жата тұруын өтінді. Амедео да өзі секілді жас дәрігер. Миланнан өз еркімен осында келген. Ол да бірнеше күн қатарынан ұйқы көрмей, дертпен күресу майданында шайқасып жүріп, шыңдалған жанкешті жауынгердің біріне айналған. • Паола, сәл де болсын демалсаңшы деді Амедео стақандағы суын қызға ұсынып жатып. Өзіңді күтсеңші деп респераторын шешті. Бет аузы шимайланып қара түске боялыпты. Беті солғын тартып тұр. Амедеоны көріп Паоланың бойында аяныш сезімі пайда болды. Ұсынылған суға алғыс айтқаны ретінде басын изеді. • Тамақ ішуге 10 минутымды ғана жұмсадым деді Амедео маскасын қайта киіп жатып. Қазір, науқастар біздің көмегімізге аса мұқтаж. Сол үшін 1 минутты да болсын бекер жұмсауымызға болмайды. Бізге бүкіл Италия үміт артып отыр. Ал сен болсаң демал деді орнынан түрегеліп. Паола Амедеоның қисалаңдап, әрең жүріп бара жатқанын көріп, қажығанын аңғарды. Жас жігіт шаршаса да, сыр бермеді. Бірақ, өзінің де бойын тіктеп, тұруы үшін де біраз уақыт қажет болды. Сәл тынықан соң, жан – жағына көз тастай қарады. Интенсивты терапия бөлімінде жұмыс жасайтындардан, бос отырған адам қалмапты. Тіпті ең аяғы еден жуатын санитарлар да респиратор тағып алып, науқастар жатқан бөлмеге кіріп кетіпті. Тұруға көмектесуге шақырайын деп еді, айналадан адам көрінбеді. • Ел болып, жан алысып, күресіп жатқанда, менің жәйдан – жәй қарап отыруым – өлімнен де жаман деді ол өзін іштей қайрап. Ажалым жетсе өлемін, науқасқа көңіл бөлемін деп, тұрған бойында өлім аузында жатқандарға көмектесуге ұмытылды. Сол түні бір тәулікте ел бойынша 743 адам қаза тапты. Қаза тапқандарды жерлеу үлкен кезекке ұласты. Жұқтырып алмаудың алдын алу мақсатында қоштасу мен жерлеу шаралары да болған жоқ. Паола құрбандардарға күйзеліп, жақындарынан айырылғандай күй кешіп, қатты қайғырды. Италияның ашық аспанын, қара бұлт торлап алғандай. Рим, Милан, Неаполь, Венеция шаһарлары сақтықтан толық изоляция шарасына көшкен. Көшеден бетпердесіз жүрген адамды табу мүмкін емес. Бірақ, Италия талай адамның өмірін жалмаған вирусқа қарсы аянбай күресіп жатыр. Кешкі сағат 20:00 де бүкіл елдің тұрғындары, дәрігерлерге шексіз алғысы ретінде ду қол шапалақтады. Карантинге жатқызылғандар, терезелерін айқара ашып, Италияға деген махаббатын тұла бойыңды құйқылжытар әсерлі әнімен жеткізіп жатты. Қанша жерден адам айтқысыз ауыр болса да, Паола дүниеден өткен науқастардың туыс – жақындарына хабарласып, қаралы хабарды жеткізіп тұрды. Әр күні 10 нан аса қайғылы ақпараттарды, марқұмдардың жақындарымен бөлісіп, өзі де қайғы жамылды. Қолы тиген уақытта, тыным бермей қоңырау шалған тұрғындарға жауап беруге болмаса да уақыт тапты. Үйіне хабарласып, мән – жайды жеткізіп тұрды. Ас ішу уақытында үстел басындағы қалған дәрігерлер түрегелгенде, Амедео мен Паола ғана қалып қалатын. Екеуі болашақ армандарымен бөлісті. Бірте – бірте жақын сырларымен бөлісе бастады. Амедео Италия үшін еңбек сіңіргісі келетінін жиі айтатын. Паола патриот жігіттің отан сүйгіш әңгімелерін ұйып тыңдағысы келетін. Ауруханадағы әріптестері екі жастың ортасында махаббат оты тұтанып келе жатқанын түсінді. Науқастардың ыңыранған дауысы, әңгімелерін тым қысқартып жіберді. Екеуі де орнынан тұрған бойда, екі палатаға қарай жалма – жан жүгіретін. Вирусқа шалдыққандарды, кереуетке салып, палатаға апарып, жасанды тыныс алатын желдеткіш аппаратына қосатын. Ауруханадағы ұйқы мен демалысты ұмытқан ақ халаттағы жандардың ерлігі шынымен қайран қалдырды. Қысқа ғана уақыттың ішінде Паола мен Амедео бір – бірін көрмесе, тұра алмайтын дәрежеге жетті. Амедеоны ұнатқан Паола да оған деген сезімі туындағанын аңғарды. Отбасын, жылы үйін тастап, коронавирусқа шалдыққан жандарды емдеу үшін жанын салған жас жігіт нәзік жүрегінің түбінен орын таба білді. Иә, өзі де неге екенін түсінбеді, бірақ Амедеоны көру оған, дүниенің нәріндей көрінді. • Амедео сен де бір уақыт демалсаңшы деген дауыс жас жігітті селт еткізді. Отырған орнында, қалғып кетіпті. Қараса, бөлімнің бас дәрігері Густаво Дерэнти үстін жауып жатыр екен. • Паоланы көрмедіңізба деді аузына сөз түспей. • Ол ана бөлмеде деді бас дәрігер. Сен 6 күн қатарынан ұйықтаған жоқсың. Білем, қазір мамандар жетіспейді, бірақ өзіңе де мән бергенің дұрыс деді, арқасынан қағып. • Рахмет бас дәрігер, соны түсінгеніңізге деді Амедео басын изеп, сағатына қарады. Түнгі 02:18 болыпты. Су ішу үшін есікті ашып шыға беріп еді, қарсы алдынан Паола ұшыраса кетті. Кездейсоқтық. Екеуі де ыңғайсызданып, сөз таба алмай, жүздерін тайдырып әкетті. Төмен қараған бойда, Паола Амедеоның иығына қолымен ұстады. • Амедео мен … деді де жалғаструға әлі келмегендей тұрған орнында үнсіз қалды. Жігіт қыздың үстіндегі қорғаныш киімін шешіп, шашынан сыйпап кеудесіне басты. Бір кезде екеуі де бір – бірінің көздеріне тіке қарады. • Мен де сені жақсы көремін, Паола деді Амедео қызды құшақтаған күйі. 5 минут үнсіздік, сүю сезімін асқақтатып жіберді. Екеуі ұзақ құшақтасып тұрды. • Барлық қиындық артта қалған соң, үйленіп, отбасын құрсақ арманым болмас еді деді Амедео армандарымен бөлісіп. • Әрине, осы ауыр сынақтан аман өтіп алсақ, бар жақсылық әлі алда тұр деді Паола Амедеоны жылы құшағынан ажырағысы келмей. Құшақтасу арқылы екі ғашық күнде өздеріне қажетті жылуды алып, сезімдерін білдіріп тұрды. 24 сағаттың 20 сағаты жұмыс, 4 сағат ұйқы мен тамақтануға жұмсалды. Ауруханадан ұзап ешкім ешқайда кеткен жоқ. Бәрінің де үміті – коронавирусты ауыздықтап, науқастарды аяғынан тік тұрғызу болды. Бірақ, жағдай күн санап ауырлай берді. Газет қайтыс болғандардың тізімі мен сақтануға шақырған хабарландыруларға толды. Үнсіз, қимылсыз үмітсіз жатқан науқастар Паоланың арқасында қайта тірілгендей күй кешті. Әрбір ауырған кісінің жанында болған, Паола ести алмаса да, көре алмаса да, қанатты сөздерімен жігерлендірді. Тіпті бірнеше науқас, жазылмас дерттен айығып, аяғынан тұрды. Жазылған жандар «Паола – екінші анамыз» деп балаша қуанды. Паоланың түбегейлі 4 мақсаты бар болатын: 1) Италия үшін қалтықсыз қызмет ету 2) Коронавируске шалдыққандарды емдеп жазу 3) Үйіне аман – есен жетіп, жанұясын көру 4) Амедеоға үйленіп, бақытты отбасын құру. Гиппократқа берген сертіне соңына дейін адал болған қос дәрігердің емі шипалы болып, бірнеше адам коронавирус дертінен құлан – таза жазылып шықты. Кереуетпен далаға шығарылған науқастардың жазылғанына эмоциясын жасыра алмаған, ақ халатты қорғаушылар ду қол шапалақпен, асқа салтанатпен шығарып салып жатты. Паола бүгінгі түскі асқа өз қолымен пицца пісіріп үлгерді. Басқа медициналық қызметкерлер оның соншалықты пысықтығына таңғалушы еді. Бар бағытта да үлгереді дейді. Өзіне қарап та, науқастарды қадағалап та, әріптестерімен сыйласып та, аурухананы тазалап та, енді міне өте дәмді пиццаны дайындап, кішігірім дастарқан жасап, дәрігерлерді түстенуге шақырды. Бөлімнің бас дәрігері Густаво Дэренти жас қыздың еңбегін жоғары бағалады. • Паола, сен Италияның бұл індетпен күресуінде өзіңнің үлкен үлесіңді қостың деді, шаршап тұрса да, қарамағындағы қызметкерлердің қобалжыған үн – жұрғасын көтергісі келіп. • Иә, арамыздағы көптеген білікті мамандарымыздың өмірімен қош айтысып кеткендігі де жанға батып тұр деді Мэфолда есімді терапевт күрсініп. Үстел басындағылар емдеймін деп вирус жұқтырып алып, өмірден қайтқан әріптестері Фелиса, Чиэра, Кристофороны сағынышпен естеріне алып, үнсіздік жариялады. • Әлі қаншамыз жан беретініміз, бір Құдайға ғана аян деді Густаво Дэренти жүзін төменге салып. Қандай жағдай болмасын, біз Италия үшін соңғы жанымызды беруге де даярмыз деп, көзі жасқа толып, еңселері түскен дәрігерлерді бекем болуға шақырды. • Паола жасаған пиццаң неткен дәмді еді деді Амедео, бір тілімін сүйіктісіне өз қолымен жегізгісі келіп. Паола қыздық назына салып, еркелей дәм татты. • О, махаббат • Мәссаған • Мынаны қара. • Біздің Ромео мен Джульетта Амедео бұл ісі арқылы, көтеріңкі көңіл сыйлағысы келіп еді. Ойындағысы жүзеге асқандай болды. Жиналғандардың жүзіне күлкі ұялап, керемет бір шағын отырыс болды. • Бір науқастың жағдайы нашарлап кетті деді бір кезде ар жақтан шұғыл дауыс естіліп. Отырыс лезде тәмамдалып, дәрігерлер өз позицияларына қарай асыға жүгіре жөнелді. Паола үстел үстін жинайын деп еді, оған Амедео көмектесе кетті. • Сенен пысық әрі қамқор жар шығады деді Амедео Паолаға сүю сезімін терең жеткізгісі келіп. Екеуінің жанары түйісе кетті. Бір – біріне қарап тағы бір сәт үнсіз тұрып қалды. • Сен де еңбекқорсың деді Паола да қалыспай. Бергамоға келгелі бері бақыладым, сенің тыным таппайтындығыңа нақ көзім жетті деді жас жігіттің қасиетін биіктете мақтап. • Екеуміздің көп балаларымыз болса екен деді Амедео. Не үшін ол сөзді айтып қалғанын өзі түсінбей қалды. • Иә, жаным, сол күнге бірге жетейік деді Паола үстіне корғаныш бетпердесін киіп жатып. Паоланың жасаған тағамы Амедеоға қатты ұнады. Оның бала күлкісі шаршаңқы жанды жігерлендіріп жіберетін. Қалжыңдап ойнағысы келгенімен, елдің жайы есіне түсіп, бос әңгімелерге жол бермеді Бүгін кешегіден де әлдеқайда аз адам қайтыс болды. 10 нан астам адам дертінен айығып, жазылып шықты. Бұл хабарды жақсылықтың басы деп қабылдаған Паола дертті жақын арада жеңетіндеріне күмәнсіз сенген еді. Үйіне хабарласып, талай адамның емделгенін айтып қуанышқа бөледі. Бірақ, сол сенімнің сарайында сеніммен жүріп, өзі де коронавирусты жұқтырып алғанын сезбеген болатын. Ұйқыны жеңіп, беті беріп қараған жандарды көріп қуанып жүрді. Жаңадан түскен бір науқастың миына қан құйылып, аса ауыр халде жатты. Жедел жәрдем әкелгенде дереу кереуетке салынып, терапия бөлімшесіне жеткізілді. Дәрігерлер қанша мәрте тырысқанымен, емдеу нәтижесіз аяқталып жатты. Дертке душар болған жап – жас жігіт екен. Көз алдында жүріп бара жатқан жігітке қарап, дәрігерлер үнсіз күрсінді. • Әттең, бұл жігіт те өмірдің қызығын кете алмай, жастай кететін болды ау деді Лучиано есімді медбауыр үнсіз күрсініп. Білікті мамандар да оңалуы үмітсіз дегендей төмен қарады. Паола жақын барып жүзін көрді. Жүрегі дір ете қалды. Өзінің жалғыз інісі Рикодан айнымайды екен. Жас жігіт қимылсыз, көзін ашқан бойында әзер демалып жатыр. Үзіліс кезін пайдаланып, Паола үйіне хабарласып еді, тұтқаны інісінің дәл өзі алды. • Алақай! Сен ба Паола? • Иә. Қалайсың Рико інім? • Жақсы өзіңіз ше әпке? • Ойдағыдай. Үйдегілер қалай? • Жақсы. Бәріміз сені қашан келеді деп күтіп жүрміз. • Мен жақын арада барамын, міндетті түрде күтіңдер деді сағыныш сезімін сергелдеңімен басып. Риконың дауысын естуі, хал үстінде жатқан жігітті жазып шығаруына құлшыныс берді. Тұтқаны қойған соң, ентігіп жылап та алды. Амедео ар жақта бір науқасты емдеп, аппаратқа қосып жатыр екен. Мазаламайын деп оған жылағанын көрсетпеді. Сол күннен бастап, Паола өлім үстінде жатқан жігітті емдеу үшін қолына келгенді жасады. Көз алдында бейне – бір інісі тұрғандай, тыным таппады. Тыныс алу аппаратын қайта – қайта тексеріп, емін уақытында жасап тұрды. Жігіттің хабарласқан туысқандарына қысқа ғана: • Ол жазылады. Уайымдамаңыздар деп жауап қайырды. Бос уақытында Амедео екеуі сырласты. Екі ғашық түнге дейін науқастарды емдеп, қадағалаумен айналысты. Бос уақыт болған жоқ. Демалысты да кейінге қалдырды. Аурухана ортақ үйлеріне айналды. Сонда тұрып, ешқайда шықпады. Паола оған Рико есімді жалғыз інісі барын, оны бәрінен де қатты жақсы көретінін жиі айтатын. Жаңа түскен науқасты не үшін күн – түн демей емдеп жатқанын Амедео сонда барып ұқты. • Байқа, оның жағдайы тым нашар деді Амедео сүйіктісін сақтандырып. • Сол баланы емдемей жаным тыныштық таппайтын секілді деді Паола жігітіне уайымының себебін түсіндіріп. Оны көрсем інімді көргендей боламын. Ары қарай айтайын деп еді, ойын жинап ала қойды. • Қандай ұқсастық десеңші менің де жалғыз қарындасым ғана бар деді Амедео да бір кезде. Оның аты – Орсола. Хабарласқан кезде дәл сендей, алдымен соны сұраймын. Қарындасым да менің келуімді қатты күтіп жүр деді Амедео Паолаға сүйсіне қарап. Қажып, шаршап емдегендеріне қарамастан, коронавируспен түскен адамдардың легі бір толастамады. Паола қолына алған жас жігіттің миына қан құйылуы тоқтап, денсаулығы оңала бастады. Бұл бір өте сирек кездесетін оқиға еді. Аурухана дәрігерлері де жас жігіттің беті бері қарағанына бастарын шайқап, таңданғандарын жасыра алмады. Паоланың түсінде Әулие Петр Соборының ішінде, жалбарынып дұға оқып отырғаны есіне түсті. • Шын тіленіп, шын кіріссең барлық мәселені шешуге болады екен ау деді отыра кетіп. Науқас жігіт те бірте – бірте өзіне де келді. Басын қимылдатып, жанарымен Паолаға деген алғысын жеткізетін. Жанарындағы жасты Паола аялай сүртетін. • Менің дәл сендей інім бар. Бекем бол. Бізді тастап кетпе. Жанұяң сені күнде сұрайды. Сен бізге керексің деді жас жігіттің жазыларына сенімін білдіріп. Жігіт естіп – естімесе де разылығын ымымен білдіретін. Бірақ, сол жігіт қалай жазыла бастағанынан бастап, Паоланың денсаулығы күрт нашарлай түсті. Жиі – жиі жөтеліп, қан қысымы көтерілетінді шығарды. Денесінің қызуы аспандап, тамағы жанын жеп, ауыра берді. Тыныс алуы қиындады. Бөлім дәрігері қыздың бойынан аурудың белгілерін бірден байқады. • Түскі ас уақытында барлығы дереу жиналсын деп бұйырды. Айтқанындай ақ, кішкене ғана бөлме толықтай ақ халатты жандарға толды. • Паола сен коронавиурс жұқтырып алыпсың, деді Густаво Дерэнти көзі мөлдіреген күйі жиналысты шұғыл бастай кетіп. Қанша жерден еркек болып өзін ұстайын десе де, болмады, шыдай алмай жылап жіберді. • Мен саған сол жігіттің жағдайы нашар деп ескертіп ем, ол ең ауыр түрін жұқтырған еді. Жазуын жазғаныңмен, енді міне өзің де коронавирусқа шалдықтың деді эмоциясын жасыра алмай. Біз сенен айырылғымыз келмейді. Оқшауланып, емделуің үшін қолда барды жасаймыз деді дәрігерлерге бір қарап өтіп. Айналаны бұрын – соңды болмаған үнсіздік басты. Лукрецио, Игнацио бәрі де айтарға сөз таба алмай, қарап тұрды. Амедео жүгіріп келіп, Паоланы құшақтай алды. Соңғы рет сөйлейтінін сезді ме, Паола тайсалмай ортаға шықты. Барлығы да оған сондай сүйіспеншілікпен қарап тұрды. Ойымдағыны айтуға жалғыз мүмкіндік осы шығар деді іштей байлам жасап. • Мен інімді құтқарғандай қуаныш сезімінде тұрмын, бас дәрігер деді Паола соңғы сөздерін тебіреніспен жиналғандарға жеткізіп. Көп адамды сырқаттан алып қала алдым. Италия үшін өлімге де дайын тұрдым. Қазір тіпті ажалдың өзі де мені қорқыта алмайтын тәрізді деді айналасына қарап. Сіздермен тізе қосып, әріптес болғаным үшін мен өмірімдегі ең үлкен мәртебеге ие болдым. Интенсивті терапия бөліміндегі барлық кадрлар жас қыздың осыншалықты ерлігін үнсіз мойындады. Кейбірі ажалдан қорқыта алмайды деген сөзін естіп, бұрын – соңды болмаған рух алған еді. • Сен Италияға керексің! • Сен ерсің! • Жазылуыңа жанымызды саламыз! • Ерлігіңді келер ұрпақ мәңгі есте сақтайтын болады! • Менің де Италия үшін жаным құрбан! • Амедео екеуіңнің тойында болуымыз керек! • Бізді тастап кетпе! Жан – жақтан естілген дауыс, жауға шапқан батырлардың ұранынан да асып түсті. Сол уақытта Паола да жерге құлап түсті. • Болыңдар! Жатқызыңдар оны! • Дереу демалу аппаратына қосыңдар! • Паолааа! • Паола, жаным, кетпеші! деді Амедео сүйіктісін көтерген бойда, төсекке жатқызып. Ауруын жасырып, осы уақықа дейін білдірмей келгеніне сенбеді. • Ауруы тым асқынып кеткенін, қасында жүрген біздің де аңғармағанымыз қалай деді Доната есімді медбике жүрегін ұстаған күйі. • Иә, біз оны құтқара алмадық деді Амедео басын изеп. Сол үшін енді мәңгілік өзімді кешірмеймін. Сол күннің ертеңінде жанын салып емдеген науқасы коронавирустан түбегейлі жазылып, қимыл – әрекет белгілерін білдірген уақытында, ажалынан құтқарған Паола да көз жұмды. Ол төсек тартып жатпады. Жалыны сөнген жанарымен сүйіктісіне қарап жатты. Қолынан ұстады. Амедео өзім емдеймін деп, аяғынан тік тұрғызам деп сенді. Бірақ, бәрі де тым кеш еді. Дәрігерлердің күш салғанына қарамастан, таңға жуық Паоланың жүрегі соғуын тоқтатты. Соңғы сәтіне дейін қасында Амедео болды . • Паола сүйіктім, әттең, тағдыр бізге бірге болуды маңдайымызға жазбапты деді сатып алған жүзігін жансыз қалған денесінің үстіне қойып жатып. Аурухана дәрігерлері бұл қазаны өте ауыр қабылдады. Ауыр халде жатқандарды мазаламайық деп дауыстарын шығармай, жылады, еңіреді. Амедео да өзін қоярға жер таппады. Бірақ, Паоланың кім үшін? Не үшін? Қалайша? қайтыс болғанын есіне түсіп, қайта өзіне келді. • Мен сен бастаған күресті аяғына дейін жеткіземін, қымбаттым деді марқұмның жанарын алақанымен жауып. • Паола жатқан жерің жайлы болсын деп келген әрбір дәрігер жанарындағы төгілген жасын тоқтата алмады. Римде хабарсыз қалған отбасына хабар бермекке ұмтылды. Нөмірін білу үшін Паоланың телефонын қарауға тура келді. Қараса, басты бетке екеуінің түскен фотосын қойып, махаббатым деп жазу қалдырыпты. Аяқ – қолы қалшылдап, жүрегі дауаламай әрең нөмірін терді. • А л л о. • Иә сәлеметсіз бе! Сіз кімсіз аға? деді ар жақтағы баланың дауысы. Тани кетті. Тұтқаны алған Паоланың жанындай жақсы көретін жалғыз інісі Рикко екен. • М.мен Амедео деді жігіт сасқанынан. • Тыңдап тұрмын сізді • Әке – шешең қайда? • Олар арғы бөлмеде. • Шақырып жіберші деді Амедео. Бір минутта болған жоқ. Бір кезде • Иә сәлеметсіз бе деген дауыс естілді. Бұл кісіні Паоланың әкесі деп түсінген жігіт уақыт созбай: • Қаралы хабар! Қызыңыз Бергамо ауруханасында қайтыс болды деді қыстығып жылап. Тып – тыныш отырған жанұя қара жамылды. • Қызым, әпкешім деп шырылдаған дауыс Амедеоның үн – жұрғасын одан ары түсіріп жіберді. • Сіздерді жақсы көретінін ылғи айтып отырушы еді. Сіздің қызыңыз – қажымас қайсар болды деді Амедео. Италия үшін туылды, Италия үшін жан тәсілім етті. Эмоцияларымен бөліскен соң, Амедео, Паоланың қай жерде жерленетінін айтты. • . Амедео есімді жігітке үйленемін деп қуантып еді енді сол кісіден қаралы хабарды есту бұйырыпты деді көңілсіз. Бұл елімізге төнген басты қауіп. Менің қызымнан өзге қаншама жан мерт болды короновирустан. Сіз де аман болыңыз деді әкесі күрсініп. Амандық болса көрісерміз. Қоштасу рәсімі – ұзақа созылды. Бірге қызмет етіп, тумаса да туылған әпке – ағасындай болып кеткен әріптестері коронавируспен күресіп жүріп дүниеден өткен жас қызды қимады. Оның жерлеуге әкеткелі тұрғанда, ауруынан айыққан жігіт те ауруханадан шығарылып жатқан еді. • Бір қуаныш, бір қайғы. Өмір деген осы деді Густаво Дерэнти қарауға жүрегі дауаламай. • Иә. Бұл жігітті құтқарғанымен сол үшін жанын беріп кетті ғой деді Амедео жүресінен отыра кетіп. Жүрегін ұстады. Өз көзіне өзі сенбеді. Бірақ, Паоланың: інім Риккоға қатты ұқсайды. Сол баланы емдемей жаным тыныштық таппайтын секілді деген сөзі есіне түсіп, жүрегі орнына түсті. • Сен үйіндегілерге хабар бердің ба? деді бас дәрігер бір кезде Амедеоға қарап. • Иә. • Қай жерде жерленетінен де хабар бер. Біз оны мемлекеттік марапатқа ұсынғымыз келеді. Оның әкесі мен шешесіне осындай батыл қызды тәрбиелеп өсіргені үшін аурухананың және Италия бойынша емделгендердің атынан рахмет айт деді бас дәрігер бұрылып жатып. Дәл қазір сол тапсырманы орындауға көш. • Құп болады деді Амедео орнынан атып тұрып. Қайтадан телефон соғуға дайындалды. Паоланы әкеткен көлік көзден ғайып болғанша, ауруханадағылар да қайғырып, тұрған жерлерінде тапжылмады. • Рахмет саған Паола, деген дауысты әрқайсысының іштей айтып жатқаны, ымдарынан білініп тұрды • Италияның бүгіні қаһарманы – Паола секілді табанды дәрігерлер екені даусыз деді Игнацио Амедеоны жұбатып жатып. • Иә. Амедео сен де батыр жігітсің, батыл қыздың сүйгені де бола білдің! Енді, өз – өзіңе бекем бол деді Доната Амедеоны Паоланың күресін жалғастыруға шақырып. Сол күні Италияны жайлаған коронавируспен ақтық демі қалғанша аянбай айқасқан, тағы бір қайсар дәрігер – Паола да бұл дүниеден өткен еді… Қатары азайғанына қарамастан, ақ халатты қайсар жандар төніп келген ажалдан қорықпай, күресін одан әрі жалғастырды… • Паола, сен менің мәңгілік жүрегімдесің! деді Амедео қимастықпен қолын бұлғап. 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: