Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Мысырда ұлы Абайдың рухы асқақтады

БЛОГТАР

16 қараша 2020
248
0

Мысырда ұлы Абайдың рухы асқақтады

15 қараша күні Қазақстан Республикасы Мысыр Араб Республикасының Елшілігінде «Абай» ақпараттық-мәдени орталығын ашу аясында Абай Құнанбайұлының араб тіліндегі кітабының тұсаукесері мен «Абай және рухани мұра» атты халықаралық көрме болып өтті.

 

2020 жылы ұлы классик және гуманист Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойланады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  ү.ж. 9 қаңтарында «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Онда Мемлекет басшысы былай деді: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтан бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет». Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердегі Елшіліктер жанынан «Абай» орталықтарын ашу керектігін атап өтті.

 

Осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасының Елшілігінің қолдауымен Абай Құнанбайұлының араб тіліндегі кітабының тұсаукесері мен «Абай және рухани мұра» іс-шара салтанатты түрде ашылды. Орталық Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шарифтің қолдауымен жүзеге асырылды.  

 

Іс-шараның міндеті – қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосу, Абай шығармаларын оқу мәдениетін қалыптастыру, ақын мұраларын шет елдердегі ғалымдардың зерттелуіне және ғылыми еңбектердің көптеп жазылуына әсер ету.

 

Сонымен қатар қазақ әдебиетінің көркемдік әралуандығын дәріптеуге, ақын шығармаларына ақпарат сұранысы мен ағынын зерделеуге, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға, орталықтың ғылыми және мәдени қызметімен байланысты өткізілетін іс-шараларға ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталатын болады.

 

Біірнеше кітаптар мен электронды ақпараттық ресурстармен танысуға болады: CD-дискілер, ақпараттық және мерзімді басылымдар, ғылыми ақпараттар. Сондай-ақ, қазақстандық толық мәтінді мәліметтер базаларына қолжетімділік ұсынылады. Абай және оның шығармалары туралы  Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасында 800-ден астам басылымдар  бар. Арнайы кітаптармен, мерзімді басылымдармен, аудиовизуалды материалдармен және электрондық ақпараттық ресурстармен және қазақстандық толық мәтінді деректер базасына қолжетімділік беріледі. Пайдаланушыларға Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасы –ҚазҰЭК базасында Абай туралы 800-ден астам басылымдар қолжетімді.

 

Иллюстративиті-кітаптар көрмесінде «Абай» энциклопедиясы, «Қарасөздері», Шығармалар жинағының 2 томдығы,  «Қалың елім қазағым...» өлеңдер жинағы, «Сен де бір кірпіш дүниеге» өлеңдер мен қарасөздері, «Стихи, поэмы, проза», «Абай тілі сөздігі», «Абай туралы сөз», «Я – человек-загадка...» және  М.Әуезовтың «Абай жолы» романы, Латиф Хамидидің «Абай», «Двадцать стихотворений на трех языках», Д.Омаровтың «Абайдың рухани мұрасы», Ғ. Есімнің «Хаким Абай» және «Абай туралы философиялық трактат», Ш.Құдайбердіұлы шығармаларының жинағы және т.б. кітаптар таныстырылды.

 

«Абай әлемі» атты фотокөрмеде Абайдың шығармашылығы мен өміріне қатысты тарихи ескерткіштер мен табиғат көріністері, ақын дүниеге келген қасиетті мекен туралы және қазақ елінің мәдени өміріне қатысты мол мағлұматтар берілген. Атап айтатын болсақ, Ә.Қастеевтің «Жас Абай» (1945), «Абай» (1954), «Абай» (1967), «Абайдың жастық шағы» (1968), А.Волощиктің «Бала Абай жыр тыңдап отыр» (1948), Е.Сидоркиннің «Абай мен әжесі Зере» (1960) және «Абай», «Мұхтар Әуезов» пен «Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романына салған иллюстрациялары, Ү.Әжиевтің «Бала Абайдың оқудан оралуы» (1969), Л.Леонтевтің «Абай Семей қаласының кітапханасында» (1954), «Абай және балалары» (1896), А.Кениг «Абай» (1953), «Абай  және отбасы, «Абайдың қауырсын қаламы, шақшасы, қалта сағаты, өзі сүйіп оқитын тоғызқұмалақ тақтасы», «М.Әуезов жұмыс үстінде. 1939 ж., Семей қаласындағы Абайға орнатылған ескерткіш, Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі тау жотасы – Абай туған  Шыңғыс тауы, Ертіс – қазақ даласының ұлы өзені, Шыңғыс пен Семей қаласын жалғайтын тас жол, Жидебай қонысы және т.б. 50-ден астам картиналар қойылды. 

 

Бүгінде Абай Құнанбайұлының әлемнің 44 тіліне аудармалары белгілі.

 

Іс-шара Мысыр Араб Республикасының саяси және мәдени элитасы өкілдерінің қатысуымен өткізіледі. Олардың ішінде Конституциялық соттың төрағасы Саид Мерей, Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Адэль аш-Шариф, Әділет министрі Омар Марауан, Ақпарат министрі Осама Хайкал,  Бас прокурор Хамада ас-Сауи, сонымен қатар әлемнің 20 елінің Елшілері (ТМД, Еуропа, Африка) және Қазақстандық делегация өкілдері: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Кенжехан Слямжанұлы Матыжанов, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика Академиясы мен Ұлттық академия жоғары мектебінің корреспондент-мүшесі Бауыржан Жақып,  педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева және т.б. қатысты.

 

Бауыржан Жақып

 

Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма Төрағасының орынбасары,ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,ақын

 

- Абай поэзиясының көркемдігінің тағы бір қыры – оның бейнелілігі, образдылығы. Абай өлеңдерінің бейнелілігі ондағы көркемдік құралдардың мол қолданылуынан аңғарылады. Ұлы ақын жырларында теңеу мен эпитеттің метафора, метонимияның, синекдоханың ,аллитерация мен ассонанстың,гипербола мен литотаның,басқа да бейнелеу құралдарының сан алуан үздік мысалдарын тауып көрсетуге әбден болады. Соның бәрі тек Абайдың өз жан-дүниесінен төгіліп түскендігімен де бағалы.

 

Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы,

Филология ғылымдарының докторы,

ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

- Абай тіршілік иесін адам және пенде деп екіге бөліп қарайды. Ақын үшін ең қымбат асылы – алғашқысы. “Адам деген даңқым бар”, “Атымды адам қойған соң...” деп оны ерекше әспеттейді және сол адам деген құрметті атқа лайық болудың басты қасиеттерін санамалап жырға қосады. “Адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз” “бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол” деп көрсетеді. Қашық болуға үндеп отырғандары: өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақтық”. Бұл адамға дұшпан жағымсыз істен қазіргі қазақ қоғамы да, жалпы адамзат та әлі арылып біткен жоқ. Ал үлгі етіп тартатын бес асыл ісі – “талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлау” бұл бесеуі де күні бүгінге дейін адамзат тәрбиесінің күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелер. Ұлы ақын осы ойларын үнемі жетілдіре келіп, ақырында өзінің “Толық адам” ілімін қалыптастырған. Бұл ілім, ең алдымен, адамның рухани жетілуін алдыңғы кезекке қояды.

 

Шара аясында Абай Құнанбайұлының араб тіліндегі кітабының тұсаукесері өтеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында ақынның шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды: ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон.

 

Аудармалар жинағына 145 өлең, үш поэма және 45 «Қара сөздері» енді.  Абайдың араб тіліндегі шығармашылығын Араб Мемлекеттері Лигасының мәдениет, білім және ғылым істері жөніндегі ұйымының (ALECSO) баспа үйі ұсынды.

 

Мәтіндерге жолма-жол аудармалар мен түсініктемелерді Каир университетінің оқытушысы Рабиға Төлебай, шығыстанушы Құрманғазы Садыбаев және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы Палтөре Ықтияр дайындады.

 

Абай өлеңдерінің әдеби аудармасымен Мысыр әдебиетшілер Одағының көрнекті мүшелерінің бірі, белгілі ақын Саурат Селлам, ал прозаның көркем редакциясымен-мысырлық Лингвистика және философия профессоры Халед Елсайед айналысты.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha