Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ДРАМА
Мұхтар Әуезов

Блогтар

09.10.2019
5927

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Әуезов

 

 

                                                                        ПЬЕСА

Қатысушылары:

Мұхтар Әуезов, жазушы

Сақалбаев, колхоз басшысы

Парақбаев, колхоз басшысының орынбасары

Еңлікті ойнайтын актриса

Кебекті ойнайтын актер

Ауыл ақсақалы

Жастар

1 көрініс

    Фонда ауыл көрінісі. Жастар жиналып жатыр.

Бірінші қыз: Не жиналыс?

Екінші қыз: Спактакіл қояйын деп жатыр дейді!

Бірінші қыз: Не қояйын деп жатыр?!

Екінші қыз: Спактакл деймін!

Үшінші қыз: Спектакль болады! Еңлік-Кебектің жырын бізге домбырамен емес, кәдімгі көрініс етіп көрсетеді бізге!

Бірінші қыз: Ешқашан ондай болмаған еді! Оны қалай істейді екен!?

Үшінші қыз: Қазір өздерің көресіңдер. Бұл мәдени іс-шараны ұйымдастырып жатқан Мұхтар Әуезов!

Бірінші қыз: Қазақ па? Бұрын тек ғана татарлар мен орыстар ғана спактаклдер қоюшы еді.

Үшінші қыз: Несі бар!? Біз де олардан кем емес қоя аламыз!

Бірінші қыз: Ауыл ақсақалы қарсы болып жатыр?

Екінші қыз: Не үшін?

Бірінші қыз: Ол үшін Еңлік Кебек тек қана жыр күйінде қалуы керек! Әйтпесе, жыр өнерінің қадірі кетеді дейді.

Үшінші қыз: Жоқ, жыр жыр болып қалады, ал пьесалар пьеса күйінде өнердің бір түрі ретінде өмір кешеді. Бұл жерде ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Атамен жақсылап сөйлесу керек. Ата - өте дана, ол түсінеді, білемін.

Бірінші қыз: Ой, қойшы! Бүкіл ауыл театр қарсы емес. Сол кісі ғана ылғи қырсыға береді.

Үшінші қыз: Менің атама тіл тигізбе! (кетіп қалды) Сен өнерді мүлде түсінбейтін жансың!

Бірінші қыз: Мен бе түсінбейтін!? Мен керек десең, бұл ауылдың қыздарының арасынан сол атадан бірінші болып домбыраны үйренген едім! Қайтесің оны, атасының ең кенже немересі ғой, ерке.

2 көрініс

    Мұхтар Әуезов, Еңлік, Кебек

Еңлік: Мынау сөздердің барлығын жаттау керек пе, Мұхтар ағай?

Мұхтар: Иә, мына тағы екі шұмақты да қоса жадыңа тоқып алу керек. Және де  рөлге жақсылап тұрып ену керексің жан-тәніңмен.

Еңлік: Мен қобалжып тұрмын.

Кебек: (кесе суды созды) Қобалжыма, біз толықтай әзірлендік, тағы сюжетті бір мәрте қайталап алсақ болды.

Мұхтар: Ең бастысы, достарым, көрермендерден қорықпаңдар, образға енудің әдіс тәсілдерін кеше үйреттіп сендерге. Ендеше іске сәт! Соңғы рет репетиция жасайық! Кебек, үшінші актінің бесінші көрінісінен баста сөзіңді! Қағазға қарамай сөйлеуге тырысыңдар! Қағазға қарамай!

3 көрініс

      Ауыл ақсақалы мен Сақалбаев шай ішіп отыр, Парақбаев құжаттарды жазып отыр.

Ауыл ақсақалы: Әй, балам, мен осы ауылда сонау Николай патшаның кезінен бері тұрамын. О заманда, бұ заман бізде спахтакл деген масқара болмаған! Алтыбақан иә болған, ақсүйек иә болған, тіпті асықтың өзі болған! Ал спахтакл деген пәле болмаған еді! Ол не тағы, не үшін керек!?

Сақалбаев: Ата, түсінесіз бе, қазір заман басқа! Жастар мәдениетке, өркениетке үйренуі тиіс. Спектакль деген ол кәдімгі сіздің Еңлік Кебек жырыңыз. Соны жұрт көреді де, мәдени сауаты ашылады да, қайтадан күнделікті ұлттық ойындарына және жұмыстарына оралады. Бұнда жаман ешнәрсе жоқ, ата! Тағы шайдан ішіңіз, сүт қатып ішіңіз, ата!

Ауыл ақсақалы: Тәйт! Өзім білемін шай ішемін бе, ішпеймін бе! Еңлік-Кебекті маған үйретпе! Мен өзім сол жырды домбырамен шебер орындап бере аламын, тағы мен қырық сегіз жыр, күй, ән білемін! Жатқа білемін! Мен ғана емес, біздің ауылдың барлық қариялары да біледі! Спактаклсіз де күн көре аламыз!

Сақалбаев: Ата, ата, ашуланбаңыз. Міне, көк шайдан дәм татыңыз! Түсінесіз бе, ата, осы ауылда көркем мәдение іс шараларға сіз ғана қарсысыз. Қалған қарияларға мен спектакльдің текстісін оқыттым, олар репетицияны көрді, ол кісілерге бәрі ұнады, ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Себебі, культура бізге керек! Культура бәріне де керек!

Парақбаев: Анау Грек, Рим елдерінде театр өнері мыңдаған жыл бұрын пайда болған еді! Бүкіл Еуропа, Ресей театрларға толы, біз де даму керекпіз!

Ауыл ақсақалы: Сен, балақай, үлкендердің сөзіне араласпай отыр! Білемін сені, кеше Күләйім әженің сандығын жаңа үйге көтерісіп жібер дегенде көмектеспей қойған едің!

Парақбаев: Көмектесіп едім ғой, ата! Ол кісі маған алғысын да айтты.

Сақалбаев: Иә, иә, өзім көрдім. Бұл бала барлық ауыл тұрғындарына ылға жәрдем беріп жүреді!

Ауыл ақсақалы: Жарайды, жарайды... Мен де анау спахтаклдеріңе барайын, тек егер маған ұнамайтын болса, онда екінші рет ол әртістерді шақырмаңдар деп бүкіл ауылға айтамын.

Парақбаев: Ата, ол спектакль сізге міндетті түрде ұнайды! Уәде береміз!

Ауыл ақсақалы: Оны әлі көрерміз, ал қазір сен менімен жүр — он алты жылқыларымның тұяқтары тағаланбаған. Соларды тағалап бер!

Сақалбаев: Ақсақал-ау, мен өз қызметшімді жұмыс уақытында жібере алмаймын! Анау есік алда отырған Сәрсенге айтыңыз.

Ауыл ақсақалы: Ол таң ертеңнен бері спахтакл көреміз деп, ауылдың пләщәдкәсіне кетіп қалған! Бір қызықтан құр қалатындай!

Сақалбаев: Түсінікті, Парақбаев, бар атаға көмектес!

 4 көрініс

Мұхтар Әуезов: Дайынсыңдар ма?!

Еңлік: Мұхтар аға, біздің қазақ даласында болашақта театрлар көп болады ма?

Мұхтар Әуезов: Охой, театр тұрмақ, тіпті кино да келеді!

Еңлік: Біз қаладан көрген жылжитын суреттерді айтасыз ба?!

Мұхтар Әуезов: Иә, дәл соны айтамын. Бірақ қазір біз ойша пьесаның барлық сөздерін қайталап, пысықтап алайық іштей! Ең бастысы, біз өз кейіпкеріміздің жан дүниесіне ену керекпіз, соны сезіну керекпіз, сонда ғана роль шынайы шығады!

Кебек: Мұхтар аға, үшінші көрініс кезінде мен Еңлікке қалай қарауым керек?

Мұхтар: Бері қара, түсіндірейін, бұрын да қазақтар ақсүйек әйел затына сұқтана қарамаған! Тек көздің қиығымен ғана, өте сыпайы түрде бір қарап, барынша ілтипатпен сөйлеген. Әр сөзді сараптап, саралап сөйлеген. Тек сын сағатта ғана емес, күнделікті тіршілікте де байыппен сөйлей білген еді. Сендер соны өздерінің ойының арқылы көрсете біліндер! Ендеше іске сәт! Кеттік! Көрермендер бізді күтіп қалды!

 5 көрініс

Ауыл ақсақалы (ағаштан домбыра жасап отыр): Спахтакл, спахтакл деп барлық жұрт жоқ боп кетті. Таң ертеңнен бері бір жан жоқ! Жұмысты кім жасайды, о тоба! Тым болмағанда мына ұсталық өнердің өзін ұмытайын деді мына жастар!

Немере қызы: Ата, ата, жүріңіз спектакльге! Сіздің сүйікті жырыңыз Еңлік Кебекті сахналайын деп жатыр, ата!

Ауыл ақсақалы: Қашаннан бері біздің ауылда тәәтір өнері болып қалыпты!?

Немере қызы: Ата, болмаса енді болайын деп жатыр. Біз де басқа елден кем емес екенімізді дәлелдейміз! Бізде де театр болады, бізде де кино болады!

Ауыл ақсақалы: Ойпырмай, ойпырмай. Ал мына домбыраны ұмыта ма, сонда!?

Немере қызы: Жоқ, ата! Домбыра ол бірінші орында, ол біздің халқымыздың ерекшеліктерінің бірі! Біздің өнеріміздің іргетасы!

Ауыл ақсақалы: Әй, әжең сияқты әдемі сөйлейсің, ә! Жалғыз өзім осында отыра беремін бе!? Әкелші жаңа бархыт шапанымды! Әкелші!

Немере қызы: Бәрекелді, ата! Сіз туралы енді ешкім заманнан қалған деп айтпайтын болды!

Ауыл ақсақалы: Жоқ, рахмет! Шапан керек жоқ!

Немере қызы: Ата, ата, айналайын менің атам! Енді не боп қалды сізге? Мен абайсыздан сізді ренжітіп алдым ба?

Ауыл ақсақалы: Мен тура солай ойладым! Салт дәстүр заманнан қалған, ескінің өсиеті заманнан қалған, тіпті мына шапанымның өзі заманнан қалған! Енді мен заманнан қалмау үшін анау қаладан келген бәлесипедпен жүруім керек пе!? Қой, мазақ қылғандарың керек жоқ!

Немере қызы: Ата, ата, сіз барамын деп едіңіз ғой!

Ауыл ақсақалы: Сол спахтакліңді ұйымдастырып жатқан кім өзі, соны айтшы!

Немере қызы: Мұхтар Әуезов деген жас жазушы, қаламгер. Қаладан білім алған!

Ауыл ақсақалы: Қазақша біле ме?

Немере қызы: Әрине, біледі! Ол жігіт Абайдың ауылының тумасы!

Ауыл ақсақалы: Абайдың?!

Немере қызы: Иә, ата! Абай Құнанбаев ақынның ауылынан!

Ауыл ақсақалы: Е, онда бару керек! Бару керек! Шапанымды әкел, дереу!

Немере қызы: Ата, ата, мен сіздің өнерге жақын адам екеніңізді білген едім!

6 көрініс

     Барлық ауыл тұрғындары жиналған жиын. Он екі қанатты киіз үйдің іші. Түрілген сахна. Халық шапалақтап жатыр, актерлер мен Мұхтар Әуезов еңкейіп тұр. Халық қошеметін білдіп жатыр.

Парақбаев: Бізге де, бізге де театр келді! Қандай жаңалық!

Бірінші қыз: Біздің атамыздың шаттана шапалақтап отырғаны жаңалық болды!

    Алға Сақалбаев шықты.

Сақалбаев: Құрметті ауылдастар! Біз қазір ғана жас дарын, жас талант Мұхтар баламыз қойған спектаклді тамашаладық! Мұхтар Әуезов жас драматургке тағы да қошемет көрсетіп жіберіңдер! Жас актерлерге де рақмет! Мен осы көріністі көріп отырып, бірнеше рет көз жасымды сүртіп алғанымды мойындаймын!!! Енді біздің ауылда осындай театр өнерінің үлгілері үш ай сайын болады! Рақмет, рақмет, енді ауылымыздың ақсақалына сөз берелік!

Ауыл ақсақалы: Уа, пысымылда. Мен бастапқыда, сендер білетіндей, ал сендердің білмейтіндерің жоқ... мен бұл спахтаклге қарсы едім. Себебі Еңлік-Кебек деген халықтың көне жыры бұрын тек домбыра, қобыз арқылы жырланып келген еді. Сол жыр арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл мұраның бірі еді. Енді осы күннен бастап бұл жырды да, басқа да заманға сай тақырыптағы дүниелерді де біз осындай қызықты көрініс түрінде тамашалап жүретін болдық! Сол үшін мен осы театрға, осы өнерлі жастарға, әсіресе Мұхтар балама батамды берейін!

      Бисмиллә, айтайын сендерге батамды!

      Өнерің қуантсың барша қазақ жұртымды!

      Алдағы асулардан аман-есен өтіңдер,

      Өнердің ең биік шыңдарына жетіңдер!

                                                                                                                                             Әумин!  

                                                               ПЬЕСАНЫҢ СОҢЫ

                                                                                                                                    Риза ЫСҚАҚ


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: