Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Пайғамбардың (с.ғ.с.) балалық шағы

БЛОГТАР

28 наурыз 2019
551
0

Пайғамбардың (с.ғ.с.) балалық шағы

 

Мохсен Һеджри

 

Есіктің алдында тұрып, алысты барлап, ернінің ұшымен маған түсініксіз бір сөздерді күбірлеп тұр. Тек құлағыма бір ғана таныс сөз естіледі: Мұхаммед…

 

Әмина мен жаққа бет бұрып: «Шема! Қашан келеді деп ойлайсың?» деп сұрады. «Ханым, алаң болмаңыз. Қазір келіп қалар. Бірер сағат шыдай тұрыңыз!» деймін. Әминаның көзіне жас үйіріліп, терең тыныс алып: «Егер Абдолла тірі болғанда жағдай басқаша болар еді. Мұхаммедке сүт ана іздеген сол күндер есімнен кетпейді. Сәд әулетінің әйелдері Мұхаммедтің жетім екендігін естігенде одан бас тартпады ма?!» дейді.

 

Әминаны жұбатып: «Бірақ, менің апам Халима оны бауырына басты ғой. Қазір неліктен өткенді еске алып, қамығасыз?» деймін. Әмина сөзін сабақтап: «Мұхаммедті қатты сағындым. Шіркін, осы бірнеше сағат жел мен найзағайдай жылдам өте шыққанда ғой… Білесің бе, Шема? Сүйікті Мұхаммедім дүниеге келгенде бір көзіммен күліп, екінші көзіммен жылаған едім. Дүниеге сәби әкелген әр ананың бәрінен бұрын өзінің жан жарының есіктен еніп, құттықтап, перзентті өсіруде оны жалғыз тастап кетпейтінін айтып жұбатуын күтетіні белгілі емес пе?! Сен білсең ғой, Абдолла сүйікті ұлының дүниеге келетінін күн санап, тағатсыздана күткен еді... Егер бір жерге бара қалса, қиын сәтте жалғыз болмасын деп жылдам оралатын. Үнемі маған: «Әмина, аяғың ауырлаған күннен бері жүзің өзгеріп кеткен. Нұрланып кеткендігің сондай, хордың қызы ма дерсің!» дейтін. Мен де назданып: «Өтірік емес қой!» дейтінмін. Бірақ, Абдолла екеуіміздің жақсы күндеріміз ұзаққа созылмады. Абдолла сапарға кетіп, сол кеткеннен оралмады. Құрайыштың сауда керуенімен Шамға барып, қайтып келе жатқанда Йәсребке соққан. Анасының туыстарын көрген соң Меккеге қайтып келмек еді. Бірақ…

 

Әмина үнсіз қалды. Оны өз ойымен оңаша қалдырып, үй шаруасына кірістім. Мұхаммедтің оралуына дейін үйді әзірлеп қою үшін мен бірнеше күн ерте келген едім. Мүмкін, бұл Әминаның қасында болатын соңғы күнім шығар. Содан кейін үйіме қайтуым керек.

 

Жұмысымды бітірген соң Әминаның қасына қайтып бардым. Бір сағат бұрынғы жерінде бөлменің бұрышына қадала қараған күйде отыр екен. Көңілін ауламақ болып: «Ханым, перзентіңізге неліктен «Мұхаммед» деп ат қойдыңыз?» деп сұрадым. Әмина күлімсіреп: «Бұл есімді атасы Әбділмүтәлеп қойды. Сүйіктім Мұхаммедтің дүниеге келгенінен атасы тез құлақтанып қойыпты. Үйге кірген соң хал-жағдайымды сұрап, Мұхаммедті өзімен алып кетті. Алдымен мені ұлымнан ажыратқалы жатыр екен деп ойладым. Өйткені, қасымда бұрынғыдай Абдолла жоқ еді. Атасы ретінде шешім қабылдайтын ерік Әбділмүтәлептің қолында болатын. Бірақ айналамдағылар: «Алаңдама, Әбділмүтәлеп балаңды Меккеге алып кетті» деп жұбатты. Сол күні Әбділмүтәлеп баламды Қағбаға апарып, атын «Мұхаммед» деп қойған еді. Ол кезде мұндай есім арабтардың арасында өте сирек кездесетін. Сол себепті сәбидің атының сырын сұрағанда, ол: «Аллаға мәңгілік мадақ айтуы үшін немеремнің есімін «Мұхаммед» деп қойдым» дейтін. Содан кейін ол тездетіп, Мұхаммедті өзіме қайтарып берді. Мұхаммедті құшағыма алған кезде барлық дертімді ұмытып кеттім. Мұрныма Абдолланың иісі келді. Есімді жинаған кезде Әбділмүтәлеп көзі жасқа шыланып, сәбиім екеуімізге қарап тұр екен. Оның да Абдолланы сағынып жүргенін түсіндім. Сәлден соң Әбділмүтәлеп жүзі мейірімге толып: «Мұхаммедті емізуді ойлап, қамықпа. Жақын арада оған қарайтын сүт ана табамыз» деді.

 

Кенет, Әмина сөзін бөліп: «Айтпақшы, Шема, анаң неліктен Мұхаммедті алмақ болып, қайтып келді?» деп сұрады. Басымды төмен салып: «Білесіз бе, ханым… Соңғы бірнеше жылда Сәд әулеті қиын күндерді бастан өткерді. Қуаңшылық төрт тұяқ малымызды жалмап қойды. Жоқшылық, аштық әбден діңкемізді құртты. Анам: «Үйдің ер азаматының алдындағы жол жабылған кезде, сабыр мен қайрат арқылы әйел өз жолын ашады» деп айтушы еді. Сіңлім дүниеге келген кезде әкем: «Мынадай мүшкіл халде бала-шағаның қарнын қалай тойдырамыз?» деп налыды. Анам оған: «Қайғырма, бірнеше күннен кейін әулетіміздің әйелдерімен бірге Меккеге барып, асырауға бала алып қайтамыз. Мүмкін, осылай қиындығымыздың түйінін шешерміз» деді.

 

Анам сол күндерді еске алып, былай дейтін: «Меккеге жеткен кезде жақсы еңбекақы алып, тұрмысымызды түзеп алармыз деген үмітпен емшектегі балалары бар үйлерге бас сұқтық. Бірге келген әйелдердің әрқайсысы бір-бір баладан алды. Бірақ, мен әлжуаз болғандықтан, ешбір ата-атаның көзіне ілінбедім. Тек Әбділмүтәлептің отбасы ғана баласын емізіп, асырауға ұсыныс жасады. Мұхаммедтің жетім екенін білгенде ішімнен: «Уа, Алла! Менің басымды тағы не күйге салмақсың. Мен бұл жерге қиындықтан шығу үшін келдім. Үйдің ер-азаматы жоқ болса еңбекақымды кімнен талап етпекпін!?» деп күйіндім».

 

Анам сол себепті Мұхаммедті алуға екі ойлы болып, көзі жасқа толады. Тағдырдың жазуы солай болды ма екен, Әбділмүтәлептен басқа ешкім анама сүт ана болуға ұсыныс жасамапты. Анам жағдайды байқаған соң, әкем Харестен: «Егер ауылға құралақан қайтатын болсақ, әйелдердің алдында абыройым төгілер. Мен Әбділмүтәлептің немересін асырауға келісемін. Сен не дейсің?» деп сұрайды. Әкем ризашылығын білдірді. Мұхаммед біздің үйге осылай келіп еді.

 

Ханым! Бірақ, сіздің перзентіңіз біздің үйге келген соң қызық болды. Егер шындықты білгіңіз келсе, анам Халиманың сіздің сәбиіңізді алмас бұрын сүті тым аз еді. Сіңілім көбінесе сүтке жарымай, қарны ашып жылайтын. Анамның дәл сол күні Мұхаммедті емізбек болып құшағына алып, қуанып: «Құдайым-ай, мына баланың тәбеттеніп еміп жатқанын қарашы!» дегені әлі есімде. Анам Мұхаммедті емізер алдында бар болғаны бір кесе су ішкен болатын. Сол күні Мұхаммедтің қарны тойды, одан кейін біраз уақыттан соң сіңлім де жеткілікті мөлшерде еміп, тынышталды.

 

Ханым! Мен сол күні анамның жанарына үйірілген жасты көрген едім. Ол Мұхаммедті сүйіп, әкеме: «Бұл бала өзімен береке әкелді. Алғаным қандай жақсы болған» деп қуанды. Әкемнің күліп: «Омырауыңдағы сүтіңмен сенің тағы бірнеше бала алуыңа болады» деген қалжыңына өз ойымен болған анам бір-ақ сөзбен жауап берді: «Жоқ! Мен енді оны Меккенің ешқандай баласына ауыстырмаймын! Ол мен үшін өте қымбат!».

 

Ханым! Шіркін, анамның Мұхаммедпен сөйлескен кезде қандай қуанып, балаға тән дауысымен анама тіл қатқанын көрсеңіз, естісеңіз ғой! Мұхаммедтің анамның сүйіктісіне айналғаны соншама, тіпті кейбір кездері қызғанушы едім. Әлбетте, өзімнің де Мұхаммедті құшағыма алған кезде оның мейірімінің бойымды кернейтіні сонша, тілмен айтып жеткізе алмаймын. Сол кезде барып анамның Мұхаммедке деген сүйіспеншілігін түсінетінмін. Сіңлім Әниса екеуіміз анама көмектесетінбіз. Бірақ, Мұхаммедті құрғақтап, жуындыру көбіне маған жүктелетін.

 

Ханым, қалай десем екен? Мұхаммедтің келуімен біздің үйіміз басқа бір күйге енді. Даладан шаршап оралатын әкемнің тамағын сумен жібіткеннен кейінгі алғашқы сұрайтын сұрағы: «Халима, біздің үйдің берекесі қайда?» болатын. Егер сол кезде Мұхаммед ұйықтап жатса: «Қымбаттым, қазір ұйықтайтын уақыт пе екен?» дейтін. Содан оятып алмас үшін, еппен қолынан сүйіп: «Неге екенін білмеймін, үйге келген кезде Мұхаммедті көрсем барлық қайғым мен қиындығымды ұмытып кетемін» дейтін.

 

Сәд әулетін қайран қалдырған нәрсе біздің қойларымызбен болған оқиға еді. Анам бір күні бізден: «Қойлардың желінінің сүтке толы екенін байқадыңдар ма? Әлде қойларды басқа жерге жайып жүрсіңдер ме?» деп сұрады. Інім Абдолла: «Бұрынғы жерге жайып жүрміз» деді. Бізден көріп ағайындарымыз да көбірек сүт беруі үшін қойларын сол жерге апарып жаюға тырысатын. Бірақ, ешқайсының қойлары Харестің қойларына жете алмады. Қой төлдейтін уақыт жеткен кезде қойларымыз өткен жылмен салыстырғанда, көп төлдеді. Әкемнің Мұхаммедті «үйіміздің берекесі» деп жүргенінің себебі осы еді.

 

Анам Мұхаммедті есіне алғанда: «Мұхаммедтің көзі кірпігінің арасынан қараңғы түнді нұрландыратын жарық жұлдыздай жарқырап тұратын» дейтін.

 

Мұхаммед жайлы әңгіме айтып отырып, Әминаны ұмытып кетіппін. Кенет, Әминаның бір орамалды иіскеп, күбірлеп отырғанын көрдім. Содан маған қарап: «Қарашы, Шема! Мынау – бауыр етім баламды құндақтаған алғашқы жөргек. Мұхаммедімнің иісі аңқып тұр… Қанша уақыт өтті оны көрмегеніме… Қазір қандай болды екен? Жүріп жүр ме? Сөйлей ме екен? Айтпақшы, Шема, анаң менің есімімді оған айтты ма екен? Ол мені ойлай ма екен? Шіркін-ай, осы түн көзді ашып-жұмғанша жылдам өте шықса ғой…» деді.

 

Ертеңінде таң шапағы қалаға нұрын шашқан кезде кенет анамның даусы естілді: «Ханым! Үйдесіз бе? Мен, Халимамын! Мұхаммедті әкелдім!». Әмина қуаныштан есі шығып, есікке жүгірді. Мұхаммед анамның құшағында бұйығып жатыр еді. Алға ұмсынған Әмина даусы құмығып: «Мұхаммед… Жаным… Мені таныдың ба? Маған келмейсің бе?» деп құшағын жайды. Жиналып қалған көрші-қолаң анасын көп уақыт көрмеген бұл сәби не істер екен деп қарап тұр. Мұхаммед Әминаға сәл таңдана қарап, кенет, оның құшағына құлай кетті. Мұхаммедті иіскеп, еміренген Әмина көз жасына ырық берді. Анам оны жұбатпақ болып: «Ханым! Бала шошынып қалар, жыламаңыз! Кішкентай болғанына қарамастан, бәрін жақсы түсінетінін көрмейсіз бе?» деді. Мұхаммед кішкентай қолдарымен анасының жүзін сипай бастады. Соңсоң басын Әминаның иығына қойып, көзін жұмды.

 

Бір сағат өтпей, ұлдарымен Әбділмүтәлеп келіп жетті. Екі жасар бала емес, құрайыштықтардың үлкендерінің бәрі үйге келгендей болды. Бұған дейін Әбділмүтәлеп бірнеше рет сәдтықтардың ауылына барып қайтқан болатын. Сол себепті де Мұхаммед оны жақсы танитын. Есіктен енген оған Мұхаммед бал тілімен «Әке» деп қарсы жүгірді. Әбділмүтәлеп оны құшағына алып: «Жаным» деп мейірленді. Әминаның көзі жасқа толды. Абдолланың орнының ойсырап тұрғанын ойлағанын түсіндім. Соны байқаған Әбділмүтәлеп Мұхаммедті еппен жерге түсіріп: «Неге жылайсың, келінжан? Бүгін қуанышты күн. Абдолланың ізбасары келді емес пе? Көзіне қарашы, тура Абдолланың көзіндей. Абдолламның бүгін қуанышты екенін білемін. Оның сүйікті Мұхаммеді сапардан қуанышпен оралды ғой!» деді.

 

Әбділмүтәлептің даусынан толқып тұрғаны сезілді. Оның Абдоллаға деген әкелік махаббаты шынында айтуға тұрарлық еді. Әбділмүтәлеп жүзін анама бұрып: «Қане, Әбузуйибтің қызы, менің немереммен күн көрістерің қалай болды? Саған оны асырау қиынға соққан жоқ па?» деп сұрады. Анам жауап берудің орнына өзіне сауал тастап: «Уа, Һашеми әулетінің ақсақалы! Қандай қиындық? Керісінше, Мұхаммед үйіміздің берекесі болды» деді. Әбділмүтәлеп күліп: «Оны алғың келмегені есіңде ме?» деді. Анам: «Иә, райымнан қайтқаныма Аллаға шүкір деймін» деп жауап берді. Әбділмүтәлеп: «Бір сағаттан соң маған кел, қалған ақыңды төлеп, есеп айырысайын. Біз сенің, отбасыңның бізге жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз» деді. Анам сәл үнсіздіктен соң: «Мен Мұхаммедті өз перзентімдей жақсы көремін. Бірақ, сізге шындықты айтқым келеді. Меккеде оба індетінің қаншама адамның өмірін қиғанын өзіңіз білесіз. Мұхаммедке де жұға ма деп қорқамын» деді. Әбділмүтәлеп анамның сөзін бөліп: «Не дегің келіп тұр, Әбузуйубтің қызы? Мұхаммед науқасқа шалдықты ма?» деп сұрады. Анам асығыс Әбділмүтәлептің сөзін бөліп: «Жо… жоқ. Бірнеше күннен соң Мұхаммедті қайтадан өзіммен алып кетуге рұқсат сұраймын. Қалған еңбекақым қажет емес…» деді. Әмина анамның сөзіне араласып: «Бірақ, мен енді бұдан әрі төзе алмаймын. Абдолладан қалған жалғыз тұяқ Мұхаммедімді көзден таса ете алмаймын. Жалғыздық жүгін бұдан артық қалай арқаламақпын?!» деді. Анам Әминаға: «Ханым, сіз үшін Мұхаммедтің амандығы маңызды емес пе? Жырақта болудың қандай қиын екенін түсінемін. Сізге оны Меккеге әкеліп, көрсетіп тұруға уәде беремін» деді. Әмина әмірлі дауыспен: «Бұл жайында ойлануым керек. Мен Мұхаммедіммен енді ғана қауыштым. Қалған мәселе жайлы кейін шешім қабылдаймын» деді.

 

Анам Әбділмүтәлептің ойын білмек болып, оған көз тастады. Ол да біраз үнсіздіктен соң: «Менің ойымша, Әмина дұрыс айтады. Біз Мұхаммедті енді көріп тұрмыз. Біраз күн өтсін. Содан кейін дұрыс бір шешім қабылдармыз» деді. Анам: «Өз еркіңіз. Рұқсат етсеңіз, Шема бірнеше күн қастарыңызда қалып, Мұхаммедті қарауға анасына көмектессін» деді. Әбділмүтәлеп: «Егер келінім қарсы болмаса, мен қарсы емеспін» деді. Мен Әминаға көз тастадым. Әмина: «Шема қалам десе, мен де қарсы емеспін» деді. Бәрі қуанып кетті. Әсіресе, мен қатты қуандым. Өйткені, Мұхаммедтің қасында, Әминамен сөйлесіп, сырласатын болдым.

 

Мұхаммедтің үйге оралуымен Әмина дүниеге қайта келгендей болды. Есі шығып, Мұхаммедтің маңында көбелектей шыр айналды. Абдолланың ұлы үйдің ортасында былдыр-былдыр сөйлеп жүр. Кейбір кездері ойынын тастап, Әминаны жана көргендей құшақтай алатын. Тағы бірде ол бізден басқа біреуді іздеп жүргендей сезілетін. Әлде әкесінің бос орнын сезе ме екен, әлде бұл бала басқа біреуді іздей ме екен?

 

Бір жолы Әмина: «Мұхаммедтің үнемі күліп, жайраңдап жүргенін калаймын. Неге екенін білмеймін, кейбір кездері  тып-тыныш болып қалады да, бұрышқа қарайды. Әкесінің жоқ екенін сезе ме екен?» деді.

 

Бірнеше күн өтті. Күн ұясына қонар кезде біреу Әбділмүтәлептің сүйікті немересін Қағбаға алып келсін деген сәлемін жеткізді. Әминаның айтысына қарағанда, Әбділмүтәлеп күнде ұлдарымен және һашемилік өз ағайындарымен Қағбаның маңына жиналып, әңгіме-дүкен құрады екен.

 

Сөйтіп, Мұхаммедтің киім-кешегі мен қажетті заттарын жинастырып, Әминамен бірге жолға шықтық. Қағбаға енген кезде Әбділмүтәлеп орнынан тұрып, бізді қарсы алды. Мұхаммедті құшағына алып, отырғандардың жанына барды. Онша қашық емес жерде тұрғандықтан, оның сүйікті немересін өзінің жанына, арнайы кілемге отырғызғанын көріп тұрдым. Осы бір кішкентай сәбиге ерекше құрмет білдіргені соншама, құрайыштықтардың үлкендерінің бәрі келді ме дерсің!..

 

Бірнеше күн өтті. Күн сайын Әбділмүтәлеп Мұхаммедті өзімен бірге Қағбаға апарып жүрді. Бірақ, Меккеде басқа бір мәселе бар-ды. Ол оба дертінің деңдей түсуі еді. Көбінесе жас балалар шетінеп жатты. Көршінің баласы қайтыс болғанша Әмина таянған қатерді сезе қоймады. Ол бұрынғысынша өз дегенінен қайтпай, Мұхаммедті қасында қалдырмақ болып, табандап тұрып алды. Бірақ, көршінің баласының өлімінен кейін Әминаның есі шығып: «Шешең Халима рас айтыпты. Меккенің сүйікті Мұхаммедім үшін жақсы жер емес екенін сеземін. Бірақ, алыста болғанына қалай шыдар екенмін?» деді. Мен ештеңе демедім. Әмина бірнеше күн өзімен-өзі селқос жүрді. Тіпті, сүйікті ұлымен ойнауды да қойды. Кейбір кездері уайымға батып, бөлменің бұрышында отырып қалатын кезде Мұхаммед қасына барып, қашан анасының жүзіне күлкі үйірілгенше ойнайтын. Бірақ, қауіп бұлты сейілмеді. Әбділмүтәлеп те қауіпті сезген еді. Сол себепті, ол бір күні ымырт түскенде Әминаның үйіне келіп, Мұхаммедті сәдтықтардың ауылына қайтару жайлы ойын білгісі келді. Мен ол кезде үйде емес едім. Әмина мен атасының бір-біріне не дегенін білмеймін, бірақ тоқетері – Мұхаммед біздің отбасымызға қайтатын болды.

 

Бірнеше күннен соң әке-шешем келді. Кетер кезде Мұхаммед анасынан тағы алысқа кететінін сезіп, мойнынан қапсыра құшақтап: «Тез келемін, жыламашы…» деді. Мұхаммедтің тілінің тәттілігі сондай, тұрғандардың бәрі күлді. Тіпті, Әмина да риясыз бір күліп алды. Мұхаммед қайтадан Сәд әулетіне қайтты. Бұл жолы жан ашып, аяғандықтан емес, оны үлкен құрметпен алып кеттік. Әкем Харес пен анам Халима тұрмыстарының түзелгенін Мұхаммедтің арқасы санады. Әмина менімен қоштасқанда: «Шема, осы бірнеше күн ішінде жақсы сырлас болдың. Егер мүмкіндік болса тағы кел. Енді Мұхаммедке бас-көз бол деп тапсырмаймын» деді.

 

Мұхаммедті құшақтап, ата-анаммен бірге ауыл жаққа жол тарттық. Жадымда Әминаның Абдоллаға деген махаббаты мен сүйіспеншілігі жайлы айтқан әңгімесі жаңғырып тұрды. Бәрінен бұрын осы пәк махаббаттың жемісі менің жанымда еді. Біз ауылға түйеге мініп қайттық. Түйенің шайқалған жүрісіне елтіген Мұхаммед анамның құшағында ұйықтап бара жатты. Күн ұясына қонбай үйге жеттік. Үйдің жанында бізді күтіп тұрған сіңлім Әнисаны алыстан көзім шалды. Бізді көре салысымен ол шаттанып: «Құдайым-ау, не көріп тұрмын? Сүйікті бауырым қайтып келді!..» деп алдымыздан жүгірді. Мұхаммед те Әнисаны көрісімен оған қарай талпынып, қолын созды.

 

Осылайша, Харес отбасының жақсы күндері қайтадан басталды. Туыстардың әйелдері бір-бірлеп келіп, анаммен аман-саулық сұрасты. Сонда мен олардың көбінің: «Шіркін, сол жолы Мұхаммедті алғанымда ғой…» деп армандағанын көздерінен ұқтым. Өйткені, сәдтықтардың бәрі Абдолланың ұлы, Әбділмүтәлептің немересі – Мұхаммед Харестің отбасына береке әкелді десетін.

 

Күн артынан күн өтіп жатты. Біздің қонағымыз да күннен-күнге ақылды болып, ержете бастады. Үш жасқа толған кезде, ол біздің соңымыздан еріп, малға баратын. Әлбетте, кейбір кездерде шаршағанын байқасақ, оны бірден түйеге мінгізетінбіз. Ата-анамыз Мұхаммедке дұрыс қарамағанымызды біліп қойса, бізге әбден ұрсатын. Бізге қол ұшын беріп, мал қайыру үшін кішкентай таяқ жасап бердік. Алайда, онымен қойды ұрып-соққанын еш көрмедім. Керісінше, мал көрсе, олармен ақылы бар тіршілік иелеріндей тым мейірбан болатын.

 

Мұхаммед өзімен жасты балалармен салыстырғанда өте еркін сөйлейтін. Сәд әулеті арабтардың арасында шешен сөйлеу мәнерлерімен атақты болатын. Сол себепті анам Мұхаммедтің те солар сияқты еркін сөйлеуіне ерекше мән беретін. Ол бізбен бірге мал жаюға барса, демалыс кезінде өзімен-өзі болып, ойға шоматын. Басында ол отбасынан жырақта жүргендіктен қапаланып жүрген шығар деп ойлап, оны өзімше жұбатпақ та болдым. Бірақ, біртіндеп оның қайғыдан қапа болып жүрген адамға ұқсамайтынын байқадым. Балалармен ойнаған кезде көңілді болатыны соншама, оған қосыла бәріміз күлетінбіз. Әкем үнемі «Мұхаммедке ауыр жұмыс жүктемеңдер» дейтін. Біз де оның айтқанын екі етпейтінбіз. Дегенмен, оның ешқашан әлдебір сылтауды алға тартып, істен бас тартқанын көрген емеспін.

 

Анам: «Егер біздің әулеттің барлық ер-азаматы Мұхаммедтей болғанда тұрмыстың тауқыметі қыздар мен әйелдердің иығына түспес еді» деуші еді. Анам дұрыс айтатын. Қыздары мен әйелдері ауыр жұмыс істеп жатқанда қабырғаның немесе ағаштың түбін саялап, бос әңгіме-дүкен құрып отыратын ер-азамат аз болмайтын. Уақыт өткен сайын Мұхаммедтің өз ісіне деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын байқайтынбыз. Біраз уақыттан соң әкемнің оған сенім артқаны соншама, Мұхаммедтің берекесімен Сәд әулеті ішіндегі ең үлкен отарға айналған малдың жауапкершілігін толығымен соған жүктеп қойды. Сол уақыттың ішінде әкем Мұхаммедті анасы мен атасына көрсету үшін Меккеге бірнеше рет апарып келді.

 

Бір жолы анамнан Мұхаммедпен бірге Меккеге мен де барып қайтайын деп өтіндім. Өйткені, Әминаны көргім келді. Бізді көрген кезде ол ерекше қуанып, Мұхаммедті құшақтап: «Қымбаттым, қалай өсіп кеткенсің? Анаңа қайтып келгің келмей ме?» деп сұрады. Мұхаммед: «Сіз қашан кел десеңіз, сол кезде қайтамын» деп жауап берді. Әмина маған бұрылып: «Оба індеті жайлы жаман хабардың тиылғанына біраз уақыт болды. Енді мен Мұхаммедті ойлап, уайымдамаймын. Бірнеше айдан соң бес жасқа толады. Сол кезде оны Меккеге қайтарып алғым келеді» деді. Содан құлағыма ақырын сыбырлап: «Абдолланың аманаты ғой…» деді.

 

Әмина Абдолла дүние салған соң жалғыз-жарты күй кешті. Бір сырласы Абдолланың үй қызметшісі умм-Айман еді. Сол кезде Уәһабтың сұлу қызына үйленгісі келген жігіттер аз болмаған. Бірақ, бойын жары Абдолла мен перзенті Мұхаммедке деген махаббат кернеген Әмина бөтен біреу жайлы ойламаған. Біраз күннен соң елімізге қайттық. Кеш батқан сайын әр күні ажырасатын уақыттың жақындап қалғанын сезетін едім. Бір күні Мұхаммед анама: «Апатай, мен сізді сондай жақсы көремін. Бірақ, анам жалғыз. Егер рұқсат етсеңіз мен Меккеге қайтамын» деді. Анамның көңілі босап: «Өзің білесің. Бірақ, қымбаттым, біз үшін сенің орның ойсырап қалады ғой. Сағынған кезде бізді іздеп келіп тұр!» деді. Ертеңінде Мұхаммед әкеммен бірге Меккеге қайтты. Қоштасар сәтте бізге бұрылып: «Меккеге ат басын тірей қалсаңыздар, біздің үйге келіңіздер. Сіздерді қатты сағынамын» деді. Анам көзі жасқа толып, оны құшағына алды.

 

Мұхаммед кеткен соң анам оның таяғын бөлменің бір бұрышына апарып қойған еді. Ескерткіш болсын деп, сол таяқты мен өзіме алдым. Әмина бірнеше жылдан соң перзентін бауырына басып, сүйген жарынан қалған жалғыз ұлымен қайта қауышты. Біздің үйімізді бірнеше күн сағыныш пен көңілсіздік жайлады. Әйтсе де Мұхаммедтің орнын, оның мейірімін ешнәрсемен толтыру мүмкін емес еді. Анам: «Ең қызығы, бұл баланың әрекеттері ересек адамдікі сияқты еді. Мейірімділігі, жауапкершілігі, әдептілігі және тағы басқа қасиеттері. Құрайыштықтар мен Һашеми әулеті осындай перзенттерінің бар екендігін мақтаныш етуі керек» дейтін.

 

Мұхаммедсіз бір жылдан астам уақыт өтті. Одан еш хабар болмады. Бір күні әке-шешеммен Меккеге жолға шықтық. Қалаға жеткен соң бірден Әминаның үйіне тарттық. Үйге жақындаған сәтте жүрегім дүрсілдеп кетті. Айтатын сөзімді ішімнен жұптап, есікті тоқылдатқан кезде Мұхаммед ашады деп ойлап келем. Бірақ, есікті Абдолланың қызметшісі ашты. Анам: «Мен Халимамын. Әмина мен Мұхаммедті көрейін деп келдім» деді. Анамды танитын умм-Айман сөзге келместен бізді үйге кіргізді. Айман ана үйде жалғыз екен.

 

«Қашан келеді?» деп сұрадым.

 

Айман ана жұмсақ үнмен: – Кім? – деді.

 

Анам: – Белгілі емес пе? Әмина мен Мұхаммедті айтып тұрмыз ғой – деді.

 

Айман ана жанарын бөлменің бұрышына қадап: – Мұхаммед атасы Әбділмүтәлептің үйінде – деді.

 

Анам күліп: – Аллаға шүкір. Мұхаммедті ойлап, алаңдай бастап едім, деді.

 

Мен асығыс: – Әмина да Мұхаммедпен бірге ме? – деп сұрадым.

 

Айман ана терең күрсініп: – Жоқ... Әмина… Абдолланы сағынып… одан әрі шыдай алмады. Бірнеше апта бұрын күйеуінің қабірін зиярат етпек болып Йәсребке кеткен. Бірақ… – деді.

 

Айман ананың жүзін жас жуып кетті. Біз Әминаны енді ешқашан көрмейтінімізді түсіндік.

 

Құлағыма Әминаның үні естілді: «Бір түні үшеуіміз сол әдемі баққа ендік. Абдолла бақты көріп, қуанып, ортасына жүгірді. Содан жүре-жүре ағаштардың арасына еніп көзден таса болды. Абдолла келгенше ағаштың саясында дамылдадым. Біраздан соң қайтып келді. Содан екеуміз қол ұстасып, ағаштардың арасына бардық. Мұхаммед сол күйде, көзі жасқа толып бізге қарап отырды. Біз қайтып келсек, Мұхаммед кетіп қалыпты. Неге алаңдамағанымызды білмеймін. Күлген дауысын алыстан естігендей болдық…

 

– Мені естіп отырсың ба, Шема?…». Есімді жинадым. Анам: «Тұр, Әбділмүтәлептің үйіне барайық» деді. Абдолла мен Әминасыз Мұхаммед қалай өмір сүріп жатыр деген ой мені мазалай берді. Әбдімүтәліптің үйіне жеткен кезде қараңғы түсіп кеткен болатын. Мұхаммед бізді шарбақтың арасынан көріп қалды. Келді де, үн-түнсіз анамның құшағына енді. Оның қыстығып жылағанын бұрын көрмеп едім. Сол түні оның қасында ұзақ отырдық. Әке-шешем Әбділмүтәлепке біздің үйіміздің есігінің Мұхаммедке ашық екендігін, егер рұқсат етсе, оны алып кететінін айтты. Бірақ, Әбділмүтәлеп: «Сіздердің Мұхаммедке сіңірген еңбектеріңізді ешқашан ұмытпаймын. Немеремнің өзіміздің жанымызда қалғаны дұрыс. Абдолла мен Әминаның жоқтығы қабырғамызды қайыстырады. Екеуінің көзі болып Мұхаммед қасымызда жүрсін» деді.

 

Таң атқан соң біз елімізге қайттық. Анам: «Осыншама қиындыққа душар болатындай бейкүнә сәби не жазды екен?» деп қайталай берді Екі жылдан соң Әбділмүтәлеп дүниеден озды. Мұхаммедке бас-көз болу жауапкершілігі ағасы Әбутәлепке жүктелді. Анам жыламсырап: «Бұл баланың көрер қиындығының шегі жоқ шығар…» деді. Алайда, қазір інімнің иығына түскен жүктің оны тек шыңдай түскенін байқаймын. Қағбаның Құдайы оның сабырын сынағысы келгендей. Мұхаммедтен кейін жетім, панасыз қалғандарға оның көрген қиындығын еске алып, сабыр сақтауға шақырғандай…

 

Парсы тілінен аударған Айнаш Қасым


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha