Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

08.10.2019
5368

Сырласу

Сырласу


 

(Сатиралық поэма)

 -Аға, жөнсал ғой өңің,

Аман ба оң мен солың?

Кеңес құрайыншы бір өзіңізбен,

Осындай тиіп тұрғанда қолым.

-Аңсап ем өзіңді қашан келер деп,

-Менде ойлаймын аға көңілін бөлер деп.

-Е, қарғам- ай,

Басымда ұйтқып құйын,

Лықылдап миым,

Ішіме аңызғақ,

Жұрекке қайызғақ

түсті ме,

Білмеймін, әйтеу,

Қарадай құлазып жүрем.

Өңімде жылап,

Түсімде ылғи жыр жазып жүрем.

Осы мен сау емеспін- ау, тегі,

Адамнан қашып топтасқан,

Йенде кейде құр лағып жүрем.

-Ойбай, аға,құтырып қалыпсыз,

Уиросын жаңа дерттің жұқтырып алыпсыз.

Мұндай дерттің жеңілінсалғырт

Ауырын мәңгүрт дейді.

Амал қанша,

Ежелгі рухыңызды бұқтырып алыпсыз.

-Ойбай, не дейді,

ем бар ма оған?

-Ем екеу:

Бірі, бойға иман ұялатып,

ішкі дертті тазарту;

Енді бірі,

Алты таспа бұзау тіс

қамшіменен сабату.

-Алла, шипагерге көргізсе- ші?

-Ем қонбайды.

-Үгіт- нәсиқат бергізсе- ші?

-Ес қатпайды.

-Ойпырай, асқынған екен мына дерт,

Уиросы недеген керемет!?

-Ал, өзі қалай, аға,

Бір іс болды ма,

Ақтарыңыз- шы іштегіні?

Онан соң, жылаңыз-шы,

Өксіктің қатты болсын күш тебіні.

 

-Е, қарғам-ау,

Болғаны рас, бір іс,

Іс емес- ау, қылмыс!

Түсейін бастан,

Тыңдайын сені

Деген ғой ақыл- жастан

Ой-хой, заман-ай,

“Изімдерді” көрім- ақ үйреніппіз,

Көнелік атаулыны

Көкейден аластап та жіберіппіз.

Мінеки,

“Сана ашық, идея азат”

Күйреттік бұғалықты қабат- қабат,

Күредік еңсе басқан ескіліліктің

Мұз- қарларын қасат- қасат...

Айтқандай, абай ата:

Атадан алтау,

Әкеден жетеу,

Жалғыздық көрер жөнім жоқ

Біз дағы солай,

Жойғанбыз, әйтеу,

Пасықтық атаулыны

Шырмаған тоғыз қабат -

Тағылық көрер жөнім жоқ.

Ашық аспан,

Азат заман

Көңлім тоқ,-

Деп жүргенде,

О, ғажап!

Бір күні қалдым есеңгіреп,

Бетегеден биік, жусаннан аласа

Болайын деп

Жүруші ем өзгеден бәсеңірек,

Болмайыншы, ала бөтен шешенірек,

Йәки, көлгірсіген көркемірек...

 

Ойбай,

Іс олай емес екен,

Ол бір жөн әншейін кеңес екен.

Йә, енді ес жидым,

Сондағы бір істен кейін,

(Дойыр қара күштен кейін)

Шама бар бөсу керек,

Өтірікті де қосу керек.

Озғанын етектен тарта,

Жалтаңнан да тосу керек.

Өтірік күліп,

Айламен жүріп,

Кепештеп беріп,

Көнектеп алып.

Мақта пышақпен әуел,

Езуін де тіліп,

Жон арқадан таспа да сылып...

 

-Тәк, тәк...

 Не деп кеттіңіз, аға,

Байқаңыз,

Жүрмесін жөнделіп жең мен жаға.

-А, не дейді,

Заманға ілесе алмай қалам ба дегенім ғой,

Өзімше ауқымға ергенім ғой...

 

-Табылды!

Сіздегі уирос- дәл осы йдея.

Өзгеге аян болсада, өзіңізге құпиа.

Айтыңыз, қалай басталды?

Қалғансыз іштей сескене,

Қорықпаңыз, болмайды ештеме.

 

-Йә, онда іс былай:

Болған-ды аулымызда үлкен сайыс,

Бір күн кеште.

Егерде осы беті кете берсе

Құриды- ау, осы ауыл ерте ме, кеш пе!?

Іс әуелі, бастық жақтан басталған,

Бастық та боп жүретін-

Өзінше басқарған.

Кім біледі,

Бұл да бір жаңалық па

Әр күні дерлік әбігер, әйтеу.

Жоғарыны ықтай жалдап,

Төменді алдап,

Қарамайтын кейде басқа емес- ау,

Қатынына да аш қалған.

Бөлек жан еді ғой ол

Қара басынан басқа түгі де жоқ жаттаған!

Әкім келмек жоғарыдан,

Қыстақты тексеруге,

Сондықтан барлық жағдай

Қабағат тектелуде.

Бұл өзі жай тексеріс емес,- дейді,

Келеді екен ,

Мың жылдық болашақты ескеруге.

Бастық айтты:

-Әуелі, дайындаламыз,

Бардамдар барын киіп,

Бақанын қолына алсын

Жоқтардың аузына мақта тығып,

Қолдарын артқа буып қамай саламыз.

Аз уақыт жата тұрып,

Қазандарына қақ тұрмаған

Қылмыстарын мойнына алсын.

Күнде өлместік хорек беріп,

Тұнде қатаң күзет апарамыз.

Бірер шығын болып кетседе керек жоқ

Тек міндет қатаң орындалсын!

 

Бұйрық қатты,

Уақыт- үш күн.

Керемет бір болды арпалыс

-Болмасын,- деді тағы,-

Қашқын- пышқын.

Өсек айтады-

Қырағы болайық баршамыз.

Ойпырай,

Ес қалмады әйел жақта.

Сеңдей соғылысқан қайшалыс.

Неге?- дейсіз- ау,

Қыстақта кедей басым,

Бай азғантай.

Емес бәрі ақбаратта жазғандай.

Таразының басу үшін бай жақ басын-

Үлестіріп бай қазынасын

Көтереміз кедейді жаңадан бай болғандай.

Әкім келіп әр отбасын аралайды,

Кей үйге әуел, азрақ аялдайды.

Оранған ақ жібекті жең ішінен

Шыға келсе көсеудей қол,

Жүрегін әкімдердің жаралайды.

Сондықтан бардам үйдің

Қызы мен әйелін де

Үлестірейік жаңа байға

Басекеңдер қолын қысса

Жақсылыққа санамай ма...

ха.ха.ха...

Ішің кепкір шімірікпеді-ау, па.па.па...

-Мейлі, мейлі қайтсын, байқұс,

Көкейінде сана жоқ,

Тұтас орта сол емес пе,

Айта берсін амал жоқ.

 

Шаруа адамының қолы қатты,

Көңлі жұмсақ,

Жүрегі жылы,

Жанарынан тап- таза

Ар- ұжданның нұры тұнбақ.

Кім бар оны бұл күнде түсінетін,

Болды ғой, әйтеу,

Өткелден өте тұрсақ.

 

Үй- мүкәмәл,

киім- кешек,

Тіпті, әйелдің өзі де,

Түсті бәрі бөліске...

Режім солай, қатаң түзім-

Кім шығара алсын теріске.

Жағдай осы,

Әйел тұрғой еркектің де,

Кім қарайды сөзіне.

Ес- ақыл жоқ, әйел байқұс

Йе болмай жүр көзіне...

Соныменен айтудай-ақ,

Бар даярлық тамамдалды.

Біздің бастық бүгежектей

Жол бойына таман барды.

ерді артынан қырық нөкер

Алау жалау, қолдарында гүл буда ,

Барлығы да жүрмей бекер.

 

Алақай,

Әкім келді пабидамен,

Өзіне хас қағидамен.

Болғанымен аяқ жерде,

Көзі көкте.

Дегендей бір сиқырлы кұш:

Өкте- өкте!

Танау тарбақ,

Кеуде шалқақ,

Тыныстайды, алшая кең.

Біздің бастық жатып қалды екпетінен,

Нөкерлерде тоңқаңдайды шет- шетінен.

Әттең, шіркін,- бақыт дер ем,-

Деп ойлайды-

Әкім киген былғары етік

Басып кетсе өкшесімен

 

Соныменен кешікпей-ақ,

Бір қарбалас басталды.

Бас екеңнің кейбіреуі шамданып,

Кетіп қалуға шақ қалды.

Сөйтсе біздің бастық шауып жүріп,

(алда өсер жақсы күнге есі ауып жүріп)

Байқамапты,

Басекеңе қосқан дастарқан серік

Біраз ғана кекселеу екен,

Оның үстіне нәзі тапшы

Бос белбеу екен.

Бас екең мұрнын шүйіре,

Жалғыз қауызға сидырып иіре

Орнынан тұрғанда дүйім қауымда жан қалмады,

Тек өздерімен ере келген

Бір сырбаз сылқым ғана қозғалмады.

Біздің жақтан да бір сұрша сұлу сумаңдады.

Екі әйелдің көздері түйілісті,

Тек өздеріне ғана түсінікті сыр ұғысты.

Бас екеңдер қайтадан сабаға түсті.

Алла бізді әйелдерден айырмасын,

Шошып кетіп ек, әйтеу,

Шүкірлік, жүрегіміз орнына түсті.

 

-Іле- шала

Тай сойылып, қой үйтіліп,

Болып жатты тамаша.

Таудай ет, көлдей шарап

Көз тоймайды қараса.

Ауық- ауық ән өрлейді бокалменен жанаса.

Міне, қызық,

Тауға біреу ашып- жүміп көзін сүзеді,

Көбі көлде қаздай қалқып, малтып жүзеді.

Арасында бұқашадар қалтарыста бас жіп үзеді

Уа, уа масқара,

Кей жері әуел болып кетті әшкере...

 

Біздің бастық,- шіркін,- дейді,

Бізге де туса,

Сондай бір күн,- дейді.

Масалаң мен есалаңның арасында,

Жас баладай әуектеген алақанның аясында,

Бүйір қыза,

Қарын жер сыза,

Әкімдер де іркілдейді.

Білек айқаса,

Ерін сәйкесе,

Тыпырлақ бимен

Бөкселер де аялсыз бүлкілдейді...

 

Содан бір орайда,

Біздің бастық доклат берді.

Дүр- дүр шапалақ...

Қоймай еркіне кергілеп көрді...

Сөз қысқа,

Әрі нұсқа:

-Бұл қыстақ, дөп- дөңгелек байыды.

Інгендері жылына екі қайыды.

Сиыр егіз, қойлар сегіз туып,

Сәурігі, әуел,

Үйірді жүзден қайырды,- деді;

Кетік астау,

Жарық ожау,

Жыртық киім,

Көңіл қаяу- жан жоқ, мүлде.

Ондайлар бізден ерте

Есеп- атын айырды,- деді.

Әкім қуана жанынан күліп өтті,

Қыстақ бастығының қолынан

Іс келетінін біліп кетті.

Түбі бір керегіме жарарсың,- деп

Көкейге де түйіп кетті.

Біздің басекеңнің де іздегені осы еді,

Жүрек ойнап,

Қаны тулап

Екі езуі құлағына тиіп кетті.

Қолда бардың бәрі арналып жолына,

Тас емшегі

Тұлыпқа тұрған сиырдай- ақ,

Иіп кетті.

 

Әкім қайтты,

Өздеріне қалған біраз майшұрқан,

Неше күннен пенде емес,

Бұлар дән жұтқан.

Енді ғана ауыз аққа тие бергенде,

Шығып кетті ауылдан

Қан майданды бір сойқан.

Бір қырсық шал өзі кедей,

Үлестірген бай малына таласыпты.

Бай оған бақанын ала ұшыпты.

Шал: -танымаймын сені,- дейді,

-Бастық берген,

әкім көрген.

Халық куа,

Тал түсте қорама енген...

Бай естіп күйіп кетті,

Намысына да тиіп кетті.

Шалекеңнің басына бақан ойнады,

Сойылға жығылып

Кемпірінің соры қайнады.

Шал ес жиғанша басын біреу

Қырсаулап жамап қойды,

Алдыменен идеяда қызылдансақ,

Ертең- ақ байыймыз- деп,

Көңілін де аулап қойды.

Әкім біліп, шипамыз бітпесін деп,

Бастық келіп жаралы шалды қамап қойды.

Қатулана халқын жинап,

Кім де кім аузына йе болсын

Болмаса мал мен жерді сыпырам,- деп,

Сес көрсете талап қойды.

-Бірді жықсаң, мыңға үлгі,- деп

Шалдың үйін өртеп жіберді,

Шошынған кемпір борбайға жіберді.

-Қоймасаң бажылыңды шалыңды да,

Бес садыра малыңды да...-деп

Аюша тап берді.

Шалды сүйреп ап келді...

Кемпір байқұс шашын жая жынданып кетті.

Шал мойынға қоржын салып құлданып кетті.

 

Халық көмпіс,

Қашанда көңілі кең,

Іші кен ғой,

Амал қанша бұзатын-

Озбыр мен ғой.

Іс бітті, осыменен тарады,

Дүйім ел шұрқ етпестен

Тағы сол бас екеңе қарады.

Айласын кейде ептеп,

Кейде күштеп асырған-сын,

Біздің бастық жыл айлана

“Үлкен іске” жарады.

 

Қамалғандар да,

Қаналғандар да түк болмағандай,

Қайта айланып алдына барады.

Ол да әлгі әкімше,

Аяқ жерде,

Көзі көкте,

Майы шығып екі бетке,

Танау тарбақ,

Кеуде шалқақ

Бір көзін қыса астыменен қарайды.

Келгендерді баяғы бір ойыншыққа балайды.

 

Айналайын, қасиетті көмпіс халық,

Еңбегіңнің жемісін талай жүр- ау,

Біліндірмей тартып алып.

Құйрығы арамыза бір-ақ тұтам

Қайда барар,

байқайық артын әліп

-Деп сабырға жеңдіре жата бергем,

Бірақ, ел жатпады.

Меннен жақсы да, жаман да

Әлгі өзіміз білетін,

(Өскен жолына күлетін)

Бас- сираққа қаптады.

Біреу тай сойып талтақтап барады,

Біреу қой сойып қолтықтап барады...

Адам деген де қызық- ақ,

Кеше көрместей болып жүргендер

Бүгін мақтап барады.

Бұрын көлеңкесіндей қалмайтындар

Әлгі алмасып кеткен бас екесінен

Жалт бере боқтап барады,

Бар пәлені жапсыра даттап барады...

Сонымен не дейсің,

Менде ой соқты болып,

Осы халде қалдым.

Содан жаңағы өзің

Тектеген ниетке бардым.

-жөн-жөн, аға,

Емес, екен жазылмайтын текті ауыру,

Немесе қанға сіңген ескі ауыру.

Тұрғанда қанға өтпей дауаласа,

Жазылады,

сыртқы себеп,

               ішкі ауыру.

Бәрін де айттыңыз,

Ниеттен енді қайтыңыз.

Сол баяғы екі дауа-

Тәуекел, дейік, біріне,

Аман болайық- жалпымыз.

 

-Е, қарғамай,

Үһ, япырмай,

Мынау ақымақтардың қорлығы- ай,

Кімнің ақымақ екенін де

білу қиын болғаны-ай...

(«Боғда» журналынаң 2009-жыл)

 

 

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: