Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Уәйіс ақын жайында

БЛОГТАР

08 қаңтар 2020
710
0

Уәйіс ақын жайында

   

Шыңғыс тауынан бастап ағатын Бөкенші өзенінің бойында, Арқалық деген адырдан 2 шақырымдай жерде, біздің қыстауымыз болатын.

   

1923 жылы көктемде, ел жайлауға көшерден бұры, Уәйіс ақын біздің үйде қонақ еді. Әкем екеуі сұхбаттасып, ұзақ әңгімелесіп отырды. Бір кезде қасында үш кісі жолдасы бар, Иса Байзақов кіріп келді. Сәлемдесіп, жайғасып отыры, шай үстінде қонақтар әңгіме шертісті. Әңгімелесіп отырып, Иса мен Уәйіс өлеңдетіп, екі ақын қағысып кетті. Айтыс қыза бастады. Менің байқауымша, Исаңыз өткірлеу сияқтанды. Бірақ, айтыс ұзаққа созылған жоқ. Отырғандар Исаға:

 

- «Мына кісі әкең сияқты ғой, осы да жетер» деп, айтысты одан ары создырмады.

   

Қонақтар кеткен соң, әкемнің: «Әлгі Иса нағыз суырып-салма, өте дарынды екен» деген сөзі әлі есімде.

   

Мен көргенде Иса бәденесіз, жұпыны ғана еді. Ал енді, Исаға қарағанда Уәйіс – екі иығы көтеріңкі, денесі бойшаң, дөңгелек жүзді көрікті кісіеді. Менің әкем Әбдуғали Алдажарұлы сол кезде Шыңғыстың болысы болатын. Сонымен бірге бес болыс тобықтыға әйгілі әнші еді. Уәйіс пен Исаның біздің үйде кездесуінің себебі осы.

   

Уәйіс бұдан бұрын да біздің үйге келіп тұратын. Бір келгенде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасын әнге салып ұзақ жырлады. Жырлағанда поэмадағы кейіпкерлердің әрқайсысының өзіне тән мінездерін көрсететіндей әр түрлі әуенмен әндетіп айтты. Уәйістің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасын ерекше бір сарынмен әндетіп жырлағаны соншама бқызықты әрі әсерлі болушы еді.

   

Уәйіс 1925 жылы біздің елде қайтыс болды. Тобықтының ішінде руы Топай, Атығай деген біздің құдамыздың бейітіне жерленді деп естуші едім. 1982 жылы сол бейітті іздеп таптым. Бейіт құлап қалған екен, жай белгі қойдым.

 

 Бұл бейіт Кеңгірбай бидің мазарының күнбатыс жағында, үш шақырымдай жерде «Ағыбай қыстағы» дейтін қыстақ бар.

 

Ниязбек Алдажаров. Абай ауданы.

Жидебай, 30 қазан 1983 ж.

 

 

    Бұл естелікті жазған Ниязбек Алдажаров. Әбдуғали Алдажаровтың баласы. Әбдуғали – Шаһкәрімнің туысқаны, әйгілі әнші болған адам. Шаһкәрімнің 1931 жылы Әбдуғалиға арнап жазған өлең-хаты былай басталады:

Сәлем, Әбдуғали бауырым жалғызға,

Осы әнімді үйрен, салғыз да.

Бұл дауысыңа сенің лайық ән,

Толға, бір нүктесін қалғызба...

(Шаһкәрім, Шығармалары, 1988,219-221 беттер).


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha