Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Жазушы Дүкенбай Досжанов

БЛОГТАР

29 сәуір 2019
321
0

Жазушы Дүкенбай Досжанов

      

       

Жазушы Дүкенбай Досжанов туралы естелік көп. Оның бірталайын өзі қатарлы қаламгерлер шығарған. Әдебиетте 60 жылғылар деп аталған қуатты толқынның өкілдері сырт көзге ұйымшыл көрінгенмен күнделікті өнерде бір-бірімен жақсы мағынасындағы бәсекелес еді. Дүкеңнің жақсы қасиеті өз қатарлы қаламгерлермен тәуір қарым-қатынаста болды. Оларды үнемі дәріптеп, жазушы ретіндегі кемшілігін кейбіреулер сияқты іреп сойып жатпайтын. Өзінің майдалап, жұқалап сөйлейтін әдетімен жымиып қойып, сол артық бағаланып кеткен нәрсе еді деп келіспейтін жерін өзінше дәлелдеп отыратын. Бұл кісі өзін ешкімнен кем сезінбеді. Артықпын деп желпінбеді. Былай адам бетіне жел боп тимегенмен қандай жолмен болса да алдына қойған мақсатын орындап шығу оған тән еді. Ешкім де жазғанының бәрі шедевр демейді. Дүкеңде де жақсы жазылған әңгіме, повесть, романдар табылады. Олар бірінен кейін бірі сонау жас кезінен шығып жатты. Мұнда не айтылғанын кейде өзі де ұмытып қалатын. Қалай дегенде де ол өнімді, еңбекқор еді. 
        

 

Ең жоғары сыйлықтарды жастай алды. Тираж, қаламақы жағынан да алдыңғы болды. Бір кездегі Мұхтар Әуезов сияқты алыптардың 50-ден асып барып көрген қызықтарын 60-жылғылар ертерек алған сияқты көрінеді маған. Бұл кеңестік жүйенің әдебиет пен өнерге жасаған қамқорлығынан. Жазушыларға осы қамқорлықпен 10-50 мың тиражбен кітабын шығарған жүйе, не жазылып жатқанын да қатаң бақылады. Дүкең сияқты жазушылар былай қарағанда ешкімге залалы жоқ. Отыз жасында-ақ Жібек жолы романын жазып, орыс тіліне де аударылып үлгерді. Дүкең тарихи тақырыпқа жазған алғашқы жазушылардың бірі мен едім деп отыратын өзінің бұл саладағы қаламгерлердің қатарында аталмай қалғанын көргенде. Оның жай басып жүрген маңғаз қалпына қарап аңқау деген адам қателеседі. Дүкең өзінің табиғатында нағыз қазақи болмысты, бұрынғы мұсылмандық әдептерді бойына мол сыйғызған, күнделікті қарым-қатынаста соны сақтап жүретін адам. Мен одан кейін де талай жазушылармен араласып, сөйлесіп, қызметтес болдым. Бірақ Дүкеңдей ішті, ой-санасы кең, мінез-құлқы орнықты адамды табу қиын. Оның сырт болмысы ішкі дүниесіне сай үнемі таза киініп, шалбарының қыры сынбай, бәтеңкесінің үстіне шаң қонбай жүретін.
       

 

Жалын журналының кең бөлмесі сол кезде редакцияға келіп-кетіп жататын әдеби жұртшылықтың есінде болар. Мен көп адамда бола бермейтін қазақи, сабырлы, үлкендікті осы кісіден байқадым. Бөлмеде алғашқы жылы менен өзге сол кезде жас жазушы Рахымжан Отарбаев, ақын Оңайгүл Тұржанова, Дүкенбай Досжанов төртеуміз отыратын едік. Бас редактор Мұхтар Шаханов Кырғыз еліне елші болып кеткенде Рахымжан да сол тарапқа сапар шекті. Оның орнын алдымен сыншы Серік Сатанов, кейін ақын Жұмабай Құлиев басты. 
     

 

Алғаш қызметке келгенде жазушы Рахымжан Отарбаев кең бөлмеге амандаса кіріп, маған жақын столға жайғасқан Дүкеңе,–Дүке бізге жаңа қызметкер келді. Жазушы бауырыңыз. Енді осы бөлмеде отырады. Бірге қызметтес болатын болдық,– деп ізетпен таныстырып өтті. Шалбарымның қыры сынбасын деп столдың шетін ала отыратын Дүкең айнала шолып қарай келе оны мақұлдап,–Жақсы болды адам алғаны. Жұрт ойлайды журнал шығару оңай деп. Қайдан оңай болсын. Көбіне үлгіре алмай жатамыз. Енді көбейіп қатарымыз толығып қалған екен, қызмет құтты болсын,–деп қоштап жатыр.–Жақсы жазуыңмен қуанта бер. 
        

 

Со жолы Рахымжан әңгіме болсын дегендей Дүкеңнің жазушылығын мақтап көңілдене дәріптеп, сол кітаптарды өзі жазғандай қуана сөйлеп кетті. –Келіс, бұл кісі 20 роман жазған қазақтың атақты романисі. Көріп тұрған шығарсың өзі Бальзак сияқты. Жүз том жазып барып тоқтамаса, қоятын емес,–дейді көтеріңкі дауыспен. Рахымжанда ішкі еркіндік бар. Кез келген төмен қарап қалатын сәтте орын тауып шығып кетеді. Мұхтар Шахановтан бастық деп басқалары ығып жүрсе, Рахымжан оған айылын жимайды. Оның жүріс-тұрысы бөлек. Жүрген қалпына қарап осы жердің басшысы екен деп қаласың. Сол қалпында Рақан ішкі дүниесі нәзік, адамды терең түсінетін, мәрт адам. Өзінің бойындағы артық мінезін ішке тықпай барын көрсетіп еркін жүру оның өзінше жаратылысы. Мен осы журналдың редакциясында әдеби өмірдегі алғашқы жолымды бастадым десем болады.

 

Дүкең мақаланы тез және өнімді жазады. Оған таң қалып қыр-сырын сұраймын. Әңгіме болсын деп кейде жеке қалғанда әрнені айтатыным бар. –Сен кейбір жастар сияқты алып-ұшып тұрған жоқсың осы орнықтылығың маған ұнайды,–дейтін кейде сөз арасында өзінің маған деген көзқарасын білдіріп. Түскі асты көбіне астындағы энергия қызметкерлерінің асханасынан ішетін едік. Кейде бір-екі пирожки алып асығыс болса, шай іше салып жүре береміз. Дүкеңде ондай болмайды. Столға ақ қағазды жайып, үстіне үйден әкелген дәм-тұзын қойып, баптанып отырып шай ішеді. Әңгімелесіп отырайын десе керек ондайда мені қасына шақырып алады. Кімдерді оқып, не жазатынымды сұрайды. –Сенің көп оқығаның пайдалы, бірақ оқудың астында қалып, жазуың ығысып кетпесін,–дейді жанашырлықпен. Со жылы Жас алаш газетіне Тойдан кейін деген 4-5 беттік шағын әңгімем шықты. Әлгіні мұқият газеттен қиып алған күйінде, шетіне ұнатқанын білдірген белгісін, қолын қойып өзіме тапсырғаны есімде қалыпты. Дүкеңнің қолы қойылған сол қиынды үйде әлі бар. Бірақ онда не жазылғанына қарамаппын. Әлде жай қолы қойылған ба, әйтеуір Дүкеңнің ірі етіп жазатын жазуы сол қағаздың бетінде тұрғаны рас. Бұл әңгімені жазушы Жұмабай Шаштайұлы өзі ұсынып шығартқан болатын. Әңгімедегі кейіпкердің айтқан сөзін қайталап,– дәл тауыпсың,–деп Жүкең де риза боп бірталай күлген.
      

 

–Сен характер жасай алады екенсің, мінезге құрылған нәрселер жаман болмайды, мынауың маған ұнады,–деп сол кішкене дүниеге Дүкең де көп-көрім мақтау айтты. Редакцияға қолжазба әкелген жазушы, ғалымдар, түрлі қонақтар келіп жатады. Сондай кезде Дүкең мені,–Мына  жігіт, Келіс деген бауырымыз, қазақтың Диккенс сияқты үлкен жазушысы,–дейді.
Айтып жатқанда іштей қысылып үндемей тұрсам да, әлге адамдар жоқ жерде,–Дүке, Диккенс деген даңқты адам ғой. Мен болсам кішкене ғана әңгіме жазғаннан басқа тындырғаным шамалы әлгі сөзіңізді жұрт басқадай қабылдап жүрмей ме?–деймін сақтығым ұстап. Дүкең өзінің саспайтын қалпымен отырып,–Олар Диккенсті қайдан білсін. Білмесе ол кім еді деп оқып біліп алар да мұндай болса осал болмады ғой мен қалай білмегем деп сені жазғандарыңды іздеп жүрсін. Сен оған саспа,–дейтін. Мен бұл сөзден содан кейін қорықпайтын болдым. Ал Дүкеңнің Диккенсті айтып жүргені тегін емес. Мен сол жылдары Бальзак, Диккенс шығармаларын жиі қолға алып қарайтын едім. Диккенстің хаттары столымда жататын. Соны көріп Дүкең мені сол жазушыға еліктеп жүр деп ойласа керек. 
        

 

Көп ұзамай кішкене ұжымда екі бірдей юбилей болды. Ақын Мұхтар Шаханов пен жазушы Дүкенбай Досжанов елу жасқа толып, тойлары Алматыдағы ең үлкен ресторанда дүрілдеп өтті. Сол уақта Жоғарғы Кеңес депутаты, желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ақын Мұхтар Шаханов көп ұзамай елшілік қызметке аттанды. Ал біз болсақ әлі маңдайымызға жазылған тіршіліктің ертең қалай боларын білмей, беймәлім өмірдің толқынында талай жағалауларды көретінімізді ол шақта әлі білмейтін едік. 
                                                                                                          

26.05.2015
 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу