Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Жазушы Мейрам Асылғазин

БЛОГТАР

25 маусым 2019
525
0

Жазушы Мейрам Асылғазин

 

Кітап та адамдар сияқты әртүрлі тағдырмен жазылып дүниеге келеді. Соны жазған адамдарды кейде кітабына қарап еске алып қоясың. Ұрпаққа мол қазына қалдырған жандардың ғұмыры қандай бақытты деген пендешілік ойға берілесің. Кішкене, бірнеше том кітапты жазу үшін қаншама бейнет кешті десеңші. Дүниеден ерте қайтқан жазушылар...

      

Иә, оларды еске алғанда менің көз алдыма марқұм Мейрам Асылғазин келеді. Оған да көп жыл өтіп кетіпті. Жұлдыз журналына шыққан бір әңгімесін оқып оны бірде іздеп барып танысудың реті келді. Бұл өзімнің әдетім еді. М.Мағауин, С.Әшімбаев, С.Мұратбековпен де осылай танысқам. Өнер баспасының бас редакторының орынбасары екен. Не үшін келгенімді айтқанда жымиып күлді. Олар қатарлы жазушылардың жазғанын түгелге жуық танысып оқып шыққанмын. Кейбір өзіме ұнамаған авторларды кейін ысырып тастаймын. Ондағы өлшемім де қызық. Ақылға сыймайды. Әр жерінен оқып көрем. Сөйлемдері түзу болса, адамдарын іздеймін. Адамдары қызық болса оқиға іздеймін. Оқиғасы қызық болса аяғына дейін жетіп шығамын. Әр кітапты бір қарап жүріп көзім тоқтағаны, мені жалықтырмай аяғына дейін оқытып шыққан әңгіменің авторымен не туралы сөйлескенім есімде қалмапты. Сөз жоқ әдебиет жайлы. Есімде қалғаны іші кең болса да жан-жағына қойылған мебельден кішірейіп тұрған Мейрам ағаның кабинеті. Алакөлеңкелеу шақ. Жылдың қай мезгілі екені де есте жоқ. Ерте көктем мезгілі болса керек.
        

Жиі жымиып күле бергеніне қарағанда менің кейбір балаң ойларым оған қызық көрінсе керек. Әрнені айтып бірталай отырдық. Менің келгеніме Мейрам аға қуанған шығар, жазған кітабын оқып біреу ойын айтып жатса кез-келген қаламгер қуанады ғой. Бірақ ол кейбір қаламгер сияқты осы айтқандарыңды неге жазбайсың деген жоқ. Өзі де көптен білетін, естіп жүрген нәрсе сияқты айтқандарыма бас изеді де қойды. Сосын Шыңғыс Айтматовтың жазғандарына көңілі толатынын ойлана отырып айтты. Мен оның әңгімесінен шіркін сондай дүниелер жазса ғой деген арманды ұққандай болдым. Онда отыздан жаңа асқан шағым еді. Жазу қала тұрып, оқыған нәрселердің жүгі баса беретін кез еді. Маған Мейрам ағаның сөздері көп оқымай-ақ өмірден мол қазына түйген адамның қалпын танытты. Пендешілік әңгімелер айтуға уақыт болмады. Көп ойларды кейінге ысырып, жылы ғана жақсы көңіл күйде тарқастық. Менің көңіліме қазақ әдебиетінде осындай тамаша қаламгердің бар екені қандай бақыт еді деген ой келді.
         

Біздің тағы да кездесуді жазбаған екен. Қайтыс болғанын кештеу естіп жақынырақ сөйлесе алмай кеткеніме, ол адам туралы ойдағы мақаланы жазбағаныма өкініп те жүрдім. Бірде кітапханаға барғанымда қолыма оның Иірім атты кітабы түсті. Мұқабасы қалың, сырты көк түсті шағын кітап екен. Ашып қарасам, бірнеше повесть, әңгімелері еніпті. Алғысөзіне қарасам оны жазған Жазушылар Одағының хатшысы Талаптан Ахметжан екен. Кітапты жаздырып алып асықпай оқып шықтым. Бұл 1990-жылдардың соңы болса керек. Қазақтың ескі тарихы, әдет-ғұрпы қайта сахараға көшіп келіп жатқан уақ. Мынау да сол тектес үлкен сағыныштан, ұлттық қайнарды сағынған терең ізденістен туған дүние еді. Жазушының жан тазалығы, өмірге құштарлығы, адал танымы, кейіпкерлердің сөзінде, ісінде жатқаны мені аса қызықтырды. Көркем әдебиеттегі көрінбей тұрған ұлттық болмысты жазушы әрбір кейіпкерінің қалпынан, ісінен, сөзінен, жолыққан оқиғасынан көріп отырса онда бұл қаламгердің тегін болмағаны деп түйдім. Жазушы Мейрам Асылғазинде еске алғанда осындай өмірден ерте қайтқан бірнеше жазушы еске еріксіз түседі. Өздерінің жазу мәнері, ұлттық құнары, тіл байлығы жағынан да оларды жақын ұқсастық бар.
          

Қарауылбек Қазиев, Болат Қанатбаев, Ғабиден Құлахмет, Талаптан Ахметжан... Міне осы суреткерлер өздерінің азған өмірінде келер ұрпақ үшін ұмытылмайтын тамаша туындылар сыйлап кеткен қаламгерлер еді. Әрқайсы туралы көлемді зерттеулер, көп естелік әңгімелер айтуға болады. Айтылып, жазылып та келеді. Сіздер елдің өлмес рухының отын жаққан себепті халық жүрегінен мәңгілік орын алуға лайықты тұлғасыздар дегің келеді. Бірақ олар енді біздің сөзімізді ести алмайтын жерде ғой. Тек ағалар аманатын алға апаратын асыл ұрпақ аман болсын!                                              


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу