Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Кітаптар
Төрт таған
Төрт таған
Рейтинг: 0
ISBN:
Беттер саны:
190
Жанр:
Проза
Төрт таған

Әдебиет сүйер қауым Баймұрат Азнабайұлын жақсы біледі. Оның қысқа да нұсқа мысалдары, еріксіз езу тарқызар әзіл- әңгімелері, ойлы очерктері республикалық беделді басылымдарда жиі жарияланады. Назарларыңызға ұсынылып отырған мына кітапты бір деммен оқып шығатыныңыз анық. Алғашқы беттерінен- ақ баурай жөнеледі. Таудың асқақтығы, бұлбұлдардың бір- біріне адалдығы, жапалақтың жарамсақтығы, доңыздың дүлейлігі, тіпті талтандаған Аламан құрдың түріне шейін көкейде сақталып, мынау қым- қуыт тіршіліктің сан алуан көріністері елес береді. Шағын мысалдары емеурін, ишараға құрылып, аң, құс, ағаш, жапырақ, өсімдік т.б. арқылы терең ойға жетелейді. Осы шағын дүниелерінен небір қызық мультфильм тудыруға болатындай. Артық сөз жоқ, суреті нақты, бояуы қанық, тілі жатық.

 

Өмірдің өзіңдей табиғилығымен жүрекке жылы тиер әңгімелері де ешкімді бейжай қалдырмайды. Тағдыр теперішіне ұшыраған Ақбөпе, намысты қолдан бермейтін Ерден мен еңбеккер Айгүл, бастарынан қандай жағдай кешсе де достықты, имандылық пен адалдықты бағалаған әже, ана бейнелері қазақы болмыспен дараланып тұр. Қиянат түбінің қорлыққа ұшырататыны ұрының өкінуінен білінсе, аңшының әңгімелері жауыздықтың ешқашан жақсылыққа апармайтынын тағы да бір дәлелдегендей.

 

Баймұрат Азнабайұлының әзіл әңгімелері ұлттық нақыштан мол мағлұмат береді. Жезде мен балдыз арасындағы жарасымды жеңіл юмор, ана тіліміздегі сорақылықтарға жаны күйген атаның ызасы, мерейтойлардағы шапандар шеруі, не болып бара жатқанын өздері де білмейтін келіншектердің қылығы шынайлықпен суреттелген. Шығармаларының өзегі бәрімізге таныс қарапайым жәйттерден өрбиді. Сондықтанда да шығар кез- келген әңгіме, мысалы жүрекке жылы тиеді. Очерктері де көркем тілімен, кейіпкер тағдырларының оқшаулығымен өзіне тартады. Бұдан автордың өз нысанасына өмірі- өнеге, басынан түрлі оқиғаларды өткерген, сирек жандарды ғана таңдайтыны байқалады. Кейіпкер таңдауға да талғаммен қарайды. Мұндай талғам Баймұрат Азнабайұлының тұтастай творчествосына тән.

 

Кітап авторы ұзақ жылдары Зеренді аудандық газетін басқарып, республикамызға белгілі Қорғанбек Аманжол, Амантай Ахметов, Марфуға Бектемірова, Қайырбай Төреғожа, Ғосман Төлеғұл сияқты талай талант иелерін тәрбиелеп шығарды. Кеңес заманында осынау өңірде ана тіліміздің тұншыққан аса ауыр кезеңінде ұлттық салт- дәстүр, тілдің жалғыз шырақшысындай тірлік кешті. Біз журналист, жазушы Баймұрат Азнабайұлының қалың оқырманға ұсынған “Төрт тағаны” көпшіліктің сүйіп оқитын кітабына айналатынына сенеміз. 

 
Мағира Қожахметова, жазушы.

Көп оқылғандар