Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Арқалық ӘМӘЛИЯТҰЛЫ


Арқалық ӘМӘЛИЯТҰЛЫ. 1998 жылы 10 науырызда ҚХР Санжы қаласы Ашылы ауылында дүниеге келген . Қазір Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ- түрік университетінің қазақ тілі - қазақ әдебиеті мамандығы бойынша 1 курс студенті .

Құрдасқа сыр

 немесе Таңжарық ЖОЛДЫҰЛЫ бабамның рухына 

 

Кешегі кер заманның күресінде,

Ей, құрдас, кімдер өткен, білесің бе? 

Шақпының шақпақ тасын басқа жастап,

Таңжарық бабам жатыр Күнесінде.

 

Қара таудың басынан көш келгесін,

Бабам қалай, қазақты дос көрмесін.

Қабыріне барып қайт, тым болмаса,

Бебеулетіп, Торытай, Қос жеңгесін. 

 

Кімге тастап кетті олар бұл даланы,

( Кім бүгін етегіңді жұлмалады?)

Алаштың шетте жүрген өкілі еді,

Пана болған көп елге Құлжадағы.

 

Кешегі бабам кеткен нағайбыл боп,

Дәл бүгінгі халыңды айаймын кеп.

Әйтыу қиын бүгінгі ұрпақтарға,

Алаш кім деп, немесе, Абай кім деп!

 

Төгілді- ау, тарихтың жасы бекер,

Ертеңге кімнің рухын нәсіп етер?!

Он тоғыз жасында ешкім ерлік білмес,

Шекарадан Таңжарықша қашып өтер.

 

Алаштың ұлы рухы дарып көктен,

Ұлты үшін, жалын кешіп жанып кеткен.

Қайран бабам, ұрпаққа пәш етем деп,

Түрме халын қанымен жазып кеткен. 

 

Шығыс Түркістаныңда- өз еліңде,

Талқының өзің шыққан кезеңінде,

Тұрсың ба, қайран Тәкем, рухыңменен,

Көп өкініш кептеліп өзегіңде. 

 

Іленің сипатындай күні келген, 

Қашанда бірге жүрер жырың елмен. 

Жер астына көмілген асылдар- ай,

Алмастырып аларма ем тірілермен.

 

Біріңді- бірің қазақ дос көргенің,

Ұлықтауың- баба рухын қош көргенің. 

Жүр, құрдас, гүл күнеске Торытаймен,

Қалын сұрап қайтайық Қос жеңгенің.

 

                        ***

Кеше ғана қапақ- қапақ қар жауған,

Бүгін қайта жауын ұрды бетімді.  

Менің есім ауыстыма деп жүрсем, 

Табиғаттың есі ауысқан секілді.  

 

Сүйем дейді сізді ғана бір ару ,  

Жанарда жас, жүрегінде мұң екен.

Еңлік пе деп жүруші едім мен оны,   

Есі ауысқан қыз екен.

 

Әділдіктің әкесі өліп қалыпты,

Қайғырады, жоқтау айтып оған кім?

Өлседағы тұқымымен ақиқат,

Жаны ашымас есі ауысқан қоғамның.  

 

Есе соққан есер желдің лебінен,  

Тым жағымсыз, ессіздеу сыр ұғамын.  

Біз маймұлдан жаратылдық дейді ғой,

Есі ауысқан мұғалым.  

 

Басы төмен салбыраған көшемен, 

Келе жатыр есі ауысқан жас бала.

Ессіздерді етегіне жиып ап,

Есінейді тас қала.

 

Есі ауысқан елеусіздеу ақынның,

Мынау екен жалғыз ғана арманы-

Елсіз жерде қалса қалсын осы өлең,

Есі ауыспай жатса ғана болғаны. 

 

                   ***

Айна.

Бұрын.

Қарасам, уылжыған жас екем,

Ол- сені сүймеген кезім.

Айна. 

Бүгін.

Қарасам, көзім бұлдыр, мас екем,

Бұл- мені сүймеген кезің.

 

Үміттене қарасам, айна беті жарық нұр,

Ол- сенің құлпырған сәтің.

Сәл мұңайа қарасам, қағазға жас тамып тұр,

Бұл- менің жыртылған хатым.

 

Күліп тұрып қарасам, кетірді мұң сәнімді,

Ол- сенің бақытты кезің.

Жылап тұрып қарасам, ақын екем кәдімгі,

Бұл- менің бақытсыз өзім.

 

Жарық айнаға жастығын, құрбан еткен бал күнін,

Ол- сенсің, үміті алдаған.

Сынық айнаға тапсырған, талғамсыздау тағдырын, 

Бұл- менмін, ұмыта алмаған.

 

Пікір қалдыру:
Captcha