Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Аудио
АУДИОПОЭЗИЯ
Фариза Оңғарсынова
Фариза Оңғарсынова  - adebiportal.kz

Оңғарсынова Фариза 1939 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысы, Исатай ауданы, Манаш ауылында дүниеге келген. Ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР мәдени-ағарту ісінің озық қызметкері. 1964 жылы Атырау пединститутын бітірген. 1961-78 жылдары орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор, Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде әдеби қызметкер, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Ақтөбе, Атырау, Орал облыстарындағы меншікті тілшісі, «Қазақстан пионері» (қазіргі Ұлан) газетінің бас редакторы (1970-1978) қызметтерін атқарды.

1978-1996 жылдары «Пионер» (қазіргі «Ақжелкен») журналының бас редакторы болды. Тұңғыш өлеңдер жинағы – «Сандуғаш» 1966 ж. жарық көрді. «Маңғыстау маржандары» (1969), «Мазасыз шақ (1972), «Асау толқын» (1973), «Мен сенің жүрегіңдемін» (1975), «Шілде» (1978), «Сенің махаббатың» (1979), «Мазасыз шақ» (1972), «Асау толқын» (1973), «Шілде» (1978), «Сенің махаббатың» (1979), «Сұхбат» (1983), «Дауа» (1985) т.б. өлең кітаптарының авторы. Күрескер ақын Махамбет Өтемісұлы туралы «Алмас қылыш», қазақтың әнші өнерлі қыздары Майра, Сара жайлы «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры», сондай-ақ «Дала тағдыры», «Ақбөбек жырлары», «Жантолының монологы», «Мүшәйра», «Мен өмірді сен деуші ем», «Интервью», «Қырдағы айқас» т.б. поэмалары жарияланды.

Оңғарсынова әйел тақырыбын шығармаларына негіз еткен ақындардың бірі, оның «Дыбыстар әлемі» дастаны, қазақтың композитор қызы Ғ. Жұбановаға, күйші Д. Нұрпейісоваға, «Бибігүл – ән» жыры әнші Б. Төлегеноваға, «Назқоңыр» Р. Бағлановаға, «Жыр анасы» М. Хакімжановға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» топтама өлеңдері қос батыр Әлия мен Мәншүкке арналған. Сондай-ақ, «Қыз махаббаты», «Қыз сөзі», «Шығыстағы ару қыз», «Парсының сұлулары», «Әйел теңдігі», «Әйелдің монологы», «Қызыл тымақты қыз», «Қыз – ғұмыр» атты жырлары ақынды әйел адамның жиынтық бейнесін сомдаушы қаламгер ретінде танытады. «Үйім менің – Отаным», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын алды (1984).

Атақты механизатор К. Дөнентаева жөніндегі «Біздің Кәмшат» атты деректі повесі (1966) мен «Шашы ағарған қыз» (1990) секілді прозалық туындысының сөз өнеріндегі орны ерекше. Оңғарсынованың көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Оңғарсынова «Әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді. Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған. Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленеді. «Жүрек сенсің…» деген өлеңіндегі төмендегі жолдарды оқыған кезде азаматтық сарын, ар-ождан тазалығына тәнті боласыз.

Бар сияқты менде де сана шыдам,
Жылағанды демеуге тағы асығам,
Жасайын-ақ десем де бір астамдық,
Қорқам ардың айбалта – жазасынан.

Ақының творчествосына тән басты қасиет – шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады. 1979 жылы жарық көрген «Сенің махаббатың» жинағындағы «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы – шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар.

Ақын Қасым Аманжолов айтқандай, ақын өмірбаяны өлеңдерінде екені рас. Фариза да өзі ғұмыр кешіп жатқан уақыттың жыршысы. Ол өз замандастарының, өз заманының өмірбаянын өз өлеңдерінде өрнектеп жүр, сол себепті де оның тағдыр жолын толғаған жырлары онымен құрбы-құрдас бір ұрпақтың да өмір сыры.

Әйел жаратылысының нәзіктігі мен қылықтылығын, жаны мен тәнінің сұлулығын, махаббатының мөлдірлігін тап Фаризадай жарқыратып, сүйсінте жазған ақын жалғыз-жарым ғана. Әйелдің болмысындағы табиғи қадір-қасиетін, әсіресе мөлдір махаббатын, осы жолда кезігетін қызғанышы мен сүйінішін, рахаты мен ләззатын жеріне жеткізе иландыра, сүйсіндіре, тереңнен толғап жазған соң ғана ол мың сан оқырманға ой салуда.

Өз өлеңдері арқылы ақын біздерді – оқырмандарын жанарында мұңы жоқ, жамандықпен көре тұра күреспейтін, жылағанның қайғысын бөліспейтін, құлағанның қолтығынан демемейтін, бәріне риза, бәріне мәз, айналадағы адамдардың тіршілігінен, қоғамдағы өзгеріс-жаңалықтардан бейхабар әрі олардың не болып жатқанында шаруасы жоқ, безбүйрек, өзімшіл, өркөкірек пенделердің болмыс-бітімін айғақтайтын поэтикалық портреттерімен таныстырып, ондайлардан отауыңды оқшау қондыруыңды, сондай-ақ өзіңнің де сондай сүйкімсіз, сұмпайы мінезден аулақ болуыңды қалайтын қағидат-пікір пайымдап отыр.

Жүрегімен жыр қашаған ақынның өлеңдері өмірлік өнеге алатын ақиқаттан бастау алатын, жан сусынын қандыратын тас бұлақтың таза суындай. Ендеше жұртты ысырып, өзіне жол ашпаған, басқаларды баса-көктеп төрге озбаған, ешкіммен жең ішінен жалғаспаған, арзан атақ-беделге жармаспаған, әкімдерге жағамын деп көңілдерін ауламаған, дөкейлердің қолына су құйып, қызметінен түскенде соңына шырақ алып түспеген, жалған күліп, жорта жылағансып, өтірік жаны ашығансымаған, жалғандықпен жұғыспаған адамды ардақ тұтып, өмірінен өнеге алуды дәріптеген ақын алдында да, оның осындай қазақы қасиет, мінезге бай лирикалық кейіпкеріне де қалай басыңды имессің?!

Қорыта айтқанда, Фариза ақынның адам жанын бірден баурап алатын нәзік сырлы, жүрек елжіретер өлеңдері кеудеңде күйсандық сазындай күйге толтырып, ой-санаңды дауылдай сапыратын сипатымен ерекшеленеді. Саңлақ ақынның жауһар жырларын бүкіл қазақ жаппай оқып, жаттап жүр десек асырып айтқандық болар еді. Ал оның отты өлеңдері барша қазақтың жырын жырлап, мұңын мұңдауға арналғандығын айтсақ әсте қателеспейміз,
Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Қазақ Елінің тұлғалы азаматы, көрнекті қоғам қайраткері. Бұл атаққа ол ақтаңгер ақындығымен де, тәуелсіздік жолындағы сіңірген жанқиярлық еңбегімен де өте лайық Азамат екендігі талассыз шындық.

31.08.2017
Бөлісу:

Пікірлер (4)

Биібігүл
01.03.2022 00:14
Тамаша!
Артём
27.04.2020 13:20
Керемет.
Тогжан
26.09.2019 12:12
КЕРЕМЕЕТ!!!!
Абылай
26.02.2019 20:50
Кушти
Пікір қалдыру:

Көп оқылғандар