Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұқият Қойшыбайұлының өлеңдері

02.06.2016 510

Мұқият Қойшыбайұлының өлеңдері


10411191_1409783915910677_8765674084858060609_n.jpg

Жүректен тамған ыстық жас


Тұрақты ойға болмай тұр сана бекем,

Сондықтан да бұл көңіл ала бөтен.

Қүйініші ақынның, сүйініші

Жүрегінен жас болып тамады екен.

Көрінгенмен жай көзге былай жеңіл,

Көз жастарын ақынға бұлайды өңір.

Одан кейін тіл бітіп тіршілікке

Өлеңінде ақынның жылайды өмір.

Көңіл тартқан көретін мақұл ісін,

Ақындардың өлеңі бақыты шын.

Керегі жоқ өлеңнен өзге байлық,

Негізінде ары адал ақын үшін.

Даңқ та емес, ат та емес көздегенім,

Тапқан жанмын онсыз да өз керегін.

Ойлап көрсем жоқ екен байлығым да,

Қиелі өнер – өлеңнен өзге менің.

Бұдан өзге байлығы жоқ басымның,

Қызғанышын қоздырған көп қасымның.

Бүгін мен де жанымның мөлдіреген

Ақ маржанын оқырман жұртқа ұсындым.

Күлер біреу, біреулер бағалар мүмкін,

Саған деген ниетім ақ, адал жұртым.

Пендемін ғой қаңбағы жер бетінің,

Жел қуалап қыр асып, жоғалар бір күн.

...Соған дейін тапқан ба сана тыным,

(Қуат көзі біткенде сағатымның).

Өлең – өнер, жалғасар өлең-өмір,

Ақындардың артында қалатұғын.

Болсам деп те иесі парасаттың,

Болатын да ойым жоқ ала шапқын.

Сәукелесін кидіріп өлеңімнің

Еншісіне ұзаттым болашақтың.


Зертте мені


Жаным, сен жанартауды көрген бе едің?

Әне, содан аумайды кеудем менің.

Жанымды көр жап-жарық, жасыл әлем,

Ділімнің көр күй болып тербелгенін.

Ақ бұлақты көрдің бе тулап аққан? –

Көз жасым ол кірпігім сырғанатқан.

Көрдің бе сен көсілген кең даланы,

Бар байлығым сол мені тыңдап жатқан.

Жан-жағыңды сабалап қанатыңмен,

Мен болып көр өртенбей шала күйген.

Жымыңдаған мұң шағып жұлдыздарға,

Мен болып сырласып көр қара түнмен.

Мен болып көр бір сәтке (сынақты ұмыт),

Мені қанша жылатты, уатты үміт.

Сезініп көр бақытты екеніңді,

Мен секілді қайғыдан жылап тұрып.

Жетелеп сені де алға ерік, сенім,

Сені де алдап тербетсе елік сезім,

Тыңдашы сонда келіп жүрегімді,

Қабақ шытпай, қасыма келіп менің.

Тыңдап өскен өмірдің көп кеңесін,

Жаным – жалын, көзімнен от көресің.

Зерттеп көргін ағаңның ақ жүрегін,

Мүмкін мені содан соң жек көресің.

Ал, бәлкім, дерттенесің.


Әдемі түн


Әдемі түн,

Көңілімнің сен аштың әрең бұлтын.

Осы түн ғой біздерді жолықтырған,

Осы түн бір құдірет әлде мүмкін.

Көңілімнің еткендей елігі елең,

Түн жамылып, тыншымай тебіренем.

Жымың-жымың етеді жұлдыздар да,

Тұрған шығар қызғанып сені менен.

Бетімді ұрып қып-қызыл оттың лебі,

Дәл осы түн сезбедім өптім нені?

Әдемі түн, сен неткен сұлу едің,

Іңкәр қылып өмірлік кеттің мені.


Мен көңілді жүрсін десең, күрсінбе сен


Көзіме оттай ыстық елден ерек,

Жанымды қылығыңмен тербеме көп.

Сен күлгенде түннің бар кереметі

Құйылады нұр болып кеудеме кеп.

Егер де сенен көрсем салқын қайғы,

Кеудем жылап, табиғат зар тыңдайды.

Сен қайғырсаң, аспаным қайғы торлап,

Найзағайлар төбемде жарқылдайды.

Сен қуансаң, көзіңнен бұлақ ағып,

Бар шуақты сол жерден тұрам алып.

Сен наздансаң, шаттансаң күлкіңе жел

Құлақ түрген сияқты тына қалып.

Өтінемін, ендеше күрсінбе сен,

Қажырлы бол, кетпесін бұл күнге есең.

Еркелеші, күлімде, күліп жүрші,

Егер де мен көңілді жүрсін десең.


Ақбалық-арман


Өмір... Өмір менімен арбасты анық,

Арбасқанда қаламын сәл жасқанып.

Жүрек-теңіз, шоршиды ақ балықтар,

Мен келемін бойымен қармақ салып.

Ақ шабақтар шоршиды күледі де,

Үміт құяр ізгі бір тілегіме.

Үзбей ылғи келсем де қармақ салып,

Ілінген жоқ әлі күн біреуі де.

Үзілмеген үмітпен жылай, налып,

Жүрмін әлі көл бойын құр айналып.

Өмір мынау өксумен өтіп жатыр,

Көңіл мынау барады лайланып...


Келбеттім, жанды тербеттің


Өңімде де, түсімде де сенің сұлу келбетің,

Сендей жанды таба алмаспын жеті айналсам жер бетін.

Ән қып айтар есімің де жүрегімде жаттаулы,

Махабаттың бесігінде жас жанымды тербеттің.

Ай жүзіңді аймалайтын самал желмен күндеспін,

Наз-ғұмырдың әр минутын қызғанышпен бір кештім.

Сырласатын меніменен бұл күндері сен жоқсың,

Тек қана бір суретіңмен үнсіз ғана тілдестім.

Әттең... әттең, бұл күйімді білер емес бұл сурет,

Жыр арнадым, жаным, саған шын сырымды білсін деп.

Жас жүрегім таппай тыным бір өзің деп соғады,

Кездескенде тұратұғын тыным таппай дүрсілдеп.


Кездескенде


Шуағы түнге тартылған,

Алаулап батса кешкі ымырт.

Сыңғырлы сенің даусыңнан

Көңілде қалмас еш күдік.

Жұлдыздай болып ұрланған

Жыпылықтайтын тынымсыз.

Көз алмай көркем тұлғаңнан

Алдыңда тұрам тек үнсіз.

Қол соғып түрған дала, бақ,

Күндерім тәтті кездескен.

Жүрсем де сені бағалап,

Келесің, әттең, сезбестен.

Жүректе сенсіз шашпайды от,

Өзіңсіз талай күн батты.

Жібімей қойдың тастай боп,

Жүрегің неге тым қатты?


Түн құдіреті


Сыр жатты ғажап көзіңде күндей,

Толқыды жаным төзімге көнбей.

Құшағымда ыстық тұншықтың сол түн

Қалай болғанын өзің де білмей.

Ерніме ернің тигенде келіп

Кеткендей болды үй дөңгеленіп.

Құдіреті мүмкін махаббат шіркін,

Бұрын кешпеген күйге кенеліп.

Түсіндім бәрін, шын ұқтым, жаным,

Жаныңнан арай күліп тұрғанын.

Көңілге нәр боп құйылды сансыз

Сендегі сол бір тым ыстық жалын.

Қалықтап жүрмін... иә, көктемін...

Сезімнің кезіп қия бөктерін.

Қылығың тіпті тәнті ете түсті,

Көк көжектейін дір-дір еткенің.

Күткендей көктем оралар құсын,

Жүрегім, мұнша тоналармысың.

Құштарлық билеп, айрылдық естен,

Екеуміз де ұқпай одан арғысын.


Не сыйласам болар екен сенің туған күніңе?


Жаулап «сен» деп өзегімді өр сезім,

Адал құсың бола білем мен сенің.

Саған сыйлар сый таба алмай әлемнен

Қиналамын, бөлінбейтін бөлшегім.

Алаулансын бойымдағы бар шабыт,

Жатсын дүние таңдай қағып, тамсанып.

Жұрт көзінше жарқыратып Айды да

Мойныңа тақсам ба екен алқа ғып?

Нұрланып сен бір қарасаң ұрланып,

Мына ғалам кететіндей жырланып.

Түнгі аспанның теріп алып бар зерін

Құлағыңа тақсам ба екен сырға ғып?

Әлде сол күн қонақ күтіп үйде тік,

Жұрт біткенді жіберсем бе билетіп?

Әлде анау жұлдыздарды үзіп кеп

Қамзолыңа қадасам ба түйме етіп?

Қуанғаннан кең далаға жар салып,

Таң атқанша берсем бе әлде ән салып?

Сезесің ғой, сезесің ғой онсыз да

Сені ағаңның сүйетіні соншалық.

Құттықтаймын сені туған күніңмен,

Қуандым ғой, қуандым ғой, күнім, мен.

Саған керек бола қалса сыйлар ем

Жанымды да шүберекке түйілген.

Сезім қуып жас күнімде желіккен,

Бақытыма жолыққансың келіп сен.

Мен лапылдап тұрған кезде алдыңда

Жерге қарап тұратының неліктен?!


Мөлдір сезім


Жаның – бір мөлдір әлем,

Тоғысып мінезіңмен.

Сол бейне, сол бір әуен

Кетпейді жүрегімнен.

Найзағай-кірпігіңді,

Бір сәтке қалдың қағып.

Жалт етіп бір көрдім де,

Жоғалтып алдым нағып?

Қайдасың, ерке құсым,

Көңіл құр елегізбек.

Әлде сен ертегісің,

Өмірден келем бе іздеп?!

«Жет келіп, алып қаш» деп

Шықпадың сен есімнен.

Мендегі айықпас дерт –

Тілдесем елесіңмен.

Ақжарма хаттарымды

Жолдармын кімге ғана?..

Қайтем бұл шақтарымды

Бірде шат, бірде нала?!


Қош, махаббат


Секілді едің шоқ гүлі Көктөбенің,

Нұрландырып жіберген көктем өңін.

Саған керек болса егер шолпанды анау

Жұлып алып берер ем жетсе қолым.

Жүрдің бірақ сен неге үркіп, күнім,

Жаныма адал сезімнің бүркіп мұңын?

Сағат санап алыстап бара жаттың,

Қарашы мінезіңнің қырсықтығын.

Жарайды онда, бара бер: бала емеспін...

Біртіндеп сендік сезім болады өшкін.

Білемін өксіріңді өкініштен,

Мендей шаттық сыйламас саған ешкім.


Аман жүр, ақ тілеулім


Есігін кетсең де аттап жат біреудің,

Іштей саған бес мезгіл бақ тіледім.

Сенің орның әлі де бөлек маған,

Бұл өмірде аман жүр, ақ тілеулім.

Ең алғаш сезілгенмен ізгі, ардақты,

Шынымен де мына өмір бізді алдапты.

Ұмытпаппын – ертең сенің туған күнің,

Барайын ба құшақтап қызғалдақты?

Бірақ сенің сүйіктің қызғаныштан

Жаңылып қалып жүрер ізгі ағыстан.

Тәтті шығар осы бір бұла сезім,

Сағындырып жүретін бізді алыстан.

Қайтсем екен?..

Дей көрме бұл – өтірік,

Сезім отын бір күдік жүр өшіріп.

Ертең мені күтесің, білем, білем,

Бара алмайтынымды біле тұрып.

Содан соң еске аларсың жас күніңді,

Ең алғаш иіскеген жас гүліңді...

Жарыңа көрсетпестен өткенді ойлап,

Жасқа шылап аларсың жастығыңды.

Тұншығып жүрсек-дағы мұң ішінде,

Шүкір, шүкір, осынау күн үшін де.

Өзіңді жырлап өтер, бақыттысың,

Бір ақын бар көзіңнің тірісінде.


Ұмыт болшы...


Бұлай ғана біте ме қызға дарын,

Қалқам, сені қайтейін – қызғанамын.

Бір сілкінтіп алдың-ау қапияда

Көк тіреген кеудемнің мұзбалағын.

Қалқам, сені қайтейін – қызғанамын,

Жүздескенде жүзіңе жүз қарадым.

Тал бойыңа дарыған әдеп-иба

Ақ сүтінен әуелден ізгі ананың.

Қимағанмен жүрегім...

Жатқа жаным,

Маған анық, білемін аттанарың...

Құсы болып біреудің барасың-ау,

Ауыр ойда артыңда қап барамын.

Әр жыл сайын жапырақ төгілгенде,

Сен екен деп көз салам керім белге.

Көзден ғайып болдың ғой,

Мазаламай,

Өтінемін, ұмыт бол көңілден де.


Сен кеттің...


Құс болып жат ұяға,

Ашылды алдан бағың.

Өзіңді қапияда

Жоғалтып алғам, жаным?!.

Жанымда жүр бір елес,

Арманды тауыса алмай.

Енді, еркем, мүмкін емес

Кетуің қауыша алмай.

Сен кеттің қайрылмасқа,

Сыр қалды көп айтылмай.

Сағыныш жазған баста

Ойнайды жай отындай.


Ақша қар


Жауып жатыр қалбалақтап ақша қар,

Ақша қардан бір ғанибет басталар.

Неге тұрсың? –

Қолыңды бер, жан еркем:

Қызғанышпен қарап өтсін басқалар.

Сені көрсем тұла бойым лаулайтын,

Сені көрсем сезім гүлі қаулайтын.

Жанарыңда жатыр әлем кіршіксіз,

Ақ дидарың ақша қардан аумайтын.

Жауып жатыр қалбалақтап ақша қар,

Ақша қардан барлық сезім басталар.

Қолыңды бер, қолыңды бер, жан еркем:

Қызғанышпен қарап өтсін басқалар.


Сестра-қыз


Сестра-қыз,

Өзің жайлы келемін естіп аңыз.

Ақ дидарың аумайды ай жүзінен,

Жанарың – жұлдыздардай кешкі нағыз.

Шартарапқа

жанарыңнан жатады нәр тарап та.

Қиналамын бейнесін, бар болмысын

Өлең қып қондыра алмай ақ параққа.

Сөзі – балдай,

Жүрегіңнің тұрады шөлі қанбай.

Бар дертіңнен сауығып кетердейсің,

Жанға шипа шіркіннің қолы қандай.

Сырғасы да

көрік косып тұрғандай тұлғасына.

Баурап алып тұратын жан біткенді,

Бір сиқырлық бар осы қызда, сірә.

Сестра-қыз,

Өзің жайлы жүрейік естіп аңыз.

Өлең болып қанатын қақтыдағы,

Жаралы аққу айдынға кетті жалғыз.

Сестра қыз...


Мазалай бермеші...


Өткен сәттің өртенсем кейде отымен,

(Безіп кеткің келеді жер бетінен).

Қүнделікті әдетім жантаятын,

Түнгі сағат ауғанда он екіден.

Түн құбылып, көгінде шалқаланып,

«Қайырлы түн» дейді анау ай таранып.

Сол-ақ екен, телефон безілдейді,

Күндегі әдетінше қайталанып.

Берекені ұшырған бұл кім түнде?

Сана налып, жүрегім дүрсілдеуде.

Телефонды тосамын құлағыма –

Қарсы жақта баяғы «тілсіз» пенде...

Төселген шақта осылай кеш кілемі,

Күнде осы көрініс, кескін өлі...

Тыңдайды үнсіз, қыбырсыз, аракідік

Ауыр тыныс алғаны естіледі.

Ақылымды асырып ашуымнан,

Ойға батам бас алмай жастығымнан.

Бір естуге зар болып дауысымды,

Қара түнге кім екен жасырынған.

Мезі болған осы бір қайталаудан...

Деп қояды әйел де «байқа, қарғам».

Әлде жоғалтқан баяғы балалықпен,

Періште махаббат па қайта оралған?


Ару жаны


Жанарымен жан біткенді жаулайтын,

Қылығымен жүректерді арбайтын.

Ару жаны ай мен күннен нәр алған,

Жаңа ашылған қызғалдақтан аумайтын.

Ару жаны, ару жаны пәк қандай?!

Қала алмайсың жан сырыңды ақтармай.

Күлкісімен сыңғырлаған тұп-тұнық,

Тар кеудеңе әлем нұрын шашқандай.

Арулар табындырған,

Жаралып қалың нұрдан.

Адал боп махаббатқа,

Ететін жанын құрбан.

Ару жаны – тұнып тұрған керемет,

Сұрама оны, сұрай көрме «неге» деп.

Жалт қарасаақ жаңбырын көктемнің

Тұрады олар кірпігімен себелеп.

Ару барда жайқалады соны арман,

Арулар боп шақырады жол алдан.

Ару – ана, ару – өмір ертеңгі,

Бағымызда, сорымызда – солардан.


Көз жазып қалдым...


Ашық күнде көз алдымды тұманғып,

Жүруші едім тек өзіңнен күй аңдып.

Бұрымыңа бұлдыр дала байланып,

Тал бойыңнан білінетін ұяңдық.

Ақылыңда барма, сірә, айып, мін?

Сені көріп, ескі мұңнан айықтым.

Жалт қарасаң, қос ұяшық ішінен,

Отты ұшқыны төгілетін ғайыптың.

Жібек шашың самал желмен бірге есіп,

Дидарыңнан ақ сағымдар тұр көшіп.

Тұрады анау жүзің жайнап көктемдей,

Қабағыңа жартыкеш ай мінгесіп.

Сенен сезіп сезімдерді жалынды,

Дәтке қуат етуші едім назыңды.

Түсінбедің, түсінбедің ал бірақ,

Алдыңдағы менің аңғал жанымды.

Бізге куә жарқыраған түнгі аспан,

Өзің болып сыр төгеді тынбастан.

Ұмытылмай, есте қалдың алайда,

Келем әлі соған іштей тоймастан.


Көктем – жаңа жыл


Шуағына шомылып күннің ғажап,

Алады жұрт, көктем де гүлден ләззат.

Тылсым сырын қоршаған табиғаттың,

Ойлап көрсем әуелден білген қазақ.

Берекесі кетпеген ел ішінің,

Аямайтын көмегін қол ұшының.

Бабаларым тойлапты жыл басы деп

Күн мен түннің көктемгі тоғысуын.

Бабасының дәстүрін, ғұрпын ұғар,

Қазақ деген даланың жұрты бұлар.

Тағдырларын байлаған табиғатқа,

Тойлайтұғын шынымен қисыны бар.

Көктем келсе тыңдайды ел құс әнін,

Жібітеді бусанып жер құрсағын.

Төрт түлік пен серпілтіп адам көңілін,

Қырларда анау ойнайды мөлдір сағым.

Тал-қайыңдар тербелер, қыз қылықты,

Бұзып жарып бүрлеген мұз құрықты.

Осы жыл да жұртыма құтты болғай,

Келген ұстап ежелден ізгілікті.


Ризамын, жаным, саған


(жарым Айсәулеге)


Бағалай біл жылжыған әр сағаттын,

Атқан оқтай бәрібір зулайды уақыт.

Күлімсіреп үйіңде қарсы алатын

Жақсы әйелдің болғаны қандай бақыт.

Жақсы жары бар жігіт жасысын ба,

Өмір кейде болғанмен тұйық, қатал.

Тұщысын да өмірдің, ашысын да

Көтеретін өзіңмен тұрып қатар.

Ақ маңдайлым, жолың, міне, құтты,

Сенің әрбір білемін жақұт ісің.

Сені тәңір үйіме жіберіпті,

Мына бейбақ ақынның бақыты үшін.

Жалығамын қалайша жыр арнаудан,

(Кетсін мейлі дұшпанның кө... айналып).

Ризамын сен үшін біреу маған

Жер шарын кел десе де жеті айналып.


Қайран жастық...


Біреуді дос, біреуді қойған қас қып,

Мына өмірде құшақты арманға аштық.

Өкпе артамын, уақыт, саған қалай?!

Бізден де ұзап барады қайран жастық.

Қайран жастық, қиналып қимай барам,

Арнаңа өмір толқындай сыймай барам.

Көшкен мезгіл сәт санап дидарымды,

Жасын түскен ағаштай шимайлаған.

Пай-пай жастық, жалының, бөлек отың,

Көңіл шіркін көктем боп көгеретін.

Кетіп барам кеудеме сыйдыра алмай,

Сырлы тылсым, ғаламның кереметін.


Бақытым – өзіңсің


Тек сен деп өмірге

Көктен нұр тамғандай.

Қылығың көңілге

Байланып қалғандай.

Нәр алып әр таңнан,

Қиялым жетілді.

Ақ жүзің қан тамған,

Ақжүніс секілді.

Ай, жылды, уақытты

Ұзаттым сезіммен.

Баянды бақытты

Байқадым көзіңнен.

Тұра бер, тұнығым,

Жүректің әні боп.

Өзіңсіз ғұмырдың

Шынында мәні жоқ.


Қоңыр шарф


Жырақтасың, сеземін, түсінемін,

Ең болмаса, өтінем, түсіме кір.

Әлі есімде, күз еді Алматыда,

Маған шарф сыйлап ең түсі қоңыр.

«Айтпағыңды көзіңнен білемін ғой»

Деген, бәлкім, толқып тұр жүрегіңде ой.

Ал менің мойнымды қоңыр шарф

Қарып ала жөнелген білегіңдей.

Бір сергектік бар еді тым өзіңде,

Бал-бұл жанып ойнайды нұр көзіңде.

Үзілердей жұп-жұмсақ тұрды үлбіреп,

Қоңыр шарф секілді мінезің де.

Сол сыйлықтың орны мүлде бөлек,

Жүрегімді тұратын гүлге бөлеп.

Абайсызда ұрлатып алдым бір күн,

Түсінбедім, болғанын кімге керек?

Арманымдай жоғалтқан бала күнгі,

(Уақыт кейде сыйлайды нала-мұңды).

Аңғармаған екенмін сол бір шақта

Өзіңнен де адасып қаларымды.

Айта алмапты әуелде шешімді ағаң,

Кешір, күнім, кешір, күз, кешір, далам.

Қоңыр мұңға оранып қалдым қазір –

Қоңыр шарфты сыйладың несін маған?!




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар