Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұмтыл ЗАРЫҚҚАН: ЗУҚА БАТЫРДЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

02.06.2016 234

Ұмтыл ЗАРЫҚҚАН: ЗУҚА БАТЫРДЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ


 

13318839_590267694467132_2110963363_n.jpg

О, азалы Түркістан шығыстағы,

Қызыл қандай қайнаған уыстағы.

Тамырыңды, қайтейін, тасқа біткен,

Тағдырыңды, қайтейін, қылыштағы.

 

Арзуым бар,

Ақбас тау, саған айтам,

Қарызым бар,

Қара Ертіс, саған айтам,

Кіл кәуірді қойныңнан аластамай,

Қара жерге хақым жоқ қалай жатам?!

 

Ала таңнан Аллаға айттым мадақ,

Абақ–Ана, арыңнан таптым манат.

Көкжиектей керілген құлашыммен,

«Қырда тұрып қытайға тарттым садақ».

 

Айықпай басым – даудан,

Жолым – жаудан,

Сап түзеп,

Сарбаз құрып,

Салдым ұран!

Кіл кәуір кірерге ін таппаушы едің,

Арқырап шыққан кезде қалың нудан?!.

 

Өр Алтай,

Ар жағың – өріт,

Бер жағың – деріт,

Қысады қос бүйірден қалың нәубет.

Жаралы жолбарыстай жалғыз жорттым,

Ойда – орыс,

Қырда – қытай,

Көзімде – кек.

 

Аңырап ел көшкенмен жер көшер ме?

Сұм шүршіт,

Ермен ерше белдесер ме?

Қолымда өскен Жақия жансыз шығып,

Атажау алдың қамап бір бесінде.

 

Батыр боп,

Бал да жұттым,

Шер де жұттым,

Басы ойран,

Соңы да ойран бұл бес күннің.

Алты құрлық кіндігі – Арда Алтай,

Басындай болдың ба енді сор құдықтың?!.

 

Ай көрдім,

Ала құйын заман көрдім,

Арқама батқанын-ай жаман ердің?

Терісінен туған Ай басымда боп,

Жұтылып бара жатқан дала көрдім.

 

Алаң жұрт,

Ақ ала орда қонған жерім,

Қан жебе қарағайдан жонған белім.

Бауыры – құт,

Жаны – шейіт,

Өлімі – ақ,

Өзіңді өле сүйіп туған Ердің.

 

Жас тамбай,

Қан тамады кірпігімнен,

Жарты жер сілкінеді күр-күрімнен.

Зуқаны өлді деген өтірік сөз,

Қасқайып қайта тұрам бір күні Мен.

 

Қарт Алтай,

Қаһар төгіп,

Жасындай боп,

Ақбас шың ағарған бұл шашыдай боп.

Тұранның Кебесі едің –

                                      Сен де қалдың

Үзілген Әз денемнен Басымдай боп...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар