Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жәди Шәкенұлы. Құм бетінде із жатыр (деректі әңгім...

23.04.2015 2367

Жәди Шәкенұлы. Құм бетінде із жатыр (деректі әңгіме)

Жәди Шәкенұлы. Құм бетінде із жатыр (деректі әңгіме) - adebiportal.kz


(«Жүрек неге жылайды» кітабынан деректі әңгіме)


Құм бетінде із жатыр. Сиырдың таңдайындай тарғыл құм бетінде жосыла жүгіріп өткен кәдімгі адамның ізі жатыр.


Із...


«Адам өмірге неге келеді?». Батырбай да бір үйдің әлдиіндегі ұл еді. Жас болды. Бай жылқысының құрыгын көтеріп жүріп көп өмірін өткізіп алды. Енді қартайды, қартаймады, қартаюға қадам басты. Басында үй, бауырында қазан жоқ.


Қостың ортасындағы сексеуілдің қып-қызыл жалынына шарпыла отырып, оның бүгінгі ойлаған алғашқы ойы осылай басталып, ары қарай жалғасты.


Иә, адам өмірге неге келеді, ойын үшін бе, тамақ үшін бе, ат үстінде жылқы күзетінде жүру үшін бе, әлде әйел үшін бе ... Лаулап жанған оттан «сырт» етіп ыршып, тері шалбарының ауына келіп түскен шоқты Батырбай домбал сұқ саусағымен аямай шертіп жіберді.


Әйел... Әйел үшін бе, емес, бала... Батырбай селк ете түсті.


Қарсыда – қостың есігінен ары арқан бойы құм төбеде сексеуілдің арасынан сары ала сайтан елбең ете түсті. Жоқ, сайтан емес албасты шығар. «Субханалла!». Тұтас денесін түйенікіндей сап-сары жүн басқан жалаңаш адам құшақтаған қу томарларын есік алдына тастады да ғайып болды.


Батырбай далаға жүгіріп шықты.


Құм бетінде із жатыр. Кәдімгі адамның ізі.


Терістігі жал-жал қасат қармен сірескен құм төбелердің күнгей беті ашық еді де, көбінесе қасқыр, түлкі, қарсақ, саршұнақтардың ізі ғана шалығатын.


– Албасты!


Іңір жусауыннан өре жайылған жылқының түнгі күзетіне шыққан Батырбай тағы ойлады: «Адам өмірге неге келеді?».


Жоңғар аспанында самсыған қалың жұлдыздар ішінен жылқының тағалы тұяғы тасқа тигендей от жылт етеді, жылт етеді де артына ақ күміс шылбырын сүйретіп барып жоқ болады.


Жылқының жер тарпып жайылғаны, бөрілердің ұлығаны естіледі. Аш қасқырлардың жымысқы көздері бұталар түбінен жиі от шашып, қыңсылаған шуылдар, шыр айнала жүгірген қызыл шоқтар молая берді.


Құрығын көтеріп жылқыны айлана айғайлап жүрген Батырбайдан жасқанатын жыртқыш жоқ. Жабағы тайлардың ащы осқырынғаны естіліп, ақ жал айғыр аяғымен қаты-қатты жер тарпып кісінеп жіберді. Арқан бойы жерден атылуға ыңғайланған бөрілердің қарасы да шалына бастады. Кенет, қалың сексеуілдің арасынан әлде кім секіріп шықты. Жылқы дүр етіп үрікті. Қолына сойыл алған адам елесі қараң етті де қасқырларға тап берді.


Қасқырлардың қыңсылай қашқанымен, сексеуіл бұтақтары мен шыралжындардың сырт-сырт сынған дауысы алыстай берді.


Батырбай аттан түсе қалып із шалды. Құм бетінде із жатыр, кәдімгі адамның ізі.


– Албасты! Албасты емес.


Ертесі күндіз тағы да қоста қалған Батырбай ұйықтап кетіпті. Бөтен тықырдан ояна бас көтерді. Өз көзіне өзі сенбеді.


Алтын түсті жібекке малынған перінің қызы сексеуіл томарларын қағыстырып от жағып отыр. Бұған күлімсіреп бас изеп қояды, бірақ ұялшақ па, қос қолымен омырауын басып алыпты. Бастабында өз көзін өзі тырмалап Құранның қысқа сүрелерін күбірлей қайырған Батырбай қатты үрейленді, Салқын қоста тоңазыған денесін суық тер басты, «Бісімілләны» қанша қайталағаны есінде жоқ. «Қулху Алланы» да жіберіп алды, иман да айтты. Бәрінен қашпағанына қарағанда сөзсіз перінің қызы деп түйді. Батырбай енді ойлады: «Адам өмірге неге келеді? Иә, құдайым, елу жыл бойдақ жүргенде мен перінің қызын тосып жүрген болармын, бала күнімде әкем айтқан ертегілерде солай болушы еді ғой».


Жылқыны іңірттеп қосқа оралған жолдастары Батырбайдың күндегіден көңілділігін байқады.


Бұрынғы ертегілерде перінің қызы түнде келіп, күндіз ғайып болса, ендігі ертегіде күндіз келіп түнде ғайып болатындығын жылқышылар қостың алдындағы ізден таныды. Бірақ, өмірі сорланумен, қорланумен өткен Батырбайдың тәтті түсін бұзуга ешқайсысының батылы жетпеді.


Көктем келісімен құбының құмынан ұнжырғасы түсіп Алтайға аттанған Батырбай келесі қысқа асықты.


Келесі қыс.


Құм бетінде із жатыр. Кәдімгі адамның ізі. Көне жұртқа кос тіккен Батырбай ізді жазбай таныды.


Өз өміріне өзі шубәлана қарайтын ол бұрынгы көргенін түсім болар деп ойлаған.


Түс емес, бұл жолы перінің қызы бала көтеріп шықты алдарынан.


«Адам өмірге неге келеді?». Бала... Батырбай селк ете түсті. Өткен ертегіде тек Батырбайға ғана көрінетін перінің қызы соңғы ертегіде жылқышылардың алдынан шығып бәріне тегіс көрінді. Өйткені ол адамзаттан бала көтерген еді. Адамзаттың ішінде елу жыл бойдақ өткен Батырбайдан аумайтын бала.


Құбының құмында той болды. Төбе басында түзгендер ән салады., төбе бауырында жыңғылдар би билейді. Төбелер арасымен шапқылаған ақ борасын көкпар алып қашады. Қайың сырықты қара қостан сексеуілдің көкшіл жалынының кермек иісіне сүрленген жылқы етінің исі қосылып дала тәбетін қоздырады. Жоңғардың жомарт аспаны ақ шашуын аяған жоқ. Түнге жалғасқан думанда бозбала – үкінің күлкісі үзілмеді. Бөрі – құданың созыла шыққан «ой ахауына», қудаша – түлкінің шәуілді «әні» жалғасты.


Түрі өзінен аумағанымен, табиғаты шешесіне бейім тарпаң сәбидің иісі Батырбайдың кеуіп қалған кеңсірігін ашып жіберді.


«Адам өмірге неге келеді?». Бала... Батырбай селк ете түсті. Бұл кезде отарда әлде неше айды аунатып үлгерген жылқышылар қосты жығып, жүктерін артып жатыр еді.


– Бәке, ұяты жоқ, ұрпақ қой. Әлі-ақ адам болып кетеді, қойныңызға салып алыңыз. Тісісімізден шығарсақ желкеміздің шұқырын көрмей, жерге қазық болып кірейік, «даладан тауып алдық» дерміз.


Батырбай ләм-мим деп тіл қатпады, саптамасының қонышына мүйіз шақшасын қағып-қағып, ерніне насыбай салды. Өңі де насыбайдың қара көк ніліне шайылғандай көгере күреңгітті.


– Бәке...?


Батырбай басын шайқады.


Құбының құмынан суырыла шыққан жылқышылар керуені алыстап бара жатты. Баласын көтерген ана арттарынан ілесіп келеді.


Көш соңындағы ана көштің алдына жүгіре озып, Батырбайды тосты. Сөйлеуге тіл жоқ, тек ботаныкіндей жанарынан жас парлаған ана оған жаутаңдай телмірді. Баланы сусыма құмның күнгей бетіне қойды да, өзі алыстан қарап тұрды.


Құбының құмында шырқырап жылаған жас сәбидің даусы шығандады. Батырбай бұрылмастан кете барды. Көгере күреңгіткен өңі қарая түтігіп атына қамшы ұрды.


Шырқыраған сәбидің үніне шыдамаған ана жүгіріп келіп, баланы іліп алып, көшті қайта қуды.


Батырбайдың алдына қар үстіне сарбалақ төсеп, сәбиді тағы қойды. Аяқ-қолы тырбыңдаған сәбидің мөлтеңдеген жанары Батырбайга тесілді.


– Әқе...


Батырбай селк ете түсті. Тұла бойын діріл, суық тер басты.


– Бәке, баланы алып алайықшы, – бұл жылқышылардың өтініші еді.


– Аһ...!


Аузынан ақ жалын ұшқан Батырбай жаңағы үннің «әке» емес, «Бәке» екенін аңғарды. Атына борбайлата қамшы басты.


Көз жасын көлдетіп алыс қалған ана баланы көтеріп алып көшті тағы қуды.


Құм бетінде, азынаған жел өтінде, Батырбайдың алдында шырқырап жылаған бала жатты. Кәдімгі адамның баласы – Батырбайдың ұлы. Жоңгар аспаны түйіле күреңітіп, дузген, сексеуілдер сыбызғынікіндей суық мұңмен ысқыра шулады.


Батырбай тұмағының бауын тісіне басып, екі көзін тарс жұмып алды. Атына қабырғалата қамшы ұрғанын ғана сезді.


Кенет, шыңқырған ащы үн шықты. Батырбай селк ете түсті. Көзін ашты.


Артта қалған баланы жан дәрменімен алып ұшқан ана Батырбайдың көз алдында оның екі бұтын екі жаққа айырып жіберді. Ішектерін шұбата құм бетіне лақтырып тастап, шыңғырған күйі нар сексеуілдердің арасына кіріп жоқ болды.


Құм бетінде адамзат пен дала тағысының қосылған қаны шашылып, бөлшектенген балғын тән жатты.


Құм бетінде Жоңгар даласындағы – Құбының құмында ең соңғы кісі киіктің ізі жатты.



Жәди ШӘКЕНҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар