Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Құлагер» неміс тілінде сөйледі

25.05.2016 438

«Құлагер» неміс тілінде сөйледі


 

IMG_9616.JPG

Құлагер шешең – сұңқар, әкең - тұлпар

Соғып ең дөненіңде сегіз арқар.

Салбырап сапты аяқтай төменгі ернің,

Бота тіресек, қыз сағақ, сандал керім.

Құлпырған күлте жібек құйрығың-ай

Ор болып қалушы еді шапқан жерің, - деген суреттеудегі Құлагердің шын жүйрікке тән мүсінін, бәйгеге шапқандағы қимылын мына Астанадан алты шақырым жердегі «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында Құлагерге қойылған ескерткішіне қарап толық көзге елестетеміз. Па, шіркін! Ақын Ілияс Жансүгіровтың қапыда қазаға ұшыраған қазанатты Қазақтың Құлагері дегені қандай керемет. Бұл ескерткіш Ақынның өресі биік, өрісі кең шығармасының құлақ күйі іспеттес, өмір шындығының шымылдығын сыпыра, серпе ашып, сыртқа сыр шашып, дүбір салып тұр.

Қазақтың қазанаты  - Құлагер болса, бүгін міне сол атақты «Құлагер» поэмасы неміс тіліне қазақша түпнұсқасынан тікелей аударылып, Қазақстан-Гёте институтының қолдауымен «Büchergilde» (Германия) баспасында басылып шықты. Осы орайда поэманың неміс тіліндегі нұсқасының авторы, неміс жазушысы Герт Хайденрайх осы Құлагер ескерткішін тұрғызған жазушы, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының Академигі, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Жазушылар Одағы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы және Ақмола облысы Целиноград ауданының құрметті азаматы, ҚР еңбек сінірген жаттықтырушысы, ұлттық ат спорты негізін қалаушы, Ұлы Дала қырандары қозғалысының тең төрағасы, бірнеше кітаптың авторы, 7 республикалық журналдардың редакторы  Сәдібек Түгелмен Ұлы даланың символына арналған ескерткіш басында жүздесті. Құлагерге арнаған екі тұлғаның бұл еңбектері дүйім қазақ халқы үшін үлкен абырой. Неміс тіліндегі аударылған бұл поэманың алғашқы түпнұсқасын неміс жазушысы Герт Хайденрайх қасиетті Құлагер ескерткішінің басында Сәдібек Түгел ағамызға табыс етті. Бұл тарихи сәт.

Аударма мәселелеріне деген асқан қызығушылық – неміс мәдениетіне тән ерекшелік. Иә, Ақан серінің сезім дүниесіндегі күйінішін, психологиялық тебіренісін дәлме дәл неміс тілінде суреттеуде асқан шеберлік. Халқымыздың мәдениеті мен өнерін, тарихы мен салт-дәстүрін неміс тілді оқырмандарға кеңінен таныстырарлық аталмыш «Құлагер» поэмасының неміс тіліндегі нұсқасы қазақ оқырмандарына жол тартты. Бұл сәт қуанышты хабар. Енді Құлагер неміс тілінде аударылып жатқаны жаңа бастама, әдебиет қорымыздағы бай мұра. Белгілі жазушы Сәдібек Түгел ағамыз өз кезегінде неміс жазушысы Герт Хайденрайхке халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болған қазанаттарға арналған «Қазанат» кітабын тарту етті.

Жалпы Герт Хайденрайх туралы қысқаша тоқталсақ,  белгілі неміс жазушысы, журналист, аудармашы, ақын әрі сценарист. Ол 1944 жылы Германияның Эберсвальд жерінде дүниеге келген. Дармштадт пен Мюнхен қалаларында білім алған. «Theater in der Kreide» атты Мюнхен театрының негізін қалаушылардың бірі. Германиялық P.E.N.-клубының белсенді тұлғасы, 1991-1995 жылдары сол клубты басқарып, 2004 жылдан бері Бавариялық өнер академиясының мүшесі, 2011 жылдан бері сол академияның әдебиет бөлімін басқарып келеді.


Бүгін міне Ұлттық Академиялық кітапханасында поэманың неміс тіліндегі аудармасының тұсаукесері ұйымдастырылуда.

 


IMG_9577.JPG



Дидар НҰРЖІГІТ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар