Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жұмекен Нәжімеденов: "ҚАН"...

05.05.2015 4284

Жұмекен Нәжімеденов: "ҚАН"

Жұмекен Нәжімеденов: "ҚАН" - adebiportal.kz

Жумекен 
 


 

ҚАН
 

Жылдан жылға сөніп барад түрі, үні – 
шешем сорлы сауықпайды-ау ғұмыры? 
Кеңсе жақтан кеміп келсең кешқұрым, 
қанайды да отырады мұрыны. 
Келін баптап ақ көрпесін жапқанға 
«Мені ерекше күтеді» деп мақтанба: 
Жерде – маған, 
аспанда анау Айға анық – 
байғұс қартым, бара жатыр айналып, 
қызыл қаның – ақ қанға! 
Қырсығы деп түсінеді ел салқынның, 
салқыннан ба, емес пе әлде, 
бәлкім, бұл 
мезгілдің өз дерті шығар? 
Кім білген, 
қасірет боп қанға дарып үлгірген, 
қара шашыңа араласқан ақ құсап? 
Доғдырлар да, әй тапқыш-ақ, тапқыш-ақ, 
диагноз қойды дәрілеп: 
«түк дерті жоқ, 
сұйылған тек қаны» деп. 
Неге?– деуге көңілім тағы батпады, 
бір сұмдықты айтып салар деп тағы. 
Қып қызыл боп неге ағады ақ қаны?– 
әкел- әкел әппақ-аппақ мақтаны! 

Жиырма бесте жесір қалған ақ байлап, 
көрген жандар күшін әлі мақтайды-ақ. 
Күндіз – жұмыс, 
түнде тоқып жүн шұлық, 
жүн шұлыққа жылайтұғын тұншығып. 
Топал басты сол бір байпақ-шұлықтай 
топастықпен қараушы едік түк ұқпай. 
Уақыт шіркін қорқытушы ед жай қайдан: 
«қара қағаз»... 
бригадир бар... 
айғай бар. 
Жеп қойған-ау сол қорқыныш, қайғы, азап 
қанның қызыл түйіршігін қайзалап?! 
Біздер үшін жамандасып, алысып 
жүруші еді жиі-жиі қаны ысып. 
Жүрегінен бейнет, қорлық қыстыққан 
суша қайнап шықты ма сол ыстық қан?! 

Жер тістеді жеткіземін деп бізді: 
табан қызды, 
тамыр қызды, 
ет қызды... 
Календарьлар арқылы емес, 
сол кезді 
менің шешем қаны арқылы өткізді! 
Ал, жеткізді, мына бізді жеткізді, 
не көрді одан? 
Бір қуарып, бір ысып, 
бір бұрышта отыр, әне, бүрісіп. 
Қанға кеткен жымысқы дерт бір ұры 
алып бітпей қоймас білем ғұмырын?! 
Дәріден – дауа, 
қайырым жоқ кісіден, 
қайғысына қанмен жылап ішінен, 
сауады да отырады мұрынын. 

Қаны тиыл-майтын неткен кесел бұл, 
қан төккені аз болып па ед осы елдің?! 
Ұялсам да жарығынан Күн, 
Айдың 
мен де кейде солқылдап кеп жылаймын. 
Жас ақпайды сонда көзден, 
бұ да аса 
арзандықтан болмайтыны рас, ә? 
Жаспен емес, 
қанмен ғана жылайды 
көзің емес, 
көкірегің жыласа! 
Адал жұмсап ғұмырымды бүтін бір 
ақтайтұғын кезім, ана, сүтіңді – 
амалым не, амалым не, амалым: 
қаның теуіп қызбайды енді – жоқ әлің, 
жиі-жиі мұздайды енді табаның. 
Менің ыстық алақаным, қолдарым, 
сен тоқыған байпақ құрлы болмады: 
қаның қақсып, қажыған бір тұсыңда 
жылытпады башайыңның ұшын да. 
Жарақатсыз болмайды екен жан ізгі, 
жазыла алмай келем содан өз басым: 
сол күндердің кеуіп бітіп көз жасы, 
қаны әлі де ағып жатқан тәрізді... 

1983


 


 

ӘКЕЛЕР МЕН АҒАЛАР


 


 


 

Әр жыл сайын әлдеқайдан бір құпия жел есер, 
әр жыл сайын түн қойнында әлдекімдер кеңесер. 
Жиырма миллион! 
(нольдері көп демесең)  
қағазды да қайыстырмай жазылар сан емес ол. 
Жиырма миллион үміт, тілек, қайғы, арман, –  
сонау жылы қайтпай қалған майданнан 
әкелер мен ағалар. 
Жо-жоқ, қате! 
Қайтпай қалған жоқ олар: 
Тоғызыншы май сайын сол Ер халық 
күнбатыстан бұлт секілді торланып –  
қалың гуіл түнгі аспанға тарайды;  
ең биікке шығып ап 
қырық миллион көз-жұлдыз боп қарайды 
ұрпақтардың тірлігіне қызыға, 
содан кейін окобына-сызына 
Қайта құла-ған шақта 
солқылдайтын секілді Жер бір түрлі –  
жапырақтың көзіне жас іркілді...

Жиырма миллион ұлы Армия, ұлы рух 
көтеріліп қайтадан 
әр жыл сайын бір-ақ түнге тіріліп, 
орман болып түннің желі шайқаған 
түйіледі қырық миллион жұдырық 
тірі қалған жауларына. 
Түн тымық, 
түнгі самал алыс қырда тімтініп, 
іздеп жүріп «туысқандар моласын» 
оятады түгел бәрін.

Сол асыл 
Ер жігіттер – әлемді алған атағы –  
сарт-сұрт етіп сапқа тұрып жатады. 
Содан кейін... 
«Отбой» алып бір тұстан 
жолдарымен қырқысқан, 
жиырма миллион көлеңке боп шұбалып, 
курант ұрып, түн ортасы болғанда 
нені қорғап өлген болса, сол маңда 
табысады бәрі-бәрі. 
Сонсоң әлгі көп халық 
бара жатыр Бас алаңды бетке алып. 
Жиырма миллион Ерлік, Қайрат, Құдірет 
әр жыл сайын бір рет, 
партизаны арба жегіп кәрі атқа 
қатысады Жеңіс түнгі парадқа. 
Жиырма миллион үміт, тілек, қайғы, арман –  
сонау жылы қайтпай қалған майданнан 
әкелер мен ағалар. 
Жо-жоқ, мүлде қайтпай қалған жоқ олар: 
әр жыл сайын Тоғызыншы май түнгі 
салтанатқа қаруларын қайта ілді, 
қарауытып жауып өзен, жағаны 
түні бойы дүбір тасты жарады... 
ертесіне тірілердің парады. 
Ал, біздің үй... 
ерке қыз бен тентек ұл 
шат-күлкіге кенеледі иен-тегін. 
Ескішілдеу шешем – есті болса да, 
әкеміздің өлген күнін сол санап 
Тоғызыншы май сайын –  
Сары майға пісіреді шелпегін.


 


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар