Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әдебиет сыны тоқырау кезеңін өткерді...

13.05.2015 3861

Әдебиет сыны тоқырау кезеңін өткерді

Әдебиет сыны тоқырау кезеңін өткерді - adebiportal.kz

_avatar180.jpg
Әдебиет сыны қара сөзбен қатар өсіп, қатар көктеп, бір тамырдан өсіп шыққандай қатар тоқырау кезеңін өткерді. Поэзия, асылтекті поэзия қазақтың қанындай киелі ұғым, ал проза өркениетті мәдениеттің алғашқы шарпуы, сананың отырықшылыққа бейім формасы еді деп қабылдасақ қайтер екен? Қара сөз кешегі кеңестік дәуірде қара ормандай қаулап, көкті жапқан бойымен тұтас руханияттың көзіне айналды емес пе? Прозаға мадақ болсын, ол өзінің шырақтау шыңына идеологиялық тар шеңбердің шенеуінен, ернеуінен асып, ұлттық жадты насихаттай білді. Алайда, бүгінгі сын мен қара сөздің өресі неге өспейді?
 
«Бүгінгі қазақ әдебиетінің маңдайында Тәуелсіздіктен кейін келген буын ғана нық басып тұр. Мен мұны шығармашылықтағы белсенділік тұрғысынан айтып отырмын. Бүгін ауызға алынатын үлкен ақындардың дені сол өтіп кеткен дәуірдің өкілі ретінде аталады. Олардың жазғандарының жаңа буынға бергені шамалы. Бергені шамалы болған соң, олармен ортадағы «қақтығысқа» да орын жоқ деген сөз. Көп өтпей оның бәрі желге ұшқан тозаңдай жоқ болады…» дейді кесіп-пішкен көреген сыншы Ардақ Нұрғазы.

Сіз бен біз білеміз, құрметті оқырман   «шын сын жоқ» деп атойлағанымызға он бес жылдың бедері болды. «Сын өлді, сын бар болса да ол мақтайтын сын, жоқтайтын сын, ожар сын, жасық сын» деп арыға апарып тастадық. Бірақ, көп ұзамай жас болсам да бас болармын деп ентігіп ерге қонған біраз сыншылардың қадау-қадау ойлары жарқ ете бастады. Ә.Балқыбек, Т.Әсемқұлов, Ә.Бөпежанова, А.Кемелбаева, А.Нұрғазы, Лира Қоныстың тұздықты пікірлері жаттанды, таптаурындылықтан жаңалыққа құштарлыққа баулыды. Алайда, әдебиет дейтін ортақ қазанға түскен қазынаны талғажау еткен сыншылардың артық-кем, күдікті-күмәнді болсын пікірлері үшін жеке басын, шығармашылығын жазғыру қазақтың көп кінәсінің бірі болуы керек.

Өсейін деген сыншы жоқтан бар жасайды, өшемін деген сыншы жөпелдемеде шорт кесіп айтады. Содан кейін оның адам болғанын көрмейсің. Солай, біздің сауатты да салауатты санамыз жершілдіктен, топшылдықтан, тобырлықтан (енді әсіре діншілдіктен) арылмайтын секілді, өйткені, әдебиетке қатысты айтылған сөзді кейбірі жеке басыма айтылған сын деп қабылдайды. Сыншы, егер ол алды-артын қанық таныған сыншы болса, ары таза, түйсігі терең, кескілеп бұтарлап шайнай алатын болса, ешкім әдебиет үшін пәтуа шығар, сол пәтуамен жүрейік деп тағзым етпейді. Әдеби-сыни ойлар қашанда тұнып қалған тұманды бір шайқап алу үшін керек, кей лайсаң ағыннан кейін өзеннің мұнтаздай мөлдірей түсетіні бар. Процесстің жүріп жатқанын; ол тоқтап қалып, әлде сіз тоқтап қалдық деп мүдіргенде сыншы әдеппен тұрып, «біз тоқтаған жоқпыз, даму үстіндеміз, тоқтап қалған сізсіз» десе қоғамға зор үміт сыйлағаны, тіптен бері келсек, жақсылықтан үміттенгені.

Осыдан біраз бұрын «Ұлт кз.» порталының редакторы, ақын Ақберен Елгезек пен әдебиетші, сыншы Амангелді Мырзабек екеуінің «Әдебиет порталына» жарияланған әдеби толғамды хаттары да фейсбуктегі көгенкөз оқырманның нысанасына іліккен-ді. Ақберен «Әдебиетке қанша жас келсе келе берсін, қалай жазса солай жазсын, оларды қолдау біздің міндетіміз, ал әдебиеттегі орны тарихта қала ма, жоқ па, ар жағын қайтеміз? Өйткені, әдебиетке жетіскен адам келмейді» деген інілік өтініші аралас назалы хатына Амангелдінің бір тарапты жауабы ағаның ініге, әкенің балаға ықыласының суып кеткенін аңдатқандай. Бір-біріне жігі қосылмайтын аға буын мен кіші буынның дүрдараз кейпі. Сынға берік сыншы інінің сынай қарағанын көңіліне алды, қадірім қашты деп қапаланды. Сыншы фейсбук парақшасында ақынның жеке басына қатысты мазақ, кекету сынды пікірлерін жариялап, бір інінің назын барша жұрттың жаулығындай көріп, тонын теріс киіп, қоғамынан жерігені көңілге сия ма?

Ал, кешегі сыншы Ардақ Нұрғазының пікіріне «бұл қайдан шыққан реформатор?» дейтін ақын ағалар табылып жатты, сыншы мысын күйретіп, уысына түссе езіп жіберердей қысым-сөз айтқандары тіпті шошынарлық жағдай. Ардақ айтты екен деп, бір сыншының пікірі қоғамдық қасаң қағида екен деп, тосыннан жеткен төбе-бұйрықтай тосылып отырмаймыз ғой. Сыншы айтса, нақты пәтуа шығарып, бүкіл халықтың атынан сөйлеп отырған жоқ. Қоғамға, әдеби процестердің ілдибайлаған бір сарындылығына бір уақыт мең-зең болып, жаңа леп сезінгісі келген сәтте айтқан болар. Оның үстіне, Ардақ Нұрғазы сыншы ғана емес, талай ақынның өлең танымы туралы қалыпты пікірін бұзып-жарған постмодернист ақын да. Өлеңі өлеңнең гөрі прозаға көберік келіңкірейтін Ардақтың поэзиясы – меніңше, саналы поэзия. Интелектуалды поэзия. Уақытынан бұрын, өз уақытында тумаған, болашақтан келгендей, алдағы бір ғасырдан кейін келетін буынға жазылғандай көрінеді маған. Жақында Астана қаласына келген испан ақыны Хусто Хорке Падронның Т.Толқынқызы аудармасындағы модернистік өлеңіне (расымен, ол өлең болса) «өлең деген ұйқас емес, ол рух» деп баға берілді де, ол ақыннан гөрі ұйқасы екі-үш шумақ сайын жұптасып жататын Ардақтың поэзиясын түкке тұрғысыз етті?! Алланың бұйырған дүниесі ғана ғасырлап жадыларда сақталмақ.

Бүгінгі туа сала толдым дейтін сыншыларды айтпай-ақ қоялық (олардың қатары көп те емес), тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Тәуелсіз нағыз әдебиет енді туады» деп жар салған Бақыт Кәрібаеваның «Қазақ әдебиеті» газетіне басылған мақаласы көлем-көсір қайшылықты пікірлерді туғызғаны аян. «Апырай, ә ол қандай әдебиет екен?» деп ажырайған аға ақын-жазушылардың қатары көп болды. Бірақ, ешкім бұл пікірді жоққа шығарып, сыншының бетіне келген жоқ. Әдеби талас-пікірлер мәдениетті ойлардың, сауатты тоқтамдардың басын құрап айтылды, қарсы мақалалар әдептен аспай құрметпен жазылды. Бірақ, «Сіз соншама кім едіңіз?» деп шапшыған жоқ. Әдеби ортаны бір дүркіреткен мақаладан соң, Лира Қоныстың «Тәуелсіздік кезеңіндегі  әдебиет» мақаласы да бетің бар, жүзің бар демей «кеңестік кезеңдегі әдебиетте еркіндік болмады, еркіндік, еркін жазатын нағыз әдебиет енді тумақ» сықылды пікірлері де жас сыншы-жазушының әдебиеттегі тағдырын көркейте қоймады рас, бірақ, дер кезінде айтылды. Шын дарынын оқырмандарға Лира әлдеқашан дәлелдеп қойған. Алайда, оң бағасын алған жоқ.

Сынның өрелі өрімін өріп, көрегенді кеңістігін шешіп, қадауын қадап кеткен Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серікқалиев, Сағат Әшімбаев, Бақыт Кәрібаева, Таласбек Әсемқұлов, Әлия Бөпежанова, Тұрсынжан Шапай, теориялық негізін қалаған Тұрсынбек Кәкіш, Дандай Ысқақұлы, Серік Қирабаев, Бақытжан Майтанов сынды ағалар кәсіби тұрғыда сынның мүддесін шәкіртке ұғындыра білді, ұстаздығының кемерін көрсетті. Бүгін ұстаз бен шәкірттің күре тіні үзілгендей, аға мен іні табыспайтын араздықта жүргендей көрінеді. Өзінің жерлесін, өзінің танитын қаламдасын, өзгемен өзін мақтайтын ақынын жария етеді. Бұл әлі де өскісі келмейтін, өссем өзімнен айырылып қалам ба деген қазақтың түпсанасындағы надандығы ма деп ойға қаласың. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп Абай қанша ғасыр сарнайды екен?!
 
Сағадат Ордашева

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар