Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Көсемәлі Сәттібайұлы. Мархабаттың мақамы (эссе)...

27.05.2015 3669

Көсемәлі Сәттібайұлы. Мархабаттың мақамы (эссе)

 Көсемәлі Сәттібайұлы. Мархабаттың мақамы (эссе) - adebiportal.kz


Мархабат Байғұт

Өмірде жақсы адамдарды ұмыта алмайсың. Ұмыту да мүмкін емес. Әдебиет деген әлем де сол жақсы адамдар сияқты. Жақсы жырлар, жақсы әңгімелер, жақсы хикаяттар үнемі жадыңда жаңғырығып, «Маған қайта айналып келмей кеттіңіз ғой, аға...» деп, буалдыр сағым арасынан қол бұлғап тұрған қылықты қыздай қиылады. Кейіпкерінің жанынан өз жаныңа жақындық тауып, оның жүрегіндегі қайғысы мен қуанышына да ортақтасып, дос болып кеткен туындыны арада көп жыл өткен соң қайта бір оқып, кестелі тіл мен көрікті ойға қайта бір тұщынып, жандүниеңді рухани рәуішпен қайта бір рахаттандырғың кеп тұрады. «Бір дорба дипломды» әлі күнге дейін ұмыта алмай жүрсем, ол тура осы сөзімнің дәлелі.


Мақамы бөлек, сосын кейіпкерлерінің сыры мен сезімдеріне деген махаббаты ерек бұл жазушының шығармасын «Бір дорба дипломға» дейін де оқығанмын. Ол патефон «туралы» болатын. Турасына көшсек, патефон үшін сапар шекен баланың басынан кешкен хикаялары жайлы еді. Оқиға сонау елу төртінші жылы болған ғой деймін. Сол хикаяттағы Қалтөре деген баланың (колхоздың экс-бастығының ұлы ғой) арифметиканы - «әркіметика», «халықаралық» деген сөзді - «қарқаралық» дейтіні есіме түссе, әлі күнге дейін күлкім келіп, өзімнен өзім жымиып қоямын. Бар болғаны бір-екі ауыз сөз, бірақ кейіпкерінің мінез-құлқын жарқырата көрсетіп тұр. Сірә, жазушы суреткерлігі, жазушы аңғарымпаздығы дегеніңіз осы шығар. Әңгіменің бас қаһарманы Өсербекке сол Қалтөре, Өсербектен «әркіметиканың» есебін көшіріп алу үшін үйіндегі батереямен сөйлейтін радионы тыңдататын Қалтөре қиянат жасаудан да тайнбайды. Өсербек болса өзімен-өзі, ешкімге қиянаты жоқ, өзі - «тәрбиеші», шешесі - «меңгеруші» боп істейтін балабақшаның бұзықтары үшін тау асып, тас басып дегендей, жездесінен аттай қалап алған патефон мен оның қасқалдақтың қанындай қат табақтарын алып келе жатқан. Ал ат мініп адырайған Қалтөре мен оның қасындағы шабарманы есек мініп тепеңдеген Өсербекті жабылып ұрып-соғып, патефонының табақтарын таудан төмен қарай лақтырып кеп жіберіп, қысастық жасайды. Сол сәтті Өсербек: «Патефонның үш табағы шыр айнала, қинала, бір бүйірлері күнге жарқ-жұрқ еткенімен, жүректері су-су етіп, шырқырай жылап бара жатқандай, тү-у төменге қарай ұшып кете барды. Сол күйі қалықтап ұшып жүре берсе мейлі ғой, жыраның астындағы түбінен бір-бір жылға шығып жатқан жартастарға түседі. Түсті ғой. Быт-шыт болды ғой. Көзіме не толып кеткенін білмемін, патефонды тастай салып, екі қолыма екі тас алып, екі итті қуып берейін. Ит демей не дейін» деп суреттейді. Шіркін, бүгінгі көйлегі - көк, тамағы – тоқ, смартфонмен-ақ бар мәселесін шешіп алып жүрген еркетотайларға осы тақылеттес шығармаларды оқытар ма еді?!. Осы тақылеттес шығармаларды әдебиет оқулықтарына енгізер ме еді?!. Ал «Патефон» ондай құрметке әбден лайық дүние. Бәлкім, мені мұңы да, мысқылы да таразының басындай тең түсетін Мархабаттың шығармашылығына тәнті еткен алғаш рет осы патефон «туралы» хикаят болған шығар.


Қойшы, сонымен қай жыл, қай ай, қай күн екені есімде жоқ, көп ұзамай бір газетте әлгі «Бір дорба дипломы» жарқ ете қалды. Бұл кезде «Мархабат Байғұтов» деген аты-жөнмен шыққан әңгімені іздеп жүріп оқитын боп алғам. Бірден үңілдім. Қоңырқай қоғамдағы орнын табу үшін көнбістердің күйіне түскен «контингент» – сырттай оқитындардың өмірі туралы мәселені өз үні, өз өрнегімен бастап, айтайын дегеніне қарай өз өресімен, өз сөз саптасымен саумалдап тарта бастайтын жазушыны қалайша оқымасқа. Жанкешті жазушым Ұлы Мәртебелі Оқырманы үшін бұл жолы да барын салыпты. Әңгімешінің мамықтай жеп-жеңіл тіліне тамсанғаным сонша (әрине, шығарманың шертер сыры мен айтар жыры өз алдына бір төбе!), сол дәм таңдайымда әлі жүр. «Кенет кенеп дорба мода болды да кетті» деп басталатыны да сондай ұнаған. Әңгімені бастағаным сол соңғы нүктесіне жеткенше бас көтере алмадым. Өйткені өмірдегі өкінішті күлдіріп те, күрсіндіріп те айтатын ағаның әңгімесін өз аузынан тыңдап отырғандай болдым.


Шүу дегендегі мына сөйлемдерге қараңыздаршы: «Кенет кенеп дорба мода болды да кетті. Мода сырттай оқитындарға тез сіңе қоймайды. Декан ағайдың айтуына қарағанда, бізге білім де жарытып дарымас». Мұның сырын бір түсінсе сырттан оқыған, бірақ бүгінде атағы жер жарып тұрған ақындар мен жазушылар ғана түсінетін шығар. Ары қарай оқиық. «Ол кісі біздің аудиторияға жиырма бес адам жетелеп, жиырма бес адам айдап келе жатқандай азапты кейіппен кіреді. Кейде күлімсірер. Онысының өзі де жүз процент мысқылдан ғана құралар».


Бірден «бәрекелді» дейсің. Өйткені шындық сол, сырлы әлемге сыртын беріп жүретін кейбіреулер сияқты «сырттай оқу» дейтінге түскендерді де «адамның қоры» санайтын профессорлар да болған. Ең бастысы, әңгімені оқып біткен кезде декан ағай жек көретін сырттай оқитын бөлім студенттерінің білімі мен білігіне, асқақ адамгершілігіне, нөсерлетіп жауған жаңбырдай сел-сел боп саулаған сезімдеріне бас иіп, көңілің уылжып сала береді. «Пішту-у-у, - деді миссис Майра мода бола бастаған кенеп дорбасынан косметикалық жасау-жабдығын алып отырып. – Біздің жүнімізді жығып, алдына салып, бір шыбықпен айдамақ. Поли-и-ти-ка! Әйтпесе, декан адам да осындай сөз айта ма?» деген Майраның уәжімен келісіп, көңіліңде сырттай оқитындарға деген бір аяушылық сезім пайда болады. Сол аяныш сезімімен бірге сырттай оқудың сырттандарына айнала бастаған филология факультетінің Қаншайым сияқты «көпті көрген» студенттерінің білімдарлықтары мен батылдықтарына риза боп, мойындай бастайсың. Қараңыз, сырттай оқитын факультеттің студенттері сол кездің өзінде ағылшын тілінен апталық өткізіпті. Оны өтікізіп жүрген де «Миссис Майра» мен «Мистер Мамыр». Доцент ағайлары Сағымбаев оларға таңғалғаннан, тіпті, көз әйнегін еденге түсіріп алады. Түсіріп алған көз әйнегін сүртіп тұрып: «Айналайындар-ау, күндізгі бөлімде тап осылай таза ағылшынша сөйлейтін бала бар ма екен?!» деп таңғалады. Тіпті, Қаншайым: «Осы біз ағылшын тілі апталығын өткіздік, неміс тіліне ерекше назар аудардық, французша газет шығардық. Ал неге Орхон-Енисей жазбаларына апталық арнамаймыз?» деп салады.


Міне, Қаншайым ханымның осы сөзінен бастап әңгіменің әдеби ажары мен көтерген заманалық жүгі алтынмен апталып, күміспен күптелген көне жәдігердей салмақтана түседі. Өзіңіз ойлап қараңызшы, кеңес өкіметінің кезінде (сонау жетпісінші жылдарда) ата-бабаларының Орхон-Енисей тастарына таңбалап кеткен жазбаларын қай жазушы өздерінің қай әңгімесінде ұлықтап еді?!. Отызында орда бұзған Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сының тағдыры «анандай» болғаннан кейін бәрі бұғып қалған жоқ па? Бұғып қалғандары былай тұрсын, «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы» деген тақырыпты таласа-тармаса қаужап кеткен жоқ па? Бақсақ, жазушы әңгімесінде ағылшын туралы апталықты айта келе ежелгі түркі жұртының мұрасына қарай ойысуды мұрат тұтыпты. Ол көкке ұмсынған тастағы бітік жазуларының кілті табылып, айқыш-ұйқыш түскен таңбалардың ішіне бүкен сыры алты алашқа жайылып, ғалым-филологтар үлкен-үлкен еңбектер жазып жатқан тұс болатын. Бірақ ондай еңбектерге қарапайым адамдардың тісі бата ма? Оқыса да олары кіл ғалымдардан немесе «шіркін, ғалым болсам» деп жүргендерден құралатын. Ал Махаңның әңгімесі – жауынгер жанр, оқырманына да, орталық комитетке де тез жетеді. Жылдам насихатталады. Жазушы, міне, осы астыртын миссияны батыл атқарған. Әңгімені бірінші жақтан баяндап отырған кейіпкеріміз, тіпті, өзі ұнататын Қаншайым ханым екеуі әлі ешкім біле бермейтін бітік (руна) әріптерімен жазылған ежелгі түркі тілінде сөйлеседі. 


«Тар көше таусылар тұста қоштасты. Жалдап тұратын пәтеріне кетіп бара жатып, қайта кідірді.


-Орхонша сөйлеуге үйреніп жүрсің бе? – деді. Қараңғылық қоюлана бастап еді. Ол сол көне тарихи жазбаның арасынан шыға келген жұмбақ қыздай қорқынышты көрініп кетті. Екеуміз ені тар көшеде емес, Енесайдың бойында, немесе Аңқараның аңғарында тұрғандаймыз. Құйынды жел көтеріліп, оның қоңыр шашын жайып кеп жіберсін.


-Орхон-Енисей жазбаларына арнап кеш өткіземіз деп едік, есіңнен шығып кеткен бе? – деді ол үшкір темірлі қоршаудың жанында тұрып. Дулығалы, найзалы жауынгерлер қоршауында қалғандай.


-Күндізгі бөлімдегілерді де шақырамыз, жақсылап дайындал.


-Қаған олуртым, қаған олурып, чығани будунығ коп қылатым, - дедім мен дулығалы, найзалы қоршаудан, қорқынышты әлемнен әзілмен шыққым келіп. «Хан болдым, хан болып, кедей халқымды бай қылдым» деген сөздер еді, жазбадан жаттап жүргенмін.


Мен мән бермей-ақ айта салып едім, ол ойланып барып:
-Шынында да, сол биіктен көріндің. Рахмет, - деді.
Әне, бұлар сөйтеді ғой, сөйтеді. Қазір қуанған сыңайда, хан көтеріп мақтап тұр. Күндердің күнінде мысқылдап күлері хақ.
Менің минут ішінде жүнжіп қалғанымды сезді. Қайтадан жақындап келіп, жып-жылы алақанымен жүні үрпиген жағымды сипап-сипап қойды.


-Тун удысықым келмейті, кунтүз олурсықым келмейті, -деді де, билей басып кете барды «Түнде ұйқым келмейді, күндіз күлкім келмейді» деп, бабалар жазбасының бүгінгі баламасын қайталап, қайтып келе жатырмын».


Міне, осылай өрби келіп, шарықтау шегіне жететін әңгіме кенет мода бола кететін кенеп дорба толы дипломды тапсырумен аяқталады. Емтихандарын жақсы тапсырған, бірақ бар «кінәлары» сырттай оқитын сарбаздарға қас қылғандай дипломды салтанатты жағдайда тапсыратын не декан ағай жоқ, не басқасы жоқ, сөйтсе бәрі ректордың мерейтойына кетіп қалыпты. Бұл жердегі ерлікті де Қаншайым көрсетіп, деканаттан бір дорба дипломды алып, «госкомиссияның» ауырып жатқан бастығының үйіне барып, қол қойдырып қайтады. Енді сол диполомдарды кім тапсырады? Өз баласының кіндігін өзі кескен анадай қандай қиындық болмасын жол таба білетін сырттай оқитын студенттердің естияры Қаншайым оның да амалын табады. Дипломдағы аты-жөнді өзі оқып, ал оны қыз-жігіттерге тапсыруды әңгіме барысында аты-жөнін айтуды жөн санамаған филологқа тапсырады. Жан жарастығы шығар, филолог пен Қаншайым қашанда бірге. Ауылдағы мектептің күйкі тірлігінен әрең қара үзіп шығып, адыр-адырларды асып өтіп, астанаға келген ауыл мұғалімі Қаншайымдай хас сұлудың ернінен сүйу бақытына да диплом тапсыру сәтінде ие болады.

  
Шап-шағын ғана әңгіме, бірақ оның өне бойынан шалқар көлдің үстіндегі самал желдей тынысыңды ашып, жаныңды жадырататын ерекше бір жылылықты байқайсың. Былай қарасаң, оп-оңай жазылған дүние сияқты көрінер. Бірақ классиканың бәрі де оп-оңай жазылған сияқты көрінетін әдеті екенін тағы ойлайсың. Әуезовтың әуезі мен Беймбет, Бердібектің «бәйіттері» де сол. Толстойды, Тәкенді, Сайынды оқысаң да сол. Мархабат та сол жолға адал. «Күрделендіремін» деп күшенбейді, «күлдірем» деп күле де бақпайды. Қай хикаятын, қай әңгімесін оқымаңыз Арыстың ағысындай сылдыраған өңкей бір келісім. Айтпақшы, «Бір дорба дипломдағы» миссис Майра туралы жағын оқырмандар әңгімені тауып алып, өздері оқыса деймін. Өйткені «Декан ағайдың дегені не?» екені сол Майра тақылеттестер тағдыры арқылы білінер.


Сонымен «Бір дорба дипломға» таңғалып жүргенде Мархабат Байғұтов әңгіме, хикаяттарды бұрқыратып жаза берді, жаза берді. Мен де шыққанын шыққанша «қағып» тастаймын. Бірақ «ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей, «дипломның» қызықтары мен шыжықтары ойымнан кетпейді. Одан беріде кеңес өкіметінің шаңырағы ортасына түсіп, еліміз тәуелсіздік алды. Орхон-Енисей жазбаларымен жасқанбай мақтанатын заман туды. Мархабат Байғұтовыңыздың өзі де аты-жөнін «Мархабат Байғұт» деп өзгертті. Ойлағам: «кеңес өкіметінің «жақсылығы» туралы том-том романдар жазып, мыс-мыс ақша алып дәнігіп қалған жазушылар сияқты тәуелсіздік алған соң Махаң не жазарын бімей абдырап қалатын шығар» деп. Қайдан, Махаң тәуелсіздік тудырған мәселелерді де майдан қыл суырғандай етіп, бірінен кейін бірін төлдетіп жаза берді, жаза берді. Мақамы да сол баяғы, мүлде өзгерген жоқ. Әрине, оларын да құр жібермей, бас салып оқимын.


Тараз бен Шымкенттің арасы небары екі жүз шақырым. Екі жүзден сәл аздау болуы да мүмкін-ау. Бірақ «кумирімізді» бір көрмеппіз. «Қалай кездессек екен, жазғандарын қалт жібермейтін жамбылдық оқырманы бар екенін қалай жеткізсек екен?» деп жүргенде Шу ауданында Мархабат ағаның ұстазы болған, бірақ өмірден ерте кеткен лирик қаламгер Қарауылбек Қазиевтің шығармашылығына арналған әдеби-мәдени жиын өтті. Қарауылбек марқұмның құдалары базар ұстайды деді ме, әйтеуір бақуатты әулеттен екен, ұлан-асыр тойда жүргендей болдық. Оған шымкенттік ақындар мен жазушылар бір автобус болып келіпті. Жамбылдан мен де барғам. Қайтарда Махаңды автобустың терезесінен көріп қалдым. Суретінен қанықпын ғой түріне. Жүргізушіме «Автобустың алдына өтіп барып тоқта» дедім. Ұзыннан-ұзақ салонға кірсем ортаңғы орындықтарда ошарылып карта ойнап отырған бір топ ақындарға көзім түсіп, тұрып қаппын. Олар да: «Шырқымызды бұзған сен кімсің, ей?» дегендей ожырая қарасты. Мархабат аға болса алдыңғы орындықтардың бірінде бөлектеу отыр екен, терезеге қарап ойланған қалпынан өзгерген жоқ. Қасына барып «Айып етпеңіз, автобустарыңызды сізге сәлем беру үшін тоқтаттым» дедім. Ерсінің ісі ме, естінің ісі ме, осындай бір жағдай болды сол кезде. 


Кейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болған кезде «Шіркін, бір көріп, бір сөйлессем» деп, армандап жүрген Мархабат ағаймен қазақ баспасөзінің қара шаңырағында қызмет ету бақытына ие болдым. «Бір көрсем, бір сөйлессем» дегеніммен, ол кісінің алдында көсіле алмайтынымды байқадым. Мысы баса ма, әлде «бір кейіпкеріне айналып кетпей тұрғанда тыныш отырайын» дейім бе, әйтеуір сөйлеп келем де кілт тоқтаймын. Мұны Махаң да байқап қалған екен, кейін сонымды сол қалпында жазды да жіберді.


«Махаңның бір хикаяты мен бір әңгімесінің өзі мың мысалға, тоқсан толғауға азық боп отырғанда, басқасы, тіпті, ғаламат шығар!» дерсіздер. Иә, басқаларын да басқа ұрып санап, бірден үздіктер қатарына қоса беруге болады. «Варвараның көмбесі» деген әңгімесі де есімнен кетпейді. «Халықтар достығы» дегенді әркім әр түрлі жазады. Ал Махаңның махамы бұл жерде де бөлек. Варвараның көмбесіне есі кіресілі-шығасылы күйде сүйретіліп жеткен бір кейіпкері өлімші халде жатып ащы қияр мен қырық қабатты қатырлата шайнап, жұта береді, жұта береді. Сөйтіп жатып талықсып ұйықтап кеткен ол бір кезде көзін ашса, өткінші жауыннан кейін шайдай ашылған алқаракөк аспандай ауруынан құлан таза айыққан. Варвараның көрші-қолаңға деген жақсылығын осылай көрсетуді жөн деп тапқан жазушыдан айналмайсың ба?!. 


Екі мың тоғызыншы жылы ма екен, «Егемен Қазақстан» газетінің Абай дүниеге келген Семей өңіріндегі күндеріне қатыстық. Сапарға шыққан қаламгерлердің ішінде кейіпкерлері сияқты сыпайы, көп сөйлей бермейтін Махаң да жүрді. Күлгендермен бірге күлсе күлген шығар (фототілшіміз, марқұм Берсінбектің пойыздағы қызықтарын айтып күлдірген), бірақ ішкендермен бірге ішкен жоқ. Сапар соңы Абай ауылына, бір кезде ұлы ақын өмір сүрген, өлеңдерін жазған өлкеге келіп тірелді. Абай тұрған үйді, Абай жыр жазған бөлмелерді, Абай тұтынған заттарды көріп есіміз шығып, таңғалып жатырмыз. Одан ақшаңқан боп тұрған қабіріне зиярат еттік. Бір кезде біреу «Кім Құран оқиды?» деп сұрап қалды. Жұрт бір-біріне қарасты. Сол кезде Махаң «Әғузибиллаһи» деп бастай жөнелді. Ұйып отырмыз. Махаңның мақамы Құран оқыған кезде де құлаққа ерекше жағымды естіледі екен. Риза болдық. Ішімізден. Әңгіме, хикаяттарын оқыған сияқты. «Мархабаттың мақамы» деген бірдеңе жазсам деген ой да, міне, сол Абай атаның қабіріне зиярат етіп, оған Мархабат Байғұт қырағыттап Құран оқып отырған кезде келген.


Жетпісіңіз желекті болсын, Мархабат аға!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар