Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақын Айбол Исламғалиевтің өлеңдері...

27.05.2015 4672

Ақын Айбол Исламғалиевтің өлеңдері

Ақын Айбол Исламғалиевтің өлеңдері - adebiportal.kz

Айбол Исламғалиев

       Жарық!


 


 

Бұлттар-ай,

Бұлттар - жібек,

"Жетем" деп создым қолды.

Бір дауыс құтқарды кеп,

Бір дауыс - тоздырды өңді...


 

 

Мен неге қаштым кенет?!

(Қайғымды кептер теріп...)

О, кімнен тостым медет -

Жұлдызым кетті өртеніп?!.


 

 

Содан да - тазарды арым,

Содан да - қашты сенім.

Өлімнің - әз арманы,

Өлімнің - қас тұсы едім.


 

 

Ғажап бір түнді кештім,

Аз-ақ бір мұңды кештім.

Бүгінгі - сөзбін асқақ,

Кешегі - бұлдыр еспін.


 

 

Күндерім озды менен,

Қасірет...

Қара тұман...

О, сосын жаздым өлең

Аспанның қанатына.


 

 

Аспанның қанатынан

Түсті ме жылап жаным?!

Басымда - жала,

күмән,

Төзімді құр алдадым.


 

 

Үзілген тарғыл үннің

іздері жатты өрілмей.

Шоқ құсқан тағдырымның -

Оқ құшқан сәттеріндей...


 


 

 

 

***


 


 

 

Көзіңде бармын ба, аяулым? 
Сөзіңде бармын ба, аяулым? 
Аспанға арманын айтатын 
Кезіңде бармын ба, аяулым?



Біз басқан жолдарды бақылап, 
Жүдеген ойлардан безермін. 
Өлеңге айналды жапырақ, 
Дұғаға айналды сөз енді.



Ақылға байладық қоса арды, 
О, сонда суынып тұрды ішім. 
Қайталап жүреміз қашанғы 
Сүюдің ескірген үлгісін.



Аяусыз естелік өртеп ек, 
Үмітпен өткізіп текке күн. 
Сен неге гүл болып еркелеп, 
Мен неге жел болып өппедім.



Қайыңдар әніне ерте сап, 
Бақтарда отырар жылап кім? 
Осы ма мен күткен ерке шақ, 
Осы ма мен күткен жұмақ түн?



Қайтейін, оралған жыл құсын, 
Қайтейін, тоналған сөзді асыл. 
Бұл көктем - арудың күлкісі, 
Бұл көктем - ақынның көз жасы.



Мен, сөйтіп, өткенге тістенем, 
Бұйырған осы бір күй маған. 
Өлең бар - қағазға түспеген. 
Өмір бар - өлшемге сыймаған.


 


 

 

 

 

Орал. 
Ескі бульвар. 
Ескі мұң. 


 

Осы қала көшесінде мен танымас жоқ іздер, 
Осы қала аспанында мен баспаған бұлт бар ма?! 
Осы қала көшесінде - мейірімнен қол үзгем, 
Осы қала аспанында - күліп қалғам...



Алғау шаққа жолыққанмын сосын кеп, 
Айкезбедей алжаспадым қырқа асып, 
Жолдар мені жұбатпады тосын көп, 
Қолдар мені құлатпады тым тасып...



Осы қала жылағанын көремін, 
Осы қала естелікке тимеген... 
Қабырғаға қашап жазған өлеңім 
Темекенің түтінде билеген.



Айқыш-ұйқыш тағдырымның жолдары - 
Жоралғысы болмады ма, әлде, оның?! 
(...Қара гүлді ауырсынып тоңды әлім, 
Қара түнді ауырсынып қалды өлім...)



Құр жосықтан қанат талып, 
күй де өшті, 
Жылап қалған бір аруды келді өпкім. 
Бұл қаланың елестері тиді ескі, 
Бұл қалада мен жоқпын...



Бұл қалада - 
Бульварларға күз келгенде болдым мен, 
Қарсы отырған қыз күлгенде болдым мен. 
"Сүйемін" - деп, сөз бергенде болдым мен, 
Сосын уақыт өзгергенде болдым мен...



Анау үйдің шатырынан тамшы аққанда болдым мен, 
Анау бақтың гүлдері аңсатқанда болдым мен, 
Анау кемпір жол сұрап, тары сатқанда болдым мен, 
Анау шалдар жөн сұрап шаршатқанда болдым мен..



Жел жылатқан бір бала гүл сатқанда болдым мен, 
Желді ұнатқан бір бала мұң шаққанда болдым мен. 
Қасіретім анталап, қарсы атқанда болдым мен, 
Ішкіш көрші шалқалап қол соққанда болдым мен...



...Өткеніме апарады жол әрең, 
Көктемімнен xат аламын, о, несі?! 
Білесің бе, 
Бұл қалада - 
Мен ашпаған жоқ әлем, 
Бұл қалада - 
Мен ашпаған жоқ есік...



Осылайша, қорлығыма көнді бақ, 
Жолықпаған жандар күтіп тұрды ізгі... 
Осы қала аспанынан мен бірақ 
Сен көрсеткен таба алмадым жұлдызды.



Осы қала... Осы есімде...


 


 


 

 

 

 

 

***


 

 

Сурет салдым ауаға –

Із болып көрінді ме?

Бұлт түсірдім, төбеден

Мұз болып төгілді ме?


 

 

Жерге әкелдім құстарды

Ұша алмай, торықтың ба?

Түннің бетін көрсеттім,

Құшардай – қорықтың ба?


 

 

Жапырақ үздім деміммен,

Қараша – куә алдыңда...

Жасын төктім гүлдердің –

Балаша қуандың ба?


 

 

Естелік теріп жүрмін

Сүймеген еріндерден.

Сендегі сезім –

жастың

тимеген жерінде өлген.


 

 

Мен солай

Жаураған көшелердің

досына бара жаттым.

Дүние, неге бүгін

Басыңа қара жаптың?!.


 


 

 

 

Көлеңке – мүсін


 

 

Бұл қала – естелік жолдары,

Бұл көше – үміттер алаңы...

Ол тағы өз рөлін сомдады,

Ол тағы күнәсін санады...


 

 

Күнәсі...

Күнәсі қайда оның?!

Адасқан ғұмырдың ішінде...

Айнала елестер – жайды оғын,

Айнада – өртенген мүсін бе?!


 

 

Айнада – жалаңаш ақылы,

жауабын таппаған сұрақ һәм.

Сөз қайда - қайтарар ақыры,

(Көз қайда – байқамай жылатқан?..)


 

 

Бұл қала – жалғыздық күлкісі,

Бұл көше – қайғының жесірі

Танылмай қалатын түр-түсі,

Айтылмай қалатын кесірі.


 

 

...Көтерер мезгілдің наласын

кеудесін жаныштап өтті арай.

Жазылмас аспанның жарасы –

Жалғыздар маршы тоқтамай...


 


 


 

 

 

 

Кез



Көздерді өптім ұнаған, 
Сөздерді өптім қартайған. 
Бақытты көрдім жылаған, 
Уақытты көрдім шалқайған.



Біреулер қара жол сызды, 
Біреулер қара...билеген... 
Тордағы көрдім әлсізді, 
Орданы көрдім күйреген.



Бердім де талай еске ерік, 
Сендім де талай, дос ұққан. 
Хатымды көрдім естелік - 
Ақынды көрдім асыққан...



Ұқпады дейсің, аз ба мұң, 
Шықпады дейсің төрге кім?! 
Ұрының көрдім жазғанын - 
Ұлының көрдім өлгенін...



Өмірде қалды ақы мың, 
Көңіл де қалды жасыған. 
Баланың (сүйдім) ақылын - 
Ағаның (сипап) басынан...



Жеңілмей қалған көп керім - 
Берілмей қалған даңқ үшін. 
(Есті елдің көрдім сөккенін, 
Көштердің көрдім тартысын.)



Ақылдың таппай өтемін, 
Жақынның таппай естісін - 
Қолдардың, қайтем, бөтенін, 
Жолдардың, қайтем, ескісін.



P.S.: 


Қашып еркімнен, 
жанымды саған берсем мен, 
Қасіретіңмен, 
қасіретіңмен бөлісер ме ең?! 
Өмірді сүйгім келеді, 
күнім, 
Өлеңге сыймас өлшеммен...


 


 


 

 

 

Сөз


 


Оралар сөзге ақыры қайтіп, 
Ойларды, қайтем, ісінген?! 
Бұлдайды уақыт ақылын айтып 
жұмбақ кітаптың ішінде...



...Жұмбақ кезеңдер жасырды нені? 
Басынды кері өмірім. 
Елестер сипап басымды үнемі, 
Шығармаушы еді жоқ ырым.



Кеудеме зарлы тосын бойлай мұң, 
Төбемде тұрды сол қарға... 
Өзін алдаған досымды ойлаймын, 
Ізі қалмаған жолдарда...



...Ол неге мылқау, 
Ол неге бөтен. 
Ол неге бәрін жасырған? 
Мен мұндай түсті көрмеген екем... 
Өлмеген екем, 

ашынғам...



Жаныма солай жақын ғой қайғым, 
Сөзімді, қайтсін, жат өре. 
Қолымды алмаған ақынды ойлаймын, 
Жолыға алмаған кафеде...



 

 

***


 

 

Жылады тағы аспаным бүгін, 
Аспаным өлең оқыды... 
Мен ол тамшыларды баспадым, гүлім, 
Жаңбырдай өлең - жоқ ұлы!..



Мен ол тамшылардың сүйіп ем жанын, 
Күйіп ем сосын қайғыдан. 
Кеудеме сөйтіп құйып ем жалын, 
Селт етпей қойды Ай бұған.



Жылашы, аяулым, 
Өп, тіптен, 
егіл.. 
Жалғыздық жырын төк мұңлы. 
Сезімді солай көп күткен едім, 
Жоқ, 
біткен енді... 
Жоқ құрбы...



Жоқ құрбы, қайтем, түсінер бәрін, 
Жаңылған жолдан жынды екем. 
"Ақындар" - дейді, ісінен мәлім, 
"Ақындар" - дейді, тым бөтен...



...Құстардың сұлу тыңдасам үнін, 
Бұлттардан өлең көшірсем... 
(Бақытыңды егер бұлдасаң өмір, 
Бақытсыздығымды кешір, сен...)



Көргеннің солай ұмыттыр бәрін, 
Ұмыта алмайтын біреу - мен. 
Тағы ұқтым неге үміттің барын, 
Жалықтым неге тілеуден?!.



Сөйлесе жаңбыр тілінде көктің, 
Естісе сосын күлкімді... 
Мен ғасырлардың бірінде жоқпын, 
үнінде жоқпын... 
біртүрлі...



Ғаламға мынау жайды анық қылдым, 
Айналып, құрбым, қашты арман. 
Елеске енді айналып бір күн, 
Тамшы боп түссем аспаннан...




 


 

***


 

Құлықсыз жолдар табуға өлеңді, 
Үмітсіз жылдар өртенді неге? 
Жалғыздық менсіз қалуға көнді... 
...ерте өлді деме...


 

Ерте өлді деме түндердің жанын, 
Гүлдердің зарын түсінбей. 
Сүймеуден өзге білгенмін бәрін, 
...Күлгеннің бәрін мүсіндей...


 

Күлгеннің бәрі қолымнан сүйреп, 
Күндерге тіреп ақырғы. 
Жанымды әр сәт торыған күй боп, 
Түнекке сосын батырды...


 

Кешігіп келген түсімдей бүгін, 
Төбемнен күліп, бұлданды Ай. 
Ессіз көздерді мүсіркейді кім - 
Ессіздік деуге тіл бармай?!


 

Шырақтың неге ізінен бастым, 
Ізінен бастым, жоғалмай?! 
Мен, қасіреттің жүзінен қаштым, 
Ақыл-есімді таба алмай...


 

Үрейім, көктен сезімді ұрла сұм, 
Кеудеме кек боп көшсең де. 
(...Аяулым, сосын төзімнің жасын, 
Көзімнің жасын кеш сен де...)


 

Көне алмай жүрген көп естіге ерсем, 
Керінен қорқам басқа ойдың... 
Өле алмай жүрген елесті көрсем, 
Өлеңнен қорқа бастаймын...


 


 

 

Ақталу



Дұғаңды оқып отырсың ба тағы іштей, 
Көктен күнде естіп жүрмін қай әнді?.. 
Саған барар жолдар неге алыс кей, 
Саған барар жолдар неге аяулы?!



Жанарымнан жұрт ұқпаған жайды ұғып. 
Анау бұлттар дерегімді сұрайды. 
Сен іздеген түндер неге қайғырып, 
Мен үзбеген гүлдер неге мұңайды?..



Мылқау көптің арасында қаңғыдым, 
Көңілім де жалығады түбінде. 
Саған солай айта алмадым барлығын, 
Қайта алмадым бүгін де...



Қалдым ба енді жаным - жарлы, сыз - іргем, 
Көрсете алмай бұл тірлікке ақыр бой?! 
Менің барлық қасіретімнің жүзінде - 
Сенің Ұлы маxаббатың жатыр ғой.



Сенің Ұлы маxаббатың - бар әлі, 
Сол сезіммен, сол төзіммен ес білгем. 
Тағдырымды құрамадым жаралы, 
Сұрамадым ешкімнен.



Зарлы көште адасқанда көп санам, 
Көрінетін таба алмадым жай, тіптен. 
Бар алдында ақталуға жоқ шамам, 
Ар алдында ақталайын қайтіп мен?!



Уақыт әлі жасырып жүр өз үнін, 
Әлденеге асығып жүр ақылым. 
(Мен - оралған дәуірлердің сөзімін, 
Мен - жоғалған замандардың xатымын...)



Жалған күннің жазасымен жұлысып, 
Ала алмаған ақымақтар көп пе енші?! 
Бар азаптан құламауға тырысып, 
Жыламауға серт берші!



Мына адамдар - ессіздіктің кебіні, 
Күліп жатыр... 
Біліп жатыр ел нені?!

Жазылмаған жолдар үшін ең Ұлы -

Кешіре гөр,

Кешірге гөр сен мені

 

Ана!!!


 


 


 

 

 

 

 

Изадора


 


 

...С тобою грех мне лицемерить, Ты слишком ангел для того...

 

 


 

Михаил Лермонтов 

 



Биле, 
Биле - 
Қар биін, 
Қара түннің құшағында қалғиын. 
Сен солай-ақ сүйе аласың көктемді, 
Сен солай-ақ ұға аласың жан күйін...



Тағдырыммен қасарысып, қағына 
"Танго, 
Танго, 
Танго" - дедім тағы да. 
Ол - сүюдің ең ғаламат үлгісі, 
Ол - өткеннің зары ма?!



Алжасайын ақылдан да, естен мен, 
Онсыз да, еркем, қиянатқа дес бергем. 
Тас төбеңнен сұқтанатын көздерден 
Құтқаратын жолдар барын кеш көргем.



Бұл ғаламның азабын да көтерем, 
Мазағынан елеместен өтер ем. 
Соң-соң даусым тыныштыққа жұтылып, 
Көздеріңде өртеніп-ақ кетер ем...



 

Сол бір дұға... 
Менің дұғам... 
Ертеңім 
шексіздікке жетелейтін белгісіз. 
Ол жақта да ару жүрер, көркемім, 
Ол бақтарда бақыт бары - сенгісіз...



Қорғай алсаң, қорғай тұршы сезімді, 
Жолым - маxаббаттан басталған. 
Алақаның жаба салсын көзімді 
Соңғы дұға естілгенде аспаннан...


 



 

 

***


 

 

Жайық саған қайтатын жолды іздедім, 
Арманымды ұрлады сол күз менің. 
Тағы алдады жақын боп көрінген жұрт, 
Таба алмады жанымның ол қыз да емін.



Еркем, не деп ақталам, ертең не деп?! 
Жер тергемек жайымды, 
жел тергемек. 
Жағынбасам, қайтейін, жарлы басым, 
Табылмаса, қайтейін, көркем дерек?!



Бұл қаланың бітпей жүр мазағы әлі, 
Адастырған көшелер жазалады. 
Пақырының сөз бөлек жүрісіне, 
Ақынының өзгерек саз-орамы.



Жарғысына көнем деп арлы жырдың, 
Қарғысынан өлем бе бар құзырдың. 
Серті қалды арада өтелмеген, 
Жетем деген жағаңа жалғыз ұлдың...



Жүрісім де өзіме түк те ұнамай, 
Құн үшін де төзімді құртты маңай. 
Мен ескердім заңдарын, жанымды тек 
Елестердің әлемі жұтты қалай?..



Ескі жұртқа жетпеген үн ек біз де, 
Ескі жолмен жоғалдық түнек күзде. 
Ақылынан адасқан жан болдық па, 
Жақынынан жалыққан жүрекпіз бе?!



Қайтем, енді, аяулым, сенген едім, 
Жалықтыра қоймады елді өлеңім. 
"Сағындым" - деп, жүрмін ғой ішіп алып, 
"Сағындым" -деп, алдашы сен де мені.


 


"Сағындым" -деп, алдашы, бітсін бәрі...


 


 


 

 

 

 

***


 

 

О, Ұлы Аспан, 
Жанарымда - ғасыр жылап, 
Жүрегімді - ар қысқан. 
Қасірет боп төндің де енді, 
Ашындың. 
Алтын ұлдар айналғанда аң-құсқа, 
Қошеметтер байланғанда қарғысқа - 
"АҚЫН" болып көргім келді 
Ғасырды... 


"Ақын" болып сүйгім келді ғаламды, 
Жиғым келді ізгілікті...

құр күбір... 
Есім кеміп, еш сенбегем –

жоғалдым, 
Кесірленіп кешсем деп ем бір ғұмыр.



Сенсем деп ем адалдыққа, аққа шын, 
Өкініштен өкіргенім шықты естен. 
Дәуірлердің ашсам деп ем қақпасын, 
Алыптардың оянғанын күтпестен.



...Қай бетімнен сүйер еді алыптар - 
Бөтен жұртты аңсады ол... 
Мына ғалам жаңданудан жалыққан, 
Зар қағудан шаршады ол...



(Гегель бүгін көңіліне қайғы алды, 
Борxеске де қонбады ма тағы бақ?!) 
Мың ақынның өлеңіне айналды - 
Бір ақынға бұйырмаған "Шаңырақ".



Шаңырақ,

Күй -

Айтылмаған жай-дағы, 
Жарылқадық мыңжылдықтар шайырын. 
Қаңыраған кеудесі үшін, қайдағы 
Жамыраған ойлар болды – қайырым.



 

Ақыр ісін көрсін – кезең, көрсін – Көк,

Бастамай жүр тірілердің көшін кім?!

Ақым үшін – ақылына қол сілтеп,

Жақын үшін – кешірдім!


 

 

Сосын... 
Тоналмаған xаттарды ашып, мұң етіп, 
Жоғалмаған арымды айтып күлемін... 
...Қай ақынның мазарында жыр оқып, 
Қай ақынның басына кеп түнедім 
кеше... 

Кеше - МЕН 
есікті іздеп жүр едім ғой,

өтірік, 
пікірлерге бағынбайтын жол және... 
(...Қадірі жоқ "Ордасына" түкіріп, 
Бір буынның сыймайтынын көрді, әне...)



О, зарлы әуен,

кетпей қойдың құлақтан, 
О, зарлы әлем,

жұбататын жоқ түгің. 
...Мен бұлттарды сүю үшін жылатқам - 
Тамшы қылып төк бүгін...



Төк, Аспан!!! 
 


 


 

Көк қызы


 

Жырдың жүгін арқалап, қыздың мұңын, 
Күнәсі көп ғаламның үздім гүлін. 
Өшіре алса қайтеді естен бәрін, 
Кешіре алса қайтеді күз Мұңлығын.


 

Жарылқамас жанымды түндер – керең, 
Өн таныттым өкпелі кімдерге мен?! 
Өткенге емес, өзіме тақтым кінә, 
Көктемге емес, оқыдым гүлдерге өлең.


 

Гүлдерге өлең оқыдым өрт боп тұрып, 
Үлгермеген қайғым да дерт боп тұнып. 
Үзді бәрін үмітім үркіп қашқан - 
Қыз жылады жүрегі кекке ұмтылып...


 

Ей, Көк қызы, сенер ма ем ғұрыпқа мен?! 
Пәтуасыз жүріске құныққан ем. 
Сенің мінсіз жүзіңде ай қымсынып, 
Періштелер тасада тұрыпты әрең...


 

...Қара түн де - жабырқау,

жылап тынды, 
Қайғысынан құстардың құлақ тұнды. 
Аспа-а-а-н жақтан бір әуен естіледі, 
Шақырады, 
Шақырды бірақ кімді?!


 


 


 

 

***


 


 

Кеудемді кеулеп кесір құр,

мұң қарып тұр ма?!

Жолықсаң қайтед(і) жүргенде бұлтарып қырда.

Көк белден сені көрдім бе көрікті керім,

Көк бұлттан, әлде, түстің бе қымтанып нұрға?!


 

 

Жалған да осылай жазғырып, жарлық қылғанда,

Өңімнен - үрей, көңілден - зарды ұқтырған ба?!

Зар боп тұнған ба жаныма жалғыздық әні,

Жалғыздық әрі дертіне шалдықтырған ба?..


 

 

Не көрдім сонша, жарқыным, не кешем енді?!

Тағдырдың менде тап солай жоқ еш ермегі.

Елесі ермеді өткеннің, өксімес те едім,

Өртіне қайтып өлеңнің бөле сен мені.


 

 

Сұрықсыз күндер сұсты боп төнеді алдан бар,

Өледі сәттер,

Өлер күн,

Өледі армандар...

Саған апарар бір жолға жетсем деп едім,

Жетсем деп едім,

Жарығым сөне қалғанда...


 

 

Жасытса жанды жолығып бос үміт алдан,

"Өмір" - дедім ғой, түсінші осыны, қарғам.

Көктемнің жасы көзіме тамып кеткенде,

Көктен мен сені өлеңге көшіріп алғам...


 

 

 

***


 

Aдасып түнде кетсе ғой жаным, 
Жетсе ғой мұңым, 
жасыр құр... 
Жұлдыздар ағып өтсе де ойладым, 
Төксе де ойладым жасын гүл.


 

Көктің де көрдім өксіген жүзін, 
Көптің де көрдім құрығын. 
Өтті ме солай тек сүрең күзім, 
Бітті ме солай ғұмырым?..


 

Біз қашан, қайтіп көріскен едік, 
Келіскен едік жол құрап?! 
...Алып кет мені періште болып, 
Жанымды қалдыр сен бірақ.


 

Жанымды қалдыр жоғалған жылға, 
Кетейін ауып мен де елсіз... 
Өмір дегенің - тоналған жыр ма?! 
Өмір дегенің... 
көргенсіз...


 

Халімді менің сұрама сосын, 
Жылама сосын тек іштен. 
Ақынды өлтірген мына ғасыр үшін - 
Тағдыр шығармын көп ішкен...


 


 

 

 

 

***


 

 

Мен Ташкентте өлер ем –

Алматы бар,

Тек мен ғана түсінем ол қаланы.


 

Есенғали Раушанов

 


 

 

Олар да Алматыны түсінбей ме,

Түсінбесе болады қандай ақын?!


 

Хамит Есаман.

 

Сен ғана ма ең түсінер бұл қаланы, 
Көктем де өткен, қашанғы ол мұңданады?! 
Достарға айттым... Сырада басым қалғыр, 
Құстарға айттым, олар да тыңдамады...


 

Құстар, құстар - адалдық серті ме едің?! 
Көктің саған бұйырған көркі керім. 
Көктем келе күтіп ем, кеще басым, 
Сары шалдың қасында мен кім едім?!


 

Көше жатыр адасқан ұлға күліп, 
Ақын...

Өлең...

Теректер тұрған ұлып... 
Кімдер енді қалады бұл маңайда, 
Кімдер енді келеді?! 
Жылдағы үміт...


 

Бірі - көшін таба алмай, бірің - шешім, 
Қарға досқа, қайтейін, ұрынса өшім. 
Қай даланың қаламыз жерін құшып, 
Қай көктемнің оқимыз жырын сосын...


 

Ару қалар еске алып бақтарды әлгі, 
Қайғысымен қарыған ақпан қарды. 
Сосын, сосын сыр айтып масаң түнге, 
Отырарсың шығарып жоқтан барды.


 

Несі қалды өткеннің парқын білмек?! 
Алдың - құрмет, көргенің, артың - дүрмек. 
Біз кетерміз өмірдің бұлдап көшін, 
Әділетсіз қаланың салтын күндеп...


 


 

 

 

***


 

 

Ішкем де жоқ ол түнде... 
Мәңгі шуы тоқтамайтын кабактағы мұңлы әуенге масайғам... 
Сол үстелде, 
сол картина, 
арақ, тағы 
достардан 
құтылатын болмады ғой еш айлам...



Өлең оқып таласқан тек біз бе едік, 
Бір ақынды еске алудан шаршамай?!. 
Жүзімізден адалдықты іздедік, 
Жүзімізде - қанша бүлік, қанша жай.



Қанша тағдыр - қасіретке қимайтын, 
Қасиетін алданыш қып жүр әлі. 
Бұ дүниенің шеңберіне сыймайтын 
Бұлыңғырлау ақыл-естің сұрағы...



Жауап іздеп сандалмады көп олар... 
...Жауап күтіп үздікпеді сырашы. 
Ескі елеске жолықпайтын боп алар, 
Ескі елестер - жыласын...



(Кұй тағы да!.. 
Маңдайыңда ізі қалсын бокалдың, 
Шылымның да күлі қалсын шашыңда. 
Ырғағына түспейікші жат әннің, 
Түспейікші, расында!..)



...Мәңгі шуы тоқтамайтын кабактағы мұңлы әуенге масайғам... 
Сол үстелде, 
сол картина, 
арақ, тағы 
достардан 
құтылатын болмады ғой еш айлам...


 


 

 

 

 

***


 

 

Жыр бердім бе, білмеймін, гүл бердім бе, 
Сүйген болсам, 
сүюге үлгердім бе?! 
Қырсығып та отырдым, 
түр бердім бе?! 
Күрсініп те отырдым түнмен бірге.



Жыр оқыдым, мен, бәлкім, сыр оқыдым, 
Жүргенім де жөн емес құр өкініп. 
Кетпей қойса көңілден көрікті шақ, 
Жетпей қойса жаныма бір өтірік...



Жыр сыйладым, білмеймін, мұң сыйладым, 
Қоймас одан, қайтейін, тынши бағым. 
Күліп қарап артымнан ақпан-ару, 
Күліп қарап төбемнен тұрса ибалым...



Жыр жылытты, оны әлде нұр жылытты, 
Жаңылысқан жылдар да жылжып өтті. 
Жабығыспен жанарда тұнса қайғым, 
Сағынышпен жамасам құр жұлықты...



Жырды ұмытты, ол мүмкін мені ұмытты, 
Өзі еді ғой басы да, соңы үміттің. 
Тізбеді ме мойныма көп қасірет, 
Іздеді ме бойымнан көп ілікті...



Адастым ба ішінде мың күдіктің, 
Таластым ба күшімен мың ғұрыптың?!. 
Жоғалмаған түндерге көзін тастап, 
Кімді күтті?.. 
О, бәлкім, жырды күтті...





 

***


 

Маңдайыма бағым болып қондың дәл.

Өткеніміз өкпені артып, қол бұлғар,

Бізді де алғаш кезіктіріп көктемде,

Қоштастырған - сол бульвар...


 

 

Артымыздан дұға қылған күз қайтер,

Бал шағымыз қала ма енді аңыз боп?

Қайдағыны шығарамыз біз де әйтеу,

Бақытсыздар қаласынан бақ іздеп...


 

 

Сенсіз жүрген жолдарымның құр бәрі,

Айтылмады сырларымның қаншасы...

Ашылмаған әлемімнің - жұмбағы,

Жазылмаған жырларымның - ханшасы...


 


 


 

 

 

 

***


 

 

Көктем неге жылады, ұқты нені, 
Кейпім бе, әлде, кей түнде сені аңсаған?! 
Мендік кеуде жалғыздық тұтқыны еді, 
Жалғыздыққа қайтеді көне алса адам?!


 


Алды ма екен сезімдер елтіп ерек, 
Қалды ма екен көзіңде бала-сәуір?! 
Біз аңсаған көктемнің - көркі бөлек, 
Біз аңсаған бақыттың - жазасы ауыр.


 


Балғын шақтың бейнесі шалғайда тым, 
Сен өзгенің сертінде кеттің, сор-ай. 
Көз жасыңды көруге бармай дәтім, 
Өз жасымды өлеңге төктім солай...


 


 

 

Нарын

 


 

...Кектенсе, қайтем, Ақ еркем Жайық, 
Кектенсе, қайтем, жар қамыс?!. 
 


 


 

Шираз, Шираз,

«Ұлылық» дей ме – Шираз, 
Қай бабаның жеткізем сертін елге?! 
...Зарың қайда, беу, Нарын, күйге сыймас, 
Ханың қайда түмен ер ертіп өлген?..


 

 

Құба жонның естідім дертті үрейін, 
Адыр ассам, көремін жолды неше. 
Анау құмда қасірет шертті күйін, 
Анау белде өсиет өлді кеше...


 

 

Сен, ғасырлық жамылдың кебін, далам, 
Табыла ма кеудеңнен жалаң қынап? 
...Көне зират тарқатса шерін маған, 
Балбал тастың артынан бабам жылап.


 

 

Қадірімді, қайтейін, қор қылдым бар, 
Аунамасам тер болып түбі бұрын. 
Оқшырайып қараса орғыл құмдар, 
Оқшауланып тұрады ірілігім.


 

 

...Тарқамас күй,

өшкен күй -

таңсық ол да, 
Жатпас ешкім өткенін тосып алдан. 
.Кеше сенде бір Бөкей жалшы болған, 
Кеше сенде бір ердің басы кетіп, 
Кеше сенде бір ердің қосы қалған...


 

 

Шираз, Шираз,

«Ұлылық» дей ме – Шираз, 
Қай бабаның жеткізем сертін елге?! 
...Зарың қайда, беу, Нарын, күйге сыймас, 
Ханың қайда түмен ер ертіп өлген?..


 

 

Ертегідей естілген бұл да бұрын: 
Қара түн түссе төбеңнен - 
бөрі асар шөлін... 
Зарлы Нарын, 
Хан Нарын,

Құм Нарыным, 
Кеудеңе қылыш қадасам сенің -

 

Оянар ма ең?!


 


 

 

Серт!


( Ғайсадан Мәдіге дейін...)



1.


 

...үйім емес - бұл шаһар, 
күйім - елес, 
жоқ тегім... 
...мұнша өзімшіл, 
мұнша кербез, 
мұнша паң - 
сүю де кеш көктемін...



Сүю де кеш - 
жолықтырмас жолдарын, 
айықтырмас көшесін. 
Тағы ұқтырар - құдіреттің ол барын, 
Жалықтырар, о, сосын.



Жалықтырар - 
зарды ұқтырған кескіннен, 
жарлықтардан ескірген, 
жақындардан өштенген, 
ақылдардан кеш кірген.



2.


 

Қасы көптің болдық бірі, 
басы жоқтың тағы да... 
"Құдайларды" көрдік тірі - 
жете алмаған тағына.



...жете алмадым баққа мен де, 
кете алмадым, шарқ ұрдым... 
Адалдықты ақтап өлгем, 
сақтап өлгем антымды...



Соқ, Орфейдің зарлы желі, 
Жұбат солай әлемді... 
Сөз артынан заң жүреді, 
Ар күледі және енді.



3.


 

Жағамыздан жау алғанда, қас қылып, 
Қалар ма еді жылып іш?! 
Жанымызды жіберердей тас қылып, 
төнген шақта - "Ұлы Күш"...



Артымызға желеу болған сөз бекер... 
Жалқымызды құтқаратын түстерге... 
Әділдік пен ақиқатқа көз жетер - 
Хорасанға қара белгі түскенде...



Аңыздардан арамызды қашық қып, 
Ғұрыптарды құрықтады бұл ара. 
Өзімізді құтқаруға асықтық - 
Жүзімізді жасыра алмай күнәға...



4.


 

Сендегі - осынау таққа құт: 
дос - тіреу, 
БАС - тіреу, 
Қос тіреу... 
(...Ұлылар құтылды ақталып, 
Мақталып құтырды мас біреу...)



Мендегі - сол сезім, 
сол дәрмен, 
Іздедім ақылсыз достарды - 
(...көмуді үйренген қолдар мен 
"өлуді" үйренген көш қалды...)



Біздегі іңкәрлік төр көріп - 
Есікте тапталды "бос томдық" - 
(..."Үйірлі" шалдарға жол беріп, 
"Мейірлі" сөздерді қош көрдік...)



5.


 

Өркениет жылағанда тасада, 
Құлағанда алыптардың қамалы - 
Жазықсыздан жанарына жас ала, 
Бөрі ұлиды жаралы...



Ессіздерге айналғанда біз қайтып, 
жай қалғанда сөз ақыр 
алдымыздан көре алмасақ ізді айқын... 
...қол алмасақ - өз ақым.



Өткенімнен таба алмадым сұрап құр 
өлеңімді елестерге асылған... 
Біздің ғасыр, 
біздің ғасыр жылап тұр - 
Әмірxанның басында...



 

Алматы.

31.03.2015жыл.


 

 


 

 

 

 


 

Аудармалар


 


 

 

(Эффенди Капиевтен)


 

 

***

 

Біз де өлеміз... 
Ал өлгеннен кейін 
көздеріміз мәңгілікке жұмылады, 
Және со шақта, 
артымыздан қалған көп қара - 
Осы ғаламда, 
Осы дәуірде 
Тірі кезімізде айтқан сөздерді 
Қайталаумен ғана болады...


 

 

 

 

(Николай Глазковтан)

 

***

 

Бұл қалада жарнамалар парады –

Қозғалыспен және жалқы отымен.

Көше бойлап төрт қыз өтіп барады,

Оны ғана ойлауменен...

- О, кілең...

 

Мен жайлы енді толғанбайды еш олар,

Ессіз болып көріндім бе, етсе алаң?!.

Кем тұсымды жасырумен бөседі ар:

- «Ақылдары жеткен шығар тек соған...»


 

 

 

***


 

 

Мен емеспін Ұлы Уақыт тұрғыны,

Тек дәуірлер жылжып жатыр ішімде.

Жүрегіме енген шақта бір күні –

Ақылды һәм ақ болуды түсінгем...

 

Өртелмеген мыңжылдықтар талқысын

Тек бір түндік ойларыма сыйдырып...

...Бұлттар сосын төнді ма екен,

салты – сұм,

Тас қаланың төбесінен шүйлігіп...

 

Көктем сүйген көк белдердің төсінде

Шашылды ғой жұлдыздардың зар-мұңы.

Ай да толып, мас кейпінде есірген,

Сондай арсыз бар нұры...

 

Түнгі жауын қаһарына қалды ұғам,

Найзағайдың көріп тұрып жарқылын...

Мәңгілікке тұрақтап ап бағзыдан -

Көзге бірден қадалғандай,

Аспанның

төрінен кеп орын алды -

Тәнтімін!..


 


 

Айбол Исламғалиев


 

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар