Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақ пенен киіктің тағдыры ұқсас...

27.05.2015 5130

Қазақ пенен киіктің тағдыры ұқсас

Қазақ пенен киіктің тағдыры ұқсас - adebiportal.kz

 


Киік – қазақ секілді, ҚАЗАҚ – КИІК



360e0aec689e27d6b4ba44dec104aa15.jpg



Киік – қазақ секілді, ҚАЗАҚ – КИІК,

Кім басына берді екен азапты үйіп?

Қасіреттің күрмеулі қыл арқаны,

Мойынымды барады қажап, қиып.

 

Дархан дала еркесі өлді неден?

Шерді көрем...

Көзінен мөлдіреген.

Жер-Ананың қамығып қайғысына

Жылайды аспан.

...Жүрегі елжіреген.

 

Жылайды аспан...

Жауынын нөсерлетіп,

Есеңгіреп отырмын есем кетіп.

Сахараның уланып сəні кетті,

Зымыраннан зулаған кесел жетіп.

 

Еңсені езіп ауыр мұң,

Жаншып нала,

Қан сасиды киесіз қаңсып дала.

Жалақ-жұлақ жұтынған қарақшының

Көзі өтті ме, қараған сан сұқтана?...

 

Опат қылған оқ па, əлде, есер атқан?

Құрылды екен жолына неше қақпан?

Түйесі өліп..,

Тұлпары –

Киесі өліп,

Нардың жүгін ел болдық есегі артқан.

 

Иесіз қап...

Құлазып дала жатыр,

Жауап күтіп сан сұрақ санада тұр.

Көпті көрген көнекөз қариялар,

Күрсінеді, келді - деп, заманақыр.

 

Кеше көрген қайғым бар мəңгі ұмытпас,

Бір білерім, енді ешкім шаң жуытпас.

Көбеюге ешқашан қақысы жоқ,

ҚАЗАҚ пенен КИІКТІҢ тағдыры ұқсас.

 

...Қыран құсап ұшпайды құзғын биік,

Өлексе жеп жетеді ол күзге ілмиіп.

Бір кездері нақақтан нақақ кеткен,

Жүз мың қазақ секілді жүз мың киік.

 



Қалқаман Сарин

 


 

4843466_large.jpg




Киікөлген

 



Жаназа күйін шертеді дала,

Жайғанда шашын жел-құйын.

Өзекті сосын өртеді нала,

Шертеді дала шер күйін.

 

Арманы түскір адыра ма екен,

Аспаны айғыз байтағым.

Аңыра бөкен, маңыра бөкен,

Шырқыңды қалай шайқадың?!

 

Аңыра, бөкен,адасқағым-ай ,

Ажалға қалай ұрындың.

Дертіңді ұқпай адасқаным-ай,

Алқынып неден жығылдың?..

 

Өзгеше неге суық бұл көктем,

Оғынан кімнің құладың?

Көзіңнің жасы сіңіп бір кеткен

Құн сұрап жатыр құба қыр.

 

Көктемім қайда құралай өрген,

Бұл сорды неге жорыдым?

Жанына сауға сұрамай өлген,

Жанары нәркес момыным.

 

От тұяғыңды тасқа бастың ба,

Ордамнан көшіп барасың.

Жердің үстінде, аспан астында,

Ақбөкендердің моласы.

 

Аңсайды дала баяғы бағын,

Жетімек ойға жаншылып.

Әдемі қала бояуы ағып,

Нөсерге жатты малшынып.

 


Әлия Дәулетбаева

 

 


Precaspian calf 2 2013.jpg



Зауал

 


Қып-қызыл аспанның жиегі сөгіліп

қара жер төсіне төгіліп шашырар,

Шаң борап самиян далда

меңіреу ажалдың есігі мөңіреп ашылар.

 

Ананың бүлк еткен құрсағын құрсаулап шөккенде нән тұман

бурадай бұлқынып,

Үрейге малтығып түс көрем түнімен

айдары тұлданған құбыжық ұл туып...

 

Шілдеде шық тұрған жалбызды жағалау

у тұнған тамшысын қалтырап ұсынар,

Бабадан тәбәрік күмістен пиала қарғыстан қақырап,

быт-шыт боп шытынар...

 

Е-е-е... таңғы газеттер сөйлейді:

«Халыққа төнетін ешқандай, ешқандай қауіп жоқ...»,

Ұмытқан ұятын ауызда әмір жоқ...

 

 

Ырысбек Дәбей

 


 

1431947434_761fb361bbde9ef24f83fb7f99fb26d01.jpg



Киелі мекен, киіктер қайда кешегі?



Киелі мекен, киіктер қайда кешегі??

Еркесі едің, кербезі мынау даламның,

Жусатып баудай қадаған сұғын саған кім,

Өлімі жұмбақ қырылып жатқан киіктер,

Құрбаны болды-ау қатігез мынау заманнның.

 

Меңіреу дала мүлгиді үнсіз қайғыдан,

Киелі мекен киіктерінен айрылған...

Зымыранба сенің шырқыңды бұзған бейбағым.

Обалың кімде, адам ба әлде тағдырдан ?

 

Киелі мекен, киіктер қайда кешегі?

Мезгілсіз жалған өмірден неге көшеді.

сұрауың кімде, жауабың қайда адамзат?!

Апаттың мынау жұмбағын кімдер шешеді..

 

Мөлдіреп әне кіиктің жетім лағы,

Жанарда жасы, жақынын қыймай тұр әлі.

Ұлиды боран мұңына оның үн қосып

Қайғысын төгіп, қара аспан бірге жылады

 

Есіме салып тырнайды аузын жараның.

Киіктей кеше қырылған қайран қазағым,

Киікпен бірге киең де кетіп барады.

Құтқарыңдаршы еркесін мынау даланың!!!

 


Ризабек Нүсіпбек

 



Precaspian calf 2 2013.jpg



Киіктің көз жасы

 


Ұлылар бесігі тербеткен,

Торғайдың даласы кең неткен?!

Қолыммен емес-ау, көзіммен,

Отырмын киігін жерлеп мен...

 

Қасірет, Қорқыныш, Апат бұл!

Қу тілді қандай күш матап тұр?

Бір сырын білетін Биліктің,

Бар ойы мансап пен атақ құр.

 

Ауызын ашпайды бұл жайлы,

Үнсіздік себебі ыңғайлы.

Ал енді Киіктің көз жасы,

Ажалдың желімен құрғайды.

 

Қайда сол киіктер мыңғырған,

Ауру ма? Адам ба? Кім қырған?!

Кім жауап береді бұл шаққа,

Көзіме ыстық жас тұндырған.

 

Жанашыр жан қайда отанға,

Отан ба, бұл әлде отар ма?

Киіктің көз жасын көрмейтін,

Көкелер көздері тоқалда.

 

Даламның бұйырмас бағына,

Түкірдім күші жоқ Заңына.

Дәл ондай әлемде ел жоқ-ау,

Қараусыз аңы да, жаны да!

 

Кім бұлай жасытқан жігерін,

Арманым ортақ қой, тілегім.

"Торғай" деп тұрады қашанда,

Торғайдай шырылдап жүрегім!

 

Береке желінін сауған жел,

Асандай бабамыз барған бел.

Сүйіктім, Қарт Торғай, аман бол,

Киіктің көз жасы тамған жер!

 

Саят Абенов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар