Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мирас Асан: Алаң да алаң, алаң жұрт

13.05.2016 454

Мирас Асан: Алаң да алаң, алаң жұрт

Алғы сөз

 

(Модильяни)

 

Мен – көшеде,

Сен – кеңседе...

Күн кештік.

Бірге жанған жоқ шығармыз – бірге өштік!

Біздің қастық – ең дөрекі достық-тын,

Бояулардың тіліндегі үндестік...

 

 

Алаң да алаң, алаң жұрт

 

Қатыны найзаға сүйеніп толғатқан,

Батыры найзаға сүйеніп түн қатқан,

Ақыны найзағай жырымен үн қатқан,

Сайран да менің, Сарыарқам!

 

Қатыны қазан көтерген қадақ асынан,

Батыры жауын сүңгіге қадап асырған,

Ақыны мадақ емес, садақ асынған,

Қайран да қарт тау, Алатау!

 

Қатыны ұлдарын арыс қып туатын,

Батыры ақырып белдігін буатын,

Ақыны елдігін еңіреп қуатын,

Қайран да кеткен, өр Алтай!

 

Қатыны қылыш әперіп алдыңнан шығатын,

Батыры дұспанға қасқайып тұратын,

Ақыны ер-шолпан – таң алды туатын,

Қайран да неткен, Атырау!

 

Қатыны аузыңа зәмзәмін тамызған,

Батыры рух артып Қашаған, Оғыздан,

Бақсысы Сырдың суын теріс ағызған,

Қайран да қайран, Ақмешіт!

 

Қатыны ұлдарын майданға баптаған,

Батыры жебесін қаңғыртып атпаған,

Хандары халқының бетінен қақпаған,

Қайран да қайран, Ұлытау!

 

Алаң да алаң, алаң жұрт!

Таусылды тозып тағаң жұрт!

Үйір-ақ сор мен саған бұлт!

Қиын-ақ күнің, сол үшін,

Ақбас тау, көбік көл үшін,

Жазира, құмдақ, шөл үшін,

Шоқы, үстірт, ойпат, бел үшін,

Сұрайды сауға алаңда ұлт!

Сұрайды сауға алаңда ұлт!

Сұрайды сауға алаңда ұлт!

 

  

Вознесенский əуенімен

 

Мен қайықпын, сынған желкен, ескегім,

Сен Дауылсың, соқтың, қалдым жырақта...

Бүйтетіндей Саған Алла, не істедім?

Саған Алла не істемедім, бірақ та...

 

 

Қасиет пен Қасірет

 

Түлкі мен Қасқырдың күшігін

Айыра алмапты аңшы да!

Құдайдың қарашы, ісінің

Түбінде мəн бар ма,

Ал, сұра:

 

Түлкі мен Қасқырдың күшігі

Айнымай туады!

Біреуі – аярлық пішіні,

Біреуі – Қыпшақтың ұраны!

 

Ез де, ер де аспаннан түспейді,

Айнымай туады!

Біреуі күнəні істейді,

Біреуі жуады...

 


***

Самайыма ақ кірді,

Қара тасқа қақ тұрды.

Қара ағаштың қасына,

Сіз ектіңіз ақ гүлді...

 

Екі ғашық таң алды,

Айыптайды ақ түнді...

Қара бешпет, қамарды

Ақ күмістен тақтырды.

 

Қара түнге ақ шидем,

Сіңіп, үзді тәтті үнді...

Қара судан, ақ шиден,

Алты алақаз сап құрды...

 

Қарагердің мойнына,

Ақ құрықты тап қылды...

Қара Жердің қойнына,

Ақ кебінді лақтырды...

 

Самайыма ақ кірді...

 

 

Адай аңызы. Суын жыры

 

Ұрғашы құлын есейген соң түсінде суынды көріп, ғашық болады. Суын - теңіз жылқысы.

(Әпсана)

Тау толқынмен суын келген,

Шайнай бергем уымды ермен...

Шелектей қос танауынан,

Бұрқыраған буын көргем!

 

Сауырынан су сигектеп,

Қанаттарын қуша иректеп,

Дәу толқынмен суын келген,

Жанарды жас жуса игі ептеп...

 

Жағада көк байтал тұрды,

Жап-жарық қып сайқал түнді,

 Су ішінен Суын шыққан,

(Толқын құмға қайта артылды...)

 

Сүттей аппақ Теңіз түні.

Тамыры бір, егіз түбі.

Су ұсынған еріне әйел,

Суын келген – Оғыз пірі!

 

Әлі тайған тірсегінен,

Қан ұйыған құрсағынан,

Көк байталдың бүйірін түртіп,

Тұрса суын –

Тұрса құнан...

 

Толқын жатты төңкеріліп,

Жер танабын өрте күлік!

Суынкөктің сауырынан,

Ақсын көк тер –

Ертегі үміт!

 

Байтал суға ағып өлген...

Суын келген – тағы желмен...

Жуынып тұр жағада ару,

Жуыспаған анық Ермен...

 

 

 

Гамзатов әуенімен

 

Белгісіз бекет.

Ой алаң...

Вагоннан түскем жаңбырмен.                                                                                                                  

Бір қысқа аялдамадан:

Өзіңді көріп қалдым мен!

 

Белгісіз алыс бір елде,

Белгісіз айлақ.

Таң болдым.

Ешкім жоқ...

Бірақ,

Жүрерде

Өзіңе ұқсас жан көрдім!..

 

  

Хан Кене

 

Саусағым – шеңгел,

Қан уыстадым,

Тәңіріден келген белгі – Бұл!

Алтын сап қан-қан қару ұстадым,

Жүректің басы шерлі жыр!

 

Көк бақсы шошып оянды бүгін,

Боз айғыр бейуақ  кісінеп!

– Түсімде жағын таянды ұлың,

Ордаңның түтін іші көк, –

 

Көк езу бақсы сұқсырдай қатып,

Сұрланып алған, көгеріп.

Түс көрді жауды тықсырмай жатып,

Сан-Таштың үсті көп өлік...

 

Хан Кене түсін жаман жорыды,

Ешкімге тісін жармады.

Осымен оның тәмәм жорығы,

Тоғыз ұл обал. Сол жағы...

 

Қинайды ханды, қасық қанына,

Айырбастаған жері –  Бұл!

Асылдарыңа, ақықтарыңа,

Айырбастамас елі – Бұл!

 

Жаманат сезді Кене жүрегі...

Медет бер,

Тәңір, ісіне!

Отыз жеті сұлтан неге кіреді,

Бопай ханымның түсіне?..

 

Жеті қара тас жерден көтеріп,

Тоғым хан кірді түсіне.

Қырғыз бен Қазақ келген көтеріп,

Тоғыз хан кірді түсіне...

 

Іріген – іші,

Қорғаны – Берен.

Кене ішкен уды кім ішті?

Түсімде Алтын-Орданы көрем,

Өңімде алтын-күмісті...

 

 

 

Экспромт

 

Тасқа да жазған бұл өлең,

Басты да жазған бұл өлең!

Таспаға жазған бұл өлең,

Баспаға жазған бұл өлең,

 

Əнге де жаздым өлеңді,

Нəнге де жаздым өлеңді!

Тілге де жаздым өлеңді,

Гүлге де жаздым өлеңді...

 

Жазам деп өлең жазғам жоқ,

Өзінен-өзі маздауда от...

Ермегіне елдің айналды,

Кермеде тұрған Азбан көк!

 

Шындық па?

Шындық жоқ елде...

Таппайсың тіпті оны емге!

«Музаны ғана сүйем» деп,

Өтірік айттым өлеңге!

 

 

***

Кірпігі гүл,

Қасы қыр,

Жанары айман,

Көзіме отай басылдың анадайдан!

Сен ертегі шығарсың Күнікейдей,

Құрастырған мына өмір маған ойдан...

 

Ұшына еккен кім екен сені жардың?

Елең ете қалсаңшы елігі әннің.

Шұңқырына бетіңнің шұғыладан

Екі мұхит көзіңнен, төгіп алдым...

 

Мендік жүрек көк шыққан қияқты өртең,

Махаббат па,

қызардың,

ұят па,

еркем?

Саған жазған өлең де саған ұқсап

Аспанға ұшып кететін сияқты ертең...

 

Қарағыма ей, өмір, қайғы ойлатпа,

Қағаз жүрек, жаралған жан ғой – баққа...

Сүйемін деп сүйгем жоқ сені жаным,

Күйемін деп көбелек бармайды отқа!

 


Айна артында

 

(Анна әуені)

 

O quae beatam, Diva, tenes

Syprum et Memphin...

Hor. *

 

Сұлулық – он тоғыз жасар қыз,

Және бұл ғасырдан емес Ол!

Екеуміз қосылып неге сол,

Үшінші жаннан кеп қашармыз...

 

Орындықты жылжыттың Ол жаққа,

Мен Оған сыйланған гүлді алып.

Білмейміз, қандай жан болмаққа,

Қорқыныш, жүректі мұң қарып...

 

Түрмеден шыққандай тұрмыз біз,

Бір-бірін білетін жүз – елес.

Ғажабы –

тозақта жүрміз біз,

Азабы –

ол екеу

– біз емес.

 

 

1963-2016

Комарово

 


 

«Менің атым – Қожа»

 

– Кімнің үйі мынау үй?

– Жұмағұлдың.

– Жасай берсін, Жұмағұл!

– Иә, бұл кім?

– Атым – Сұлтан, есімің бала қалай?

– Дәулет, – деді.

(Алданып қалады оңай!)

 

Елтіріні, қымызды, етті көріп,

Уәдені сұм Сұлтан  төкті келіп:

«Ақша сөз бе, төбеңнен жаудырамын»,

Тонап, талап, ішіп-жеп, кетті қонып!

 

«Жүрген адам Сұлтанмен өлмейді» деп,

Бұл жерден бір, ол жерден, көлбейді кеп.

Өтірік пен сұмдықты үйреткен сол,

Қожа жақсы ұрлықты көрмейді көп!

 

Әне екен деп, жақсы өмір міне екен деп,

Басқа түскен қиындық сын екен көп...

Қожа құсап опық жеп қазақ отыр,

Өтірігін Сұлтанның «шын» екен деп...

 

 

 

***

Үнсіздіктің ұлы екенін білдім мен,

Үнсіз жылап, үнсіз тыңдап, күлдім мен.

Сол ерекше қасиеті шығар-ау,

Үнсіз ғашық болатыны гүлдің де ең...

 

Естімейтін адам болсам бір сəрі,

Сөйлемейтін адам болсаң бір сəрі...

Одан дағы махаббатқа назым бар,

Сені мылқау, мені керең қылса-ды...

 

Ар жағында тұтқадағы таныс дем,

Саған жақын, тұтқа, Ай, Күн...

Алыс Мен...

Маған оңай болып отыр дəл қазір,

Сенен гөрі тілдесуім ғарышпен...

 

Кеше бірақ, көп сырластық, тілдестік,

Бірде естімей, жаттың, жаным, бірде естіп...

Біз мылқаулар мектебіне шəкірт боп,

Біз кереңдер үйінде ауыр күн кештік...

 

Біз соқырлар қоғамында мүшеміз,

Дəм сезбейміз, у ма, бал ма, ішеміз...

Ақыл-ойы кем жандарға қосылып,

Қол арбадан аяқ-қолсыз түсеміз...

 

Сені көрмей күн кешем-ді ертең мен,

Сені сүймей мұң кесемді төңкергем.

Асыл-асыл лағылдарды осылай,

Жасыл-жасыл жапырақпен көмкерген...

 

Менен ессіз бар ма жаным, жоқ, білем,

Ең ақырғы осы өлеңге жетті дем...

Мен көшеден енді ұстап ап бейтаныс,

Сен екен деп құшақтаймын көпті мен...

 

Сұлу болмау білем жаным - саған жат,

Болмауыма құқығым жоқ маған да Ақ.

Үндемейік, біз-ақ үндемейікші,

Шулай берсін, адамзат...

 

  

Жұлдыз

 

Михай Эминескуден

 

Туған жұлдыздың сәулесі,

Жеті қат Көктен өткенше,

Мыңдаған жылдың әуресін,

Арқалап Жерге жеткенше,

 

Жарығы бізді өпкенше,

Жан тапсырған да шығар – Ол!

(Шыға алмай шыңға кеткенше,

Шыңырауыңнан құлап өл!)

 

Жұлдыз да сөнді, өлді әлгі,

Жарығы тамып сәл еппен:

Біз көрмей тұра – болған-ды,

Біз көрген кезде – жоқ, әттең!..

 

Сезім де болған, күшті Ұлы,

Түнектен көзін ашпаған...

Сол сезімдердің ұшқыны,

Соқыр ғып мені тастаған...

 

1886-2014

 

 

 

Салсоқты

 

Қызыл бешпет, қынай бел, құрым етік,

Бұрды ауылға Қара Ертіс бұрым өтіп...

Күміс қамар Ай балқып шықты аспанға,

Қызыл бешпет маңайды іңір етіп...

 

Күміс сырға күмп етті толқынға аппақ,

Аппақ толқын күңк етті, шолпыңды аптап.

Жүзік те аппақ, жүзген Ай – қамар да аппақ,

Ақ тамақ түн сезімдей сол түнгі аппақ...

 

Сері түскен ақ боз үй түндік асты,

Қол жалғаған домбыра жырға ұласты.

Төрден шыққан өлеңнің мұңы неге

Алты қырдың астынан гүлді басты?..

 

Қымыз беті Ай жүзді алақанда,

Өшпеген шақ ошақта әлі от онда...

Сері ерініп басады ондайда әнге

Кітап артқан ұстаздай сары атанға...

 

Сұлуға да домбыра кезек берді,

Лықсыған ән лекілдеп өзекке енді...

Шолпы естіртпей қалады ойларды ауық,

Перне басы сүйрік сым безектер-ді...

 

Кемпір-шалдар  ойды іштей тынып, ұқты,

Орамалдың ұшына шық ілікті.

Саусақтардың тигенін елге жаймай,

Дәті берік шыныаяқ – сыры мықты...

 

Қымыз құйды серіге сұлу ептеп,

Қозса дейсің арқа да, жын иектеп...

«Құмарлыққа ғашықтық» жол бермеді,

Басқа түсер боз үйдей қылует жоқ...

 

Боздың сұлу тізгінін ұстап тұрды,

Бәрі аппақ қой, ендеше ақ ұстат бұлды...

Тізгін, ниет, бәрі аппақ, қаршыға да – ақ,

Сол күн көрген таң алды түс те – ақ, мұңлы...

 

 

 


 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар