Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бұл «Құнанбайға» қазақ қанағат ете алмайды...

29.05.2015 6273

Бұл «Құнанбайға» қазақ қанағат ете алмайды

Бұл «Құнанбайға» қазақ қанағат ете алмайды - adebiportal.kz
       
        IMG-20150505-WA0015.jpg

 



Үлкен әдебиетке тән үлкен көзбен, үлкен жүрекпен толғайтын жақсы тақырыпты Досхан, Таласбек сияқты суреткерлеріміз ойдағыдай қозғаған. Бұл тақырыпқа еріккеннен бармаған. Бәріміз күткендей жүрек тебіренетін үлкен фильм шыққан. Енді сол фильмді қайталап көз алдымыздан өткізуіміз керек. Неге заман осылай, неге адам осылай? Неге бір-бірімізге түсінбестігіміз көп? Түсінетін нәрсені кейде ірілетеміз, қиындатамыз. Бізді қапы қалдыратын – өзіміздің қателеріміз, өзіміздің жаңсақтықтарымыз. Алдымен өзімізді түзесек, дүниені түзеу оңай екендігіне көзіміз жетер еді. Құдайдың өзіне көп сұрақ қоятын адам баласы алдымен өзіне сұрақ қоюы керек… Сол үлкен сұраққа өзі жауап беруге ұмтылған және соған жауап тапқан «Құнанбай» туралы бұл фильм қарап отырсаңыздар Құнанбайдың сонау Меккеге барып, қазақтың шежіресін тауып қайтатын үлкен сапарының алдында болған өмірі.

 

Әбіш Кекілбаев

 

 


       

      11182052_837534656340063_33620665503262664_n.jpg



Бұл біздің аяулы Мұхтар ағамыздың айта алмай ішінде кеткен арманы. Сол ағамыздың арманы мен аманаты бүгін орындалып жатқан сияқты. Өйткені, ол кісіге заманы шындықты айтқызбады. Ал енді Құнанбай туралы фильмді көрсетеді дегенде, осында келген барлық жұрттың көңілі ерекше толқып, тойға келгендей күй кешті. Мен бұл фильм аяқталған жоқ деп ойлаймын. Мұнан кейін де, Абай жетілгенше, өсіп-өнген ортада, Құнанбайдың аялы алақанында, үлкен ақылман әкесінің қамқорлығында болған Абайды көруіміз керек әлі. Сол себепті бұл фильм эпопея болуы тиіс. Тағы да кемінде екі серия түсірілуі керек… Сценарий, режиссура ғана емес, сонымен қатар, фильмнің музыкасы да Құнанбайдың табиғатын ашып тұр.

 


Мырзатай Жолдасбеков



      974609D0-D03F-424C-85C3-E2769621F16E_w974_n_s.jpg



Ұлылық ұлағаты

 


Экран мен сахнада сыр-сипаты сан алуан небір күрделі кейіпкерлерді сомдаған әйгілі актер Досхан Жолжақсыновтың соңғы жылдары режиссураға ден қойып жүргенін өнерсүйер қауым жақсы біледі. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Біржан сал» көркем фильмін түсіріп, режиссерлік тырнақалды жұмысы болса да бас-аяғынан шашау шығармай жұп-жұмыр жұтындырып, кәнігі шебердің қолтаңбасын танытқан еді. Әнімен, аңызға айналған тағдырымен әр қазақтың жүрегіне ұялаған Біржанды экраннан жатырқамай «Япырау, мынау сол ғой, міне, міне дәл өзі!» деп жалпақ жұрттың жапырыла көріп, зор қошеметке бөлеуі – сол жемісті еңбектің куәсі, талантқа берілген баға. Досхан бір сөзінде: «Мен басқалар қалай қабылдайды, көңілінен шыға ма, жоқ па деп жалтақтамаймын. Менің мақсатым – ең алдымен қазақтың өзіне қажетті фильм түсіру» деген еді. Бұл да, әрине, жеңіл-желпі амби­ция емес. Ұлттың үдесінен шығу – ұлы міндет. Режиссер өз ұстанымында нық тұрып, тарихи тұлғалар галереясын жасауға бел шеше кіріскен сияқты. Міне, жақында оның «Құнанбай» деп аталатын көркем фильмнің тұсаукесеріне қатысып, көппен бірге көзайым болудың сәті түсті. Құнанбай – ұлы Абайдың әкесі ғана емес, қазақ тарихында өзіндік орны бар шоқтықты тұлға: сөз ұстаған шешен, ел бастаған көсем, қарадан шығып хан болмаса да Қарқаралы уезінің алғашқы аға сұлтаны болған; төбе би болып төрелік айтқан, телі мен тентекке тыйым салған қатал билеуші, айналасына әділет орнатып, өнеге тартқан кемеңгер абыз… Оның ғаділеттілігі, тақуалығы туралы әңгімелер халық жадында көптеп сақталған. Құнанбай айтты деген сөз, даналық толғамдар ауыздан-ауызға аңыз болып тарады. Құнанбайдың ақыл-парасатына, ділмарлығына таң-тамаша тәнті болған белгілі поляк ақыны, революционер, саяхатшы А.Янушкевич өзінің күнделігінде: «…Оның алды ертелі-кеш адамнан босаған емес. Қыр қазақтары ақыл-кеңес сұрап, арыз айтып толассыз келіп жатады, – деп жазды. – Оның басы даланың күллі заң-жоралғыларын жазып алған машина сияқты, таң атқаннан түнде көзі ұйқыға кеткенге дейін тоқтаусыз сөйлеумен болады…». Мұхтар Әуезов даңқты романында Құнанбайды өзінің авторлық концепциясына бұрып бейнелегені белгілі. Үстем тап өкілі ретінде қатыгез, озбыр, әсіре діндар, кертартпа болып суреттелді. Кер заманның қыс­пағынан шыға алмағанына қина­лып Мұхаңның өзі де: «Қажыға қиянат жасадым, обалына қалдым!» деп өле-өлгенше өкініп өткен көрінеді. 

Шәкен Айманов та замандастарының айтуынша, «Құнанбайды сахнада басқаша сомдасам» деп армандап жүріпті. Міне, енді сол екі алыптың орындай алмай кеткен арманын Досхан бауырымыз іске асырған сияқты. Құнанбайдың өмірбаяны бай, ол туралы ел аузындағы аңыз-әңгіме де, жазба деректер де жеткілікті. Әдетте, тарихи тұлғалар туралы түсірілген біздегі фильмдердегі басты кемшілік – кейіпкердің туғаннан өлгенге дейінгі өмірін түгел қамтимын деп ұсақ-түйектің бәрін тықпалап, іш пыстыратын шегіністер арқылы өткен-кеткенді тізбелеп, жадағай деректі хроника дәрежесіндегі шұбалаңқылыққа ұрынып жататын. Мұнда ондай шашыраңқылық жоқ, Досхан басқаша кілт тапқан. Құнанбай өмірінің түйінді екі эпизоды ғана алынып, фильмнің бүкіл оқиғасы соның айналасында өрбиді. Етек-жеңі жинақы, қат-қабат шиыршық атқан ішкі динамикасымен көрерменді бірден үйіріп, иіріміне тартып әкетеді. Шарпысқан сөз, мінездер қақтығысы, егес пен ерегес майданында Құнанбайдың азаматтық, күрескерлік бейнесі әр қырынан айшықталып, надандық пен бодандықтың қамытын қос қабаттап киген ел трагедиясы, заман сұрқы көрініс табады. Басты рөлді Досханның өзі ойнаған. Қасқайған ердің қайсар тұлғасын танисың. Досханның Құнанбайы – сыр алдырмас іші терең, кемел ойлы ел ағасы. Жасы жер орталаса да қимылы ширақ, қағылез. Заманында жау түсірген қарымы қатты қайрат иесі болғаны шымыр бітімінен көрініп тұрғандай. Төңірегін қас-қабағымен ықтырса да озбыр емес, қаталдығында қиянат жоқ, әділет ісіне табандап тұрып алатын қайсар мінезді жан. Құнанбайдың ішкі болмысы, парасат-өресі Қодар мен Қамқаның үкімі үстінде сынға түседі. Қодар мен Қамқа оқиғасы ескі қазақ тұрмысында көз көріп, құлақ естімеген сұмдық, сорақылық еді. Жеке адамның өмірі мен даланың бағзыдан қалыптасқан моралі теңселіп таразының екі басында тұрды. Намысқа шаппай, «жабулы қазан жабулы күйі қалсынмен» көзжұмбайлық жасаса, жаман әдет – жұқпалы дерт, асыл сүйегіне сызат түсіп, ертең ел бүлінеді, ұрпақ тозғындайды. Ал ата жолымен тізеге салса, азғынның арам қанын мойнына жүктемек. Екі оттың ортасынан табылар араша бар ма? Не істемек керек? Тығырыққа тірелген ел ағасы билердің қазылығына жүгінеді. Семейден арнайы Ахмет Риза имамды шақыртады. Маған қазақтың ескі мизамы мен шариғаттан осы қылмыстың ізін тауып беріңдер дейді. Құнанбай жауыз емес, бірақ әділет пен тазалыққа құрылған дала моралі, ұрпақ алдындағы жауапкершілік еріксіз оны қатал болуға міндеттейді. Сонда да шарқ ұрып араша іздейді, тұйықтан шығар саңылау іздейді. Анасы Зереге: «Шеше, екі бейбаққа әу бастан-ақ тілеулес болдым, бірақ ақтау таба алмадым» деп мұңын шағады. Бабалар жолы мен шариғат заңы азғындыққа кешірімсіз қатал, билер мен имам өз кесімдерін айтып, сөз салмағын өзіне салған сәттегі Құнанбайдың жан күйзелісін көрсеңіз. Маңдайынан тер бұршақтап бір дем үнсіз қалады. Сол арқылы актер кейіпкердің ішкі арпалысын, обал-сауапты ойлап шарасыз күйге түскен пенденің күйікті халін барынша табиғи қалыптай білген. Үкімнен кейін Құнанбайдың байыз таппай атпен құйғытып қыр асып қияндап кетуі, Қоңыр әулиенің үңгіріне баруы… бәрі-бәрі оның шиыршық атып шарпысқан ішкі әлемін әсірелей түседі. Фильмде іс-қимыл, сойыл сілтер қақтығыстардан гөрі іштей арбасу, психологиялық тартыстар басым. Ел ішіндегі дау-жанжалға бітім айтатын билер кеңесі – түрлі пайым-пиғылдардың қаржасқан қып-қызыл майданы. Бірі ойға, бірі қырға тартып, теріс езулеп жантайып жатып алатындар қаншама, тізеліні бүгілтіп, кекжиген басты иілту үшін үнемі Құнанбай жалғыз өзі жанталасумен болады. Бірде жөнге жығылмай, қиянатқа дем беріп қырындаған Сарыбайды жиыннан соң жылыстап кетіп бара жатқан жерінен шабарманын жұмсап шақыртып алады, жақындай бергенде шалма тастап, ат үстінен аударып түсіреді де әудем жерге сүйреп апарып тастайды. Бұл да Құнанбайға тән мінез. Аталы сөзге тоқтамас арсызға өстіп білек күшін жұмсауға мәжбүр. Іш қатпары мол күрделі кейіпкердің бірі Барақ – рулы елдің бетке ұстары. Айбатымен ықтырып, қайратымен бұқтырған даланың шынжыр балақ, шұбар төс алпауытын белгілі актер Айдос Бектеміров бар болмысымен тамаша сомдай білген. Барақ – Құнанбайдың қашаннан бергі бақталасы.Үнемі қара ниетпен оңтайы келсе бақайдан қағып омақастыруға бейім. Дүрдараздық өрши келе ашық жаулыққа ұласқандай. Арада кісі өлімі болып, екі ру егер болған тұста, өз аталастарының намысын жыртып «қанға – қан!» деп отырып алады қасарысып. Ұзақ ырғасып барып Құнанбай бәрібір түйінді шешеді. «Қаннан қан ғана төгіледі, қан қуған қансырап өледі» деп екі жақты құнмен бітістіреді. Жөннен жеңілсе де намысы күйген Барақ кеудеге салып, «кездесер жеріңді айт!» деп қамшысын көлденең ұстап доқ көрсетеді. Аямасқа бекінген дөкердің сұсты жүзін көріп ішің суып кеткендей болады сол сәт. Қашанда надандықтың қолы жақсының жағасына жармасумен келеді емес пе. Әділ күресте есесі кеткенге іші күйіп бықсыған бақас ағайын тыныш отыра алсын ба. Барымтамен қолға түсіп «итжеккенге» айдалған ұры-қарының арттағы жұрағаттары, сасық намысқа шапқан ру шонжарлары жең ұшынан жалғасып, орыс ұлықтарына домалақ арызды үсті-үстіне боратумен болады. Ақыры жақсының артына ит салып түсетін қазақтың ит мінезі Құнанбайдай асылды түрмеге тығып тынады. Омбы абақтысындағы эпизодты фильмнің шарықтау шегі десе де болғандай. Сұрақ-жауап барысындағы шарпысулар оқиғаны ширатып шиеленістіре түседі. Тергеушінің аузымен айтылатын айыптаулардан Құнанбайдың өткен өміріне қатысты көптеген жайларға қанығамыз. Әсіресе, Кенесарыға байланысты тергеуші сұрағына қайтарған жауабында Құнанбайдың азаматтық ұстанымы айқындалып, күрескерлік тұлғасы асқақтай түседі. Құнанбай – Кенесары көтерілісіне тікелей қатыспағанмен іштей тілеулес болған адам. Сойысқа мал, мініске көлік беріп астыртын көмектесіп отырған. Онысын, әрине, тергеуші алдында мойындамайды. Қисынмен қиядан жол тауып жалтарып кетеді. Бірақ әңгіме қазақтың намысына тірелген тұста бой жасырмайды. 

«Қоңырқұлжа бастаған төрелер жер қайысқан қол жинап Кенесарыға қарсы аттанғанда атымның басын кері бұрдым, өзімнің қандасым Кенесарымен, өзімнің туған еліммен соғыса алмадым. Себебі, мен әуелі Алланың құлымын, содан кейін барып ақ патшаның қызметшісімін. Өз тағдырын сеніп тапсырған бодан елді бұлай басынуға болмайды. Бәріне үкіметтің өзі кінәлі. Басымды кесіп алсаң да айтарым осы!» деп көзінен от шашып, ақырып атып тұрғанда, нағыз Құнанбайдың заңғар бейнесі жарқ етіп қарсы алдымызда тұра қалғандай болады. Ел үшін жаны ышқынып еңіреген есіл ерге тән шынайы мінез, қайтпас қайсарлық. Құнанбай мен патша ұлықтары ұзақ арбасады. Тергеу бір жарым жылға созылады. Қалай иірсе де алшысынан түсетін от ауыз, орақ тілді даланың данагөйі қырық айла қақпанға аяғын баспай сот айналасындағы ұлықтардың дымын құртады. Ақыры саяси, қылмыстық айып тақсақ деген үміті адыра қалып пұшайман болған соң, азаматтық іс бойынша соттап, Сібірге жер аударуға үкім шығарады. Осыған дейін сүйкімі жоқ, кертартпалығымен көңілге ұялаған тоңмойын, томырық Барақ дәл осы тұста жарқ етіп мүлде басқа қырымен көрінеді. Дүрдиген сырты болмаса, жүрегінде қиянат жоқ, кек түймейтін кешірімі мол асыл ердің сойы екен. Мал-мүлкін бетіне қарамай қазынаға кепілге қойып, Құнанбайды абақтыдан босатып алады. Өкпеге қиса да өлімге қимайтын нағыз даланың дарқан мінезі. Ақ қарды тізеден омбылап қырдың қос баһадүрі бір-біріне қарсы ұмтылып: «Амансың ба, бау­ырым!» «Ақырында атымыз­дың басы бір кермеде табылды ма!» деп құшақтары айқаса кеткенде, жүйкең босап, көзіңе қалай жас үйірілгенін білмей қаласың. Фильмнің соңғы көріністерінде үлкен символикалық мән бар: жасөспірім Абай биік құзарға екпіндей басып өрлеп барады, Құнанбай «артыңа қарайлама» дегендей қолын бұлғап баурайда тұр. Абай – жаңаның басы, Құнанбай ескінің соңы еді. Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшіне сүйенетін Құнанбай дәурені өтті, бодан жұрттың ендігі болашағы – оқу-білімде. Өзгелермен өнер-ғылымыңмен ғана бәсекеге түсіп, бой таластыра аласың. Жеңіс те, жеңіліс те тек сонда. Әне, Абай «соқтықпалы, соқпақсыз» сол биікке өрлеп барады. Досханның екі фильмінің де сценарийін жазған – Талас­бек Әсемқұлов. Таласбек энцикло­пе­диялық терең білімді, кемел ойлы, қазіргі қазақ интеллектуалдық кеңістігіндегі сирек құбылыстың бірі еді. Жігітке тән жеті өнер бір бойында тоғысқан нағыз бес­аспап болды. Сыншы, публицист, тарихшы, прозашы, күйші, аудармашы… Соңғы жылдары кинодраматургиядан жаңа өріс тауып, тынысы ашылып, Досхан екеуінің шығармашылық тандемі өзінің тамаша жемісін бере бастап еді, амал не, қазақтың тайқы да тар маңдайына сыймай, есіл өмірі ерте үзілді. «Құнанбай» фильмінде Таласбектің драматургтік қарымы айқын танылады. Оқиғасы шымыр, қиюын тауып, бірінен бірі өрбіп жібі үзілмей жұтынып тұр. Көнені тірілтіп, қыр өмірінің қатпар-қатпар кең панорамасын көз алдымызға тосады. Әсіресе, шарт жүгініп, қамшыларын алдына көлденең тастап, бір-бірімен шарпысқан билердің сөз жұптасы қандай! Бірі атып, бірі қағып, небір қақпақылдан жол тауып жалтарып шығатын қуатты ой, жүйелі қисынға сүйсінесің. Таласбек осы фильм арқылы қазақтың өлмес, өшпес баба сөзінің алтын зерлі бір ұштығын ұрпақ қолына ұстатып кеткендей. «Қазақфильм» киностудиясы осы уақытқа дейін ұлтымыздың өткен-кеткен ұлы тұлғалары туралы талай көркем фильм түсірді. Амангелді, Абай, Жамбылдан бас­тап Махамбет, Мұстафаға дейін тарихи тұлғалардың тұтастай галереясы жасалды. Әрине, әр жүйрік әліне қарай шабады, олардың деңгей-дәрежесі әрқилы екені белгілі. Таяуда ғана тұсауы кесіліп, көрермен қазылығына жол тартқан Досханның «Құнанбайы» солардың арасындағы мойыны озық, талғам биігінен шығатын толымды туынды десек, асыра бағалағандық бола қоймас.

 

Тұрысбек Сәукетаев

 


       336C3CBE-AD31-4EC6-88F1-9D5B975C1920_w974_n_s.jpg

 

 


«Құнанбай» Құнанбайдың аласапыран өмірін береді


 

«Бұл фильм ел тізгінін ұстаған Құнанбайдың аласапыран өмірін береді. Аттан түспеген Құнанбай қандай шаруаны шешсе де қазақтың мұратын ойлаған адам ретінде көрсетіледі. Тарихи шындық та осы. Бұл фильмді сағынышқа құрылған реквием деп айтар едім. Өйткені, мұнда ел үшін жан алысып, жан беріскен Құнанбайдың даланы қалай билеу жолын іздеген өмірі бейнеленеді. Оның ішінде орыстың низамын, даланың тәртібін, шариғаттың жолын, яғни үштағанды қатар ұстаған Құнанбайдың қандай шешімге келсе де билер кеңесімен ақылдаса шешіп, әр істі жаны ауырып, балтыры сыздап қабылдағанын көреміз. Сол замандағы оқиғалардың біразы тізбектеліп өтеді. Оның біразы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында жазылды. Досхан ағамыз оны кино тілімен жаңа тұрғыда, жаңа формада және жаңа көзқараспен бере білді. Бұл фильмдегі Құнанбай біз оқып, естіп өскен Құнанбайдан басқа. Мұнда озбыр, феодал емес, ел үшін күрескен тұлғаның образы ашылады. Қазақтың құнарлы тілі, мол лексикалық сөздік қоры төгіліп тұр. Билердің сөз саптауы, Құнанбайдың қайғы-қамырықтан шыққан ойы бай тілімізбен кестеленіп отырады. 

Фильмнің әр сөзі қазақтың қанатты, парасатты сөзіне айналатынына сенемін. Сонымен қатар, қазақтың «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» ұлы мақалын, дала тәртібін көрсететін көріністер бар. Бұл көркем дүние болғандықтан одан деректі шындықты емес, көркем шындықты іздеуіміз керек. Бірақ фильм тарихтан тым алыстаған жоқ. «Абай жолында» жүретін оқиғалар, Құнанбай мен Абай туралы деректер мен шежірелер фабула болып қаланды. Кейбір эмоцияны күшейту, көрерменге әсер ете отырып, діттеген ойды жеткізу мақсатындағы шығармашылықтан туған көріністер бар. Бұл айыпқа бұйырмайтын, қажет сценалар. Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев негізін салған қазаққа қызмет ету дәстүрін Досхан Жолжақсынов ағамыз өз режиссерлігімен одан әрі жалғастырып келеді. Бүгінде қазақтың рухани кеңіс­тігіне, табиғатына үстірт қарайтын, көңіл бөлмейтін кинолар көбейіп барады. Осылардың ішінде «Біржан сал» мен «Құнанбай» фильмдерінің орны ерекше. Соңғы кезде «Қазақфильм» киностудиясы «Елбасы жолы» атты киноэпопея жасауда. Сондықтан бұл туындыны да Елбасының «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасы аясында жасалған фильм деуіміз керек.

 

 Дидар Амантай

 


 

 

       47B9910C-1CD6-463B-BA4B-EBE30E12D02C_w974_n_s.jpg



Құндылығы басым «Құнанбай»


 

 

Қазір интернеттің заманы, рахат. Әлемге аты шыққан қандай киноны көргің келсе, соны күнделікті телміріп отырған «терезеңе» жүктеп аласың да, көре бересің. Көрген дүниең таңдантып, таңдай қақтырар. Бірақ сенің құпия кодыңды дәп басып, Құранда айтылғандай, «бір-бірімізді тану үшін ұлт пен ұлысқа бөліп жаратқан» Құдірет күшін сол кинолар қазаққа көрсете алады деп айта алмас едік (өзгелер өз киносынан өзін көре алатын шығар, онымен бәсіміз жоқ). Басқа жұрттың қалай екенін қайдам, өзіміздің өзіміз жайлы түсірген көп дүниелеріміз сипаланған соқыр секілді, көбінде мүлт кетіп жатады. Өткен сенбіде Алты Алашқа сауын айтып, Қазмедиа орталығында тұсауы кесілген «Құнанбай» көркем фильмі  қышыған жеріңе дөп тиетін, шын мәніндегі ұлттық деген статусқа ие жақсы дүние болыпты. Оны өзіміздің түйсігіміз түйді, маңайымыздағы көрерменнің де көзінен мөлдіреп үзілген тамшы жастан байқадық.

Аталмыш киноның режиссері – Досхан Жолжақсынов, сценарийін жазғандар: жазушы, мәдениеттанушы, қазақ руханиятының таңғажайып құбылысы марқұм Таласбек Әсемқұлов пен осы киноны қоюшы-режиссер. Композиторы – Төлеген Мұхамеджанов. Басты рөлдерде Досхан Жолжақсынов (Құнанбай), Нұрсифат Салықова (Зере), Әліби Сырайлы (Абай), Айдос Бектеміров (Барақ), Майра Омар (Күңке), Қарагөз Сүлейменова (Ұлжан) ойнаған. Киноның жұрт көңілінен шығып, қызу талқыға түсіп жатқаны да осы әртістердің тікелей еңбегі екені айтпаса да түсінікті жәйт. Абай Әбдірахман өлгенде жазған өлеңінде:

«Арғы атасы қажы еді,

Бейіштен тартқан шәрбатты.

Жарықтықтың өнері,

Айтуға тілді тербетті,

Адалдық, ақыл жасынан,

Қозғапты, тыныштық бермепті.

Мал түгіл, жанға мырза еді,

Әр қиынға сермепті.

Мұңлы, шерлі, жоқ-жітік,

Аңсап алдын кернепті.

Бәрінің көңілін тындырып,

Біреуін ала көрмепті.

Әділ, мырза, ер болып,

Әлемге жайған өрнекті.

Тәубесін еске түсіріп,

Тентекті жиып жерлепті» деп әкесі Құнанбайдың болмыс-бітімін ашады. Әрине, Құнанбайды Абайдай білетін ешкім болмас, ешкім де Құнанбайдың бағасын хәкімдей білмес. Абай мәлім еткендей, сол әділ де тура, күрделі де қайшылықты тұлғаны кәнігі, кәсіби актер Досхан Жолжақсынов сәтті сомдап шыққан. Бұл киноның тағы бір жаңалығы – бұрын ешбір киноға түсіп, рөлдер сомдамаған, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актрисасы Нұрсифат Салықованың Зере образын соншалықты шынайы сомдап, бүкіл қазақ кейуаналарына тән қасиетті саф күйінде жұртпен қайта қауыштырғаны болды. Ел басқармақ тұлғаның қалай болмағы кесек-кесек диалогтармен Зере рөліндегі Нұрсифат апамыздың аузымен айтылғанда, расында Алашқа аты мәшһүр ананы тірі көргендей күй кештік. Тіпті, «Құнекеңді айдап бара жатыр» деген хабар жеткенде ойбайлап жылаған қатын-қалашты бір зекіп тиып, үй маңындағы өрелеулі атқа міне сап, басына қара бұлт айналған аға сұлтанның соңынан шауып жететін жерінде біз пақыр да елмен бірге көзімізді бір сығып алдық. Құнанбайдың Құдайдың алдында нақақтығына көз жеткізіп, әжімді жүзін мұң бүркеп, баласының соңынан қарап тұратын ана бейнесінің жабылған түйсіктер мен үзілген тамырларды дір еткізбеуі мүмкін емес еді. Өзге де актерлар мен актрисалар туралы жеке-жеке жазуды мақаланың көлемі көтермейтіндіктен, осы жерден тоқтаймыз. Ал айтпауға болмайтын тағы бір дүниелер – ұлттық тұспалдар. Кинодағы жер дауы, жесір дауы, кісі құнына байланысты билер сотындағы амал-қарекеттер өткенмен бір қауыштырып, өшкенді жандырған. Сөз алса қамшы ұстап, келіссе қамшысын жерге тастайтын қазақ, ымыраға келсе насыбай атып, «дәм» айқастыратыны кеше болған, бүгін жоқ, ұмытылған салт-тұғын. Сол жоғалған жосын жотасын көрсетті. Абақтыда отырған Құнанбай орыс тергеушісінің Кенесары хан туралы тергеуіне берген жауаптары, аз диалогпен Кенесары ханның шапқыншылыққа қарсы күресінің түп мәнін айпарадай ашқаны сценаристің шығармашылық қуатын тағы бір әйгіледі. Құнанбай қолына түскен кісен-шынжыр сақалын сылауға мүмкіндік бермейтіні отаршылдық қамытын милықтата киген қазақ тағдырын тұспалдаса, итжеккенге айдалып бара жатқанда аға сұлтанды алып қалатын Барақ пен Құнанбайдың төс қағыстыратыны – сүйекке сіңген қазақы қағиданы, өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қазақ жаратылысын тілсіз түсіндірді. Кино соңында Құнанбай қажы баласы Абайды азан әуелеген мешіт мұнарасына бағыттап, жол сілтейтін тұстарының бәрі көрермен өзі шешімін табатын жұмбақтар, режиссерлік шешімдер…

Көтергені тоқсан тоғыз нарға жүк 95 минуттық тарихи драманы көріп, әсерінен айыға алмай ойланып келе жатып, қазақтың көзі тірі классигі, асқар таудай алып Әбіш Кекілбайұлымен жолым түйісті. Көктен тілегенім жерден табылып, осы кино туралы бір-екі ауыз пікір алуға орай туды. «Бұл өзі күрделі тақырып. Шынын айтқанда, Мұхтар Әуезовтің өзі қинала-қинала барып, беріден қайтқан тақырып. Беріден қайтса да оның көкейінің арғы жағында не жатқаны көрініп тұратын. Сол үлкен тақырыпты, үлкен желіні індетіп қаза білгені, жеріне жеткізе толғана білгені, тебірене білгені – бұл фильмнің негізгі табысы болып есептеледі. Кино көңілімнен шықты» деді абыз ақсақал. Өзіміздің әсеріміз адыра қап, киноның үлкен суреткердің көңілінен шыққанына қуандық, қазақ үшін қуандық.

 

Ырысбек Дәбей

 



        356EA6CB-8F44-41C8-8453-F98A69546720_w974_n_s.jpg

 

 

 

«Құнанбай» фильмін Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбайы» деп қабылдадым

 

«Құнанбай» фильмін Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбайы» деп қабылдадым. Өңменіңнен өтетін жалғыз көзін бір қадаса, иісі қазақтың игі-жақсысы кірерге тесік таппай, төменшіктеп қалатын мысты Құнанбай, сесті Құнанбай қайда? Оның орнына көкірегі шер, көзі жасқа толып шыға келетін Құнекеңді көрдік.

Оның қасында Зере әжеміз мықты екен, атқа міне шапты емес пе! Мол пішінінен, кесек сөзінен лүп-лүп еткен ана жүрегі, мейірім мен даналық қатар көрінген Зере ана образы көңілге қонымды шыққан.

Керісінше, салиқалы, дана болмысты Ұлжан бейнесі ашылмапты. Ол фильмде Абайдың Айгерімі сияқты болған да шыққан. Майысып, ән салып отыратын Ұлжан, өкінішке орай, «менің Ұлжаным» емес. Абайдай ұлды тапқан текті ана образын асқақтататын бір эпизод болса, жетіп жатар еді. Зере ана екеуінің арасындағы бірін-бірі толықтырып, жақындастырып тұратын ерекше дегдарлық, рухани байланыс та байқалмады.

Өскенбай асында қазақтың салт-дәстүрі, мәдениеті келісті көрініс тапқан. Бәйгеден бірінші келе жатқан ат мәреге жете бергенде сүрініп, жер құшады. Шабандоз бала орнынан тұра келе, аттың жүгенін сыпырып алып, мәреге қарай жаяу жүгіреді. Әсерлі.

Шашы жалбыраған, кеудесі ашық, қолы қайрыла артына байланған қыз киіз үйден шыға келіп, байлауда шөгіп жатқан аруананың бас жібін тіспен шешіп алады. (Хлудовтың осы көріністі кескіндеген суретін көргенде, «жала» деп, сенбеп едім).

«Қан төгілуін көкседің»,   деп, Сарыбайға шалма лақтырып, ат артына сүйрейтін Құнанбай қарулы да, мәрт көрінді.

Алайда, «Алдымен   Алла!» деген Құнанбай бір де бір рет намазға тізе бүкпегені қалай?

Сол сияқты, Барақ бейнесі сәтті шыққан. Сөзі – оқ, ісі – мәрт кескекті тұлға екен!

Диалогтар мен монологтар естіген құлақтың құрышын қандыратындай қою да тұщымды көрінді.

Бұл фильм  трагедиялық-драмалық фильм. Ал мұндағы Құнанбай образы – көбінесе, сентименталды-эмоционалды образ болып шығыпты.

 


Анар Кабдуллина

 

 

     A972404C-B0A7-49CF-9B5F-117AA8BA7114_w974_n_s.jpg

 


Бұл «Құнанбайға» қазақ қанағат ете алмайды

 

 

«Құнанбай сағыныштан түсірілген фильм. Қайраткер Досхан Жолжақсынов бүгінде ұлттық фильм түсіруде көшбасшы болып тұр» деді «Қазақфильмнің» бас редакторы Дидар Амантай астаналық тілшілерге. Осы киноны әуенмен әрлеген композитор Төлеген Мұхамеджанов Досхан Жолжақсыновтың Құнанбайды түсіру үшін өте көп жылдар ізденгеніне назар аудартты.  Ал, «Абай бермеген асты Құнанбайға өзі бергенін» Д. Жолжақсыновтың өзі қалжыңға сүйесе де айтып қалды.

Сөз жоқ, киноның тілі керемет.Жазушы, кинодраматург марқұм Таласбек Әсемқұловтың қолтаңбасы бірден байқалып,  шұрайлы тілі жаныңды баурап алады. Әр сөздің астарынан ұлттық сана, тәрбие, қазақи болмысты жазбай танисың. Қайта қайта тыңдай бергің келеді. Енді таптырмайтын, жоғалтып алған асылың, сағынышың секілді.

Қоюшы-режиссер Құнанбай бейнесін сомдаған кезде М.Әуезовтың «Абай жолы» романы тұғыр болғанымен, «біз өзіміз жинаған деректермен  пендеуи Құнанбайды көрсеткіміз келді» деді. Кинода бала Құнанбай, жігіт Құнанбай, «Ескі там» мектебін аштырған ағартушы Құнанбай немесе бұл жалғанның бітпейтін даулы тірлігінен жерінген қажы Құнанбайды көрмейсіз. Құнанбайдың Абайды өсірген әкелік қыры да байқалмайды.Көркем фильм Құнанбай өмірінің бір кезеңін ғана бейнелейді. Сол аралықтан пенде Құнанбайды іздеген боласыз. Алайда,   Құдайдай жалғыз Құнанбайдың ізінде жүріп, күллі қазақтың болмысын көресіз. Фильмнің ерекше идеясы,  жаңалығы осы болса керек.

– Бұл елді қалай билемек керек?  Аталарымның барлығы би болған. Міне өзім де тізгін ұстап отырмын. Бірақ, осы қазақтың жұмбағын шеше алатын емеспін. Сәждеге басы тимеген асау ел. Жеңе алмаған жауы, бітілмеген дауы қалмаған ел. Енді міне, алапаты қашқан, базары тарқаған. Буыннан алған дерт ақыр соңында қолға қиянат болушы еді. Бос ұстасаң қамшының сабағындай қолыңды кеседі, бетімен кетсе, күшке салсаң, басыңа шығарасың. Не жөн сөзге, не тізеге көнбейтін бұл елге енді тәңірдің тезі керек секілді,–деп сұлтан Құнанбай Зере шешесіне мұңын шағады.  Анасының жауабы да қандай сенімді: –Мен қайдан білемін, қалқам? Бұл қазақ –тізгін ұстағанға қарап  салтын түзейтін ел. Жүріс тұрысыңнан халқың мін таппайтын болсын, әділетіңді көріп, дұшпаныңның өзі сыртыңнан қайран қалып, сүйініп тұрсын. Осындай үлгі болсаң, сөзің де өтімді болады. Менің бар білетінім осы. Біреудің нақақ қанын арқалама, қарағым!

Фильм желісі Зеренің осы ойымен жалғасқандай. Құнанбайдың жүріс тұрысына мін тақтырмайды.

Фильм басында қайын ата мен келін яғни, Қодар мен Қамқа арасындағы  жыныстық қарым-қатынастың болғаны дәлелденіп,  мойындалады.  Билердің шариғат жолымен кескен жазасына Құнанбай еріксіз келісімін береді. Құнанбайдың  әділдігі мен шешендік  қыры құн дауында көрсетіліп, фильмде дала заңы баяндалады.  Бұдан бөлек  орыс заңына бағынып,  барымташыларды солдаттарға ұстатып жіберген Құнанбай да бұл тірлігін Алланың алдындағы адалдығымен ақтап алады.  Алайда, шариғат жолын, дала заңын, орыс заңын бәрін бірдей тең ұстауға тырысса да Құнанбай елге жақпай, Омбыдағы «мырзақамаққа» айдалып, қылмыстық іске жығылады. Тергеу кезінде Кенесары көтерілісіне қатынасы, көзқарасы және отаршыл қатын патшаға назы айтылады. Фильмнің осы сәтінде орысқа бодан қазақтың мүшкіл қалі, ел ішіндегі ырың-жырыңы,  бітпейтін дауы, ауызбіршілігінің жоқтығы,  арыз тасудан шаршамаған жұрттың аянышты кейіпі анық көрініп, жаныңды ауыртады. Құнанбайдың да амалсыз ұстанған «көп векторлы» саясатын түсінгендей боласың. Бірлігі жоқ елдің тірлігінен береке кететінін аңғарасың. Отаршыл империяның екі жүзділігі мен озбырлығына көзіңді анық жеткізесің.  «Құнанбай» фильмінің қазақ киносында бұған дейін көрсетіле бермеген басты идеялық жаңалығы мен мазмұндық  құндылығы осы болса керек.

Қоюшы-режиссер фильмде ұлттық ғұрып, салт-дәстүрді мейлінше көп және жан-жақты көрсетуге күш салғандай. Оның біразы сәтті шыққанымен кейбірі көңілге сан сауал тастайды. Сондай көріністің бірі «бұйда шешуге» қатысты. Осыған қатысты астаналық журналистердің сұрағына Досхан Жолжақсынов «бұл өзі Сағынайдың асында болған оқиға екен. Сол заманның бір суретшісі де (Н.Хлудов -ред)анадан жаңа туғандай ғып салған. Сол себепті қостым» деп жауап берді.  Дегенмен, қарапайым көрермен ретіндегі ойымызды айтсақ, келіншек әлде қыздың беліне дейін тыр жалаңаш шешініп тастап, ашық омырауын жарқыратып, екі қолын артына байлатып, тісімен бұйда жіптің түйінін шешкені фильмдегі өзге оқиға желісіне үйлеспейтіндей. Біз әрине, бұрынғы қазақтың тойында тәнін жалаңаштап тісімен бұйда шешу бәйгесі болған немесе болмаған деп шешімді сөз айта алмаймыз. Бірақ, «Құнанбай» киносын қарар болсаңыз, ондағы елдің аузынан Алла түспейді, имам, абырой туралы көп айтылады. Жалаң бас жүрген әйел затын көрмейсіз.

Жұрт Қодар мен Қамқаның арасындағы жыныстық қатынас туралы хабарды шошына қабылдайды. Осындай иманы берік ауылдың адамдары бұйданы тісімен шешкен жалаңаш әйелдің тірлігіне айнала қоршап, күрес көргендей қызықтап  қана қарап тұрады. Сонда қалай? Мүмкін қазақта осындай сорақы ойын кең етек алып, соның әсерінен қайын ата өзінің туған келінімен ойнас жасайтын жағдайға жеткен бе? Фильмде мұндай қайшылық пен салдардың төркінін ашу немесе түсіндіру  байқалмайды. Қайын ата мен келіннің жыныстық қарым қатынасы қатаң жазаланады да, жалаңаш «шоуға» шапан жабылады.

Фильмде  Құнанбайдың шешесі Зеренің  болмысы жақсы ашылған. Тергеуге айдалып бара жатқан ұлының алдына жайдақ атпен шауып шыққан Зереге:

– Көрсетіліммен кетіп бара жатырмын,– дейді Құнанбай. – Құдайға шүкір, Алланың алдында арың таза екен,–дейді Зере. Бір ауыз сөз ғана, сол заманның, бала мен ананың тұлғалық келбетін анық ашып тұр.

Ана мен келін арасындағы сыйластықта фильм желісіне кірістірілген екен.  Ұлжанның рөлін ойнаған Қарагөз Сүлейменова «Досханның әйелі болғандықтан осы  рөлге мені алды, көрсетіп қалу үшін осы көріністі қойды деген сөз шықпауы керек. Өнерді таптаурын жолға түсіруге болмайды» деді тілшілерге.  Қамақтағы Құнабайдың жағдайына қайғырған Зеренің көңілін аулаған Ұлжан ән салып береді. Ұлжанның әдемі дауысынан, ененің қабағына қараған бейнесінен өзге қасиеті фильмде байқалмайды. Абайдың да балалық ойы, таным-түсінігі жайында дерек аз.

Оқиға желілері қысқа қайырылып, арасына танымдық ұлттық-салт дәстүр көріністері көптеу еніп кеткеннен кейін бе, әйтеуір, көрермен көңіл шөлі «Құнанбайға» қанбағандай екі ұдай күй кешті. Дегенмен, Құнбайдың тұлғасы мен Құнанбайдың қайшылыққа толы қоғамын кино тілінде сөйлетуге, сол арқылы өткеннен сабақ аулға жетелейтін ұлтқа қажетті сүбелі еңбектің басы басталды.  Құнанбай тұлғасы әлі де бірнеше киноға сұранып-ақ тұр.Бір «Құнанбайға», бұл «Құнанбайға» бүгінгі қазақ қанағат ете алмайтындай.

 

                                                                                                       Руслан Ербота



        

        1BF44EF4-BC10-4238-8D30-8672A3285E35_w974_n_s.jpg


       435F0D53-E460-4E3B-90FB-EF23C46E1EB6_w974_n_s.jpg


      0F97F7BB-E550-4E2F-8364-0015678D96DB_w974_n_s.jpg


 

     ED6071A6-B55F-426A-8C20-9A186DBD3C3D_w974_n_s.jpg



adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар