Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Несіпбек Айтұлы: Жер – жаннан қымбат (Поэма)

11.05.2016 252

Несіпбек Айтұлы: Жер – жаннан қымбат (Поэма)

 

 

 


 

Жер үшін жанын берген сан бабалар.

Автор.

 

                    

 

                          І

 

Ойласаң не болмаған бұл өмірде,

Тарихтың жатыр бәрі түнегінде.

Хрущев Қонаев пен Тәшеневты,

Шақыртып алды шұғыл Кремльге.


 

Мәскеуде күнде жиын, күнде кеңес,

Шаршауды коммунистер білмеген еш.

Бұйрығы партияның көсемінің,

Құдайдың бұйрығынан бір кем емес.


 

Никита шапшаң адам қаршығадай,

Алдына келгендерден хал сұрамай,

Асығыс айтар сөзін бастап кетті,

Болғанша сәлемдесіп сәл шыдамай:


 

– Келген соң ақылдасып келісімге,

Қарсылық бола қоймас ел ішінде.

Одаққа ортақ жер ғой тың өлкесі,

Қосқан жөн Ресейге сол үшін де.


 

Тайынбай саясаттың залымынан,

Тәшенев: – Келіспеймін! – деді, – бұған!

Хрущев айғай салып стол ұрды,

Есірген зор биіктің шалығынан.


 

Көрінеу зорлық деген осы, міне,

Тағдырдың не шара бар кесіміне?

-        Сен кімсің, - деп, ақырды төне түсіп, –

Көнбейтін бас хатшының шешіміне?!


 

Төбеден төндірсе де қара түнін,

Ер еді тәуекелге баратұғын:

-        Сен кімсің, – деп, түнерді Жұмабек те, –

Бөліске қазақ жерін салатұғын?


 

Оянса ел намысы жасын атқан,

Тау бұзар көк өзендей тасып аққан.

Өз жерін өлсе бермес біздің қазақ,

Мың жылғы бабасының басы жатқан!


 

Баққаны бас хатшының қас-қабағы,

Басқалар тіс жарып сөз бастамады.

Жиналған жұрттың көзі жалтыр баста,

Секілді сары күздің асқабағы.


 

Жүргізген өз үкімін сан көпіріп,

Хрущев қып-қызыл боп қалды отырып.

Сөз бітті. Кабинеттен шыға берді,

Орнынан отырғандар демде тұрып.


 

Ағайын қуанса да, жыласа да,

Жүгінбей ақиқатқа ұнаса ма?

«Жұмабек, жүрек жұтқан жан екенсің!»

Деп айтты Дінмұхаммед шыға сала.




 

 

                         ІІ


 

Самолет көтерілді көкке бірден,

Күн қайда ұшатұғын тоқ көңілмен?

Тәшенов алай-түлей ой үстінде,

Түрі бар жанып тұрған отқа кірген.

 

 

Кәнігі уәзірлердей сарайдағы,

Қонаев неге сонша абайлады?

Түскенде ел тағдыры таразыға,

Бірдеңе деу керек қой қалайдағы?


 

Белгілі Кремльдің көне сыры,

Ешқашан ұмытар ма ел осыны?

Айырылса алты бірдей облыстан,

Көреді қазақ қана көресіні.


 

Намыстан әзер отыр жарылардай,

Тажалдың шын бейнесін танығандай.

Талауға салып берсе ата-жұртты,

Мәнсаптың мына жүрген мәні қандай?


 

Ұсынсаң қаны бұзық қасыңа төр,

Қырып сап, өлігіңді басып өтер.

Бір қарыс жер бермеймін деді ішінен,

Көп болса Жұмабектің басы кетер.


 

Биіктен шолып отыр қара жерді,

Тау көрді, орман көрді, дала көрді.

Білдіріп ел шетіне ілінгенін,

Жарқырап Еділ-Жайық сала берді.

 

 

Таусылып бойындағы бар шыдамы,

Мөлдіреп көзінен жас тамшылады.

Дариға, азабың көп атамекен,

Бермеді-ау,саған маза әлсін-әлі.


 

Төзіп ең ойранға да, майданға да,

Тажалға тәлкек болған, қайран дала.

Сорыңды сорпадай ғып қайнататын,

Кезіктің қасіретке қайдан ғана?


 

Сұғанақ сұрқияның салты қандай,

Қоймайтын көзі түссе тартып алмай.

Еркіне салса қазір тарпа бас сап,

Сиқы бар бауыздайтын қан шығармай.


 

Сұмдық бар «Тың өлкесін» сұрауында,

Кім болдық кете берсек шылауында.

Онсыз да ұлан-байтақ қазақ жері,

Тырп етпей тұр емес пе бұғауында?


 

Шаппасаң тізе қосып жауға қатар,

Жыртқыштың тіс-тырнағы елге батар.

Бас шұлғып, қолдан берсек туған жерді,

Киелі аталардың аруағы атар.


 

Байлықты жерден басқа былай таста,

Жер үшін кім түспеген ұлы айқасқа?

Бұғаудан мойын босар түбінде бір,

Маңдайды тигізбесе құдай тасқа.


 

Түнерсе қара түндей қайғы мына,

Шығасың тіршіліктің қай қырына?

Шыдамай тізе бүккен Әбілхайыр,

Ақырған ақ патшаның айбынына.

Мың тәуба, шешесінің жатырына,

Тәңірдің нұры тамған Датұлына.

Сырым да сан шайқасып жете алмаған,

Бітпейтін бұл күрестің ақырына.


 

Қазақтың сүйегі қап сан жырада,

Кетпеген кімнің басы қанжығада.

Хан Кене, аруағыңнан айналайын,

Түсіндім тағдырыңды енді ғана!..


 

Сарыарқа, самал ескен сайран далам,

Ортаңды орыс келіп ойрандаған.

Өзіңе бұйырмаса таудай бақыт,

Бармақтай бақ бұйырсын қайдан маған?


 

Түседі осындайда бәрі де ойға,

Қазақтың Көкшетаудай төрі қайда?

Қорланып, күңіреніп көшті-ау содан,

Жаралы жолбарыстай Абылай да.


 

Жабырқап, бұған дейін жасымаған,

Шапшыды Жұмабектің басына қан.

Құрысын деді бүйткен тіршілігім,

Биліктің күшігі боп асыраған!




 

                       ІІІ





Самолет келіп қонды Алматыға,

Жаһанда жердің ғажап жәннатына.

Жымиып сұлу қала күтіп алды,

Ашпайтын құпиясын албатыға.


 

Жарқырап шашу шашты қала нұрдан,

Жұмабек жерге түсті жаны ауырған.

Күзетіп айналасын Алатау тұр,

Мәңгілік ауыспайтын қарауылдан.


 

Күрсінді аспанға бір қарады да,

Тығылды өксік келіп тамағына.

Көк аспан, кеңдігіңді қайтейін деп,

Жас алды тағы да бір жанарына.


 

Тулатып мейманасы тасығанды,

Біледі, бір бәлеге басы қалды.

Айқасқан Сталинмен өз кезінде,

Сұлтанбек Қожановты есіне алды.


 

Жамсатқан тұлпарды да, қыранды да,

Жауыздық қай жағынан шығар мына?

Аяды Сәдуақасов Смағұлды,

Ойлады Рысқұлов Тұрарды да...


 

Сұмдық қой жерді сатпақ, елді сатпақ,

Қылт етіп, қылдан тайса қарғыс атпақ.

Арыстар көз алдына келе қалды,

Елестеп қанды қырғын, қанды соқпақ.


 

Жүректің есеңгіреп жарасынан,

Сытылып шықты топтың арасынан:

-        Жұмеке, қиын болды-ау? – деді Димаш,

Танытып достық пейіл жаны ашыған.


 

-        Қазаққа енді жарық күн туғанша,

Замана береді әлі сыртын қанша.

Ел аман болсын, – деді, – түк етпейді,

Бірігіп күресейік мүмкін болса?..

 

 

Соғатын тұтқиылдан долы құйын,

Биліктің есігі тар, жолы қиын.

Жымиып, болар-болмас басын изеп,

Қонаев қомдап қойды кең иығын.


 

Биіктен көріне алмай ел ойлаған,

Көп жігіт арт жағына қарайлаған.

Әркімнің өз бейнесі көрініп тұр,

Жарқырап уақыт деген шарайнадан.


 

Ойлайды кем болам деп пенде кімнен,

Талайлар халқын сатып төрде жүрген.

Биліктен, байлықтан да қайыр таппай,

Кебінмен екі шаршы көрге кірген...


 

 

                           IV


 

Талауға түсті қанша сайын дала,

Мойында, шындық осы, мойындама.

Тышқанға тыпыр етсе өлім жақын,

Керегі тоқ мысыққа ойын ғана.


 

Қалайша отырасың уайым жемей,

Еңіреп елім демей, жерім демей.

Шабақтай шырылдатып жұтып жатса,

Жалмауыз империя жайын көмей.


 

Қозғасам Қазтуғаннан бері қарай,

Кешпепті тіршілікті елім оңай.

Еділді, Есілді алды, Ертісті алды,

Көз тігіп қызыққандар жеріме бай.

 

 

Қылышын қаһарланса қанға малар,

Жер үшін жанын берген сан бабалар.

Айырылып ата-жұрттан қаңғып өлсең,

Басыңа қарқылдаған қарға қонар.


 

Құдайдың жайған байтақ кілеміндей,

Төсінде кең даланың түледім ғой.

Менің де жүрегіме салмақ түсті,

Кек қысқан Жұмабектің жүрегіндей.


 

Өмірдің босағасын аттағасын,

Жылайсың, қайғырасың, шаттанасың.

Сұмдығын ішке бүккен сол қоғамның,

Көрдік қой біз де кеше шет жағасын.


 

Тебініп қара түнек бұлты көктен,

Саясат талайларды сілкіп өткен.

Айтқандай Абай атам қайран қазақ,

Не қылсын өз қолынан ырқы кеткен?


 

Ел үшін отқа түсер, оққа барар,

Түбінде қазақ өзі жоқтап алар.

Қазандай қайнайды іші Жұмабектің,

Кез емес Хан Кенедей атқа қонар.


 

Аңсады арыстарды өткен кеше,

Азамат азамат па кектенбесе?

Қоғамның түрі мынау мойнын созып,

Құзғындай қылқылдаған ет көрмесе.


 

Ізінен қан сорғалар алысқанның,

Сүйегі қайда қалды арыстардың?

Тобымен түсті барып азуына,

Ақырған Ресейдей арыстанның.

Ашылды сұм жалғанның жайлап сыры,

Түгендер опат болған қай жақсыны?

Аяғын үзеңгіге іліндірмей,

Тағдыры тарпаң аттай ойнақшыды.




 

                         V


 

Белгілі биігінен кім құлатты,

Төменге Тәшеневті құлдыратты.

Бәйгеге басын тіккен батыр ұлды,

Пәледен сақта құдай мың бір атты!


 

Жайнайды жақсылармен елдің күні,

Сөнбейді халқын сүйген ердің нұры.

Бұйрықты үнсіз ғана қабыл алды,

Емес пе мәнсап деген қолдың кірі.


 

Саясат сайқалданды, сұрқайланды,

«Бұл қалай болғаны?» деп жұрт ойланды.

Кешегі өзі өсірген кейбіреулер,

Сызданып, сұрғылттанып, сырт айналды.


 

Тарайып тірлігінің керегесі,

Сойқанның суырылды селебесі1.

Құланның құлағында құдықтағы,

Құрбақа ойнақ салар деген осы.


 

Қарасам беріге де, арыға да,

Жай күнде бәрі батыр, бәрі дана.

Иыққа түскен зілдей ауырлықты,

Жігіттің көтереді нары ғана.


 

 

1.     Селебе – семсер сияқты үшкір қару.


 

Заманда коммунистік көгендегі,

Айтулы азаматтар не көрмеді?

Мыңқ етпес атан түйе секілденіп,

Қызметке кете барды төмендегі.


 

Қиянат болмай тұрмас қоғам барда,

Аз емес тоналған да, жоғалған да.

Отыру жоғарыда міндет емес,

Жұртына қызмет етем деген жанға.


 

Боларын тағдырының қандайлығын,

Анықтап алдын-ала болжайды кім?

Білгенге төменде де толып жатыр,

Халқының көтергендер таудай жүгін.


 

                          VI


 

Аманда атамекен – бай даласы,

Қазақтың тарлық көрген қай баласы?

Текті екен әкесі де – Тәшмұхамбет,

Тәшен деп атап кеткен айналасы.


 

Жабылса бір естіге мың құтырған,

Қатерден тура келген кім құтылған?

Есімі Гүлсім екен шешесінің,

Жүректі, жолбарыстай ұлды туған.


 

Кімнің кім екендігін ел біледі,

Қайтпайтын қайсар дейді ердің ері.

Тай күнгі тұрпатынан танылыпты,

Қанатты хас тұлпардың белгілері.


 

Туыпты Сарыарқада салқын белде,

Кең ашып омырауын еркін желге.

Талаптың тұлпарына ерте мінген,

Қаратпай үміт күткен халқын жерге.


 

Ержеткен келешегін ойлап жастан,

Алаңдап от басына айналмастан.

Кемедей толқын жарып өрге жүзген,

Тосылып, тас қазыққа байланбастан.


 

Ез болса, еске алады ел несіне,

Құдайдың кім таласар бермесіне?

Жұртының мұң мен зарын жыршы дала

Құйыпты құйттайынан зердесіне.


 

Тіршілік бабалардан қалған талақ,

Бір ғасыр  бір ғасырдан алған сабақ.

Санасын  атқан таңдай ерте оятқан,

Әндері Иманжүсіп, Балуаншолақ.


 

Білсе де көкке биік шарықтарын,

Есінен шығармаған халық барын.

Құстар кеп құлағына сыбырлаған,

Абылай, Кенесары жорықтарын.


 

Көргендер дейді жарқын келешгі,

Жігіттің төрге шыққан төресі еді.

Езіліп ел дегенде ет жүрегі,

Үзіліп тұратұғын емешегі.


 

Бесігін байтақ дала тербеген ер,

Бойдағы бар асылын елге берер.

Қыран құс торға түсіп құсаланған,

Өлсе де бостандыққа шөлдеп өлер...


 

 

VIІ


 

Азулы, алған беттен тартынбаған,

Алмастай сөз сөйлесе жарқылдаған.

Сөзі мен ісі бірдей азаматты,

Әрқашан аға тұтып ел тыңдаған.


 

Билікте төмендеген, аспандаған,

Қазақ жоқ Жұмабекті еске алмаған.

Алдында Әзірейіл тұрса-дағы,

Айтарын бетіне айтқан – жасқанбаған.


 

Мақсаты, мұраты да айқын адам,

Жолынан ақиқаттың тайқымаған.

Барынша от пен суға салды оны да,

Зымиян, тас маңдайы тайқы заман.


 

Биліктің салқын төрін саяламай,

Күрескен, арпалысқан жан аямай.

Өз халқын жан-тәнімен сүйе білген,

Жақсыны жұрт тұра ма аяламай?


 

Бастайды ақиқатқа жұрт аңызы,

Өшпейді оза шапқан  тұлпар ізі.

Тайқымай ар жолынан Жұмабектей,

Ұлтына адал болу – ұл парызы!


 

Еңкейіп есігінен жылап кірген,

Әрқашан ел мұңына құлақ түрген.

Ұлтына қызмет еткен аяулыға,

Қамқорлық көрсетіпті құлап бірден.


 

Болса да біреулердің қызғанышы,

Ойғандай тасқа таңба қылған ісі.

Халқының келешегі  қамықтырған,

Осқылап ет жүрегін тіл намысы.


 

Тұрғанмен аспан төгіп нұр шұғыла,

Тағдырдың ұрындық сан қырсығына.

Сол тұста Жұмабектей жігіт бар ма,

Ұлтының жамау болған жыртығына?!


 

Жақсының жаны бар ма елден аяр,

Қанатын алып қыран кеңге жаяр.

Болды деп мейірімді де, қайырымды да,

Көргендер ішкен асын жерге қояр.


 

Асаудың құйрық-жалын күзегендей,

Ол күнде заманды кім түзегендей?

Айтайын ерлігінің бір-екеуін,

Моншақтай бәрін жіпке тізе бермей.


 

Талайды тосын келіп өкіндірген,

Сұм ажал рұқсат сұрап жатыр кімнен?

Мерт бопты Ақтөбелік Әли қарттың,

Баласы Алматыда оқып жүрген.


 

Қақырап көкірегі сонда қатты,

Әлидің көзден жасы сорғалапты.

Мәйітті жеткізе алмай Ақтөбеге,

Қолының қысқалығы жанға батты.


 

Тізгінін қасіретке берген ғарып,

Жағалап сан есікті көрген қағып.

Қасқаның селт етпепті бірде-бірі,

Сіресіп орын алған төрден барып.


 

 

Мынаның безді ме деп бәрі иманнан,

Алдына Тәшеневтың Әли барған.

Жарқырап сала берген кең ашылып,

Қуықтай қусырылған пәни жалған.


 

Келген соң арқа тұтып, сенім артып,

Жылатып қайтарады оны қайтіп?

Беріпті мініп жүрген самолетін,

Қайғылы қарияға көңіл айтып.


 

Биліктің отырмын деп биігінде,

Кейбіреу мұрнын көкке шүйіруде.

Бөлісіп көтеруге жүрек керек,

Халықтың қайғысын да, күйігін де.


 

Төріне шығармайды күнде жалған,

Түгескен тіршілікте кімнен арман?

Екі елдің басшылары кездескенде,

Пекинге Хрущевпен бірге барған.


 

Қанатын қаққанменен нұрлы аспанда,

Құс біткен жерге түсер түн басқанда.

Шын көрші болғанменен шекаралас,

Саясат жүрген жерде шын дос бар ма?


 

Қулықтың әр тал шашын санап өрген,

Қытайлар тау тұрғызар қара желден.

Маркстен қайта-қайта мысал айтып,

Сырғытып, сылдыр сөзге сала берген.


 

Тәшенев бұған қатты шамданыпты,

Саңқ етіп, тыныштықты қақ жарыпты.

«Біз осы, қайда келіп отырмыз?» - деп,

Ширығып, сөз тізгінін қолға алыпты.


 

Шешенге шүйіліпті: «Тыңдаңыз!» - деп –

Уақытты рәсуә қылмаңыз? -деп, –

Негізгі мәселеге көшіңіздер,

Оқуға келгеміз жоқ мұнда біз!» -деп.


 

Сөзіне Жұмабектің тіліп өткен,

Сүйсініп Никита да жымың еткен.

Қатерлі – көсемдердің алдын орау,

Өздерін кем көрмейтін құдіреттен.


 

Нөсерде жарқылдамас жасын бекер,

Асылдар байқамасаң қасыңда өтер.

Кім мұндай тәуекелге бара алады,

Тұқымың тұздай құрып, басың кетер.


 

Аспандап қонған жігіт басына бақ,

Жайнаса нұры көпке шашырамақ.

Бірін айт, бәрін айт та есіл ердің,

Көрінер кім екені осыдан-ақ!..


 

 

                      VIII


 

Алдыңғы жолын қуып арыстардың,

Жер үшін естен кетпес алысқан күн.

Сары аю сескенді де тартты аяғын,

Сұсынан айбат шеккен арыстанның.


 

Қиянат қай заманда тоқтамаған,

Ел ме екен өз арысын жоқтамаған?

Кез келсе отыз жеті қырғынына,

Тәшенев қалмас еді оқтан аман.


 

Қараса дүниенің беті бері,

Халықтың орындалмас не тілегі!..

Қанатын қырыққанменен қырандардың,

Тебіндеп қауырсыны жетіледі.


 

Қаһарман керек етпес арашаны,

Жақсыға құдай өзі жол ашады.

Оңтүстік хан көтеріп күтіп алды,

Тіріліп келгендей бір Кенесары.


 

Күрестен қайда жүрсе тайынбады,

Бар қазақ Жұмабекті мойындады.

Елі мен жерін қорғап табан тозып,

Түк емес өкшесінің ойылғаны.


 

Беделі бұлтты жарған шың басындай,

Абырой бұйырады кімге осындай?

Ішінде қалың көптің жүрді ерекше,

Арқардың таудан түскен құлжасындай.


 

Жалғанның сырын білді, түбін көрді,

Сұмдарға халқын сатқан қырын келді.

Сыйлады бірге туған бауырындай,

Алдына ақиқаттың жүгінгенді.


 

Жамандар жолдастыққа жарамайды,

Құзғынды қарға ғана сағалайды.

Қыранды қыран танып көк аспанда,

Батырды батыр ғана бағалайды.


 

Анықтап әлі түгел болғамыз жоқ,

Талықпас тарландардан қалған із көп.

Жабырқап жан бауырым жүр ме екен деп,

Соңынан Момышұлы барған іздеп.

Сырласқан екі батыр  оңашада,

Батырды батыр күтпей жараса ма?!

Баһадүр бабаларға тартып туған,

Шіркін-ай, осылардан ер аса ма?!


 

Айналған ұлы ерліктің құдіретіне,

Келеді Бауыржанның кім бетіне?

Ризалық білдіріпті інісіне,

Халқының ие болған құрметіне.


 

Көпшілік Жұмабекке үйірілген,

Алдына ақсақалдар жиі кірген:

«Түссең де, - депті Баукең, - мәнсабыңнан,

Түспепсің азаматтық биігіңнен!».


 

Елдіктің балта шапсаң кіндігіне,

Шалқыған зар боласың бұл күніңе.

Қазақты сырттан келіп жау ала ма,

Тілекші болса бәрі бір-біріне.     


 

Тәңірі жұртқа шуақ шашқан жанға,

Жерден де нұр сыйлайды, аспаннан да.

Мөлтілдеп жанарыңа жас келеді,

Баукең мен Жұмабекті еске алғанда.


 

Тоқтамай жылдар жылжып, сырғанар күн,

Өмірі кейінгіге үлгі олардың.

Еңсесі  биік болса, ел де биік,

Ұлтына ұстын болған тұлғалардың.


 

Өлместей көрінгендер кеше мықты,

Жамбасқа қара жерді төсеніпті.

Ұмыта бастаса да аққан жылдар,

Оңтүстік ұмытқан жоқ Тәшеневті.

Желкелеп арсыз билік шынжыр балақ,

Алмады жерімізді кім жырмалап.

Өзбек те, түркімен де ауыз салды,

Қойдай ғып қасқыр тартқан шын жұлмалап.


 

Өз еркің болмаған соң өз басыңда,

Қайнайды ашу-ызаң көз жасыңда.

Қайратты қалың шашың тік тұрса да,

Құның жоқ көк тиындық таз қасында.


 

Белгілі шабақ қандай, жайын қандай,

Күн қайда жаудың бетін қайырғандай.

Өзбекте кетті қанша қазақ жері,

Баласын анасынан айырғандай.


 

Құлдырап жан даусы құлдындағы,

Тәшенев тағы жалғыз шырылдады.

Бірақ та өз дегенін істеп баққан,

Тоң мойын, тасыр билік бұрылмады.


 

Сөзіне түрмесе де заман құлақ,

Жабырқап, жасымады оған бірақ.

Қалың ел аман болсын деді ішінен,

Көп болса қатын-бала қалар жылап...


 

Қазақтың жоқ десек те шын дұшпаны,

Бүйірлеп жан-жағынан кім қыспады?

Айырылған ұлан-асыр сол аймақтан,

Қайтқаны – ұлтарақтай бір пұшпағы.


 

Сұғанақ көзін сатпай отыра ма,

Азуын басынбаса батыра ма?

Көп жерін алып қалды кең даланың,

Әйтеуір қайтты деген аты ғана.

Жолыңнан адал жүріп жаңылсаң да,

Халқыңа қызмет ет не қылсаң да.

Түгендеп қайтып алса кеткен жерді,

Кім қақты Қонаевтың қолын сонда?


 

Бұйырмас ашық айтсақ ел айыпқа,

Сүттен ақ, судан таза болайық та.

Әулие тұтқанменен айналасы,

Халықтың өкпесі көп Қонаевқа.


 

Өтірік өрге басып өрістемес,

Көпшілік тура сөзді теріс демес.

Еңбегін ешкім жоққа шығармайды,

Пенде ғой бірақ ол да періште емес.


 

Жер кетті, ел де кетті зар еңіреп,

Сол үшін сыздамасын неге жүрек?!

Төрт болып екі көзі күтіп отыр,

Ер туса, елін сұрап келеді деп.


 

Жүгірген жеткіншегі жер танымай,

Шашылып жатыр әлі ел тарыдай.

Батырлар көрінбей тұр баяғыдай,

Қайырсыз көбейгелі қалталы бай.


 

Ұлтыңа сүйінбесең, күйінбесең,

Қалайша дейсің ердің күйін кешем?

Жамылып алтын көрпе кімге керек,

Бақытқа бөленгенің үйіңде сен?


 

Ұшы ұзын замананың құрығының,

Жұмабек сезген мұны күні бұрын.

Тірлікте теріс қадам басқандардың,

Балшығы жуылмайды жұлығының.

Талайлар тазарта алмай былғанышын,

Өкінген анасынан туғаны үшін.

Алдыңнан шығады ертең айдай болып,

Аңдамай пенделікпен қылған ісің.


 

Киесін қадір тұтып ел мен жердің,

Ұлт үшін арманы жоқ өлгендердің.

Аузынан көп естідім осы сөзді,

Ерлігін Тәшеневтің көргендердің.


 

Халықтың қасіретті толғайды іші,

Қияды жатқа жерін қандай кісі?

Жер үшін жан беріскен, жан алысқан,

Ежелден жер қайғысы – ел қайғысы.


 

Кең дала, асқар таудың қорғаны боп,

Қан кешіп, біздің қазақ сорлады көп.

Құлдасақ әлімсақтан бері қарай,

Тоқымдай жер сатқанның оңғаны жоқ.


 

Атады жер сатқанды жер киесі,

Қалың ел атажұрттың мәңгі иесі!

Тағзым ет, туған жердің топырағын сүй,

Болсаң да адамзаттың әулиесі!


 

Туған жер жұпар атқан жөргегің боп,

Жыласаң сусын берген шөлдедім деп.

Ұл болып жаралған соң бөрік киген,

Қорғамақ ел мен жерді – ерге міндет!


 

Жер үшін басын тіккен тәуекелге,

Кезінде Тәшеневтен ер өтер ме?

Болғандар бәсекелес онымен,

Түседі бостан босқа қара терге...

Жұмабек жасап кеткен ұлы еңбектің,

Шығады бас-аяғын түгендеп кім?

Күрмеуге келмей жатқан қысқа жіптің

Ұшына шылбыр жалғап жібермекпін.


 

Ісінен танылады ер мінезі,

Айқындап айтатұғын келді кезі.

Зорлықтың қанды көзі қадалғанда,

Сескенбей қарсы атылды жалғыз өзі.

 


Жарқылдап ұқсамаса ақ алмасқа,

Аяулы атажұрты тоналмас па?!

Қан тамған қылышынан сол заманда,

Кім барды бұл ерлікке одан басқа?

 


Бас бағып, бұға берсең сірә, қазақ,

Алдыңнан қайда барсаң шығады азап.

Үн қосар есіл ерге әттең сонда,

Неліктен шықпады екен бір азамат?


 

Қарасақ өлімізге, тірімізге,

Осы әдет жеткен біздің түбімізге.

Қонбайды бақыт құсы басымызға,

Біріміз тірек болмай бірімізге.

 


Болмаса қалың қазақ ала-құла,

Тепкіге түсер ме еді дала мына?

Қоржында Хан Кененің басы кетіп,

Сүйегі айдалада қалады ма?


 

Қайран ер қысқа өмірге болды қонақ,

Не пайда айтқанменен енді мадақ?

Қалдырдық біз де жалғыз Тәшеневті,

Жауызға жұлмалатып қанды балақ.

Биліктің белгілі ғой сыры мәңгі,

Өлгенше қуғындады-қырына алды.

Халықтың жаны ашыды іштен тынып,

Тасада әлде кімнің қыбы қанды.


 

Өксіген өкініштің уын ұрттап,

Қайғысын кешегінің кім ұмытпақ?

Қазақтың қанға сіңген әдеті ғой,

Жататын жығылғанын жұдырықтап.


 

Көз жетпей бұл жалғанның түбіне шын,

Еріксіз тұңғиыққа үңілесің.

Зымиян, қара жүрек пенделердің

Келбетін танығанда түңілесің.


 

Мүсіркеп тірі жанды  аяған ба,

Әркімді өз орнына қояды Алла!

Құсадан Жұмабектің жаны күйген,

Соңына өмірінің таяғанда.


 

Дүние көрінгенмен көңілге бай,

Ойпыр-ай, құбылады өмір қалай?

Бір кезде өзі отырған кабинеттер,

Есігін тарс жауыпты қабылдамай...


 

Сейілтер заман қайда ой түнегін,

Адамның берген Тәңір қай тілегін?

Жарыса мәнсап қуған жандайшаптар,

Таптаған ар-намысын сөйтіп оның.


 

Қайтеміз айғай салып жыртып өңеш,

Шындықты, адалдықты кім тілемес?

Халықтан жасырғанмен көп нәрсені,

Тарихтан бүгіп қалу мүмкін емес.

Жарқырап күн шығады, ай туады,

Болады күңгірт дүние айқын әлі.

Жасалған Жұмабекке қиянаттар,

Аузымен ақиқаттың айтылады.


 

Кім үшін от пен суға түсіп еді,

Кім оның қасіретін түсінеді?

Қиянат Жұмабектің жанын қысқан,

Қазаққа көрсетілген қысым еді...


 

Келетін зарықпай-ақ күнді күтіп,

Ерітер тағдыр мұзын кім жібітіп?

Түскендер құлғанадай қыр соңына,

Ақыры есіл ерді тынды жұтып...


 

                    ІХ

 

Мәңгілік орын тепті Шымқаладан,

Шырылдап қазақ үшін туған адам.

Көкжалдай үн шығармай көз жұмыпты,

Қасарып тістілерге жұлмалаған.


 

Түссе де империя тепкісіне,

Жасырып жан азабын кетті ішіне.

Тапсырып атажұртын артындағы,

Алаштың адал туған тектісіне.


 

Біртуар ондай қазақ бұл өмірге,

Қаймықпай қарсы шапқан «Кремльге»!

Бейнеті өзіменен бірге кетті,

Бейнесі  қалды елінің жүрегінде!


 

Баһадүр бабалардың жолын жалғап,

Ол кетті ұлан байтақ жерін қорғап.

Ұлтына тірек болған ұландардың

Тілегі әрқашанда орындалмақ.


 

Ықтырып аласұрған көксоққанды,

Жерінің тұтастығын сақтап қалды.

Айбатты арыстандай азаматын,

Кең дала күрсінеді жоқтап мәңгі!


 

Разы атамекен батыр ұлға,

Диюды жеңіп шыққан ақырында.

Кеткенде алты облыс қайтер едік,

Алпауыт Ресейдің тақымында?


 

Түскенде тар кезеңде ерегеске,

Қорғайтын туған елін ер емес пе?!

Сарыарқа сағым ойнап шалқып жатқан,

Күн сайын Тәшеневті салады еске!


 

Тарихи куә болып ерлігіне,

Ағыттық жыр тиегін енді, міне.

Үлесі қосып кеткен ұшан-теңіз,

Халқының мызғымайтын Елдігіне!


 

Қиянат қараңғыға жасырынды,

Ел үшін өлген ердің басы құнды.

Жанары жұмылғанша қайран сабаз,

Ішінен тынды көксеп осы күнді!


 

Қиюын келтіруге Тәңір епті,

Мұратқа ол жетпеген елі жетті.

Рухы разы боп жатқан шығар,

Түгендеп төрт құбыла – төңіректі!

 

 

Өткізген елегінен сан сүзгінің,

Көргенбіз саясаттың арсыздығын.

Ойнатқан әңгіртаяқ төбемізде,

Өзіне бермей елдің өз тізгінін.


 

Тұрғанда арман гүлдеп, үміт көктеп,

Тектінің қисыны жоқ құрып кетпек.

Қисаймай аузы-мұрны кім айтады,

«Қазақта көш бастайтын жігіт жоқ» деп?


 

Жарасқан тал бесігі кең далаға,

Бақыттың құсы қанша қонды анаға.

Аманда асыл кіндік, алтын құрсақ,

Көшелі ұл тумайтын ел бола ма?


 

Дүние төңкерілер толқындаса,

Кім туды Абылайды ел тумаса?

Буаз бұлт буырқанып бусанады,

Найзағай жасын атып жарқылдаса.


 

Ездерді ешкім жоқтап сұрамайды,

Ерлердің тіккен туы құламайды.

Даланың дара біткен данышпаны,

Кім туды қазақ тумай ұлы Абайды?!


 

Тереңнен сөз шықпайды толғанбаса,

Бір асыл бір асылға жалғанбаса.

Алаштың арманда өткен ардагері,

Әлихан қайдан туды ел болмаса?!


 

Өткердік үдей соққан дауылдарды,

Арқалар ердің жүгі ауыр мәңгі...

Айтайын қайсы бірін арыстардың,

Кім туды қазақ тумай Бауыржанды?!

Алқынбай өрге сүйрер көшін анық,

Бұл қазақ ұл тумаса несі халық?

Картасын Қазақстан көрген сайын,

Толғанам Тәшеневті есіме алып...


 

Күндерге көз жіберсем алыс қалған,

Ақмола әркімдерге қоныс болған.

Тәуелсіз Астанаға таңырқайды,

Кешегі қайран дала жанышталған.


 

Кезінде селт етпеген мына көпке,

Кеудеңе запыран боп тұнады өкпе.

Даласын  кескілетпей қорғап қалған,

Қарыздар бүкіл қазақ Жұмабекке!


 

Жер үшін ұйқысыз таң атырды елім,

Ұрпаққа үлгі етейік батыр жолын.

Өзі аман алып қалған алты бірдей

Облыста бір аудан жоқ атында оның...


 

Өткеннің бүгінге де қатысы бар,

Ерлердің елін сүйген аты шығар.

Қасқайып Астананың қақ төрінде,

Тұруға ескерткіші қақысы бар!


 

Құласа қызметінен күні батып,

Аты өшер талайлардың тірі жатып.

Мәнсаптың құлы болу – зор қасірет,

Ұлтының ұлы болу – ұлы бақыт!


 

 

 

Несіпбек Айтұлы

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар