Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Маралтай Райымбекұлы: Ұйқыдан безем Күлтегін құсап

29.04.2016 380

Маралтай Райымбекұлы: Ұйқыдан безем Күлтегін құсап


маралтай.jpg

КЕНТАВР


Тұлпарға мінген ұлы даланың 

Тарпаң мінезді ұлы боламын. 

Жауларым семсер сілтеген сәтте 

Қиылған талай гүлім, қарағым.


«Тереңдеп кеткен әжімің» деме, 

Бүгінге қарап қажыдым неге?

Сұңқарлар анау торғайға түсіп, 

Естілмей кетті-ау қаз үні көлде.


Бір ғажап рух ғарыштан келіп, 

Дұшпанмен бабам алысқан дедік. 

Сүйемдей жерге сүйегін берген 

Арыстар туып, намыстан өліп.


Көнеден қалған жыр тегін ұқсақ, 

Ұйқыдан безем Күлтегін құсап. 

Келмейді мені мойындағысы 

Өркениеттік ділдегі ынсап.


Неғылсын сон-оу заманды надан, 

Жаулаған жарты ғаламды бабам. 

Толассыз уақыт толғату керек, 

Табанға салса адамды адам.


Болмауы тиіс мұратым мұңды, 

Толағай бір ұл туатын сынды – 

Кісі бейнелі, тарпаң жүректі, 

Кешегі… біздің ұғатын сырды.


Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі 

Бабалар бүгін түсіме енбейді. 

Солардан қалған жүрек қой мынау – 

Жүрегім неге кісінемейді?


Пұшайман халім өртеді мені.

Қылқобыз кеудем шертеді нені? 

Жал бітті,

кенет… жотама менің, 

Оқиғадағыдай ертегідегі.


Ғаламат солай басталып бір сәт, 

Құйғытып кеттім тастарды турап. 

Атылдым көкке жай сияқтанып, 

Тұяғым алтын – Ай сияқтанып…


Алапам тасып,

ақырып,

төніп,

Аруағымды шақырып келіп: 

Шығысқа қарай адырна тарттым, 

Жар болса Тәңір, ақырын беріп!



У ҚАЙТАРУ


Құдай – Көкте, Мен – Жердемін, Жердегі –

Қаламымда тағдырымның кермегі. 

Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп 

Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі. 

Кермегімде кешегімнің зәрі бар, 

Өрнегімде өмірімнің зары бар.

Боздар болса, мен боздайын ботадай, 

Жүрегімде аруана елдің қаны бар.

Сол қайғыны жою үшін ғасырлық – 

Арманымды алмау үшін ғасыл қып. 

О, Кер Далам, сөйлесін деп биіктен, 

Батыр тудың күркіреген күйіктен.

Ақын тудың ұланғайыр Тұранға 

Бөрінің де көкірегін иіткен.

Олар сенің таптатқан жоқ гүліңді, 

Бүлдірткен жоқ тіліңді.

Содан бері жазылып сан Ғазалдар, 

Қирамады дейсің не дүр мазарлар! 

О, Туған ел, мен сен үшін шаттанып

Һәм күйредім саған төнген ажалға әр.

«Басыбайлы бөтен тұтып баламды, 

Сыйлаудан да қалып мүлдем анамды, 

Игере алмай иірімге кетем бе,-

деп ойлаушы ем, – жат билеген санамды». 

Дінім, ділім, ғұрыптарым – күш, қаным,

Қайта айналып қонса, рас ұшқаным.

Босағамда сүйек мүжіп төбеті,

Неге озады-ей төріме әлі дұшпаным!? 

Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған, 

Қайдан табам тарихымды тоналған?! 

Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың 

Сәби-елге сәулеңді құй, о, жалған.

Кәрін қайта төкпесін деп жат әмір, 

Уа, бабалар, балаларыңа бата қыл. 

Үмбеттерің үмітіне ер салды,

Қолың бос па, демеп жібер, 

О, Тәңір. Тамырынан таратылып текті сөз,

Ал, арманшыл асыл халқым, көкті кез. 

Көк байрақты қыран текті қазаққа, 

Күн астында қанат жаяр жетті кез...


ӨЗЕК


Жаратушы сен едің, 

Жаралушы мен едім. 

Ақылыңа ой жетпей, 

Әлі адасып келемін.

Автор


Бір ібіліс, бір періште, бір Құдай

Бір жүрекке қалай сыйған, құрғыр-ай. 

Көнбес болсам көксеуіне Алланың 

Жазылмауы керек еді жыр бұлай.


Құдайыма құлдық ұрып күні-түн, 

Жағып қоям періштемнің үмітін – 

Айырылып кетпеуі үшін арнадай, 

Өзім менен өзегімнің жігі тым.


«Пенде деген екі өмірге келмейді, 

Менің жолым – ең ізгі жол, сен» дейді. 

Есер тәнім сайтан айтса,

Естияр 

Періштеме көткеншектеп көнбейді.


Періштем жүр орын таппай қонарға, 

(Адам тәні осынша нас болар ма?!) 

Өз дегенін істеткізбей қоймайтын

Әйел сынды, Сайтанға ерсең, сор ол да!


Қарабет боп көп алдында тұрғандай, 

Тауқыметті тағдыр еді бұл қандай!

Адамнан да, Алладан да қорыққан қор, 

Иманыңа өрмекші тор құрғандай.


Пиғылыма сайтан ісін қолдатып, 

 Сан адастым, көкке көшер жолда тік. 

Ібілісті періштеме жеңдіріп,

Қайта алсам ғой, Сол– бақыт!


Сорабынан жаңылысқан құлжадай,

Түк айта алмай, тәмам болар жыр...(сор-ай!) 

Өнбес дауға қазылық қып ғазиз жан

Екі оттың ортасында тұр солай!



АСАУ


Баса алмай жүрек солқылын, 

Аңсайды, құрғыр, беу, нені? 

Еркіндік шығар ол мүмкін

Жаңғыртқан қайта зердені?


Мияты, арман, мақсұты 

Сыймайтын ұсақ безбенге. 

Асырап ардың ақ сүті, 

Киесі биік сөзден де.


Қатыгез мынау ғаламда 

Жарқылдап оттай жанары, 

Дөңгелеп дүние табанда 

Арғымақ ағып барады.


Тегінен жұрдай, тегінде, 

Өткенін тани алар ма?

Бас иген өмір өмір ме 

Бағынып қағидаларға?!


Азаттық, қайран, ырқын ап, 

Бауырын жазып, сөгіліп.

Қымыздай ашып, бұрқырап, 

Бозадай боздап, төгіліп.


Бұғалық тимей қылқынып, 

Көңілін кенет жүдетіп.

Бұлғарыдай бұлқынып, 

Бұлдырықтай пыр етіп.


Асаулық заулап келеді. 

(Асау боп асау өледі!) 

Қаны бір, жаны қазақпен 

Бас білмей өткен... себебі.


Баса алмай жүрек солқылын, 

Аңсайды, құрғыр, беу, нені? 

Тектілік шығар ол мүмкін 

Тепкілеп тұрған кеудені.


Еркіндік – арман, мұраты 

Асауды көрсем кейде мен. 

Еске сап Сізді тұрады 

Бағзы бір асқақ бейнемен.



МЕНІҢ БӨЛТІРІКТЕРІМ


Ауылдан ауылға, 

Шаһардан шәріге тараған

Менің бөлтіріктерім – шетінен абадан. 

Бәрі де жаралы!

Жарасын жасырып жалаған. 

(Қаншық қоғам талаған!)


Соңымнан ергендер, 

Көргендер куә әлі.

Ақ боран ап қашып дұғамды.

Сере қар, көк мұзға қаныммен жазғанмын 

Мемлекетімнің «махаббаты» туралы.


Менің бөлтіріктерім

(Бүгін...) көзі қанталап, 

Сыртымнан айбат шегеді анталап.

Мұрагерлеріндей патшаның тәжінен үміткер, 

Әй, жігіттер!


Қашаған ел едік тарихын тасқа көп, 

Жыр тәжі – Мономах тәжінен басқарек. 

Көтеріп тұруға ал оны

Асаулау жүрек пен ақымақ бас керек!!!


БАРДА


Ей, иманды,

Ей, мейірімді – ізгі адам

(Отқа қарап қалмайсыз ғой сіз одан), 

Жанға сайғақ, жүрекке ем үшін де, 

Құдай үшін, құйыңызшы жүз грамм.


Менің жаным жалғыз жұтым заһарда, 

Қолыңда тұр қосу-қоспау қатарға.

Кім біледі, бәлкім, дос боп кетерміз, 

Бәлкім, мәңгі бір шығармыз сапарға.


Ей, иманды,

Ей, мейірімді бүлдіршін,

Мен көтерген тағдыр жүгін кім білсін?! 

Жылай-жылай Құсжолында адасқан

Зағип кісі не нәрсені бүлдірсін?!


(Жас ғұмырын рәсуә еткен қасқа боп, 

Мына өмірден босқа өтіп, босқа кеп... 

Қатар тұрып Көкке қолын түйетін, 

Жанарыма тік қарайтын дос та жоқ).


Ей, иманды,

Ей, мейірімді қарғашым,

Біздей ғаріп сізді қайтіп алдасын?! 

Қос алмасын қос қанатпен қымтаған

Періштем-ай, пейіш деген бар ма шын!


МАҢЫРАҚ


Ажалдың Айы туғанда 

Солынан емес, оңынан, 

өлмейді Қазақ,

Өледі –

Өлсе егер, мұңның жоғынан.


Кек болып келіп көмейге, 

маңырап шыққан мұңлық үн, 

Мен сені қалай жұбатып, 

Жіліктей алам, құлдығым!?


Көмген соң көмбе-көмейге, 

Басты алар,

Тілді кеспес деп, 

Ділгірі жетпес діліме,

Содан ба, қайдам, өштес көп.


Кеткендей болып көңілдің күлкісі

Мұңға жамырап, 

Асқардан ұшқан арқардай 

Маңырай берем,

Маңырақ!


Үн тамсап таныс шалғайдан 

мүйізім ылғи сырқырар,

Себебі, сон-оу түпсізде – Сенің де,

Менің жұртым бар.


Дариға, аһ...

Жоққа зар жандай,

Түбінде мұңның шындық тұр. 

Шешімі ұлы Жұмбақтың...

Сыр сауып Сырдан, Сұмдық сыр.


Маңырақ жалған маңарда 

Ақырғы сыр бұл айтылған – 

Алақанында Алланың

Адамнан бұрын Ай туған!



АЛМАТЫ


Сені Ару деп алдайды жұрт, 

Алдайды.

Етегіңе қол жүгіртіп...

Ар жайлы

сөз қозғайды мына қоғам –

оңбаған.

Бататыны – сол маған!


Ару болсаң, неге сені сүймейді? 

Сүймейді олар.

Жүрегі жоқ! 

И, мейлі.

Біреулер жүр сатқысы кеп сені де, 

Атқысы кеп,

Қолдан келсе, мені де.


Ұрлап кеткен сенің нәзік назыңды, 

Астана деп аталатын Тәжіңді.

Сені сатса – айналасың ақшаға, 

Мені атса – жол ашылар басқаға!


Соны ойласам, от өзегім өртенді,

Жапқым келіп жыртық-жыртық көрпемді.

Көше бойлап ұлдарың тұр құл болған, 

Көше бойлап қыздарың тұр күң болған.


Биік-биік аласарып армандар, 

Биік-биік үй тұрғызып алғандар – 

Сенің ашық кіндігіңе қадалып, 

Үмітіме түкіреді Далалық.


Босағаңнан кім кірмеді талтаңдап, 

Жат құшақта күнің өтті жаутаңдап. 

Ақындардың жесіріндей Алматы-ай, 

Ақындардың жесіріндей Алматы!



МҰХАММЕДТІ РАСТАУ

А, дариға,

Батар Күнге бататын,

Ант етейін атар таңға ататын. 

Күллі Әлемді тізерлетер алдыңа –

Мына Менмін, айналайын, Отаным!


Қатер төнсе қазақ дейтін ұлысқа, 

Қаламымды айырбастап қылышқа, 

Сенің қаның менің қаным болған соң, 

Ең бірінші мен кірермін ұрысқа.


Мен туғанмын –

Ер Мұхаммед өлген күн.

Мен болмасам,

жүрегіңді емдер кім?! 

Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі: 

Келеді деп…

Келген ақын,

сол – Менмін!




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар