Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«ГҮЛ» туралы айтуға болады......

27.08.2015 3753

«ГҮЛ» туралы айтуға болады...

«ГҮЛ» туралы айтуға болады... - adebiportal.kz


К. МУКАМЕТКАЛИ.JPG

Сөз өнері жайлы, «ардың ісі - әдебиет» туралы әңгіме болғанда, әркім өз дүниетанымы мен ақыл-өресінің жеткен жеріне шейін сөз қозғайтыны рас. Әркімдікі өзінше дұрыс та. Өзінің 15 жылдық сыншылдық қызметінде 850 туындыға рецензия жазып үлгерген В.Белинский айтпақшы, «поэзияны біреу – от десе, біреу – су дейді».


Тіл өнерін дертке балап, «басынан сөз асырмаған» елдің бүгінгі ұрпағының әдебиетке деген ынта-ықыласы мен талғам-түсінігі де өзгергендей. Ұлт бар жерде әдебиеттің жарығы да өшпейтінін қаперде ұстасақ, бүгінгі қазақ әдебиеті туралы айтылып қалатын бір ауық қисынсыз пікірлерге келісу қиын болар еді. Шындығында, қазақ әдебиетінің жаназасын шығаруға асықпаған жөн. Батыр тілден шыққан нысанасыз пікірлер айтыла берер, бірақ әдеби үдерісті ешкім тоқтата алмайтыны бесенеден белгілі. Ол пойызды тоқтату емес қой. Күн сәулесін етегімен тосқысы келген адамның іс-әрекеті қандай берекетсіз һәм өнімсіз еді десеңізші! Біз де нақты диагноз қоюға талаптанбаймыз, тек байқағанымыз бен оқығанымызды бөліссек деген ойдан туындаған қадамға бардық.


Қазақ сөз өнерінің болашағы зор. Сеніміміз кәміл. Егемендікпен бірге еркіндік сарыны шықты сөз алаңына. Оны сол кезеңдегі толқынның шығармашылығынан анық көреміз. Ағалар ізін жалғаған кейінгі буынның өлеңдерінде асқақ рухтың бұлқынысын байқаймыз еріксіз. Сананы тұрмыс билеген өткелек кезеңде сөз өнерінің ауылына отау тігіп, қару-қаламына адал болғандардың еңбегі ерлікке папа-пар, асылы. Оқырман ойын қозғап, санасын сәулелендіру, әсемдік шәрбатымен сусындату –хас шебердің ісі. Сөз шеберінің. Жаңа жинақтар шыққан сайын әдебиеттің болашағына деген сеніміміз беки түседі. Қолымызға тағы да бірнеше өлең жинағы түсті. Шолып шықтық. Өзінің қолтаңбасымен, жазу машығымен танылып қалған кейінгі буынның ішінде Қаламаханбет Мұхаметқалидың өлеңдерін оқып қаламыз. Онша елеп-ескермей жүргеніміз рас. Қолдағы бірнеше жинақтың бірі сол ақындікі екен. Оқыдық. Ой салды. Жинақтың аты да қарапайым – «Гүл». «Гүл» гүл сыйлады көңілге. Кітап төрт бөлімнен тұрады: «Мұң», «Сыр», «Жыр», «Нұр». Өлеңдер жинағының аты да, тараулары да ойнақы. Бір-біріне, Ғабеңше айтсақ, «жарығын шашып тұр».


Алғашқы тарауда ақынның «махаббатқа бас имеу арқылы мәңгілікті мойындатсам деген» ұмтылысы көрініс табады.


Сәттік қана сырласқанда мұң мен мұң,

Сүйіп және сағынып та үлгердім.

Сезімталға түрме сынды тірлікте,

Сенсіз қалай өмір сүріп жүргенмін, - деп келетін жолдар аллитерациялық дыбыс қайталаулары мен елең еткізеді. Сыртқы түрі мен ішкі мазмұн бірлігінен шыққан көркемдік кестесі тоқылады көңілге. Жалпы, Қалмаханбет – мұңшыл ақын. Оның өлеңдерін оқығанда, «өлең деген жайшылықта емес, қайшылықта туатынын» еске аламыз. Өйткені, ақын жүрегінде бір зіл бар.


Түкпірін үңгіп кеудемнің,

Тербейді мүлгіп шер мен мұң.

Жаныма жастай жабысқан,

Жарамды немен емдермін?-дейді өзі де ақжарқын кейіппен. Оның дауасын қасиетті сөз өнерінен, поэзиядан тапқандай болады. Алайда, «жаралы жүрегіне» ем-дом жасаймын деп, поэзияның азапты, ауыр жолына түскенін ұмытып кеткендей. Мұң-шерін қара өлеңге шағып, ішкі жан дүниесіндегі арпалысты ақ қағазға сөзбен кестелеп жазады ақын. Тағы бірде «Мен де еркіммен мүше болдым ежелгі, «Мұң» аталған фәнидегі қоғамға», - деп ашық айтады. Жалпы, Қалмаханбет Мұхаметқалиді осы халге түсірген бірнеше себептер болса, соның бір ұшы нәзік жанды аруларға барып тіреледі. Оны бізге жайып салған да – «өсекші өлеңі» (Абай). «Ақындар мен арулар» деп аталатын өлеңі еріксіз назар аударды. 


Үзінді келтірейік:

Өмір-жұлдыз таңда сөнер,

Өтті қанша арманда ер.

Абай ғашық болмаса егер,

Айтар ма еді Тоғжанды ел?!

Жорта қылған айласы ма,

Жыр жаздырып қайғылы.

Жұматайдың Ләйләсі да,

Жұртқа болды әйгілі.

Ақындарды таниық та,

Ардың туын көтерген.

Қандай қызды тарихта,

Қалдырады екем МЕН?!


Әдемі айтылған. Жымдасқан тіркестер сол қалпында санаға құйыла салады. Осы жерде ақынның биік мақсаты да қылаң береді. Жалпы, «Мұң» аталатын бірінші тарауда ащы зардан нәр алған өлеңдер топтастырылыпты. Бәрін қосқанда ақын жүрегінде сақталған қайғы-мұңның ізін көз алдыңа әкеледі. Оқушыны да ойға батырып, ақынға тілеулес етеді. Қалмаханбетті мұңға батырған – сезім сергелдеңі. Қалекеңнің көптеген өлеңдерінің жүгін осы махаббат тақырыбы көтеріп тұр. Лирикалық өлеңдер топтамасының негізінде лирикалық қаһарманның бейнесі сомдалып шығады. Сіз де еріксіз ренжіп, еріксіз қуанасыз. Пессимизмге салынған кезде, қаламының дөңгелегі жылдамырақ жүйткитін ақынның өлеңдері осыны аңғартты. «Ой түбінде жатқан таза мінсіз асыл сөзді» Қалмаханбеттің «шері толқытып шығарыпты»(Асан Қайғы). 


Оқиық тағы да:

Өшпестей етіп көңілге тастап несіне із,

Өкпеге қидық өмірді қайтіп осы біз?

Ақ жауын жуған айғызда-айғыз әйнегін,

Екеуміз енді екі үйдің терезесіміз!


Өлең соңында «Қол созым жерден тілектес болып жүрейін, Сен жаққан оттан сызылып шыққан түтінге!» - дейді. Қыз «жанарындағы жалынға арбалып қалған» Қалмаханбет ақынның өзегін өкініш өртемейді. Тілектес, ниеттес көңілмен жыр жолдағаны қуантады.


«Өмірі өлеңсіз өтпейтін» ақын жиақтың «Сыр» деген таруында өзінің шын сырын ашуға талпынған.

Қап аузын буған секілді тілім қысқа жіп,

Жыр қылып айтар сырымның бәрі ішімде, - деген жолдар ешкімді де бейжай қалдырмақ емес. Ұтымды теңеу. Бүгінгі демократия жалаулатқан «сөз бостандығы» дәуірінде де ақын тіліне ерік бермес бөгесін бар. Әлі ақынның берері көп деген сөз. Тек «қап аузы» ашылсын деңіз. 


Енді «Күзгі элегияда»:

Жоғалтқан шұғыласын қасаң ғалам,

Жасаған сыйың, тегі, осы-ау маған.

Қабағын көтермеген мынау аспан,

Жанарым шығар менің жасаураған, - деп ақтарылады ақын. Өлеңнің формасынан кілтипан таппайсыз. Осы шумақтың, осы сөздердің арасында батпандай мағына-мазмұн да жасырынып жатыр, шынында.


«Аягөз» өлеңінде ақынның «бағзылық батырдың булшық етіндей, буылтық-буылтық бұйра белге» деген, туған жерге деген ыстық ықыласы мен сырлы сағынышы әдемі әдіптеліпті. Ел мен жерді сүюдің үлгісі осындай болсын. Задында, ақындар ақын туралы өлең жазуға ұста. Ақын жайлы айтылар «қызықты аңыз» да көп өмірде. Бізді «Ақын» өлеңі өзіне тарты. Тұнып тұрған сыр мен ой үндестігі. 


Тағы да үзінді оқиық:

Мүмкін ол шаттықтан мұншама,

Мұң көрер бір, екі...

Жүрегі қан жылап тұрса да,

Жымиып күледі.

Пейілі болса да тән тіпті патшаға,

Пендеге бар ма амал?..

Сүйгені сыртынан сатса да,

Сезімге мәңгі адал!


Басқасын айтпағанда, осы екі шумақта ақын жанының «портреті» жасалғандай. Әрине, ақынның болмыс-бітімін сөзбен сомдап жеткізу қиын. Әйтсе де, жоғарыдағы өлеңді соған деген талпыныс пен ұмтылыстың үлгісі деп қабылдадық. Біздіңше, Қалмаханбет Мұхаметқали көлемділеу өлеңдер жазуға ұста. «Жыр» деп аталатын тарауын парақтағанымызда осыны ұқтық. «Қарауыл. Қабір басындағы өлең», «Тоғжанның екі сәті» (бірінші, екінші жырлар), «Құлын – дүние», «Наурыз» сынды өлеңдерін мысалға келтіруге болады. Әсіресе, «Тоғжанның екі сәті» атты өлеңі ерекше стильмен жазылған. Ақынның қалам қарымы осы өлеңдерден шын көрінсе керек. Тоғжанның тілімен айтылған сөздер оқырман жүрегіне жол тауып жатады. Лирикалық толғанысын оқи отырып, оқырманның көз алдына шын Тоғжанның елес-бейнесі келе қалады да, онымен риясыз тілдеседі. Мұңын түсініп, сырын бөліседі. 


Бірге оқиық:

Көз қарықтырар

Көзқарасында жатқандай жанып от күшті,

Жүрекке ұшып шоқ түсті.

Орынды жерде ойланып барып тіл қатып,

Оятып кетті шемен боп қатқан дертті ішкі, - деген жолдардан «торғайдай тоңған жүрегінің дүрсілін тыңдаған» Абай ғашығының, сұлу Тоғжанның мұңын ұғамыз.


«Мәңгүрт» деген өлеңінде қазақ тілін қорсынудың бүгінгі «классикалық көрінісі» әшкереленеді. Үлкен ағаларымыздың мінбер мен ошақ басында екі түрлі мінез танытатынын өлең-сотқа айтып шағымданыпты. Шағымы шынайы. Тілдің зарын толғаған тұлғалардың көзқаман ұрпағының алдындағы әрекетінен жиренеді екенсің. Шындықтың шетін шығарса, Қалмаханбет ақынның қоғамдық-әлеуметтік мәселеге өзінше үн қоссам деген ынта-пейілінің дұрыстығы деп білген жөн. Алайда, ақында азаматтық-саяси лирика басым емес, қоғам жарасын ашып айтатын өлеңдері жоқтың қасы. Ол сезімге құштар, ойға жақын. Кітапты тәмамдадық. Негізі, оқығаныңа өкінетін де, қуанатын да кітаптар болады емес пе?! Біздің жүрек қуаныштың дүрсілін соқты. Өйткені, үмітпен ашылған кітап пайдамен жабылды. Пайдасы сол – санаң сәулеленіп, жаның жадырайды. «Өлең деген – ой мен сезімнің ар жағы» (Қадыр Мырза Әли). Қадырдан артық айта алмаймыз. Қалмаханбет Мұқаметқалидың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегінен» атылып шыққан өлеңдері өзінің өмірбаяны дейміз. Өмірін өлеңмен өріп келе жатқан ақынның тағдыры қызық. Қызық болса да, қиын. Өйткені, сөз өнерінің ауыр жүгі мен мол жауапкершілігі, елі мен жерінің арман аңсары мен мұң қайғысы ақын жүрегіне артылған.


Дегенмен, ақын өлеңдерін кемшіліксіз дей алмаймыз. Көсемсөзші ретінде танылып қалған Қалекең әлі асқақ ақын ретінде танылған жоқ. Әлі де ізденісті қажет ететін өлеңдері көп. Талабы мен талантын қайрау керек секілді. Өлең түрінде кемшін кеткен тұстары баршылық. Әрине, форма қуу мақсат емес. Шығармашылығында еліктеушіліктің белгісі білініп тұр. Қайткенмен, Қалмаханбетте «іліп алар» өлең көп. Жұмекенше айтсақ, «көлеңкесі биік болса, ол да өзінің еңсесі». «Бармағын тістеп, өз қолын өзі кесе алмай келе жатқан» ақынның «Гүл» жинағын оқығандағы әсеріміз – осы. «Гүлдің» тараулары: МҰҢ, СЫР, ЖЫР, НҰР. Мұң-шерін ақтарған ақын, артынан сырын жайып салады. Сырын жырымен жеткізсе, ол нұр боп көңіліңізге құйылады. Сөз өнерінің сиқыры жаныңызды баурап алады да, рақат сезімге бөлейді. Асылы, поэзия осындай болса керек.



Нұрбол Құдайбергенов,

М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының

кіші ғылыми қызметкері. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар