Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Абылай Мауданов: "Әдебиет жасалмайды, әдебиет туад...

04.09.2015 2374

Абылай Мауданов: "Әдебиет жасалмайды, әдебиет туады"

Абылай Мауданов: "Әдебиет жасалмайды, әдебиет туады" - adebiportal.kz


Абылай мауданов

Әдебиетті жасайтын кім? Әдебиетті тудыратын ше? «Әдебиет жасала ма?» десек, «Әдебиет туады» дейтін пікірді кесе-көлденең ұстанатын бұл жігіт Астана мен Алматыдан шалғайда Қостанайда тұрады. Бүгінгі кейіпкеріміз – ақын Абылай Мауданов. Ол – Жангелдин ауданының Көкалат елді мекенінде туып-өскен.


– Абылай, «Әдебиет порталы» «Әдеби үрдіспен» жас ақындар­дың өлеңдеріне жақсы талдауды бастады. Алайда кейбір талдаулар ақынның да, оқырманның да көңілінен шықпай тұр. «Сын шын болсын» қағидаты ескіріп кеткен жоқ па осы? Қалай ойлайсыз?


– «Әдебиет порталындағы» талдауды сын дегеннен гөрі пікір деген дұрыс сияқты. Түгел бол­мағанмен көбісін шолып шы­ғамын. Көбіміз атүсті жазамыз. Оны да түсінуге болады, «мо­бильді ғасыр» әрі өтініш беруші жақ жылдам жазылғанын қалай­ды. Мұндай жағдайда кейбір дүниелердің «көңілден шықпай қалуы» орынды. «Сын шын бол­сын» қағидаты ескірмеуге тиісті, тек пікір жазушы ол қағидатқа қаншалықты адал бола алады? Мәселе – сонда. 
Өткенде өзім де бір авторға пікір білдірдім. «Нәтижесін» кө­ріп ойға қалып, Бауыржанға ұсы­ныс айтқалы жүр едім. Жа­бық пікірді бір емес, кемі үш-төрт адам айту керек. Бір адам­ның пікірі қанша дегенмен, жал­ғыз адамның пікірі болып қалады екен. Бірнеше адамның ойы бір жерден шығып жатса сыналған ақын шынымен де ойланар еді. 


– Әдеби талдаулар демекші, соңғы кездері «сынды сыншылар ғана айтуы керек» деген пікірлер де айтылып жүр. Оның өзінде «әдеби ортада танылған адамдар болса» дейді. Бізде әдеби сын жанры бар ма?

– Әдеби кітаптарды оқимын, әдеби сынға қызықпаймын. Бі­рақ сын жанрының бар екенін білемін. Мысалы, кез келген қа­зақстандық Астана қаласында «Бәй­терек» бар екенін, оған шы­ғуға болатынын, оның биіктігі 97 метр екенін біледі, бірақ оның басына шыққанда қанша аумақ­ты көре алатынын айта алмайды. Мен үшін сын жанры сол «Бәй­терек» сияқты. Сын бар, бірақ сол «Бәйтеректің» басына шық­қан сыншы кімдерді көріп жүр, ол беймәлім?! 

Мұзафар Әлімбаевтың Мағ­жан­нан бастап, Тұманбайға дейін талдап жазған сын кітабын ара-тұра оқып тұрамын. Таны­мыңды жоғарылататын жинақ. Оқушы күнімде Зейнолла Серік­қалиевті біраз «әурелегенім» есімде. 

– Сіздің өлеңдеріңіздің кем-кетігін, жоқ-жітігін бағалап, сын айтқан біреу бар ма?

– «Қазақ радиосында» Ма­рал­тай Райымбекұлы жүргізетін «Безбен» хабарында бір өлеңім сыналды. Жырларын қатты сый­лайтын ақыным Жәркен Бөдеш пен Бақыт Беделхан сынды тұлғалар жылы пікірлерін айтты. Азуы алты қарыс ақындар десек те, олардың айтқаны кәсіби сын емес, лебіз, тілек деп қабыл­да­дым. Одан бөлек талдаған ешкім болған емес. Ақылбек Шаяхмет бір рет рецензия жазды айтпақ­шы.
 
– Әдеби үрдіс дегеніміз не?

– Қостанай институтының филология факультетін сырттай бітірдім. Ол кезде Арқалықта қа­лалық газетте жұмыс істей­тін­мін, сессиялардың біріне барып, біріне бармағаным рас. Сондық­тан бұған сауатты жауап бере алмаймын. Жоғарыда айтқа­ным­дай, мені теориясы емес, әдебиеттің өзі қызықтырады. 

– Әдебиеттің ауылын көңіл­жықпастық, бауырмалдық дейтін қасиеттер жаулап алған секілді. Шыныңызды айтыңызшы, сіздің сыныңызды неге көтере алмады?

– Бауырмалдық жақсы ғой. Бірақ ол әдебиетке жүрмейді. Әйт­песе, менің бір ауылдан шық­­қан нағашылы-жиенді мүйізі қарағайдай ағаларым жетеді. Төлен Әбдік, Қойшығара Сал­ға­ра, Қонысбай Әбіл сынды алып­тармен сәлемім түзу. Туыс ретін­де араласам. Мұхарбек Жәкей – рухани досым. Оның сыртында Торғайдан шыққан қаншама таланттар бар. Жаза­тын-сызаты­нымды бәрі біледі. Олар биігіне өздерінің дарыны­мен жеткен. Менен де соны та­лап етеді деп ойлаймын. Ол дұ­рыс. Бірде бірін ағалаған да, жа­ға­лаған да емес­пін. «Ат жет­кен жерге есек те жетеді» деген сенім ондай пен­делікке төмен­детпейді. Өз басым «әдебиетте бауырмалдық көр­дім» деп айта алмаймын. Ағала­рым­ның осы бір адал ұстаным­дарыма бас иіп жүрем.
Ал сіз айтқан «бауырмалдық пен көңілжықпастық» белгілі бір аймақтарға қатысты шығар. Ара­сында жүрмегесін айта ал­май­мын. 

Менің сыныма келсек, өте түсінікті. Бізде пікірді қабылдау мәдениеті жоқ. Ол туралы «Кер сиыр мені қалай танымал етті» деп сықақ жазған ем. «Оқыған надандар» сол баяғы жершілдік пен рушылдыққа салынып аузы­на келгенін «лақ» еткізе салады. Ол үшін біреудің сотқа беріп жауапқа тартпайтынын біледі. «Итті үрді» деп кінәлай алмай­сың ғой. Құдықтың көлбақасына дария туралы білмедің деп рен­жудің қажеті жоқ. Көтере алма­ғаны да сол себептен. Шы­нына келгенде, мен сынаған жоқпын, жанашырлық танытып едім. 

Төлен аға айтады: «мен өзімді мақтатуға жол бермегенмін» деп. Мен де солай болуға тырысам. Қонысбай аға айтады: «біреудің жетістігін көргенде ішінде от жылт етпейтін адам болмайды. Тек соған май құятындар пенде, су құятындар адам» деп. Адам боп қалу үшін біраз ашуға су құю­ға тура келді ол жолы. Бұл екі сөзді де өз ауыздарынан естідім. 

– «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Болмаса, «күпі киген қа­зақтың қара өлеңін, шекпен жау­ып қайтарған» ақындардың әдеби үрдісі қалай жалғасын табуда?

– Аға буын салып берген із жалғасады, ол үзілмейді. Тек біздің назарымыз жаңашыл жа­за­тындарға ауып кеткен болар. 
Соңғы үш-төрт жылда өз басым саналы түрде «ізденіс» дегенді тоқтатқанмын. Өлең қалай келеді, солай жазылады. Оның формасы да, құрылымы да өзі туады. Басқаны білмей­мін, менде солай. Демек, мен сол баяғы дәстүр мен қара өлең­нен ұзаған жоқпын. 

Қазір жасанды, адамды тарт­пайтын өлеңдер көп екені жасы­рын емес. Бұл «шектен тыс» ізденістің нәтижесі. 
Мысалы, мені ақын деген «атақ» еш қызықтырмайды. Та­ны­мал­дылық үшін тырыспай­мын. Оның не керегі бар? Алайда көптеген замандастарым «әде­биетте қалуды» көксейді. Сол үшін әп-әдемі өлеңнің буын-бунағын құбылтуға барады. Бұл енді жігіт қарасын деген бой­жеткеннің құйрығын бұлтың-бұлтың еткізгені сияқты әрекет ғой. Әркім өзінше «із салғысы» келеді. Соны ізденіс деп ұғады. Сосын бір жаңа әдебиет жасап жатырмыз деген сенімдегі за­ман­дастарым бар. Әдебиет жа­сал­майды, әдебиет туады. Экс­периментке баруды құптаймын, бірақ ол «қалыпта» қатып қалу деген сөз емес. Болмысына сай болу керек өлең. Адамның көңіл күйіне қарай өлеңнің формасы өзгеріп тұруы заңдылық емес пе, әріден соң. 

– Шалғайда жатқан ақынның республикаға танылуы оңай емес. Абылай Мауданов деген кім деген де пікірлер айтылып қалуда? Өлең мен оқырман алшақтап қал­ған бүгінгі заманда танымал болу үшін не қажет?

– Танылудың жолы көп ғой қазір. Әлеуметтік желінің әлеуе­тінің өзі неге тұрады? Бірақ Абай айтқан «арсыз болмай атақ жоқ» деген сөз мені жөнсіз жарнамаға жібермейді. Сосын «мойындалу­дың» бір жолы – мүшәйраға қа­тысу. «Шабытта», «Бір өлең – бір әлемде» бағым жанды. Саны көп, сапасы жоқ бірнеше мү­шәй­­ра­да жүлделі орын алдым. Оның бәрі «ұмытылған» шығар. Есен­ғалидың «Айтыс та, мүшәй­ра да поэзия емес, поэзия адам­ның өз-өзіне сіңуі» дегенін оқып, жыр жарысына қатысуға шектеу қойдым өзіме. Әйтпесе, биыл мүшәйрадан көп нәрсе болған жоқ. Облыста іс-шара­лардың беделі үшін қатысып тұрамын.
Абылай Мауданов белгілі бір ортада танымал деп ойлаймын. Сатираларым арқылы біраз өңірден достық қабылдадым әлеуметтік желіде. Кеудемді көп қақпағаным үшін де көзге түсе бермейтін шығармын. Танымал болу үшін сапалы жазу керек. Сонда саналы адамдар санасады. Тобырдың шуынан әуелден аулақ жүрем.

– «Шалғайдағы таланттар на­сихат пен қолдауға зәру» деген әңгіме жиі айтылады. Сол рас па?

– Шамасы «насихат пен қолдауды қажет етпейтін» адам­дар шалғайда жүретін шығар. Жақсы дүние жерде қалмайды білетінім. Әзіл әңгімелерім біраз атымды шығарды, аттай қалап жаңа жазғанымды сұрайтын БАҚ-тар көп. Бірақ мен сатирик емеспін, берерімді беріп болдым. Миссиям бітті. 

– «Жаһандануға қарсы тұра­тын антивирус – әдебиет» деп санасақ, бүгінгі жастар әдебиеті­нің халі нешік?

– Қазіргі сәтте жалғыз әде­биет антивирус бола алмайды деп ойлаймын. Бүкіл ұлттық өнер бірігіп, бір-біріне жанашыр болуы керек. Қасымдағы доста­рым біледі, мен принципті түрде эстрада тыңдамаймын. Оның орнына күй мен дәстүрлі әндер­ден рухани азық алам. Шама келгенше, орындаушылардың өз аузынан тыңдағанды ұнатам. Бұл жаһандануға ашқан күресім. 
Бізде мынадай түсінік бар. Қостанайдың өнерлі ортасымен көп араласамын. Сонда артистер «ұлы өнер – театр» дейді. Фи­лармония музыканты «домбыра мен қобыздан асарың жоқ» дейді. Бір-бірінің өнерін сахна­дан көрмейді. Осы әдет Астана мен Алматыда да бар сияқты. Енді кеп «әдебиет болмаса өле­сің» деп ақындар кергісе, не бол­ғаны? Өлеңнің, әдебиеттің оқыр­маны аз қазір. Әрі жазылған әдебиеттен тәлім алып жат­қан­дар да шамалы. Демек, атақ, лауа­зым, мансап дегенді ұмы­тып, әр өнер иесі қал-қадерінше еңбек ету керек. Сонда ғана ұлт­тың антивирусы оянады. Қан­ша жерден «көркем әдебиет – көркем әдебиет» үшін десек те, тұлға дараланбай дұрыс туынды шықпайды. Сол үшін де әдебиет әлсіз боп жатса, ол тұлғалардың аздығынан болар. 

– «Сары дәптермен» тоқтап қалған жоқсыз ба?

– Жапон әдебиетшілері қуа­ты сарқыла бастаса, қаламын тастап, жай ғана жұмысшыға айналады екен. Бізде 18 жасында екі өлеңімен танылған автор өле-өлгенше әдебиеттің маңайы­­нан «нан табады». Қазір жұмысбастымын, өлең туралы ойлап жүрген жоқпын. Биылғы көк­тем­де бір-екі өлең жаздым. 

Әзілдеп айтсам, ешкімге өлең қарыз емеспін ғой. Жай­шы­лықта тумаған жыр қай­шы­лықта туып жатса, қаламым­ды буып қоймай­мын деген ойдамын.
 


Әңгімелескен,
Гүлзина БЕКТАС


aikyn.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар