Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Төлен Әбдікұлының өлеңдері...

04.09.2015 4759

Төлен Әбдікұлының өлеңдері

Төлен Әбдікұлының өлеңдері - adebiportal.kz

 


 

428c83b70222673a03481bc8ffcb965a - копия.JPG




Періштедей тәнім таза Арым мөлдір кезімнен,

Перғауының мазарындай мызғымайтын төзіммен.

Ант ішерде айтылатын сөзіммен,

Сүйіп едім.

Жылдар жылжып, айлар өтіп, ойсоқты боп күні-түн,

Нәр тамбаған нәзік гүлдей суалса да үмітім.

Есім ауып, арымнан да, жарымнан да сескенбей,

Данышпанның жаны ашыған ақылына еш көнбей,

Өзгені ұқпас тас меңіреу тілін кескен үнсіздей,

Эшафотқа қарсы жүріп қасарысқан дінсіздей,

Кесірленіп сүйген едім мен сені!

Бірақ маған бұйырмады қыр гүлі

Деп жүргенде бір күні...

 

Оралмайтын үміттерді оралтып,

Жоғалмайтын күдіктерді жоғалтып,

Үзілмейтін уақытты үздіріп,

Бұлжымайтын ақиқатты бұздырып,

Кідірмейтін қозғалысты кідіртіп,

Жасағанды зердесінен мүдіртіп,

Отырғанмын күйім болмай тағдырыма қарсы кеп,

Ақыл-ойым сағыныштан әлсіреп,

Жеттің-ау сен, жеттің-ау сен, жарығым,

Дүниенің бар заңына қайшы кеп!

 

 


Уайымға берілу

 


 

Амансың ба, көптен бері кездеспеген уайым,

Жақындашы, қасыма кел, қасыңда бір тұрайын.

Түңілсем де тіршіліктен, жанға батты демейін,

Сенің ащы зәріңменен көңілімді жуайын.

 

Құшағыңа ал, ғашық жарды бауырыңа басқандай.

Жылай алсаң, о жасаған, көзден шыққан жас қандай!

Қайырылмастай, айырылмастай, етегіңнен ұстайын,

Алдыңда иіп арым менен намысымды асқардай.

 

Көңілімнің қамалына әскеріңмен жақында,

Көңілімнің қамалында қалың қолым қапыда.

Қалың ұйқы құшағында жайбарақат жатқанда,

Қақпаны ашам, қапта бәрің, тапта бәрін, қарама көз жасыма.

 

Қалсын түге күш қуатым жармасуға жарамай,

Өзегімнен өкініш пен жетім өксік тарамай,

Жатайын бір содан кейін өң мен түстің шегінде,

Жау қолында әдіре қап, ойран болған қаладай.

 

Үркек арман - құралайды қарашықтан талай көздеп атып ек,

Бақ ұшпаған мұңсыз күнде берік едік, қату ек,

Қарағайға қарсы біткен қайсарлық,

Саттым сені - ғафу ет!

 

 

 

Алаш  азаматтарына

 


 

Өткен күндер

 


 

Өткен күндер, кешір мені, менде ерік жоқ тоқтауға,

Сенде ерік жоқ – болмыс заңы – даттауға ия соттауға,

Мен жолаушы саялаған, сен бір сәттік панасың,

Перрондағы достарымдай қол бұлғаумен қаласың.

 

Мен кетемін саған беріп сәттерімді мәңгілік,

Ерлігімді, ездігімді - бәрін саған қалдырып,

Тоқтай алман, ынтықсаң да, көз салуға бір рет,

Солай жазған әуел бастан жаратқанда құдірет.

 

Пойыз  жылжып шуылдайды,  «қош» деймісің, қалайсың?

Өткен күндер,  жаутаң қағып, неге үнсіз қарайсың?!

Әлде менің кінәм болып, кешіре алмай тұрсың ба?

Сағыныштың ыстық табын өшіре алмай тұрсың ба?

 

Шөлім саған басылмады, бірақ әсте мен сөкпен.

Мен әкетті келер күнге, айырғандай жас сәбиді емшектен.

– Есіңде ме, –  дейді маған қанды көйлек достарым,

(Мен әрқашан риясыз достың сөзін қоштадым)

 

Ғаріп көрсең,  қол ұшыңды берген кез,

Шындық үшін жалтақтамай өлген кез,

Адалдықтың туын тіккен арман кез,

Жарың үшін жан қиюға барған кез,

есіңде ме?!

– Есімде...

 

– Есіңде ме, іштей өліп тынған кез?!

Қайсар көңіл сынған кез,

Адал достар бірін-бірі сатқан кез,

Азаматты атқан кез?

 

– Есімде...

Жауыз қашар өткен күннен, ашылар  деп қылмысым,

Жарлы қашар өткен күннен есіне алып тұрмысын.

Келер күндер көз ұшында қызықтырып арбайды,

Өткен күндер жағаласып шаужайыңнан қалмайды.

Келер күнге көз тіккенмен жұрттың бәрі жарқылдап,

Жұрттың бәрі өткен күнге тура қарай алмайды!

 


 

Түс

 


 

Түсіме енді бала кезім қолын бұлғап қиырдан,

Құлағыма таныс үндер, таныс әуен, құйылды ән.

Таныс қырат, таныс бұлақ жаныма ыстық жасыл бел,

Марқұм жандар – әке-шешем барлығы да жиылған.

 

Балалықтан басқа ғұмыр ұмытылған тәрізді,

Көшіргендей, өшіргендей жүріп өткен бар ізді.

Өмірімнің қапысы жоқ,  өкінбейтін шағы екен.

Базары мол бал дәуренім - әрі қымбат, әрі  ізгі.

 

Отырушы ем кетер күнмен келер күнді сағынып,

Үшқыр қиял  тілектерден үміт алқа тағынып,

Кәміл сеніп ұлы арманның орындалар сәтіне,

Жететіндей мақсатыңа әйтеуір бір зарығып.

 

Түсіме енді бала күнім ұмыттырып барлығын.

Дүниенің біз күткендей еместігін – тарлығын,

Тәтті үміттен сәтті күткен тапқаныңды  айта алмай,

Қандай  болып кезігерін ертеңгі мен арғы күн.

 

Балалық шақ, кіріп келдің аяулы ескі таныстай,

Сол күйіңде - қулығы көп қу тірлікпен қабыспай,

Анада-санда келіп тұршы дәл осылай,  періштем,

Еске түссін қайсар күндер беріспейтін, алыспай.

                                        

Ала қашқан асау аттай арынды еді ағыным,

Бұл өмірдің тепеңіне, жетегіне бағындым.

Бала кезде отырушы ем, бар дүниені сағынып,

Енді міне сол кездегі сағынышты сағындым.

 

 


 

Бата

 


 

Екі сөйлейтін екі жүзден сақта,

Ауа жайылған бетімізден сақта,

Мақтауға тоймайтын өзімшілден сақта,

Құл мінезді төзімшілден сақта,

Есірген есерден сақта,

Ғайыптан жабысқан кеселден сақта.

Көлгірсіп сөйлейтін шешеннен сақта,

Тура жолдан тайған көсемнен сақта.

Ынсапсыз ашқарақтан сақта,

Өтірігі басым ақпараттан сақта.

Құдайдан қорықпайтын батырдан сақта,

Жауыңнан бетер жақыннан сақта,

Тарыққан, зарыққан елімізді сақта,

Байлығын сарыққан жерімізді сақта!

Әумин!



adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар