Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Заман Төлеуов: Замандастар

19.04.2016 318

Заман Төлеуов: Замандастар



заман төлеуов.jpg

- Әй, менің алтын замандасым! Көзімнің нұры, көңілімнің жыры, қайдасың?!.


- Мақтап жүреді екенсің, Пәке! Тура шәй үстіне түстің, төрлет! Тұр ей... - деп шәй сораптап бейқам отырған күйеуін бір нұқып, тарамыс әйел ұшып түрегелді. Таңғы астарын алдарына алғандары да осы еді отағасы екеуінің. Былтырдан бері үйдің базары болған қос немересін қаладағы ұл мен келін алып кеткен соң, тым-тырыс үйде қалқайып екеуі ғана қалған. Ендігі тыныштықтың шырқын отағасы Мәліктің құрдасы Пәрмен ғана ара-тұра бұзып кетеді. Оның тұрпаты бір қарағанда сұрықсыздау. Бөртіп піскен бауырсақтай бет аузы қашанда майы шыпшып, жылтырап жүреді. Олақ мүсінделген божыр-божыр добал мұрны - өмірбақи қып-қызыл. Бұл кезінде қызыл арақты көп ішкеннің кеселі де шығар. Оның мас болып көрінген жерде домалап, май-май жаман шопыр болғанын енді ел де өзі де ұмытты. Соңғы он бес-жиырма жыл татып алмайды. Соның арқасында қарапайым шопырлықтан басқарма орынбасарына дейін шарықтады. Сырттай жоғары білім алды. Асты-тасты. Кеңес үкіметі аяғы көктен келген соң, колхозды ханталапайға салысып, одан алған үлесін өркендетіп, қазір белді шаруа қожалығының президенті. Бір ғажабы «Күлшелі бала сүйкімді» деген мақалдың кері келіп, Пәрменнің әлгіндей сұрықсыз сүдіні оның мансабы мен қаражаты өскен сайын әдеміленіп, өзінше бір көз тартар ажарға ие болды. Шіркін баршылық-ай, кем нәрсеге қанат бітіріп, көріксізді көркемдеуге шебер-ақ, оның қып-қызыл добал мұрнына енді ел қызығады...


- Жоғарылат, басеке! – деп Мәлік ысырылып өз орнын берді.


- Бомайды... Бұл сенің орның, ешкімге берме. Әкең келсе де.


- Түркімен төрін бермейді демекші... Үй сен кеткеннен соң өзіме қалады ғой. Бұның қайдан шыққан қағида?


- Бомайды дедім, бомайды. Дастархан басында әр адамның өз орны бекітулі. Мысалы менің өз орным бар. Оған жан баласы жуымайды. Кім келсе, о келсін!


- Қызық екен? – деп Мәлік басын қасып, өз орнына қайта жайғасты. Ол шынашақтай Пәрменге қарағанда дене-бітімі толық, етженділеу еді. Ары-бері қорбаңдап, қозғалғанына пысылдап қалды.


Мәлік отыз жылдан астам мектеп директоры болып, таяуда зейнетке шыққан. Елдің айтуынша өзіне не керек екенін білетін ақылды жігіт. Расында әр сөзін айтпас бұрын аузында бірнеше рет құртша домалатып алып барып айтады. «Басқа пәле тілден» деген аталы сөзді аса қадірлейтін азаматтардың бірі. Жалпақ бетінің үстіңгі жағындағы қос қиықтанған сығырық көз оқталған мылтықтай - келген қонақты қарауылға ала қарайды.


Пәрмен де оңай-оспақ емес-тін. Отағасының осқырынып қалғанын аңғарып: - Шошыма... Саған ерекше бір бұйымтаймен келіп отырмын. Сен өзі о баста әдебиетші емес пе едің? – деді де төс қалтасынан бір бума қағаз шығарды.


- Иә... – деп әрең ыңырана мойындаған Мәлік онан сайын қуыстанды.


Оның да үлкен себебі бар-тын. Осыдан он шақты жыл бұрын бұл Пәрмен үлкен сойқан ашып, өзін үкілеп жеткізген басқармамен тіресіп, орнына таласты. Шопандардың тоқсан пайызы, шолақ етек белсенділердің сексен пайызы күні бүгінге дейін пайғамбардай аузына қарап келген басқарманың қас жауы болып шыға келді. Колхоздың жетістіктері жалған, көзбояу. Ұйымдасқан екі-үш адам ғана май шелпектің үстінде отыр. Қысқасы қалың жұрт көтеріліп, басқарманы орнынан төңкеру ғана қалған. Бұрында елу шақты тексеруден өтіп, талай жүндеуді көрген басқарма бұлардың әрекетіне пысқырмады. Кеше ғана күшіктей соңынан еріп жүрген қолбалалары балақтан алғаны ғана жанына батты. Ал ана шопандарға не жорық десейші... Шетінен еңбек ері болмаса да марапаттан шет қалғаны жоқ. Қазына малымен қатар өздерінікін де еркін өргізіп жүр. Қысқасы жоғарыға арыз қарша борады. Республикалық газеттен тілші келді. Аудан басшысы да арызшылардың жалауын көтерісті. Себебі, оның орнына осы басқарма да үміткер еді. Неде болса, өзгенің қолымен бір бақталастан құтылмақ болған сыңайлы ол да...


Осы сойқанға Пәрмен мектеп директоры болып өзінше тыныш жүрген Мәлікті де іліктіріп жіберген-ді. Ол бүліктің соңғы нүктесін - мансапқа таласып, жік-жікке айырылған шолақетектердің өздері қойып, жеңіліс тапты. Айдаладағы Мәлік арызға қол қоям деп, басқарма алдында айыпты болып, бұрынғы ағайындығынан айырылып, жерге қараған-ды.


Анау бір бума қағазды сыбдырлатып аша бастағанда Мәлік: - Пәке, мен енді ешнәрсеге қол қоймаймын! – деп орнынан көтерілді. Ол сырын ішіне бүккен жымысқы күлкімен бұған қуақылана қарап: - Сені көзі ашық адам ба десем... Арыздың уақыты кеткен. Қызмет керек болса, сатып аласың... – деп білгірси, қағаздарын үстөл үстіне жаза бастады. Бұларды жеке қалдырып шығып кеткен тарамыс әйел қайта оралып, Пәрменнің желкесінен шұқшия үңілді.


- Аудан әкімін орнынан алып тастайын деп жатсыңдар ма?


- Жоғарырақ ал, бәйбіше! Хи-хи-хи...


- Пәрмен сен ренжіме, мені арандатпа енді...


- Өй, қайда барасың? Бұл арыз емес... кітап!


- Өзің туралы ма? Иә, кімнен кемсің! Біздің шал да қырық жыл деректір болып, еңбегі елге шекелете сіңді ғой! Бірақ бұнда намыс жоқ!


- «Сөз емес сөзді кісі емес кісі айтады» демекші, мен біреуге бұлданып жұмыс жасады дейсің бе?


- Жә, дауласпаңдаршы... Мәке, сен әдебиетшісің, тілің жатық. Мына қолжазбаны құдай үшін бір шолып берші. Қажет десең, редакцияла. Өзің білесің, мен ауызекі сөзде алдыма жан салмаймын. Ал жазу дегенің бір қиямет екен!..


Мәлік ішінен: «Сенің тіліңде сүйек жоқ екенін білем, соны емізіп, талай елді қарабет қылғаныңды да білем» деді. Пәрмен қадалған жерінен қан алады. «Тауық-пауықтарыңа жем, жылқыңа үшінші укөстен жоңышқа» дегенде тарамыс әйелдің қуаныштан жүрегі жарылды.


Бұл әңгіме ерте көктемде болған еді. Содан бері неше айдың жүзі өтіп, күзгі жиын-терін де жетті. Пәрмен айтқан сөзінде тұрып, уәдесін орындады. Тек, Мәлік қана әлі қиналып, қат-қат қағазды қайта-қайта көшіріп, сапырумен жүр. Әлем классиктерін оқып, әдебиеттің тұнығынан сусындаған сауатты адам сияқты еді... Және студент кезінде бір-жар өлеңдері мен шағын әңгімелері газет-жорнал беттерінде жарық көрген-ді. Ол өзін іштей ештеңе жазбаса да жазушымын деп санайтын. Тегі, жазбайтын жазушының болуы да ғажап емес қой... Мына бейнеттен соң Мәлік, өзінің сол ниетіне қатты өкінді. Пәрменнің жазбаларын алу себебі де сол сенімділігі еді, енді бармағын шайнап, бәрін дүниеқоңыз тарамыс әйеліне жапқысы келеді. Бірақ іштей өз кінәсін мойындайды. Сосын иттей болып қайта отырады. Өңдеуге кіріседі. Өйтпейін десе, тарамыс әйелі де желкесін езгілеп барады: - Азамат деген осындай болады! Айтқан сөзін екі етпеді. Әкелді де төкті! Сен немене қара құрт оқығандай екі көзіңді жұмып алып, бітірсеңші!.. Нең бар оны түзетіп, мақтай бер!..


«... менің жеті атамның барлығы ел билеген, солардың жолын қуып мен де ел басқардым...» - жә, аталарың кім болса, о болсын, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ, сенде басқарсаң, басқарған шығарсың... «... ешкімнің ала жібін аттап көрген емеспін, халықтың жағдайын жасау жолында талай қиындықтарға жолығып...» - атаңның басы, басқарманың «Әйт!» десе де, демесе де, ата жөнелетін қызыл төбеті болғансың, елдің арбасын аударып, шөбін тартып алатын сен емес пе едің?!. «...жастайымнан бойымда ұлттық намыс өрттей лаулады, ауылымызда орыс халқы көп еді, соларға өктемдік жасатпай, қазақ жастарының жарқылдаған жалауы болдым...» - кинодан қайтқан қыздарды екеуміз жігітсініп, үйіне шығарып салмақ боп келе жатқанда бір топ орыс алдымыздан шығып, сен бізді тастай қашқандағы ағараңдаған көйлегіңді әлі ұмытар емеспін... «... азаматтық борышымды абыроймен атқардым, арнайы бөлімде қатардағы сарбаз болсам да, жауапты міндеттер жүктеліп, табиғи алғырлығымның арқасында сардар қызметін істеп, жанымда әрқашан табельді тапаншам болды...» - тфу, кішкене ұялса етті, тамақ жасап, ожаудан басқа қару ұстамағанын ел білмесе де, мен білемін... «...шындық жолында қасық қаным қалғанша аяусыз күрестім, ешкімнің бет-жүзіне қарамадым, ақиқат үшін деп арымды бағыштадым...» - әкеңмен бірге оқыған бір үлкен кісі сені басқармаға көз қырыңды сал деп тапсырмаса, жүрер едің сол жанармайыңды тасып, қатыныңнан «сасық шопыр» деген сөз естіп... әйелің басқарманың есік алдын шашымен сыпырса, сен сабынсыз жылмаңдап, өзіңнен өзге адал адам жоқ екенін дәлелдеп, біраз жыл ішінде орынбасары болып шыға келдің. Сосын оны аз көріп, елді үгіттеп сойқан шығардың. Жеңілсең де, тауың шағылмады. Тегі, сен тегін адам емессің расында. Кейін ауылға әкім болдың. Баяғыдай емін-еркін колхоздың дүниесі жоқ. Аннан келген, мыннан келген уәкілдерді күттің. Қабинетке отырардағы бір шығын аз болғандай, енді күн сайын сенен шығын шықты. Ол саған ұнамады. Ыңыршағы арбиған шаруаларды ойбайлатып, әр гектар жеріне салық салдың. Жоғарының сұрағандарын тауып бердің. Оларда да тойым жоқ екен! «Весьма срочно!» - ақпарат пен ақша... Опыратын уақытыңды тостың. Реті келді. Ауыл жұртының мал жаятын жеке секторлық жер телімін егістікке аударып, келімсектерге жалға жытырттың да, өзің де солардың тобына басқарушы боп жып бердің. Жер жетпегендей қалың зираттың түбіне дейін пар аударып, әруақтардың мазасын алдың. Өлім-жітімсіз ел бола ма... Қабір қазатын орын таппай, ел сүйегін сүйретіп әуре-сарсаңға түсті. Жайылымсыз қалған ауыл малы да жарға қамалып, тізесі ісіп, сазға жайылды...

«...ақсүйектік қанымызда болғандықтан ба, ешқашан «көже» деген тамақты татып көрмеппін...» - дәм атсын сені, иманды болғыр шешеңнің кеспе көжесін қалай ұмыттың?!. Бүйткен кітабына нәлет!!! Жемің де, жоңышқаң да, әне тұр, әкете бер... Жолама маған, жолама!

Мәлік қағаздағы жазылған сөздерге жыланның ізіне қарағандай екі көзі қанталай тесіліп отырғанда, оқыс дауыстан селк етіп, дірілдеген қолындағы қаламын түсіріп алды.

- Әй, менің алтын замандасым! Көзімнің нұры, көңілімнің жыры, қайдасың?!.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар