Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Айжан Табаракқызы: Айтпауым керек пе еді, бұлай бəрін...

18.04.2016 666

Айжан Табаракқызы: Айтпауым керек пе еді, бұлай бəрін...



ijoHWicMAZI.jpg
***

Кешікпей Астанаға күз келеді,
Мен – бақытты, мені бақ іздемеді...
Қайыңды сүйе тұрып, жерді құшқан,
Жапырақ сияқтысыз Сіз де енді... 


Баяғыдай емес қой сезім деген,
Көз ілмеген сәттерім – төзімге ем,
...Бірдеңе өзгере ме, өлең жазып
Сәл сағындым дегеннің өзінде мен? 


Мезгілі жеткен күні бәрінің де,
Бұратыны белгілі – жаны кімге.
... Несіне енді күтемін күздей болып,
Несіне ойлайды екем, әлі күнге? 


Сөз мүжіген шақтарды, тағатымды,
Жылап алу үшін түн жаратылды,
Жаныма батады ылғи мен мұңайсам,
Жұбатпай үнсіз ғана қалатыны. 


Әйтпесе, бол деппін бе, мәңгі бірге?
Өкініш үмітімді көмді мүлде;
Сезімі өліп кеткен бұл жүректің
Керегі бола қойсын енді кімге?.. 


Өмірдің бәрін мұң ғып не қылайын?
Онсыз да кеудені көп жеді уайым,
Бір дұға тілеңізші, Жаратқаннан,
Оңымнан туар сонда менің де Айым...


10.08.15







Түнгі мұң


Еңсемді ылғи басады осы түн неге?
Шер дегенің жеңіл емес кімге де.
Түсінем ғой жалғыздығын жаныңның,
Үндемеші, үндеме.


Бізге қазір керегі не ақылдың,
Өкінішін сездім жазған хатыңның,
Бір сағыныш көкірегімді сыздатып,
Жылай да алмай жатырмын.


Осыншама айналдырған санамды,
Бұл не сезім... бəрі түнек... қараңғы,
Ойнағысы келді-ау тағы тағдырым,
Тырнап ескі жарамды...


Бəрі бұлай бітетінін кім білген,
Қайда күндер, сен деп өмір сүргізген.
Күнəсі көп болса да сол кештерді,
Ұмыта алмай жүрмін мен...


Жүрек қанша қасіретті өткерді,
Сені бəлкім, бұл маңдайым көп көрді,
...Содан бері сенбей кеттім Өмірге,
Содан бері күтпей кеттім Көктемді.





СІЗГЕ


Бір көруге қандай амал табамын,
Бір көруге зәру Сізді жанарым...
Менің ішкі сезімімдей аспан да,
Ашпай қойды-ау қабағын...


Енді ешкімді жылатпаймын деген ем,
Енді ешкімді ұнатпаймын демегем.
...Сіз бақытты ғұмыр кешу үшін де
Мен бәріне көнер ем... 


Сізді көрмей қалай жазғам ғазалды,
Сізді көріп жан дүнием тазарды.
Бір ұққаным - Сізді ұнату арқылы,
Жақсы көріп кеттім барша адамды. 


Бұрын Өмір бұлай десе сенбес ем..
(Тағдырыңа кетпесінші енді есең)
Жанарыңды жарыңнан да қажыған.
Көрмесем ғой, Көрмесем...


Жүрегімді шын бақытты қылатын, 
Маңдайымның күтпеймін еш мұратын.
Мендегі тек бейкүнә бір сезім ғой -
Өз ішінен тынатын.


Өз-өзімді келер күнге сендірем,
Енді бәрін Сабырыма жеңдірем.
Қоңыр жел-ау, сүртпей-ақ қой жасымды,
Жыламаймын енді мен..





Күз


Алакеуім.
Жатыр әне ішке тартып дала демін.
Бүгін тағы...
Келмедің... Үміт жылап.
Жалғыздық құшағымда қала бердім. 


Мұң түнетіп санасына Қоңыр Күздің.
Жолымызды қоспайма, Өмір біздің???
..."Күт" деген ең...соңғы рет...Содан бәлкім.
Үмітті келді ме екен, соңында үзгім. 


Хабарсызсың...Көңілде күдік басым.
Сарқылқылған жоқ сонда да үміт жасым.
Түндер өлген күн бар ғой...мен ешқашан.
Ол жайлы,
Ұмытпаспын... Ұмытпаспын.





ЭКСПРОМТ 


Ұмытқысы келеді өткенді кім,
Тағы да құлазытты көктемгі түн.
Сіз жайлы айтар едім гүлдеріме,
Көктеп те үлгермепті бөктер бүгін.
 

Сөз етуден қорқамын, бәрі бізді...
Әйтпесе, сұрар ем ғой қалыңызды.
Жып-жылы жүрегімді берер едім,
Егерде жылыта алса жаныңызды.


Билеген шақ еді бұл сананы сыз.
Біздің қандай қалды енді амалымыз?
Ең əдемі ғазалды жазар едім,
Шаттықпен оқыр болса, жанарыңыз. 


Жасамау керек пе еді, бұлай бәрін,
Жүз ойладым... Білмеймін, мың ойладым.
Жиі-жиі Тәңірден сұрар едім,
Жазықсыз жанарыңыз мұңаймауын.


Айтпауым керек пе еді, бұлай бəрін..




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар